Малқаров Омарбай

Шығармашылығы




Омекеңнің өлмес рухы Оңтүстікті кезіп жүр


Мен Омарбай Малқаровты сонау 1944 жылы Түркістан қаласындағы педагогикалық училищеде оқып жүрген кезде, алғашқы рет көрді. Меймандықта отырғандар «Омекең мықты ақын», «Қазақстан жазушылар одағының Оңтүстік Қазақстандағы өкілі» деген сияқты көтермелеу сөздер айтып, марапаттап отырды. Мұны айтып отырғандар да оңай адамдар емес, бақандай бір ауданның прокуроры, кейінірек Алматы облысының прокуроры, Шымкент облыстық сотының төрағасы болған Жұмақ Сейітов, Қарағанды облыстық сотының мүшесі, кейіннен журналист қызметімен айналысып жүріп өндіре жазып, мықты жазушы атанып кеткен Жұмабек Еділбаев, басқа да аудан басшылары.
Ал әдебиет, жазушылық кәсібінен хабарымыз әлі де аз біз аузымызды ашып, әңгімені ұйып тыңдап отырмыз. Отырмыз деймін-ау, шәй қамында кіріп-шығып жүріп, үлкен кісілер сөздеріне құмарта құлақ тосамыз.
Әрине бұрын көрмеген, сөзін естімеген Омарбай Малқаровтың түр-түсіне, үстіне жарасымды костюмімен, әдемі галстугі денесіне қона қалыпты. Қолтығы астындағы жастыққа шық тигізбей, тіп-тіке отырған орта бойлы, Омекеңнің киімінің, өзінің тазалығына, алдына қойған дәмді сыпайы ғана алып дастархан басындағы әңгімеге де еркін араласып отырған ақын ағаға біз де осындай қызмет етіп, сыйлы жүрсек деп қоямыз іштей. Бұл әрине, ол кісіні әбден біліп, кәсіби қызметіне, адами қадір-қасиетіне терең бойлаудан туған емес, тазалыққа, жақсы отырысына әңгімесіне әуестенуден туған құмарту болатын.
Кейін келе-келе ер жетіп, ес жинаған соң Омекеңмен бір кеңседе, бір газет редакциясында бірге істескенде ол кісінің өте шыншыл, сергек, талғампаз мінезіне, өткір де тапқыр ой-пікіріне, қазақтың өмір салтын, дәстүрін, әдебиетін жақсы білетіндігіне, сөз байлығына қанығып өстік.
Несін жасырамыз: жоқ жұқалықтың зардабын көбірек шегіп, өмір тауқыметін едәуір көрген Омекең алғашқыда жас талант ретінде таныла бастады. Партия, мемлекет қайраткері, мықты очеркист, драматург Қайрырғали Байғалиев Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің идеология мәселелері жөніндегі хатшысы болып тұрғанда Омекең туралы осылай деп еді. Рас Омекең одан әрі біраз уақыт шығармашылық өндірісін баяулатып алды да, қос қанатын қайта қомдады. Өмірдегі үлкен белес – елуден аса бере-ақ сәтті ізденіске түсті. Оңтүстіктің елін, жерін, адамдарын, әсіресе қазақи болмысын ерекше бір шабытпен жырлады. Осы кезде оның көптеген өлеңдері, поэмалары, балладалары жарық көрді.
