Қайырғали Медет

Шығармашылығы


Тақырыптан тарықпайтын қаламгер.


    «Мүйізі қарағайдай» жазушылардың өзі әлі күнге белсенділік таныта қоймаған нарық тақырыбы, бүгінгі күннің тыныс-тіршілігі «Құлқын», «Тендер», «Баспана», «Шеткі үй» әңгімелерінен айқын аңғарылады. Шығармалардың арқауына айналған әкім-қаралардың тендер өткізудегі белден басатын небір жымысқы әрекеті, науқас өмір мен өлімнің ортасында жатса да құлқынына «бірдеңе» түспесе ем жасағысы келмейтін кейбір «ақ желеңді абзал жандардың» лас тірлігі, сайлау кезінде алашапқын болып «дастархан жайғыш», «концерт бергіш» үміткерлер, жұмыс іздеп қалаға келгенімен баспана мәселесі титықтатқан жас отбасылар жайы – бүгінгі өмір шындығы, көзге таныс суреттер. Жазушының шеберлігі – көзі көргенімен ұсақ-түйек деп екінің бірі мән бермеген нәрсенің өзін көңілге түйіп, содан ой қорыта білуінде.
    Әйтпесе, «Нарық нақыштары» деген шағын әңгімелер топтамасындағы оқиғалар кімнің басынан өтпеді дейсіз? Қандай жолмен болса да жүргізушілерден «бірдеңе» қарпып қалу ниетімен жол торыған полицейлерді жазушы ащы сын садағына алмай, жай ғана мысқылмен-ақ сілейтеді. «Қойшы іздеген қойшы» әңгімесінде колхоздың бір отар қойын «деректірден» бастап «заппермеге» дейін сәлем хат жазып беріп алдыртып, ада қылады. Әбсадық қойшы ғана маңдай тер, адал еңбегімен жиған малын көбейтіп, қора-қопсысын кеңейтіп, шаруасын түзеп алады. Нарық талабын жете түсінген малсақ жан осылайша ұл-қыздарын оқытып, қаладан пәтер алып беріп жайғастырмақшы. Шағын әңгіменің түйінін «Алыстан іздемей-ақ ауылдың өзінде қой бағуға құлшынып отырған жас отбасылар бар деп естігем. Бірақ қойшының қойшы іздегені қызық екен. Заман-ай, ә», - Әбекең өз ойына өзі мырс етті» деп қысқа қайырады.
    Қ. Медет шығармаларының тақырыбы – туған ауылы, сол ауылдың ақжарылғап адамдары, ата-анасына деген перзенттік махаббаты мен қала өмірінің қаға беріс көріністері. «Масыл» деген әңгімесі тілінің құнарлылығымен, жіптіктей өрілген сөз байланыстарымен еріксіз үйіріп алады. Қаламгер хикаятында тыңнан түрен салып, жаңалық ашпайды. Өзіміз күнделікті көріп, санамызда жатталып қалған ауыл өмірі, жұмыссыздықтан ащы судың құрбаны болып, шаңырағы шайқалып жатқан ер-азаматтар суреттелген. «Төрт ішкіштің оқиғасы да әңгіме болып па?» деп алғашындаәбес ойлауыңыз да мүмкін. Әйткенмен, жазушы кейіпкерлерінің әрқайсысы шын жүрегімен жақсы