Гүлнәр Өмірбек

Шығармашылығы


Мамандығына адал, қоғамдағы орны , беделі қалыптасқан Гүлнәрдің бір қыры – ол ақын. Республикалық, облыстық беделді басылымдарда мақалары, өлеңдері жиі жарық көреді.
Кәсіби шығармашылығы да ерең: бірнеше танымал жобалардың авторы «Кітапханашылар және үздік оқырмандар» бенефистері, «Қонақжай иесі – кітапханашы», «Жұлдызды түн» шығармашылық думаны, «Еңбекке тағзым» өлкетану бағытындағы еңбек адамдарын насихаттау жобалары оқырманның көңілінен шығып келеді.
Ақынмын деп өленің алып зыр жүгірген жоқ. Әдеби жиындарды әдемі астармен, сұлу сөзбен келістіріп жүріп танылды. Ұтқыр әзіл – шумақтарымен тартты. Әр мерекеде жарқ етіп шығатын газет бетіне. Ақын Гүлнәр - нәзік сезімнің ақыны. Шым – шым нәзік, құпиялы сезім. Асырып айтсам деген асқақтықтан қалай еді деген аңғалдық басым.
«Көп әлі көргенімнен көрмегенім, Өзімді өзім ертіп өрмеледім. Қаратау терісінде қара өлең, құшақтап қыз жүр десе – сол мен едім!» дейді ол.
«Өзендей баяу аққан білінбедім, кім оқыр өлеңімді бүгін менің?» деп оқырманына салмақ салады. Нұрлы шағы да, мұңлы шағы да көрікті оймен өріледі. Сергек сезіммен селт еткізіп алады да, тұңғиыққа жетелей жөнеледі. Қараңыз:
Түсім бе, әлде, ертегі ме еді,
Шерменде көңіл шертеді нені?
Боз айғыр дала кісінеп кенет,
Бозала таңда өртеді мені. – деп өзі өскен боз даланың шерменде тағдырың, күрсінісін толқыта жырлайды. «Созақы сөздің салмағы қайда, атадан мұра балаға? Ар туың болар ардағың қайда, ниеттер ауды далаға» деп жаны ауырады. Туған жерге деген сүйіспеншілік, әке – анаға ілтипат, дос – бауырға сый – құрметін - кіршіксіз сезім арқылы білдіреді. «Көріп пе ең ағайынды Созақтағы, Созақта ғой нағыз қазақ ғажаптары! Қысы қатал, қытымыр, көктемі ашық. Танытады міңезін жаз аптабы.» деп сүйінеді. «Тосар ме екен бақыты алдан, төзімі тозған даламды. Созақы сөздің сарқыты қалған, теберік еттім қаламды.» деп перзенттік адалдықтың биігінен көрінеді.
Бұл күндері өлеңді бағалаған оқырманға етене таныс, шабыты шарықтаған ақын қыз ел ішінде жүріп – ақ елең еткізіп келеді. Жүректен шығып, жүрекке жеткен толғаныс – тебіреністері - жан дүниесін ақтарып шыққан сырлары. «Айтылмай қалған бар ма сыр, Таусылды жүрек жыр – әні. Азынап кеуде арманшыл, Көктемді тосып жүр әлі» дей келе, «Өзгеге айтпас сырымды, өзіңе ғана өремін. Көрсетпей жүдеу түрімді, Жарқырай өтші, өлеңім!» деп көңіл дауасын жырдан табады.
Гүлнәр өлеңі – тұнып тұрған лирика. Табиғаттын керімсал сазын, күз – көктемін қалт жібермей, жыр айдынында қалықтатады:
Көңіл солай қалды дереу жаңарып,
Бір түп жусан көгеріпті – жаңалық.
Алты ай қыстың серпіп ала көрпесін,
Көктемеге бет бұрыпты дала нық. – деп көктем күніне қуанса,
Мұң жайлаған кеуілді құрт теседі,
Бірін – бірі қуалап бұлт көшеді.
Жалбыр шашың ағаштың жел жұлмалап,
Жасыл желек жайнаған жоқ кешегі.
Сай – салада сыңғырлар бұлақ қайда,
Бұлақ басың көмкерген құрақ қайда?
Құс жолына асылып арман қалды,
Мекен етер өлеңім тұрақ қайда? – деген сыршыл назы күз күйін көз алдыңа әкеледі. Гүлнәр әлемі – әдемі сезім, таусылмас мұң, сарғайған сағыныш, өкініш, үміт. Біз ақын қыздың айтары әлі алда деп күтеміз. «Ақ қанатты періштем» атты кітабы оқырманнын жылы пікірін туғызса, «Өнерім өміріммен ұштасқан» атты жинаққа өлеңдері еңзізілген, баспасөз беттерінде өлеңдері жиі жарық көретіні де көз қуаныш. Кітап әлемінің адал шырақшысындай Гүлңәр қызға сарқылмас шабыт тілеуді жөн көрдік.

