Иса Омар

Туындылары


АУЫЛҒА БАРСАҢ...

Аулды аңсап, сағынып оны салдың ба ән,
Ауылға барсаң, қарсы алар кім бар алдыңнан?
Сағынған сені жан көп пе қазір ол жақта,
Қимас күндерді, балалық шақты қалдырған?

Алдыңнан шыққан ағаңның үні жарқын ба,
Жеңгеңнің жүзі жарқын ба, әлде салқын ба?
Әр келген сайын тоса ма барын алдыңа,
Бәйек бола ма өмірге риза қалпында?

Ауылға барсаң, күте ме күліп сені інің,
Жадырай сөйлеп, сәлем сала ма келінің?
Қабағын көріп мерейің сенің таси ма,
Су сепкендей боп басыла ма әлде желігің?