Омекеңнің қарапайым еңбек адамдарының жаңа заманда рухани өсіп, небір тамаша үлгі-өнеге көрсетуі, адал еңбегімен өзінің, елінің даңқын шығаруы туралы, бұрыңғы Ленин ауданындағы «Қызыл таң» колхозының ұйымшыл колхозшылары, әсіресе малшыларының басқарма төрағасы Ілебайдың үйлесімді ұйымдастыруымен қол жеткен табыстары, Созақ ауданындағы «созақ» кеңшарының таңдаулы жылқышысы Бөрғазиевтің кәмелетке жетер-жетпеген баласы Көштеннің, Социалистік Еңбек Ері атанып, сөйтіп әкелі-балалы Социалистік Еңбек Ерлерінің аса үздік көрсеткіштері, Бәйдібек ауданының бұрынғы Бөген кеңшарының әлемге әйгілі болған аға шопаны, Кеңес қайраткері, шаруашылық басшысы болған Фатима Қадырбаеваның, бұрынғы Шәуілдір ауданындағы Шәуілдір кеңшарының аға шопаны, Социалистік Еңбек Ері Өтетілеуов және басқалардың ерең табыстары туралы жазған поэма, балладалары, өлеңдері өзіндік ерекшеліктерімен оқырмандарын еліктірді. Қоғам, заман, замандастар, әдебиет, өнер, тіл, туған ел, өскен орта және басқа да мәселелер жөнінідегі Омекеңнің толғауларында адами жоғары рух, қасиеттері авторға тән біргірлікпен дәйектелді.
Омекең шығармалары қиын ыңғайсыздық туғызғанымен ұзақ отырып, өз қолымен жазатын, редакцияға өзі келіп, машинкаға бастырып, қайта оқып беретін. Газет бетіне түсті, ертең шығады деп отырғанда корректорлар бюросына барып, тағы оқып беретін. Өз шығармасына дәл осындай жауапкершілікпен қарайтын еді. Омекең оқырмандар арасында жиі болып, кездесіп тұратын. Редакцияда көп болатын.
Омекеңді Оңтүстік Қазақстанның әдебиеті мен әдебиетшілерінің шын қамқоры деу орынды. Омекең Оңтүстікке жазушылар одағының өкілі болып келгенде Одақтың үш-ақ мүшесі болған екен. Ол өз әріптестерінің саны жиырмадан асқанын көріп кетті. Солардың бәріне дерлік кепілдік беріп, жазушылар одағына мүше болуға ұсыныстар жасады. Әсіресе, соңғы жылдары қаулап өсіп келе жатқан ақын, жазушы, әдебиетшілердің табысына қауанып, кемшіліктеріне ренжіп, өткір орынды ақыл-кеңестер беріп жатқанын талай рет көргенбіз, есіткенбіз.
Сондай-ақ Омекеңнің тікелей басшылығымен, немесе белсене қатысуымен 1956 жылы облыстық, 1963-64 жылдары өлкелік ақындар айтысының өтуі көптен ұмыт келе жатқан бұл саланың жандана түскеніне, сондай-ақ 1956 жылғы айтыстың Омекеңнің ұйымдастыруымен кітапша болып баслып шыққанына қатты қуанғанымыз бар. Сөз соңында айтарым сол Омекеңнің үйінде қазір аяулы жары Зейне апай, Лаура деген қызы, Бақытжан деген баласы жанұясымен тұрады.
Кей кезде Омекеңнің артында қалған осынау жандар азуын айға білген нарықтың нар шыдамасасуында ауыртпалық көріп жүрген жоқ па деген ой келеді.
Алайда ақынның отты жырларымен қанаттанып өскен, бүгінде билік басында отырған лауазымды інілері Омекеңнің қара шаңырағына «қарашада қара үй тұр» деп қарайлап жүрген шығар деген үміттемін. Ал өнер айдынында Омекеңнің өлмес рухы мен мұндалап айқайлап тұр. Біз білетін ақын, жазушы Омарбай Малқаров осылай болса керек-ті.
Әмірсейіт Әлиев,
Республикалық дәрежедегі зейнеткер,
журналист.


