Гүлнәр Өмірбек

Өмірдерек


Өмірбек Гүлнәр Есіркепқызы 1960 жылы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің орыс сыныбын 1978 жылы бітірді. Еңбек жолын 1980 жылы Созақ аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған, 1981 жылы аудандық орталық кітапханаға редактор қызметіне ауыстырылған. 1991 жылдан оқырманға қызмет көрсету бөлімінде меңгеруші қызметін атқарған. Білімі жоғары, кітапханашы – библиограф. Бүгінгі таңда С.Қожанов ат.Созақ аудандық тарихи – өлкетану музейінде маман.
Ақын, аудармашы, ҚР Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшесі, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Алғысы, «Нұр Отан» ХДП – ның облыстық филиалының Грамотасы, Ұлттық Академиялық кітапханасының Алғыс хаты, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының Құрмет Грамотасы, Алғыс хатымен, ҚР Мәдениет Министрлігінің Құрмет Грамотасымен , ҚР Мәдениет саласы кәсіподағының Құрмет грамотасымен марапатталған.Облыс әкімінің Алғысы, Облыстық мәдениет басқармасының Құрмет Грамотасы, Алғысы, А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми – әмбебап кітапханасының Грамотасы, Аудандық маслихаттың грамотасы, аудан әкімінің бірнеше мәрте Алғыс хаттары, облыстық «Құрмет» қоғамдық бірлестігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері, облыстық кәсіби байқаулар жүлдегері, Кентау қаласының 60 жылдығына арналған мүшәйрасының 2 дәрежелі Дипломының жүлдегері. «Сорос – Қазақстан» қорының Дипломы, облыстық әйелдер кеңесінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық іскер әйелдер Ассоциясының Алғыс хаттары, «Бақ – Нұры» аудандық іскер әйелдер бірлестігінің Алғыс хаты, аудандық әйелдер кеңесінің Алғыс хаты, облыстық мәдениет қызметкерлерінің кәсіподағының Құрмет грамотасыменен, Қазақстанның педагогикалық академиясының «І дәрежелі білікті басшы» төсбелгісімен, Қазақстан Журналистер Одағының облыстық филиалының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталған. 2019 жылы «Жастарға айтар тілегім» атты аудандық мүшәйрасының Бас жүлдегері.
«Ақ қанатты періштем», «Сүмбіле қыздың сырғасы» «Жанымның жапырағы» жыр жинақтары жарық көрген. «Өмірімді өнермен ұштастырып» жинағына өлеңдері еңген, баспасөз бетінде «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Ақиқат», «Ардагер тынысы» журналдарында, «Оңтүстік Қазақстан», «Ырғыз», «Ел тілегі», «Қызмет», «Ойыл», «Ақбеттау» Павлодар облыстық журналында, «Созақ үні» газеттерінде өлеңдері жарияланып келеді. 2020 жыл Түркістан облысы бойынша «Г.Өмірбек оқулары» жылы деп жарияланды. С.Бақбергеновтын 100 жылдығына арналған аудандық байқаудың 1 орын иегері.
Өлке мәдениеті саласында қызмет істеп жүріп, әлеуметті – қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Бұл күндері Шолаққорған ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, «Бақ – Нұры» іскер әйелдер бірлестігінің мүшесі, аудандық әйелдер кеңесінің алқа мүшесі. Құлыншақ Кемелұлы ат. шығармашылық бірлестігінің белсенді мүшесі. С.Қожанов атындағы музейде экскурсовод қызметін атқарып келеді.