көреді, олардың тағдырына жаны жабығады, ең бастысы, өзі ғана күйзеліп қоймай, оқырманын да тылсымына тартып әкетеді. Оқиғаны суреттегенде эмоцияға беріліп, артық-ауыз сөзге бармайды. Әдетте, ішкіштер жайлы жағымсыз, жиіркенішті етіп бейнелеуге тырысатын сөз қолданыстарын таппайсыз. Керісінше, әрбір кейіпкердің характерін аша білуі, ауыл көріністерінің шынайы суреттелуі қаламгерге сол ортаның етене жақындығынан, ауылмен арадағы алтын тіннің бір сәт те үзілмегенінен хабар бергендей.
    Қазіргі ауыл ақсақалдары жайлы кейіпкерлердің аузымен айтылған «Малды өріске шығарады да, жарықтықтар, кешке дейін тиынға таласып тринканы ұрады да жатады. Баяғының шалдары карта түгіл темекінің иісін сезсе, әкемізді танытатын еді.Қазіргілер баланы арақ, темекіге жұмсап, немерелерімен стакан соғыстырып жүз грамды қылғытатын болды» деген жолдар ащы шындығымен қай-қайсымызды да ойлануға жетелейтіндей.
    Үш бөлімнен тұратын кітаптың екінші бөліміне Қ. Медеттің жастық жылдары жазған өлең-жырлары топтастырылыпты. Өлең жолдарынан жастықтың арыны, ғашық жүректің іңкәрлігі төгіледі. Дей тұрғанмен, ұлағатты ұстаз, марқұм Алма Қыраубаеваның кітаптың алғашқы бетінде келтірілген «...Қайырғали, сенің болашақта көркем прозаға ден қойғаныңды қалар едім» деген пікірін біз де хош көрдік. Қаламгердің табиғатына өлеңнен гөрі көркем прозаға біртабан жақын сияқты.
    «Журналистік жазбалары» деп аты айтып тұрғандай үшінші бөлімге әр жылдары газет-журнал беттерінде жарық көрген мақалалары мен сараптамалары, жазбалары шоғырланған. «Киелі нәрсені қадірлейік» деген мақаласында оңтүстіктегі кейбір парықсыз басылымдардың біреудің шаужайына, енді біреудің етегіне жармасып, «идеология сарбаздарына» айналып алғанын сынайды. Ащы да болса шындық осы. Амалсыз мойындауға тура келеді. Сондай-ақ, осы бөлімдегі «Кемедегінің жаны бір», «Ғалым қалай вахтер болды?», «Қорғалмай қалған докторлық диссертация» мақалалары қоғамның дамуы барысында кездесетін кедергілер мен түйткілдерге дер кезінде үн қосқан озық ойлы дүниелер деуге болады.
    «Беймаза мезгіл» жазушы, журналист, ақын Қ.Медеттің шығармашылық жолындағы алғашқы асуы іспетті. Оның туған жеріне, ауыл адамдарына деген мәңгілік махаббаты әлі талай көркем шығармалардың жазылуына түрткі болатыны сөзсіз. Өйткені қаламгер қайнаған өмірдің ортасында. Ал қырағы, көреген көңіл көзі әлбетте тақырыптан тарықтырмаса керек.

