Сүндет Сейітов

Туындылары


АНАЖАН!

Қайда қалды мейірім, айтшы, соны?!
Нәр сұраған жанымның қатты шөлі…
Қай ғасырда, қай жылы, қай мезгілде,
Жан дүнием нұрланар сәт түседі?

Көз жасыңнан шөлдесем, сімірем де,
Сүп-сүйкімді күн кешем бір іреңде.
Сырқатыңнан күні ертең айығасың,
Сен аңсаған шипаның бірі – менде…

Жымыңдаған көздерің мұздан нұрлы,
Көктем – көкшіл келеді, күз – жаңбырлы…
Тағдыр менің өкпеме дақ түсірді,
Тағдыр сенің миыңа із қалдырды…

Дақ пен ізді біз қайтсек жеңе аламыз?
Тар ауада біз қайтсек дем аламыз?
Қай Отанға бет бұрсақ оңаламыз?
Қай Отаннан қай күні ораламыз?!

Жан жарың да анажан, сырқат дейді,
Жеңіл түрін сырқаттың – мұрсат дейді!
Бізге Құдай мәңгілік жанар берсін,
Ұшқан құсқа назар сап тұрсақ мейлі…

Толқып-тасып тынады жан теңізі,
Қолтықтасып тағдырдың мәңгі егізі.
Уайым жоқта ұқсаңыз, Құдай да жоқ,
Уайым бар да, Құдай да бар негізі…
Сабыр…