С.Теңізбаев
«Созақ үні» аудандық газетінің редакторы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі






АСАУ АРМАН, НӘЗІК СЫР

Біз ауылда тұрамыз, Қарт Қаратаудың терістік жағындағы Оңтүстіктің Созақ ауданы. Бұл елді халық Теріскей елі дейді. Арқалы ақын Құлыншақ, Шәді, әдебиетіміздің кешегі алыптары Сәуірбек, Тәкен, Асқар, Төлеген мен Бәтима туған жер. Талабы таудай халықтың тегі жібермейді екен. Мынау өлеңге назар аударыңызшы:
Ұзақ күн-ау, айдан, жылдан ұзақ күн,
Ұзақтарға үмітінді ұзаттың.
Қара жолдан қара таппай таусылдым,
Қарағым да кетті-ау менен ұзап тым.
Кім десеңіз де жәй өлең емес, асау жүректі, тұйық та тұнық сезімді, майдан қыл суырғандай нәзік, толысқан, толған ақын, сөздің маржанын теріп, оны көркем оймен күмбездей білген,әдемі әуез, «қарағым да кетті-ау» мененұзап тым» деп жүрегіңді шым еткізеді.

Таудың басы қарлы екен бірақта,
Теңіз тасып жатыр екен жырақта.
Жар басында жер бауырлап жасыдым,
Хәлің қалай, қарағым-ау, ұзақта?

Ұзақ күн-ау, айдан, жылдан ұзақ күн,
Құнын маған сездірдің бе ұзақтың?
Қарағымды көрмегелі бірақ-ақ күн,
Ғасырдан да кетті-ау бірақ, ұзап тым.

Гүлнәр Өмірбек деген қарындас кезінде Кеңес үкіметін қолымен орнатып, аудандық «Социалистік шаруа», қазіргі «Созақ үні» газетінің редакторы болған шежіресі, қаламгер Есіркеп Өмірбековтің қызы. Әке жолын ұстап, өлең өлкесіне сапар шеккен Гүлнәр 1960 жылы Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Аудандық орталық кітапханада шығармашылық бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі, өз ортасында сыйлы қарапайым жан. Бар өмірбаяны осы. Енді өлеңдеріне қайта оралайық.
Күнгейде күнім бар еді,
Күнгейде күнім бар еді,
Күнімді алдым жоғалтып,
Күнімсіз күнім зар енді.
Ақын өлеңдері осылай жалғасып кете береді. Гүлнәрдың өлеңдерінің дені лирикаға негізделген екен. Жалынды жастық, алғашқы махаббат, сарғайтқан сағыныш, әл бермейтін асау сезім, қыз жүректің нәзік лүпілімен жарасып, асып-тасып жатыр.
Адам есейсе келе сабырлы, салмақты бола береді. Гүлнәрдың ойына сөзі сай. Алып-ұшқан мінезден аулақ. Бұл алғашқы жинағына енген өлеңдері де ересек ойлы, салиқалы да сергек сезімді.
Гүлнәр өлең өлкесіне есейіп, әбден кемелденген шағында келіпті. Ендеше, ақынның берер дүниесі де мол болмақ. Сәт сапар, Гүлнәр қарындас!

Ескермес Жақсымбетұлыв
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі






ТӘНТІ ЕТКЕН ТӘРЖІМА

Гүлнәр Өмірбекті фейсбук бетінен жақсы танимын. Кітапханашы екен. Кітапхананың ішінде, біз екі сөздің бірінде айта беретін шынайы әдеби ортаның қазаныңда қайнап отыр екен. Көп оқып, дүниежүзілік поэзияның тұнығынан жүзіп ішкені көрініп тұр. Қазір екінің бірі, егіздің сыңары, бес-алты өлең жаза сала әдебиетке «келе береді...».
Мені тәнті еткен Гүлнәрдің тәржімалары. Орыс ақындарының ішкі дүниесіне тереңдеп кіріп, оларды жан-тәнімен ғашық болып аударған. «Дүниенің қызығы –махаббатпен» деген Абай. Жар дегенде жалғыз әйеліңнің сүйсініп жасамаған тамағын да сіңіре алмайсың ғой. Өмірде басы жұмыр пендеге «махаббатсыз дүниеге ғана бос» болса (тағы да Абай), өлеңде оның салмағы одан да зілмәуір бола түседі. Мен Гүлнәрдің Федор Тютчевімен – ақсүйек, дипломат ақынның кінәздігін, Анна Ахматовасынан – баяғы Қаракөктің тұқымының болмыс-бітімін көріп, Сергей Есенинінен – ақ қайынды орыс орманының шерлі дауысын естідім.
Меніңше ақын қітапхананың ішінде туып, сонда өлуі керек!Нағыз әдеби орта сонда. Астанада, Алматыда емес!
Жарық дүниеге қайта келсем, мен де кітапханашы болар ем! Амал нешік...

Серік Ақсұңқарұлы
Халықаралық Алаш сайлығының иегері