Сүндет Сейітов

Туындылары


КӨЗ

Жаным, көзіме қарашы!
Ағынан ажырап бара ма қарасы?..
Біз солай ажырап кеткенде бір күні,
Күлкілі ойларға толықсыр санасы
адамның…

Жараңның,
жарамның бұл күні бар ма емі?
Адам да болайық әлсіздеу хәлдегі.
Өтінем!
жо-жо-оқ өтінбеймін мен,
Еркекке өтіну – белсіздік пәрмені!..

Әр нені есіңе алмасаң…
бар мезгіл:
шетінен керемет, ғажайып, кербез-дүр.
Көздерің мендегі сәулені көрмесе,
Соқырлық емес бұл,
жай ғана көр кез бір…

жаныңда – мейірім,
Ерніңде – ұлы дәм,
Тәніңде – тазалық,
Ақындар, біз осы ғажапты жазалық!
Бірақ та ғажаппен жаралған Қыз өңі –
босанған ананың өңіндей бозарып,
қажыған…

Ақындар – кескінді жырлауды білгенмен,
Жанарды жырлауды білмейді!
Кім көрген?
Мөп-мөлдір көздердің мап-мамық езумен,
Жарасып кетерін кісінеп күлгеннен…

Мен оған ғашықпын, оған мен ғашықпын!
Көзіне ғашықпын, өзіне ғашықпын!
Сөзіне ғашықпын,
кеудесін жасырған бөзіне ғашықпын!
Шынында ғашық боп, есінен ауысқан,
Туғаннан есалаң өзіме ғашықпын!..

Арудың жанары, ақынның – өлеңі,
Ақынның жанары, арудың – өлеңі.
Сол қыздың көздерін жырлайын бір сөзбен:
Ол қыздың көздері барлығын көреді!..