Серік Сейітман

Туындылары


БӘТІҢКЕ


Бәтіңкем-ау, қанықпын хал-жайыңа,
Үн бітпеген тілің мен таңдайыңа.
Табаныма кіретін шөңге-тікен
Сенің барып қадалды маңдайыңа.

Аяқ дейтін аянбай қос ағаға,
Иілесің маңдай тер жоса бола.
Мен төріне шықсам да талай үйдің,
Қаңтарылып тұрдың сен босағада.

Бірде жылдам, бәсеңсіп бір жәй жүрдің,
Жігеріңді солайша құмдай қылдың.
Аяқ бастың бұйрығын бұлжытпады,
Сен аяқтың ақылын тыңдай білдің.

Ақылына сәні сай бір көрікті
Үйленуге аруға біз жерік-ті.
Бір бақыты сол бейбақ бәтіңкенің –
Әу бастан-ақ жұп құрап үлгеріпті.

Аяқкиім бөленбес сая-нұрға,
Ей, бауырым, сен оны аядың ба?!
Ешкімге ешкім бәтіңке болмасыншы,
Мен тозайын қазақтың аяғында!