Сүндет Сейітов

Туындылары


РАЙХАН ГҮЛ

Күзгі бақта көтеріңкі күз көңіл,
Күзде қалай табыстырды бізді өмір?
Қазан айы – махаббаттың бір айы,
Менде – сезім, ал сізде ше?
Сізде – гүл...

Мен сол гүлді неге ұсындым, сезерсіз,
Бір қайырын ала келсін келер күз –
деп өзімше ырымдағым келді де,
Оқиғадан алыс тұрдым келеңсіз...

О, махаббат шынарыңның біз белін,
Сындырмадық!
Болмас сірә сізге өлім...
Күзде ешкім де өле алмайды, себебі
Туған күнім, туған айым – күз менің!

Райхан гүл. Бұл – жай ғана гүл десең,
Күзде бұлай жұпар аңқып жүрмес ең..
Қабырғамнан жаратқанмын сол гүлді,
Жаным, содан жаралғансың бірде сен...

Сол үшін де маған қымбат бір жансың,
Райхан гүлмен жұпарланған қыздансың!

Райхан гүлді аялаймын сен үшін,
Құшақтаймын... иіскеймін... сен үшін!
Жылуымды соған төгем сен үшін,
Күзгі өмірде тоңбайтының сол үшін...