Көңілі келсе көл болатын


Омарбай Малқаров көп жасаған адам тіпті, жиырмасыншы ғасырдың құрдасы еді. Осынау ұзақ өмірін ол қалың ел ортасында, еңбек адамдары арасында өткізді. Омекеңнің халықпен тығыз байланыста болуының негізгі себебі, ол өзі де сол қалың елдің арасынан шыққан қарапайым жан болатын.
Омекең өлеңдерінің тақырыбы да қайнаған еңбек, кейіпкерлері де сол қайнаған еңбектің ортасындағы үлкен жүректі азаматтар еді-ау. Ыстық-суыққа төзіп, қой соңында жүрген шопан, қалың қар, аязды боранда қайыруы қиын сәйгүліктермен бірге тыныстайтын жылқышы, бейнетқор механизатор, маңдай тері шып-шып төгілген егінші – Омекең өлеңдерінің алтын арқауына айналған еді.
Омекеңнің ашуы тез, қайтуы одан да жылдам еді. Ол ойындағысын бүкпей айтып, бетіңе тура қарап отырар еді-ау. Дей тұрғанмен, көңілі келген кезде жайраңдай күліп, айдынынан асып-төгілген көлге ұқсай қалатын. Сөйтсек, мұның бәрі де мінез байлығы, жан тазалығы екен ғой. Кейінгі тірі қалғандар бұл мінезіңді де сағынар әлі... ...Әлі есімде, Омекең 60 жасқа толар мүшелтойы қарсаңында Шаянға келді. Қасына ерген өнерпаз іні-қарындастарымен ел аралап жүрді, жырсүйер қауымға өлеңдерін оқып, өзі туралы жылы лебіздер естіп қайтты.
Сол сапар барысында, бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртаза Исмайлов: «Омеке, жаңа ғана халық депутаттары Алғабас аудандық атқару комитетінің мәжілісі болып өтті. Мәжілістің қараған мәселесін төрағаның өзі айтсын!» - деп маған қарады.
Мен Омекеңе аудан еңбеккерлерінің өмірін жырлауда сіңірген үлкен еңбегі үшін «Алғабас ауданының құрметті азаматы» деген атақ берілген қаулыны оқып бердім.
Сонда омекең балаша қуанып еді. Нұрекеңді, мені, жанымызда тұрған басқа да адамдары құшақтап, бетімізден сүйіп жатыр. Әңгіме Омекеңнің атақ алғанында емес, өз бейнетінің жемісіне балаша, риясыз қуана білетіндігінде еді. Енді оның бәрі де тірілер үшін естелік!
Көзі тірісінде өз абыройына, арыңа дақ түсірмей өткен Омекеңнің тағы өз абыройына, арына дақ түсірмей өткен Омекеңнің тағы бір ерекшілігі – көпшілдігі еді. Ел десе шығарда жаны бөлек-тін. «Қызыл таң» колхозының, Шымкент қаласының құрметті азаматы атанғаны да елге, жерге деген үлкен махаббатының өтеуі шығар, бәлкім?! Иә, Омекең соңына өшпейтұғын мұра қалдырып кетті Амандық болса ол мұра халық мұрасына айналар.
Біз сені ешқашанда естен шығармаймыз, әрқашан жүрегіміздің төрінде тұрасың, қадірлі Омекем!

Әбжаппар Жылқышиев
жазушы.


Жақсылықтың жаршысы едің


Армансыз адам, өкінішсіз өлім болмайтындығы табиғи құбылыс. Сексен бес жылдығын сүйікті халқы, егеменді елімен бірге тойлау Оңтүстік өңірінің жыршысы атанған асқар таудай биік, алғыр ойлы ақсақал ақынымыздың да арманы еді.
Адам ауруға арашашы болғанмен, ажалға арашашы болғанмен, ажалға арашашы бола алмайтындығы ащы да болса шындық. Біз бүгін сол шындыққа тағы да куә болып отырмыз.
Ақпейіл, жарқын жүзді, жаны жомарт Омекең қайтпас сапарға аттанды. Сүйікті халқы, ордалы Отанымен оның тәні мәңгілік қоштасқанымен, өмірдің жырын, асқақ абыройын, жарқын көңіл-күйі мен жомарт та дарқан пейілін алпыс жылға тарта жырлап өткен қасиетті халқына тарту етіп кетті.
...Қасиетті Кемпірбай ақын дүниеден өтер алдында көңіл сұрай келген сүйікті әріптесі Әсетпен өлеңмен сырласып, қоштасқаны мәлім. Сол шындықтың бедері уақыт озған сайын көреген көңілдің киелі де, көркем көріністеріне айналып бара жатыр. Сондай қасиетті Омекең де соңғы демі біткенше танытып жатты.
Иә, Омекең киелі қария, қасиетті өнер иесі еді. Ол қасиеттің барлығы оның өміршең жырына жинақталған, қаламдастарының, замандастарының жүрегінен мәңгілік орын алған. Омекеңнің өнердегі орны, өміршең поэзиясы жайлы да аз жазылған жоқ. Қалың оқырман, мәдениет сүйгіш қауым, зерттеушілер тарапынан әділ бағасын алып келді. Оңтүстік өңірінің бар болмысын, халқының тұрмыс-тіршілігін мейлінше жақсы таныған Омекең ақтық демі біткенше осы өлкені жырлап өтті. Омекең уақыт озған сайын жыр сапасын саралап, көркемдіктің қасиетін шын мәніндегі эстетикалық талғам тұрғысынан, поэтикалық өрнекпен сараптап отыратын, талғампаз ақын еді. Оның сан қырлы сырға толы поэзиясының ерекшелігін ғылыми тұрғыдан танып, насихаттау, ұлттық әдебиетіміздің тарихынан өз орнын айқындау болашақтың бұлтартпас міндеті екендігінде күмән жоқ.
Омекеңнің адами қасиеті мен ақындық табиғаты жайлы талантты ақын Әбдікәрім Ахметов бір жылдары былай жырлаған еді.
Дүниенің дөңгеленген арбасында,
Көп менің сырласым да, жырласым да.
Ұнатам ағаларды алдымдағы,
Тұратын бәйтеректей жар басында.
Омекең бәйтерегім қасымдағы,
Ақ пейіл ақ шашымдай басымдағы.
Қайнары қиялының аспанға атып,
Қаратау шақпағындай асыл жаны.

