Шығармашылығы
ТАМАША ӨЛЕҢ ТАБИҒАТ АҚЫНҒА БИЛІК ЖҮРГІЗГЕНДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕДІ
(Арайлым Мұратәлиеваның бір өлеңі жайлы)
Біз таза табиғаттың құшағында өскен ұрпақпыз. Біз табиғатқа, табиғат бізге сіңіп кеткен. Мен құдайдың ұлы туындысы – табиғатты сүйем. Өлең жазған кезімде табиғат барлық бояуларымен көмекке келеді. Мен табиғаттан өзіме қажетті бояуларды алып, сезімдерім мен көңіл-күйімді, ой-пікірлерімді қосамын. Табиғат көмекке келмеген кездерде өлең жазбаймын. Сол секілді оқыған өлеңімнен табиғаттың иісі мұрныма келмесе, табиғилық байқалмаса басқы шумақтан кейін өз шаруаларыммен айналысам. Қазіргі қалаласқан ғасырда қаланың иір-қиыр ысқа толы көшелері секілді күңгірт дүниелер жазатындар пайда болды. Ол мен күресетін нәрсе емес. Біраз жылдардан кейін күңгірт көшелердегі күңгірт құрлыстар сүріліп тасталады. Сол секілді күңгірт жырлар да сүріліп кетеді... Бірақ біздің ортамызда қалада жүрсе де табиғаттан алыстай қоймаған, тамырын табиғатқа байлаған жас ақындар жоқ емес. Солардың бірі – Арайлым Мұратәлиева. Жаңбыр жауып, салғанда шатыр әнін,
Үнсіз билей бастады жапырағым.
Қайыңдардың тиіспей сырғасына,
Айды биге шақырдым қыр басына.
Аспан, маған төге ғой болса сырың,
Қалып қойды үйімде қол шатырым.
Сол бір тұнық тамшыңа жуынайын,
Өлең болып қайтадан туылайын.
* * *
– Өлең аяқталған жоқ. Оқысаң жалғасты оқи бересің. Бұл өлеңде табиғат бар. Ақынның табиғатқа деген шексіз махаббаты, аялау сезімі бар. Ақын жауған жаңбырға табиғатпен бірге қуанады. Қайыңдардың сырғасына тиіспей, аймен билеп, аспанның сырына ортақтасқысы келеді. Қол шатырсыз мөлдір тамшыға жуынғанды қалайды.Тазарып табиғатпен табиғат болып мөлдір өлеңге айналып кеткісі келеді.
Біз жоғарыда күңгірт көшелер секілді, күңігірт өлеңдердің ғұмырсыздығы жайлы айттық. Ал кейбір ақындардың өлеңінде табиғат тұнып тұрғанымен өзіне тартпайды... Мұны қалай түсінуге болады? Өйткені олар өлеңнің техникасын игеріп алып пендешілікпен табиғатқа билік жүргізгісі келеді. Содан жасанды картиналар дүниеге келеді. Өлең емес! Жасандылықты жүрек қабылдамайды.
Жоғарыда біз мысал келтірген өлеңінде Арайлым табиғатқа билік жүргізбеген, керісінше табиғат Арайлымға билік жүргізген. Нағыз өлең ақын табиғатқа емес, табиғат ақынға билік жүргізгенде дүниеге келеді.
Ақын пенделікке жақындаса, құдайдан алыстайды, пенделіктен алыстаса, құдайға жақындайды. Сөз Арайлымның поэзиясы жайлы болғандықтан Арайлымға ағалық тілегімді айта кетейін. Құдайға жақын болуға құлшынып ғұмыр сүр! Поэзияңда әрдайым ұлы жаратылыстың жүрегі соғып тұрсын! Өлеңіңнің бір тармағында:
Айтарым да көп еді түнге менің,
Тыныштықты сүйемін – үндемедім, – дейсің. Бұл жолдарыңды құптаймын. Кейде үнсіз қалудың бағасы миллион әдемі сөзден құнды. Кейде үнсіз қалу керек. Өзіңді, табиғатты, ғаламды, құдайды үнсіз қалып тыңдай білген жөн...
