Сүндет Сейітов

Туындылары


СӘБИ КҮЛКІ

Менің сәби күлкімді кім ұрлады,
Неге пендеге айналған бүгін бәрі?
Неге мені анашым күлдірмейді,
Езуіме нұр шашып құбылмалы…

Әлде мен де әкемдей ер жеттім бе?
Өткенімді адырға жерлеп күнде.
Қастандықта өткізген балалықты,
Қапелімде ертерек қолды еттім бе?

Сұрақ? сұрақ? мәрия-ай, және сұрақ?
Қанішердің жүректе дәмесі қап…
Мен сен құсап күле алман шақалақтай,
Күле қалсам, жүрер ме ек жарасып-ақ…

Әбіржіген күлкісі жаман шалдың,
Өлі теңізіндей-ақ ғаламшардың…
Біздің күлкі түлкінің қимылындай,
Жылтырындай су тиген жалаң санның…

Періште емес, жын емес, пенде екенбіз,
Аршыда емес, мәрия-ай, жерде екенбіз…
Сәби күлкіні аңсайтын кезді ұмытып,
Пенде болар сәбиді тербетерміз…

Пенделіктің жоғалар тезі мүлде,
Төзімділік оңалар сезіміңде.
Сол күлкіні іздеген сәби болса,
Ол ақынның болады езуінде…