Иә, бұл күнде о дүниелік болған, биік бәйтеректей ағаның өміршең жырынан кейінгі ұрпақ осы қасиеттерді әрдайым аңғарып, рухани нәр алып отыратын боламыз.

Ә. Мұсақұлов,
М.О. Әуезов атындағы
Шымкент педагогика институтының
кафедра меңгерушісі, доцент.


Ойы зерек, қаламы жүйрік


Омекеңнің, ақын Омарбай Малқаровтың есімін бұрынырақ естігенмен ол кісімен 1975 жылдың күзінде, мен ол кісімен Целиноградтан «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясына жұмысқа ауысып келген кезден бастап етене араласып кеттім.
Жаңа жерге сіңісіп кету оңай емес қой. Бірақ Омекең сияқты аңқылдаған, ақкөңіл ағалар бауырына тартып, жылы шырай көрсетті де, мен жаңа ортаға тез үйренісіп кеттім.
Омекең қақ-соқпен жұмысы жоқ, тек ақ-қарасын ажыратып, турасын айтатын, ешкімге жалтақтамай, ащы да болса шындық жағына құлайтын адам екен. Мені таңқалдырған тағы бір қасиеті болды: партия жиналыстарында тәртіп бұзғандарға қатты қадалғанымен, жеме-жемге келгенде көп жұмсарады. Ашуға қиса да, «өлімге» қимайды.
Бүгін 90 жылдығы тойланып отырған ағамыздың бауырмалдығы туралы айтпай кетуге болмайды. Кейде 3-4 күндей хабарласпай кетсек, жасының үлкендігіне қарамастан, үйге болса да телефон соғып:
- Әй, халдарың қалай? – деуші еді. Тегі кең жүректі, ойы зерек, қаламы ұшқыр ағаның осы қасиеттеріне байланысты болса керек, кезінде жазуы Нәсіреддин Сералиев Омекеңді «алдымда жүрсең – айқайшым, артымда жүрсең - қамқоршым», - деп өте дәл басып, әділ бағалаған-ды.
Қазақтың тілін, дәстүрін, әдет-ғұрпын өте терең білетін Омекең ең соңғы күніне дейін қаламын таза ұстады. Айына ең кемі бір рет редакцияға өлеңдер топтамасын әкелетін. - Ел мені іздейді ғой, - дейтін Омекең. – Халықтың алдында есеп бермесем болмайды.
Омекеңнің өлеңі шыққан талай нөмірге кезекші болғаным бар. Ол кісі «редакцияға тапсырдым ғой» деп жатып алмай баспаханаға өзі келіп, өлеңдерін тағы бір оқитын.
- Бір әріптен сөздің мәні өзгеріп кетеді. Ол қатені жұрт газет жіберді демейді, «мына Омекеңе не болған?» - дейді ғой. Сонда мен олардың әрқайсына түсінік беріп жатуым керек пе?! – дейтін.
Айтып тұрса уәж.
Қазақ поэзиясынан өзінің лайықты орнын алағн Омарбай Малқаров қоғамдық өмірден де өз орнын алды. Ол облыс ортылығы – Шымкент қаласының құрметті азаматы. Ол кісінің есімімен қаланың бір көшесі аталады.
Біле білсек, бұл үлкен құрмет! Алайда, осындай абзал адам жайында естелік жазып жүрген кейбіреулер Омекеңнің кейбір сөздеріне басқаша әр беріп, ол кісінің тұлғасына көлеңке түсірмек болады.
Кезінде Шәмшінің бауырмалдығы, қиын кездегі тапқырлығы, адамгершілігі жайында айтпай, ол көбірек ішетін еді дегенді «айтқышбектер» айтып-ақ бақты. Бодықов кітап та жазды. Дәл сол сияқты Омекеңді де әпенді еткісі келетіндер әлі де бар. Белгілі Омекең жөнінде жазы жүргендер, ол кісінің құрдасы емес. Сондықтан елге тек жөн сөзімізді қалдырсақ деген пікіріміз бар.
Ж. Тұяқбай.

