Серік Сейітман

Туындылары


ЕРТЕҢ ҚОЛЫМ БОС ЕМЕС

(бір досым: – Ертең кешке қолың
бос болса, би кешіне барайық, – дейді)


Бозарып бозаң таң атады
Бір Түннің өткенін Күн айтып.
Еңкейіп Қызыл Нұр батады
Бір күннің біткенін Түн айтып.

Уақытқа сабатам басымды
Қос қолым жасаған қате үшін...
Ағарған бес-алты шашымды
Айтады қасқа бас әкешім.

Басқа ешкім жармайды тісін де
Уақыт жайында жайтқа аса.
Жыл сайын,
Қаңтардың ішінде
Бір туған күнім кеп айтпаса.

Шығарған шығармын шығын көп
Бәлкім бұл баянсыз бес күнге.
Өндіріп тындырған түгім жоқ,
Бұл жайлы айтпайды ешкім де.

Мерейін Тау қылып әр Сайдың,
Кетсем деп жасап іс мың құтты,
Түсімде жалғаумен шаршаймын
Өңімде бітпеген тірлікті.

Бақыттың дұшпаны, досы емес –
Аяқтау ғұмырды үш нүктемен.
Досыңның қолы ертең бос емес,
Кешегі жұмысым бітпеген...