Өмірдерек
Жазушы, Нәзіртанушы Сәрсен Бек Сахабат 1954 жылдың 24 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң кеңшарда жұмысшы, Совет Армиясы қатарында болған.
1975 жылы Алматы қаласындағы ҚазПИ-ге филология факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түседі. Оқуын бітірген соң 1979-1980 жылдары Алматыда ҚазССР мемлекеттік Кітап палатасында библиограф, «Кентауская правда» газетінде аудармашы, ауыл мектебінде мұғалім қызметтерін атқарады.
1991 жылдан бері Шымкент қаласының тұрғыны. Осы аралықта «Жібек жолы», «Жайнамаз» журналдарында тілші, редактор, «Темірқазық» журналы мен «Мәдениет» газетінің ұйымдастырушы бас редакторы, ОҚО Өнер ордасының бас маманы, халықаралық «Нәзір» қорының вице-президенті. Мәдениетті қолдау қорының қоғамдық негіздегі басқарма төрағасы.
Шығармашылық жолын ақындықпен бастаған Сәрсен Бек Сахабат өзінің әмбебап әдебиетші екендігін ерекше таныта алған өнер иесі. Бірнеше жыр жинақтарының авторы әдебиет сыншысы, тәржіман, нәзіртанушы, түркітанушы, лингвист, мәдениеттанушы ретінде жан-жақты танылған. «Сөз мүсіні», «Назымгөй нақыш Нармахан», «Қаратау қаламгерлік қазынасы», «Сағындырған саңлақ Сәттар» атты еңбектерінде Т.Әлімқұлов, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, М.Байғұт, Н.Бегалыұлы, Ә.Шілтерханов, С.Ерубаев шығармашылық портреттерін сомдап, мәшһүр «Қаратау мектебін» теориялық тұрғыдан тұжырымдаған.
«Йассауийа тариқаты», «Данышпан Ата», Отырар, Түркістан, Сайрам бабтары һақындағы зерттеулерінде түркілік тариқат мәселелерін сөз етеді. «Шәмшіғұмыр», «Қынсыз қылыш Құрманбек» зерттеулері өнер тақырыбына арналған. Бұдан тыс «Төреғұлдың Нәзірі», «Қажы Ыбырай» еңбектері ғұмырнамалық үлгіге негізделген. Өз басы ешкімге еліктемей-солықтамай бір арнаға бірнеше жанрды тоғыстырып тың стиль қарастырады.
Тәржімандық шеберлігіне көне түркі мен өзбек тілдерінен Қ.А.Йассауи һикметтерін, С.Бақырғани һикметтері мен Нәзира дастандарын, Йуғнақи, М.Хорезми, Қ.Кәтиб, Байқара сұлтан, Ә.Науаи, Ә.Рудаки, замандастары М.Юсуп, И.Түркиді, құмық халқының қазақы жырларын мөлдірете аударғаны дәлел. Орыс тілінен Федор Тютчев, Александр Блок, Анна Ахматова, Х.Р.Хименес жырларын тәржімелеп «Жазды аңсаған жүрек қағысы» кітабын шығарған. Қажы Ыбырай Исмаилұлының ұйымдастырушылығымен Алаш қайраткері Нәзір Төреқұлұлының шығармашылық мұрасын архивтерден жинастырып орыс және өзбек тілдерінен тәржімелеп төрт томдық құрастырды. Нәзір көсемсөзін «Нәзірге нәзіл нәзіктік» деген атпен Шымкент пен Алматы баспаларынан шығарды.
ОҚО қазақ драма театрында «ТурЦИК төрағасы», «Кеме қалған» поэтикалық драмалары сахналанған.
Сәрсен Бек Сахабат 2019 жылы 16 наурызда дүниеден өтті.