«Ырқына тағдыр көнбегем,
жалынын жанның сөндірмей!»

деген екен, ХХ-ғасырда өмір сүрген Омарбай Малқаров.
Жыр алыбы Жамбылға ғана жарасар ғасырлық өмір,
атақ пен даңқ, абырой біздің Омекеңе де бұйырыпты.
Тағдыр атты жазмыштың сілікпесіне мойымай қараған,
Сері де сірі ақын жаны бүгінде де ту-у биіктен, аспаннан асқақтап қарайтын сияқты.

Қайран, Омекең! Қанаттасып, қатарласып бізбен бірге жер басып жүргенінде ақынның 90 жылдығын атап өту үшін, қапы кіріп, күпі шығып жатқан болар ма едік!
Тауратта мынадай бір сөз бар екен: «Уақыт өтіп бара жатқан жоқ, өмірден біз бара жатырмыз». Бұл шындық. Өтіп кетпесе күні кеше ғана Омекеңді алдына салып айбарымыз, ақылгөйміз деп жүрген Әбжаппар Жылқышиев пен Нәмет Сүлейменов ағаларымыз қайда кетті?!
Осыдан төрт жыл бұрын ғана бақилық болған ақын, өмірінің соңғы күндеріне дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Жергілікті баспасөздерде жарияланып тұрған өлеңдерінен бір байқағанымыз – жас ұлғая келе адам бар мүмкіндігін соңына қалдыруға асығатындай еді. Ақын өзі жасаған 86 жасында оннан астам кітап жазды. «Мен ат үстіндемін», «Өмір өткелдері», «Оңтүстік аспаны» тағы басқа кітаптарын ақтара отырып, өмір жәйлі, туған жер, еңбекшіл бұқара өмірі көз алдымыздан әдемі суреттер арқылы тағы да бір көрініс беріп өтті.
...Оты бар жүрегінде айтар батыл,
Ақынның жаны – шүлен, сөзі – нақыл
. Диқандай жомарт болу тіпті қиын,
Екпелі өлең саған емес дақыл, - деген өлең жолдарындағы соңғы екі қатарына тереңірек бойласаң, көп нәрседен хабардай еткендей. Шын мәнінде ақын мен диқан ұқсас ұғымдар. Диқан – елдің, халықтың, жалпы адам байлығын молайту мақсатымен жерге тұқым салады, баптап күтеді. Ал ақын адамдардың санасына, жанына рухани байлық салады. Ақынның «Екпелі өлең саған емес дақыл» дегеніне келсек, шаруашылық тілімен айтқанда «үстемелеи суару» немесе «тыңайтқышты тиімді пайдалану» нәтижесінде өнім сапасын бірнеше есе артыруға болады екен. Ал барша жабылып, тіптер техниканың соңғы жаңалықтарын сарқа пайдаланғанның өзінде, әдемі, сұлу. Сезімге бай поэзия тудыру мүмкін емес. Демек ақынның айтпақ ойында терең философиялық ұғым жатыр.
1980 жыл болатын. Облыстық мәдениет басқармасына қарасты бір кішкене мекемеде кішкентай қызмет атқарып жүрген уақытым. Бір күні 1959 жылы жарық көрген «Айтыс» деген кңітапшаны тауып алдым. Оның құрастырушысы облысымызға белгілі журналист, кезінде айтыс ақыны болған Қалмақан анарбеков екен. Осы айтыс өнерін жалғастырсақ қайтеді. Деген ой келді. Сонымен сол кездегі көзі тірі айтыс ақындарының тізімін алып, айтысқа бейімі бар жастарды іздестіру мақсатымен ауыл-ауылды араладым. Бірде Қызылқұм аудынында болдым. Ауылды жерде сөз телефоннан да жылдам жүреді, «осындай да осындай, халықтан шыққан таланттарды іздестіріп жүр екен» деген сөзді есітіп, Әселхен деген қыз менімен байланысты. Танысып, біліскен соң, ақын қыздың талантына тәнті қалдым.
