Шілтерханов Әдіһам

Туындылары


КЕЙУАНА МЕН КЕЛІН

Соғыстан кейін ел әлі еңсесін көтере қоймаған 1945-жылдың жазында аудандық комсомол комитетінің уәкілі ретінде тау колхоздарына шықтым. Жолсерігім –Гаджиев дейтін әзірбайжан жігіт. Қазақша мінсіз таза сөйлейді. Жасы өзімнен біраз үлкен. Мен сияқты емес, жермен де, елмен де таныс, өмір тәжиірбесі мол кісі екен. Көлігіміз – ат. Байжансай кеніші мен Қаратаудың сай-саласында бытырап жатқан «Жаңаталап», «Бозбұтақ», «Көржайлау», «Орловка», « Красная нива» колхоздарында мал баққан шаруа, егін өсірген диқанмен дидарласып, көптеген жиналыс өткізіп, сол тұстағы талап-тілектерді айтып, жұмысқа өзімізше өлшеусіз қарқын туғызып, оншақты күнді артқа тастап, ауылға беттедік.
«Көкжайлаудан» таңертең ерте шыққанбыз. Ылдилы жоғарылы, кейде арқар соқпағындай қия жерлермен жүріп келеміз. Жүрісіміз өнбейді. Біз Шыбықбелге жеткенде, Күн де төбеге көтерілді. Сылдырай аққан тау бұлақтары, көк торғынға оранған салқын самалды өзен жағасы артта қалды. Жон үстінің шөбі күннің аптап ыстығына шыдамай, сап-сары болып күйреп кеткен. Тек анда-санда кездесетін долана, тау шиесі, қандым сияқты бұталар ғана реңін бермеген көкжасыл қалпында. Өзен ұлтаны мен Шыбықбелдің үсті көзге жақын көрінгенімен, едәуір жер екен. Кілең өрге өрлегендіктен бе, әлде тауда жүрмеген жазықтың малы болғандықтан ба, аттарымыз шып-шып терлеп, едәуір барлығып қалды.
Қамшыламай,аздап ентігін бассын деп,аттың жайына қарап, аяңмен келеміз. Қарсы алдымыздан соққан керімсал күйдіріп, кептіріп барады. Қаталап шөлдесек те, бір-бірімізге сыр бергіміз жоқ. Гаджиев әңгіме айтпайды. Мен де үнсізбін. Әрқайсысымыз өз ойымызбен болып, тізгінді бос тастап, ілби басқан ат үстінде қалғыған адамдай әрең отырмыз.
Төбемізден шаңқая төнген Күн әпшімізді бір уыс қылып, бидайдай қуырып барады – есіл-дертіміз бір жұтым су. Екі ауылдың арасында мұншалықты шөлдейміз деп кім ойлапты?! Белден еңкейер-еңкейместен, бізді қуантайын дегендей, сардалада көк жолақтанып ирелеңдей ағып жатқан Сасық өзені көрінді. Оған жеткенше әлі бір-екі сағаттай жол жүру керек екенін шамаласақ та, көз қуанып, көңіліміз өсіп, бір салқын леп бетімізді желпіп өткендей, еңсеміз көтерілді. Гаджиев нақ ұйқыдан жаңа оянған адамдай көзін уқалап, өзен жаққа мейірлене қарап қойып, өзінің Қапқазы жәйлі өмірі таусылмайтын әңгімесін айта бастады. Ауыл қарасын көрген аттар да еңсесін түзеп, ентелей басты. Өзенге жақындағанда, елден оқшаулау жон таманғы екі үйге қарай бұрылған соқпаққа түстік.
- Анау қос үйдің жанында керемет бұлақ бар. Үйге түсіп, сол бұлақтың суынан ішейік. Аттар да аздап тынықсын, деді Гаджиев. Үйдің біз жақ шеткісінен бір жас келіншек сыртқа шығып тұр. Екіншісінің көлеңкесін-де алаша үстінде ұршық иіріп бір кемпір отыр. Келіншек қазақтың ескі салтымен сәл иіле сәлем қылды.
