Серік Сейітман

Шығармашылығы


АҚЫННЫҢ ЖАНЫ – «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ»


      Жас ақын Серік СЕЙІТМАННЫҢ «Қазақтың қаны» атты пышақтың қырындай ғана болғанмен, қанжардың жүзіндей өткір жинағы жарық көрді.
      Серік – «Қазақ радиосындағы» «Қазақты сүю», «Айдында жүзген ай сәуле» бағдарламаларының авторы және редактор-жүргізушісі. Республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің І дәрежелі лауреаты. Әдеби ортада жақсы аты аталып жүрген Серіктің жаңа жинағына тұп-тура 40 өлеңі мен «шумақталмаған ойлары» еніпті. «Қазаққа қорған болар қырық өлеңнен» алаш деп соққан ақын жүрегінің дүрсілін, азаматтық-қайраткерлік мінезін анық танисыз. Кітаптың аты неге «Қазақтың қаны» деп аталған? Бұл жөнінде «Шумақталмаған ойларында: «Сонымен, «қазақ» «қаза» болмауы үшін ең әуелі қанын сақтауы керек. Онсыз бәрі бекер. Қазақтың қаны таза күйінде болашаққа аттанар болса, бүгінгі ұрпақтың ұлттық борыштың алдындағы, ата-баба аманатының алдындағы атқарған ең бір жемісті еңбегі осы болар еді» дейді ақын.
      Серіктің өлеңі тіліп түседі. «Кесілді...» дейтін өлеңінде «Кіндігім кесілді балтамен», «Тұсауым кесілді пышақпен», «Насыбайым кесілді бәкімен» деп келетін ақын соңғы шумақтың екі жолын «Арман не Махамбет секілді, Басым да кесілсе қанжармен» деп түйіндейді. Өткір ой! «Арғымақ» деген өлеңін:
      «Тас қамалым!
      Үйіріңді иірді қас-қабағың.
      Аман болсам,
      Көктемде отау тігіп,
      Отбасымды дәл сендей басқарамын!» деп аяқтайтын ақын жылқы тектес деп жүрген қазақтың қазіргі талай ұрпағының Отанына деген махаббатын қасқа айғырдың үйіріне деген махаббатымен салыстырып, ұялатынын айтады.
      «Кемпірлермен билегенді ұнатам» деген өлеңінде қазақтың бұрынғы асыл аналарын бүгінгі аузынан кәпір сасып, қисалаңдап жүрген қыздарға үлгі ете сөйлейді. «Себебі олар жаушылықта мерген боп, Сан жығылып, қайта тұрды жерден көп. Әбиүрін, Сан тоңқалаң асса да, Күйеуінен басқа ешкім көрген жоқ» деп батыра жеткізеді. «Шешеңнің...» деген өлеңінде «Ана тілін менсінбейтін міскінді Ана тілде боқтайтын ұл ибалы» деген оқшау ой айтады.
      Қысқасы, шағын жинақты кешегі «Маса» боп ызыңдап, «Оян, қазақ» деп мидың мазасын алған алашордашы алыптардың дәстүр жалғастығындай, тіпті сол дәстүрді дамытып әкетіп, ұлттық сананы оятуға қайта келген тамаша темірқазық құрал деуге әбден болады.

Ақтан ҚОҢЫР
«Айқын» газеті