Үмітхан Алтаева.


Бар істі таза ортадан бастайды.


    Әріптестер жайлы әңгіме шертудің әр қилысын көріп жүрміз ғой. Өзім куә болған мынау бір сұхбат көпке дейін есімнен кетпей жүрді. Мұнда қызметтес болған замандасы жайлы айта отырып, өздері де рахаттана желпінісіп қалған ағаларды көрдім. Дос қадірін, шығармашылықтың беретін рахат-ләззатын ұғынғандай болдым. Осы сезімді өзгелерге жеткізу үшін асықтым.
    Рас, әңгіме бүгінде қарымды журналист, суреткер жазушы ретінде көпшілікке танымал болған, «Өмір-айна», «Ел мәдениеті» газеттерінің бас редакторы Қайырғали Медетов жайлы болып жатты. Алайда, осы азаматтың әлі біз танып-білмеген қыр-сыры тіпті мол екен.
    - Мен Қайырекеңнің іскерлік шеберлігіне таң қалдым, - деді Қанат Әлібеков, - ол кісі ойына алған нәрсесін егжей-тегжейлі шешіп алмай кіріспейді. Ал мұндай шешім жасауға да аса көп уақыт жібермейді. Бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті кез-келген тұйықтан жол тауып кетеді.
    - Сосын ол іске жұмылдыратын адамдарын да тез таңдайды, - деді Атанбек Наурыз, - әрі мұндайда жаңа күш, әлі өз мүмкіндігін пайдаланып үлгермеген жастарды тартуға құштар. Ол тәуекелінен қорықпайды. Сірә, өзінің жаңа идеясын таза ортадан бастауды ұнататын болса керек. Қайрекеңмен екі-үш жылдай қанаттас қызмет еттік. Бір байқағаным, оның асып-тасып, күйіп-пісіп жүргенін, бағыныштыларына шүйлігіп жатқанын көрмейсің.
    - Мына сөзіңіз рас. Небір газет ісінен алшақ, тіпті бөлме үстеліне отырып көрмеген албырт жастардың талабын ұштағанын көрдік қой. Сосын Қайрекеңдегі бір қасиет, ол. «Шығармашыл адам еркін болуы тиіс» - деп есептейді, - олардың миын жиналыстағы ақыл-кеңеспен емес, іс-әрекет үстінде дамуы керек, - деді Қанат.
    - Оның бұл сөзін бар болмысымен құптаған Атанбек ағай:
    - Апырай, сонысын айт! – деп желпініп сала берді. – Талай көрдік қой. Уыздай жас жігіт, қыздарды немесе аудандық газеттің тілшілерін үлкен аренаға шақырып, облыс орталығынан хабар алуға, ірі тұлғалармен сұхбат жасауға жұмсап жатқанын. Солардың көбісі кейіннен қанаттары қатайып, тіпті республикалық басылымның белді тілшілеріне айналып кетті.
    - Сосын бар ғой, Атеке, Қайрекеңдегі тағы бір қасиет, бірнеше адамның басын қосып, әңгіме желісін кеңге тастап отырып, сырласатыны бар. Ондайда сол отырғандардың бір-екеуімен ғана ортақ тақырып тауып алып, соны тереңірек қозғауы мүмкін. Өзгелердің де жай қатысып, тыңдап отырғанынан-ақ олардың жандүниесін бағамдап, құрмет-ізетін көрсетіп отырады.
    - Қайрекеңнің осы байқампаздығы оның шығармашылығынан да сезіледі, Қанат. Қайрекеңнің Алатаудың бауырынан қашықтағанына жеті-сегіз жылдай болды. Бірақ қаламы әлі де Алматының аспанында жүр. Республикалық басылымдардан дәмді әңгімелерін оқып қаламыз. Сондайда суреттердің өз кейіпкерлерінің аузына кәдімгі өмірлік сөздер салып, тіпті іс-қимылдарына дейін көз алдыңызға келтіретін құдіретін сезінесіз.
    - «Қара жол», «Ауылға оралғанда», сондай-ақ «Үш кемпірдің хикаясы» деген әңгімелері атауы айтып тұрғандай, - деп жалғады Қанат.
    - Тура ауылдың жұпар иісін аңқытып тұрып, суреттейді. Оқып отырып, қара жолдың шаңының иісін сезінесіз. «Ауылға оралғанданың» әрбір жолынан жүрегі нәзік, көңілі дархан дала ұлының саңқылдаған дауысы келеді.
    - Тамаша айттың-ау, Қанат. Манау «Қара қанден» деген әңгімесін тыңда:
    «Ол бұл сөзді қалай дауыстап айтып жібергенін аңдамай қалды. Ыңғайсызданып, жан-жағына қарап еді, абырой болғанда ешкім жоқ екен».
    Осы бір ауыз үзіндіде Қайырғалидың өз суреті тұр. Тегінде ол әр сөзіне қарауыл қойып, әр ісіне ыжаһатпен қарап кірісетін жігіт. Сондықтан да болар, Қайрекеңді қандай ортаға басшы етіп қойса да дөңгелетіп кетеді. Іс тетігін тез қолға алады. Бағдарламаны тез жасап, жүзеге асырады.
    Әріптестер жайлы әңгіме жалғасып жатты. Екі азамат Қайырғали ағаның азаматтық қасиеттеріне, өнердегі жолына таңдана сөз арнаудан жалығар емес. Мен өз тарапымнан сол пікірлерге қосыла отырып, әңгіме кейіпкеріне айналып отырған Қайырғали Медетті ердің жасы 50-ге толып отырған қуанышымен құттықтап, мерейтой иесіне деген ақ тілегімді жеткізгім келеді.

Алтынбек Жолдасов.