- Көп жаса, рахмет қарағым, енді бізге бір-бір кесе су бере ғой,-деді Гаджиев атты тоқтатар- тоқтатпастан, ештеңеге даһат қылуға мұршасы келмей. - Ағай, су жоқ еді, деді келіншек. Бір сәт аңырап қалдық. «Су сұрап неміз бар еді? Бұлаққа өзіміз-ақ барып, жиегіне жата кетіп, неге қанғанымызша ішпедік?» деген ой келді. Аттың басын бұрып, енді кетуге ыңғайланғаны- мызда, кемпірдің қасымызға қалай жеткенін де аңғармадық. Жасы үлкен ғой деді ме, менен өтіп барып, Гаджиевтің атының тізгінін ұстады. Бір түрлі өктемдеу:
- Аттан түсіңдер, су дейсіңдер ме, сусын дейсіңдер ме, үйде жайғасып отырып ішіңдер,-деді.
Жаңағы келіншектің жауабынан тіксінген Гаджиев сәл ыңғай бермей:
-Аттың үстінде-ақ ішеміз-ғой, шеше,-деп еді:- Ой, балам-ай, малдың да обалы бар, сендер су ішкенде, олардың да бір сәт арқасы босағаны жөн емес пе, мал болса да жолсеріктерің ғой,-деді кемпір жылы шыраймен.
Аттан көңілсіздеу түсіп, үйге кірдік. Қаракөлеңкелеген мұнтаздай бөлмеде жан жоқ. Көрпені қалың төсеп, қолтығымызға бір-бірден мамық жастық қойыды.
Он адамға арналғандай кең дастарқан жайды. Сап-сары таба нан, құрт, ірімшік, сары май дегендей, барын жайып салды.Бізге керегі су, не сусын. Бір кезде дастарқан шетіне дәу керсен әкелінді. Бұрышта үсті жабулы, ашып тұрған бір қабақ арпа көжені шараға толтыра құйды.
«Біз екеу-ақпыз ғой, мұншаның қажеті не?»- деймін іштей. Осының бәрі жолаушыға құрмет, ықылас, ниеттің, ақ көңіл тілектестіктің белгісі екенін мен сол сәтте онша түсінбеген екенмін. Бір кезде күбіден бір тостақ піскен айранды алып, арпа көжеге араластырып-араластырып жіберіп, қымыз сапырғандай біраз сапырды. Сусынның бір-бір тостағын ішкенде-ақ рахаттанып қалдық. Арпа көженің суы шілденің өзінде мұздай болатынын, сусынды жақсы қандыратынын білмеппін. Маңдайымнан тер бұрқ етті. Көңіл күйін жасыра алмаған Гаджиев:
- Шеше, көжеңіз тіпті жақсы ашыған екен, не деген керемет!- деп, мақтап қойды. Кейуананың көзінде қуаныш сәулесі ойнап, тағы құя бастап еді, Гаджиев!
- Шеше, енді былай болсын. Мынау шараны маған беріңіз. Демалып, әбден сусынымыз қанғанша асықпай, өзіміз-ақ құйып іше берейік. Сіз басқа тірлігіңізбен бола беріңіз,- деді.
- Келін мен бала жұмыста, шырақтарым. Бірақ, жолаушыға бір табақ ауқат беруге мен де жараймын. Біраз отырып, түстеніп кетіңдер,-деді қария.
- Рахмет, уақытымыз жоқ. Шілдеде осы сусыннан артық не бар? Еш нәрсеге әуре болмаңыз,-деп, екеуміз екі жақтан жамырап қоя бердік.
- Онда еріктерің білсін. – Шараны менің алдыма жылжытып қойып, тысқа шығып кетті.
Ол кезде ауыл үйлерінде әдетте бөлмедегі қабырғаның төменгі жағында екі тесік болатын. Жаздың ыстық күндерінде сол тесіктерден салқын самал ұрады. Мысық, күшік кірмесін деп, дуалдағы тесіктерге шыбық шаншып, торлап қояды. Салқын үй, мұздай арпа көженің суы жолда көрген аңызақ ыстық пен шөлдің азабын сейілтейін деді.Сонда да салқын самалға бетімді тосып, тесікке жақындау жылжып отырдым.
- Мына көже қалай әдемі бұрқырап ашыған?-деп, Гаджиев сусынды тағы да бір мақтап қойып, іше бастады. Тесікке таяу маған сыртта жүрген кемпір мен бізге алғаш жолыққан келіншектің сөздері естіліп жатты.
- Берірек кел, жұмысыңды содан кейін істерсің,- деді кемпір өктемдеу. Әже қасындағы келіншек үнсіз отырды.
- Ал, сенің жаңағы жолаушыларға су жоқ дегенің қай сөз? Түсіндірші!- деді сыздана сөйлеген кейуана.
