Серік Сейітман

Туындылары


ТАМЫР


Шыршалар таудағы бұлтпенен таласқан,
Алшалар бақтағы жемісі жарасқан,
Бәрі де, бәрінің тамырға байланып,
Тамырдан нәр алып, тамырмен бағы асқан.

Шыңдағы шынар да аспанға ұмтылған,
Қырдағы гүлдер де жайқалып құлпырған,
Құрдымға құлдырап, қурауға бет алған
Сәтінен бастап-ақ тамыры қырқылған.

Бүгінгі дімкәстер тағдыры қалбалақ
Кеше мен ертеңді қалайша жалғамақ?!
Ұсқынын қашырды-ау қастерлі даламның
Тамыры кесіліп қураған тал-дарақ.

Тамырым тереңде,
Тармағы сансыз көп,
Сонда да жүре алман қарекет-қамсыз боп.
Тамыры қырқылған туыстың бәрін де
Санаймын жансыз деп, аяймын әлсіз деп.

Жарымжан қара орман біржола өлер деп,
Тереңге бойлаған бір буын келер деп,
Бәрін де от қойып өртегім келеді,
Өртеңде тамырдан жас шыбық өнер деп!..