Сүндет Сейітов

Шығармашылығы


СҮНДЕТ БАЛАМНЫҢ – САПАСЫ

Сана сапасы – біздің қазақта аса ділгір діттердің бірі. Алаш елінде адамзаттың Абайына бетбұрыс басталғандай сапа сезіледі. Шынайы болғай. Ұзағынан сүйіндіргей. Дейсің. Іштей қуанып. Көбінше күрсініп. Сол айналайын Абайдың төртінші қара сөзінде уайым-қайғы ойлағыш кісілер хақында және олардың сапасы туралы айтылады. Дарын қонған, даралығы әрбір өлеңінен де, өзінің ой-сана сапасынан да білініп, сезіліп тұратын Сүндет дейтұғын баламды жолықтырған сайын сол Төртінші қара сөз жадымызда жаңғырады. Уайым-қайғы ойлағыш жандар, ызалы күлкі, қулық саумақ пен еңбек саумақ, адам баласының жылап туатыны мен кейіп өлетіні туралы Абай анықтамалары ойға оралады. Сананы сансыратады.
Ақын балам Сүндет Сейіттің өлеңдерін оқимын. Жырларынан шайырлық сана сапасы айқын аңғарылып, жан-жүрегіңізді сыздатады-ай. Қоғамдағы кесір-кесапаттарды уайымдайды. Адамдардың сана сапасындағы қараулықтарға қапаланып, қайғы шегеді. Ондай дерттерге өлеңдерімен, өзінің сана сапасымен шабуылға шығады. Жалғандық, жағымпаздық, жандайшаптық атаулыға жаны қас. Қаламы қас. Өтірік көлгірсу табиғатына жат талант иесі дүние табуға, тұрмысын тездете жөндеуге икемсіз. Еңбектенеді, бірақ пайдакүнемдікке ебедейсіз. Аңғалдығы мен адалдығы, абзалдығы, ақындығы – осының бәрі қатты қиналтады. Азаптайды. Сөйте жүріп, қыз затына, әйел затына, сұлулыққа, көркемдікке көзсіз қызығып, құрметпен қараудан, шексіз көңілмен жырға қоспақтан танбайды.
Жоғарыда біз меңзеген жағдаяттардың бәрі Сүндет баламның жарататын жырларынан көрініп, сезіліп, аңғарылып тұрады. Өлеңнен өзге де өнер түрлері қара баланың бойында тұнып-ақ тұрыпты. Музыканың түр-түрін беріле тыңдайды. Талғайды. Домбыра тартады.
Өлең өріне, өнер өрістеріне биіктей бер, балам! Жұмысың да, тұрмысың да түзелгей. Қазағыңда да, қоғамыңда да, өзіңде де, өлеңдеріңде де уайым-қайғы азайғай. Бәрі де жөн-жосығымен болғай. Қаламыңа қанат біткей. Қырандар кезген қияларға самғағайсың, балам!

Мархабат Байғұт – Көрнекті жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
2020 жылғы 13 тамыз. Таупістелі ауылы.






СҮНДЕТТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ ЖАСАНДЫЛЫҚҚА ҮЙІР ЕМЕС

Тәуелсіздік жылдар поэзиясында тән ерекшеліктердің бірі Қазақ лирикасында оралмандар жайында жырлар жазыла бастады. Атамекенін сағынып келген қандастар жайында жырлар да аз емес.
Сонымен қатар Атамекенге оралған қандастарымыздың поэзиядағы өрнектері қазақ лирикасын дамытуға да өзіндік үлесін қосты.
Сүндет Сейітовтің жырларында да өзге елде өз жерін аңсап, атамекенге келгенде өз өлкеме ұлтан болсам да шүкіршілік пейілі өлеңдерінен айқын сезіліп тұрады.
Өмір келеңсіздіктеріне мұндана емес, таңдана қарауы, қиындықтың өзінен безіне қашпай, ол да менің өз мным деп бауырына баса беретін болмысы ойлантады.
Өлеңде өз өмірінің шындығын боямасыз жеткізуі, жасандылыққа үйір емес табиғатын аңғартады.
Мысалы, «Көшедегі өлең» өлеңінде көшеде сенделіп немесе қыдырыстап жүргенде ойына оралған өлең шумақтары емес, сол көшенің қоқыстарын тазалап жүріп ой кешеді.
Әдебиетімізге келіп жатқан жастарға бағытта, ақыл-пікір де қажет екенін ескеріп, жырларын газетке жариялап, оқырмандармен таныстыра отырып, аз-кем пікір жазғанды жөн санадық. Ақын болсам деп армандап қолына қалам алған, жырлары әлі басылым беттеріне жариялнбаған.
Жас толқынның шығармашылығы жайында сөз қозғау әте оңай емес. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ақындардың шығармашылығы жайында «Арман аспандағы ақындар» деп мақала жазған А.Кеңшілікұлы:
Абайсызда жақсы бір ақынның өлеңдегі қолтаңбасын тап басып тани алмай қалсан, оның шығармашылығына қияеат жасағандай боласың.
Қызбалыққа салынып, мақтауын тым асырып жіберсең, өнердің өлшемін төмендетіп алғандай боласың – деп жазғанындай, жас ақын жайында жазарда мен де сондай күйді бастан кешірдім.

Зылиха Жантасова
филология ғылымдарының кандидаты