Шығармашылығы
ӨЛЕҢ - ӨНЕРДІҢ ӨРЕСІ
Сәрсен Бек Сахабаттың кейбір жазба-сызбаларын оқығанда құнарға қанығып, қуанатыным рас. Құнарсыздана бастағандарды, құнары жоқтарды байқағанда да осы бір жазбагерді қолға алатыным бар.
Сахабат былай дейді: «Құнар – көпсөзділіктен, тықақтап ақыл айтудан тартынуда. Қадау ой ұстатып кетуде. Қазаққа шынымен жан тартуда». Әнекиіңіз, көрдіңіз бе?! Сахабаттың туындыгерлік тұжырымдамасы да осы төңіріктен табылар.
Әмбебап әдебиетшіге айналмақ азапты ізденістен. Жұлын-жүйкеңді жұлмалаудан. Алматыда цирк өнерінің Мәскеудегі машайықтары өнер көрсеткенде мәшһүр сыйқымазақ Карандаш: «Клоун должен уметь всё» деген екен. Сол сөз есінде қалған қара бала алған әсерін ұстазы Қуанағасына (Шаңғытбаев) әңгімелепті. Қ.Шаңғытбаев сонда: «Ақынның да қолынан келмейтіні болмауға тиіс» – деп жылы ғана жымиыпты.
Осыны ойына тоқып өсті. Таптаурыннан тартынды. Тың өрнекке құнықты. Құнарға құштарланды. «Өлең – өнердің өресі» дегенді дәлелдеп-ақ келеді. Бұл пікірімізге мына кітаптағы қысқа-нұсқа әңгімелері дәлел.
Сәрсен Бек Сахабат мырзаның сақ санасы сынбас, Түркі текті тұрпаты ешкімге еңкеймес.
Мінезі қақ-соқпен ісі жоқ қыңыр. Қақпайға қараламайды. Жетекке жүрмейді, өнердегі,өлеңдегі өз өресі, өз мінезі айқын,нық, мығым. Өйткені, іргетасы мықты, тамыры терең, ділі берік, дәйегі дәлелді.
Әдебиеттің бір қыры – тілдік материал,екінші беті – танымдық ішкі мазмұн. Қиыны да осы ішкерілеу шеберлігінде. Ой тастағыш авторға да,ойлы оқырманға да.
Мархабат БАЙҒҰТ
Жазушы,Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері
ЫМЫРТ
Бұйра самал аймалап омырауын,
Бұйығады салқынға қоңыр ауыл.
Батар күннің ең соңғы жолақтары,
Көкжиекке қалбақтап қонақтады.
Жусан иісі бұрқырап шаңға батқан.
Асығады салғырт кеш жарқабақтан.
Құлаққа ұрған танадай жым-жырт қана
Бесіңдегі шөл қысқан қызғылт дала,
Тыным таппай тыныстап алып төсі
Қимылдайды күңгірт көз ымыртта да.
МӘЖНҮН ТАЛ
Ай астында бозарып түсі ағарған,
Ұсқынында кіртиіп құса қалған.
Көп көзінен оқшаулап қаштың жырақ,
Ал сырыңды жасырмай шаштың жылап,
Нендей көмек, намысың қайда қалған,
Басыңды иіп сұрайсың айналадан.
Өткен сайын мұңына астым құлақ,
Қашан көрсем жылайсың басты ұрғылап.
Айтқызбай-ақ сырыңды таныр адам,
Сенің осы қалпың-ай аңыраған!