Өлеңің табиғаттай ғұмырлы болсын! Өлеңді табиғат саған билік жүргізгенде ғана жаз!
Мұратхан ШОҚАН
Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,
«Әдебиет әлемі» орталығының жетекшісі
* * *
Арайлымның шығармашылығы туралы көп дүние айтуға болады, Арайлымның бүгінгі таңда космостық жылдамдықпен деп айтсақ бола ма екен, көп өскендігін байқаймыз. Өйткені мен оның ең алғаш қалам тербеген кезінен таныспын. Арайлым Мұраталиева деген есіммен танысқалы шығармашылығымен оқырман ретінде, қадағалап, бақылап келе жатқан бір адам ретінде. Кейінгі жылдары Арайлымның сондай бір жылдамдықпен өлеңде де, өнерде де, шығармашылықта да өскендігін байқаймыз. Бұл қуантатын жағдай. Арайлымның өлеңдегі ерекшелігі – аз сөйлеу арқылы көп ой айтуы ма деп ойлаймын. Көп ойды айтудың өзін көркемдікпен, шеберлікпен, шынайылықпен, шындықпен айту басым сияқты. Өзінің енді тағдыры бар. Әр адамның тағдыры бар ғой, кей уақытта ақындар осы тағдыр деген дүниеге келгенде оны қолдан жасауға, себепсіз сарыуайымға салынуға, өтірік сағынуға, сондай бір жасанды дүниелерге бой алдырып қойып жатады. Жоқ, мен Арайлымнан мұндай жалғандықты байқамаймын. Жазғандары бірінші кезекте адамның жүрегін жаулап тұрады, сонысымен ерекше шығар деп ойлаймын. Және кейінгі уақытта әдебиет туралы, әдеби орта туралы, шығармашылық туралы батыл ойларын ашық жариялап жүргендігін де байқаймыз, бұл да ақындық мінездің қалыптасуы. Жалпы ортаға келген кезде әдебиеттің өкілі ретінде сөз айтуға қақылы тұлға ретінде қалыптасып келе жатқандығын да байқататын сияқты.
Қалқаман САРИН
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Шығыс Қазақстан облысы
* * *
Оның өлеңдерінде шынайылық бар. Ол мұңлы, нəзік жүректің сырын айтпау мүмкін емес кезге жеткенде ақ қағазға зерлеп төгетіндей көрінеді маған. Мен Арайлымды «жазбауға мүмкіндігі болса, жазбайтын» ақын, «Ет жүрексіз еріннің сөзін айтпайтын» ақын деп бағалаймын. Тұңғиық тереңдігіне, ойын шындыққа малып алғыш сыршылдығына шүбəм бек жоқ дүр. Аяулы ақыным, қаламыңды жүрегіңе, жүрегіңді ақиқатқа малып ап жаза бер. Бірақ «өлеңді сен жазбайтыныңды, өлең сені жазатынын» сірə ұмытпағайсың! Ақ жол, хақ жол, көгершін жырдың аппақ қанаты...
Абай ҚАЛШАБЕК
«Оңтүстік Рабат» газеті, 2016
* * *
Қоңыр десе түседі анам еске,
Ол айтатын ертегі және кеште.
Түседі кезеңдерім балаң еске,
Әйтпесе, басқа да түс бар емес пе!
Арайлымның шынайылығы, жырға жылтырақ қоспай, күңгірттікке ұрынбай, табиғи болмысын сақтап, өлеңімен бірге өсіп келе жатқаны қуантады. Онда көп адам елей бермейтін детальдарды дәлдеп, дәмдеп бере алатын байқампаздық бар.
Сағыныш НАМАЗШАМОВА
Ақын, Жазушылар одағының мүшесі