- Үйде су ада болып, бұлаққа енді барғалы тұрғанымда келіп қалды ғой ол кісілер.
- Ал, сонда су жоқ деп жауап бере ме екен адам деген? «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді»- деп мені Құдай сендердің сондай көргенсіздіктеріңнің куәсі болсын деп алмай жүр екен ғой. Осынша жасқа келіп, жолаушыға су жоқ дегенді сенен есіттім. Бұ- лақтың басында, өзеннің қасында отырып та, адам су жоқ дейді екен-ау. Сенікінде жоқ болса, су біздің үйде бар емес пе? Барлық үйдің шелегі қаңырап тұрса:- Аттан түсіңіздер, бұлақтан тез мұздай су әкеле қояйын- деп неге айтпадың?
- Кешіріңіз, әже, байқамаппын. Қайдан білейін, Үйде болмаған соң, жоқ дей салып едім,- деді келіншек ұяңдау үнмен.
- Жақсы байқап сөйлейді,
Жаман шайқап сөйлейді.
Жаманның берген асынан,
Жақсының айтқан сөзі артық,- деп отырмайтын ба еді аталарымыз?! Сен неге байқамайсың? Ата көрмеген дейін десем – атаң бар, ана көрмеген дейін десем – анаң бар. Құдай қай жағыңнан ұрды сені?! «Кешір» дейсің, кешпегенде – сені көшіріп жіберер деймісің? Менің кешкен-кешпегенімде тұрған не бар? Абыройың бар екен, әйтеуір. Егер, мен сыртта отырмағанымда, меймандар сол бетімен аттың басын бұрып кетіп қалғанда, су бермейтін ауыл атанатын едік. Мынау аңызақ ыстықта жол жүріп, жол азабын, су ішпей шөл азабын тартып келе жатқандар, біздің ауылдың төбесі көрінгеніне қуанбады деймісің? Жеткен ше асықпады деймісің? Ынтығып жеткенде, сенен есіткен сөзі сол болды ма? Мүнкін бұл өңірге қайта оралмайтын адамдар шығар? Ауылды алғаш көрген, белдеуімізге ат басын бірінші рет тіреген жолаушы су сұрап іше алмағанда, бұл өтеннің моладан неменесі артық? Бір құмалаққа қырық адам тайып жығылады. Сенің көргенсіздігіңнің ұяты бүкіл ауылға келетінін неге ойламадың? Бір ауылды су бермейтін пес атандыруға қандай ақың бар? «Жасы білмесе-үлкені бар емес пе?»-деп, өлеріміздің шағында бізге кінәрат арқалататындай ала алмай жүрген өшің бар ма еді?
- деп, кемпір келіншекті сөзбен төпеп, тықсыра жеп барады. Келіншекте ләм-мим үн жоқ. Сәл кідіріп, кемпір сөзін қайта сабақтады:
- Есіңде болсын. Адамның бәрін қадір тұтып, сыйлағаның жөн. Соның ішінде жолаушының жөні де, орны да бөлек. Қоржынына нан, торсығына су алмай, айлық, апталық жерге аттана береді біздің қазақ. Себебі, олар барлық жерде туысқаным бар деп сенеді. О баста қазақ атамыз ұлдарына енші бермеген. Сондықтан, жолаушыны еншілесім деп біліп, аңсап көрген туысқаным,бауырым деп түсіну керек. Еттің сүбелісін, асының тәттісін мейманға сақтап, жалғыз малы болса-қонағасына сойып беретін салтты көрмей жүрсің бе?Аштан өлем деп қорықпайды, мейман- нан ұялып қалмасам етті-деп қорқады қазақ. Елдің салтын, халықтың құнтты пейілін көрмей, қайда өстің өзің?...
Кемпір басылар емес. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді»-деп, осындайды айтады екен ғой. Келіншек одан әрі тыңдай беруге шыдай алмады ма, бір мезгілде:
- Кешіре көріңіз, әжетай, менен бір білместік өтті,- деп,орнынан тұра жөнелді. Екі шелекті иығына салып, оқтын-оқтын көз жасын сүрткілеп бара жатқан келіншекке тесіктен есіркей қарап мен жаттым.
Содан бері қырық жылдай уақыт өтті.
Қаратау жонының күнгейінде қасиетті әженің қабақтан құйып берген, ашытқан арпа көжесінің дәмі, келінге айтқан сөздері әлі күнге естен кетер емес.

1991-жыл.