Шымкентке келген соң жылдамдатып айтыстың бағдарламасын жасап, өткізетін күнін белгіледік. Ол кезде мәдениетті марқұм Қинаш Тұяқаев басқаратын. Орысшалау еді. Менің бір қуанатыным, ол кезде «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын», бір бетін орысқа бұрып тұратын басшылардың кезі еді, ал қинаш аға маған қиянат жасамады. Омекең бастаған қазылар алқасы да сақадай сай. Айнабек, Көпбай, Қалдыбек, Камал, Тұрар, Мұхтар сынды айтыс ақындарымен қатар Әселхан мен жетісайлық Оразгүл сынды қыздарымыз қатысқан ақындар айтысы дүрілдеп өтіп жатты. Халықтың айтыс өнерін сағынып-ақ қалған кезі екен, көрермендер өте көп болды. Айтайын дегенім айтыстан кейінгі «айтыс» еді. Беделді кісілерден тұратын қазылар алқасы сараптауға көшкен кез болатын, жасыратыны жоқ, маған Әселханның айтысы өте қатты ұнады. Көкейімде Әселханға бірінші орын беру жөніндегі ой кетпей тұрып алды. Қазылар алқасы да осы тоқтамаға келіп тұрақтады. Осы кезде айтыс өтіп жатқан драма театрының бас режиссері киліксін келпі, «киімі нашар, әртістігі жоқ, сахнада тартымды емес» - деп. Ол кезде сондай шенеуніктер өнер тағдырын шешіп кете беретін. Мен да қарап қалмай «Сіздің айтап отырғаныңыздың бәрі жөнделетін нәрсе, орын – нағыз талантқа берілуі керек» - дедім. Солтүстік облыстан келген орысшалау жігіт екен, ешкімді менсінетін түрі жоқ, маған қарап: «Сен кімсің өзі!» - деп бажырайды. Тіптен көкайылданып, маған қарай тарпа бассалмақ ойы бар.
- Ақын саған әртіс емес, баға – тұнба талантқа берілуі керек! – деп мен де қарсы жүрдім. Екеуміздің төбелесетін түріміз бар. Жұрт кино көргендей тамашалай қалыпты. Осы кез:
- Әй, найсап! – деген Омекеңнің дауысы көтерілді. Ашуға булыққан аға, әлгіге қарап: «білмесең біліп ал, бұл біздің бетіне қарап отырған жалғыз ақын қызымыз! Қыз сыйлап көрмеген, надан! Осы бала не айтса сол балады! Ал бердік, Әселханға бірінші орынды!» - деп, өрбіген дау-дамайды бір-ақ ауыз сөзімен пышақпен кескендей тиып тастап еді.
... Ұзақ әрі мағыналы өмір сүруді армандамайтын адам кемде-кем шығар. Бірақ ондай өмірді құдай сүйген құлына ғана сыйлар.
Сексен жасында қолына таяқ ұстамаған, сөйте тұра өзін жұрттан саяқ ұстамаған, жанын жырдан аяп ұстамаған – қадірлі Омекең туралы кезінде сырлас, пейілдес інісі – Нәсіреддин Сералиев – «Алдымда жүрсе – айқайшым, артымда жүрсе - қамқоршым» деп, дәл айтқан екен. Осы сөз Оңтүстік қаламгерлерінің баршасының атынан айтылғандай болады да тұрады.
Омекең шыншыл да сыршыл, ақкөкірек болумен қатар, шамшыл да еді. Жел жағынан келіп шағып тастайтын. Бірақ, артында зілі жоқ, қайтымы тез болатын.
Мына бір оқиға есіме түсіп отырғаны. 1986 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының ІХ съезі болды. Съезге Омекең Зейнеп апамызбен, мен төрт айлық қызым Ақмаралмен барып едім. Қайтарда бір купеде келгенбіз. Ол кісінің кеңдігінен болар, көбіміз купеге сыйғанша Омекеңнің жанына отыруға асығатынбыз. Кең жүректі ақын да соған риза болғандай көңілді отырды. Әншейінде қақпайлап тастайтын Қаныбек ақынның да арқасынан қағып, көңілін қалдырмап еді.
- Омеке! – арқалы ақын купенің есігінен сығалап, - үлкеннен дәметпеген, құдайдан дәметпейді деген, басымның ауырып тұрғаны...
Әншейінде мәселенің бүге-шегесіне көзі жетпей, шұғыл шешім қабылдамайтын ақын бірден апамызға бұрылып:
