Туындылары
СЕРТ
Заңғар, заңғар биік үй аспанменен таласқан,
Айдан төмен бір елі, байларменен жанасқан,
Тамсанармын тұлғаңа, қызығармын көркіңе,
Мен бәрібір ең басты бағытымнан адаспан.
Кеудемдегі «қанағат-қырсығыммен» күресе,
Баспанасыз сорлы деп мінесін жұрт мінесе.
Мен бәрібір алдыңда ие алмаймын басымды,
Ақ арманым, себебі, биік сенен мың есе.
Алматының төсінде ары-бері сабылған
Зу-зу еткен зымыран-мәшинелер ағылған!
Жанарымды жаулай бер бірің асып біріңнен,
Мен бәрібір сендердің уағызыңа бағынбан.
Деп айтарсың « - Не болды саған сонша, ұяңым?!»
Құлағыма құюмен моторыңның күй-әнін.
Бәрібір де сендердің уағызыңа бағынбан,
Мәшинеден мың есе ұшқыр менің қиялым.
...Біздерсіз-ақ жетеді екен ғой деп мұратқа,
Сөздерімнен шошынып, кетпеңдер тым жыраққа.
Ниетіме тап-таза, пейіліме даладай
Келем десең, құшағым айқара ашық бірақ та.