Сабырбек Нұрманұлы

Шығармашылығы


      Ықылым заманнан-ақ қазақтың мен деген палуандары да, шабандоздары да өнерге бір табан жақын болады. Міне, сол тебіреністер палуанды да, боксшыны да, жүйрікті де ақын етіп жіберетіні анық. Тіпті, кейде дәл солар секілді ақын да болып кеткім келеді. Елдің қадір-құрметіне бөленіп, сол халықтың болмыс-бітімін жырлап келе жатқан ақындарымыз бақытты.
      Сабырбек Нұрманұлының жырларын баспасөз беттерінен оқып жүрміз. Ақынның сөз сөйлеу мәнері, әсіресе өткірлігі ұнайтын. Алғаш рет ол маған өлеңдерін көрсетіп, осының кітап болғалы жатқанын айтты. Поэзия деген киелі нәрсенің бүкіл жаратылысын жіктей алатын әдебиеттің сыншылары жазса-жарасады. Шын мәнісінде өлең сүйер спротшы болғаныммен менің ондай қабілетім жоқ қой деп жүрексінгенім еді бұл. Кейін ойланып келе бұл ойымның анау айтқандай дұрыс та еместігін сездім.
      С. Нұрманұлы поэзияға кейін келген толқынның өкілі. Ол қарапайым ортадан шыққан. Ұзамай бала кездегі өлеңге құмарлығы оны өлең өлкесіне алып келіпті. Қазір Қазақстан Жазушылар одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінде әдеби қызметте. Облыстағы түрлі әдеби іс-шаралардың дұрыс өтуіне өзінің қал-қадірінше аянбай үлес қосып келеді. Газет-журналдардан оның өлеңдерін көбірек оқып жүрміз. Өлеңдерден исі айқын сезіліп тұратын нәрсе- Сабырбек пен Көмеш бұлақ секілді қаламгер де үнемі бір қалыпта тұрмайды. Бірде кемерінен асып-тасып жатса, енді бірде солғындап жатады. Бір жағынан біреулер үшін ақынның солғындай көрінгені әлсіздік болып шыққандай әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ, бір терінің ішіндегі адам әр қилы жағдайда болады. Бірде толады, бірде азаяды. Ал керек десеңіз, бұл табиғаттың заңдылығы. Осы тұрғыдан қарасақ, ақындар да басқалар да осындай жағдайды бастан кешеді. Сабырбек өмірге ғашық болуымен бірге, аға буын ақындарға да, қатарлас жүрген қаламдастарға ғашық секілді. Мысалы:
      Дархан үнді даласындай,
      Жол берсе аға баласындай.
      Мұқағали өлмес-ді.
      Құса-дертті қөрмес еді.- деп Мұқағали туралы кең толғайды, оны қимастықпен еске ала келіп, қазақ арасындағы күншілдіктің жер-жебіріне жетеді.
      Енді бірде.
      Мұқағали қазаққа көшкен десін,
      Қара өлең- қара жорға төске өрлесін.
      Өзің болып қаламыз мына біздер,
      Ескермесе бәз біреу ескермесін!-дейді.

Сабырбек екінің бірінің қолынан келе бермейтін нәрсеге барғысы бар. Бұл жерде іштей ғана ақынды шын ризашылықпен арманы орындала бергей. Біз секілді оқырмандарын еліткен, елең еткізген ақын жырлары поэзия еліне де жаңа түскен келіншек секілді өзінің әсемдігімен, сезімшілдігімен әсер етері даусыз-ау деп ойлаймын.

Ақжол Асқарұлы
Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері,
Республикалық дәрежедегі төреші, спорт шебері,
педагогика ғылымының доценті