Атанбек Наурыз

Туындылары


МАХАББАТ МАШАХАТЫ
(оқылмаған жасырын хат)

Белгілі ибалықтан аса алмасың,
Өзім де сал сезімге шала маспын.
Бір жүріп, қанша сырлас болсақ-дағы,
Тарттық-ау, махаббаттың машахатын.

Қайдағы Қыз Жібекті жыр етеміз,
Қарсы кеп Бекежанмен күресеміз.
Өзіміз қолдарымыз тиіп кетсе,
Баладай бесіктегі дір етеміз.

Барады еркелігің ұмыт қалып,
Түзелген шыбықтаймын сынып барып.
Өткенде ерініміз түйіспеді,
Көзімді сен де, мен де жұмып қалып.

Адасып қалғандаймыз аңғал көштен,
Жіптіктей үміт желі алдан ескен.
Құшақтап тұрғанымыз екі жақтан,
Нән жуан құба талды аулада өскен.

Шам өшіп мен сындырған тұр бағанада.
Іліндің қараңғыны қармағанда.
Кенеттен құшағыма құламас ең,
Анау ит абалағыш болмағанда!