Атанбек Наурыз

Лебіз


Сонау өткен ғасырдың 80-жылдары кезекті іссапарымда ен даладан адуынды жыр жазатын жас жігітті жолықтырып, жүрекжарды жырларын сол кездегі Бөген аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жариялап, тұсауын кесіп едім. Ақжол тілегім ақталып, бүгінгі атақты ақын болғаныңа қуанамын, Атанбек Наурыз інім!

Тұңғышбай Төрегелді



ЖЫР АРНАЙМЫН, ӘЛЕУМЕТ!


Ал, жырлайын,жырлайын,
Солдан тусын нұрлы айым.
Оң жағымда – күміс күн,
Мен де қарап тұрмайын.
Еркесі едім елімнің,
Еске салған гүл жайын.
Күйшілер қақсын домбырасын,
Әншілер алсын сырнайын,
Кеукеулеп жатса көпшілік,
Қалайша қызмет қылмайын,
Қанат Әлібек ініңнің
Көкейінде жыр дайын.

Жыр құйылса көңілге,
Нұр ойнайды көзімде,
Шүкіршілік етемін,
Мынау ғажап өмірге.
Атамбек ағам келіп тұр,
Алпыс бестің төріне.
Дәл қазіргі құрметі,
Жыр – бәйгенің өрінде.
Өрген өлең жолдары,
Жүректердің төрінде.
Өмір жолын айтайын,
Тазалық бар тегінде.

Қойшы болып бастаған,
Кірпіш құйып тастаған.
Балта ұстаған ұсталар,
Бұл ағамнан аспаған.
Терезе, есік салғанда,
Жайнап бір кеткен баспанаң.
Аузын ашса көмейден,
Әуелеген асқақ ән.
Сомдаған талай бейненің,
Біріне бірін қоспаған.
Қандай іс алса қолына,
Періштелер қоштаған!
Балаларға жыр жазып,
Жанарында нұр тасып,
Ұсынып, міне келеді,
Рухани елге азық.
Түнді түнге ұрады,
Жастық шақпен сырласып.
Терезесін қағады,
Мұңын айтып мың ғашық,
Алпыс бесің түк емес,
Жұрегін тұрса жырға ашып,
Атамбек ағам , өйткені,
Мына өмірге шын ғашық!

Санап көрген жан емес,
Ақша түгіл, мал басын.
Өзгеге бақыт тілеген,
Бақытты өзі болғасын.
Ағаларға осындай,
Ақын жырын арнасын!
Ол – аға, мен – іні,
Десеңіздер, ол да – шын!
Өнер сүйген қауымды,
Әулиелер қолдасын!
Осындай бақыт әр үйдің,
Шаңырағында орнасын!

Қанат Әлібек. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
«Қаламгер» шығармашылық бірлестігінің мүшесі.