- Әй, Зейне, бірдеңең бар ма, берсейші, мына Қаныбекке! – деп еді-ау жарықтық.
Зейнеп апамыздың әмиянын ашықызған аға, әрі қарай әңгіме желісін келістіріп жалғап отырды...
- Өздерің білесіңдер, мен тағдырдың тәлкегін көп көрген адаммын. Жеті жасымнан жетім қалып, жетім қозы бағып, одан бергіде он саусағымды үсік шалып, түсіп қалғанын да көріп отырсыңдар. Бірақ мен өзімді ешқашан бақытсыз санамағанмын. Әйелден де аузымның салымы бар екен. Мына Зейне жеңгелеріңді... біраз мүдіріп қалып, - ол кезде бір ауданның білдей қызметкері – аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болатын...қолға құс қондыру оңай дейсің бе, көңілімді таза ниетімді, өлеңмен жолдап жүріп...араға бір жыл салғанда – дей бергенде...
- Екі жыл десейші! – деп, әңгімеге Зейнеп апай араласты.
Ағамыз алдында абдырыңқырап қалды да, ер – тұрманын бауырына алып туласын келіп:
- Ей, сен неге сөзді бөлесің? Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма? Ал ендеше мен айтайын саған, ешқандай екі жыл түгілі бір жыл емес, саған екі айдың ішінде үйленгенмін!..
Зейнеп жеңгеміз білімді, көпті көрген парасатты жан екен, кейде ағаны қайрап отырғанды ұнататын болуы керек, бірақ қатты ашуланғанда «мейлі, сенікі дұрыс» деп күлкімен жеңетін көрінеді. Бұл жолы да:
- Ал, жарайды, мен қойдым, - деп жылдам шегініс жасап еді.
Әлі есімде. Сексен жылдығы қарсаңында ақын ел-елде болып, оқырмандармен кездесу кештерін өткізіп жүрді. Шаруашылықтың құрметті мүшесі, аудандардың Құрметті азаматы атанған жерлерде де болды. Қазығұрт ауданының «Қызылтаң» совхозына барған сапарында Әмірсейіт Әлиев ағамен бірге атқосшы ретінде мен де барып ем. Қос бәйтеректің көшелі әңгімелерін тыңдаумен «Қызылтаңға» де жетіп бардық. Қонақ күту үшін жаралған қазақтың мейманжай ауылы құшағын айқара ашып қарсы алған. Оқырмандармен кездесу өткіздік. Жол бойында да, кездесу барысында да, шәй үстінде де кірпияз қалпынан, тектілігінен айнымаған ағаға қарап іштей қуанып ем. «Әдемі қартая білудің өзі де өнер екен-ау» деп едім сол жолы.
Тамақ желініп болған соң, шаруашылық басшылары ағаға қонақкәде жоралғысын жасағысы келетіндігін байқатты. Тысқа шықтық. «Ескі алды белес пе, белес жақын емес пе?» деп халық әнінде айтылатындай есік алды дөңес екен. Әрі қарай биік-биік қыраттар басталды.
Неге екенін қайдам, жігіттер әдемі көрініс болсын деді ме, ақынға атаған қарагерді әлігі биіктің үстінде тапсырсын келіп. Туяғымен жер тарпып, екі көзі от шашып тұрған асау атқа Омекеңді отырғызғаны сол екен, жануар осқырынып, аспанға шапшыды. Мұндай боларын кім ойлаған, ақын аяғы үзеңгіге де ілініп үлгірмеген екен, асау үстіндегі ақын түгіл жерде тұрған біздің зәре-құтымыз қалмады. Бұл жерде бізді масқара болудан Омекеңнің өзі құтқарды.
- Я, әруақ! – деп, асау аттың басжібін асқан жылдамдықпен білегіне орап үлгерді де, аяғын көзі іліспес шапшаңдықпен таралғыға салды. Үзеңгіге аяқ бір ілінгенсін, қайнақ та ықшам жан, ар жағы бір алладан дегендей, асаумен бірге құйылған ескерткіштей қатты да қалды.
Асау аспанға шапшуын қояр емес. Мінуін мінді-ау, енді қалай түсіріп аламыз деген үрейлі ой миымызды мендеп алған. Ішімнен «ақсарбас» айтып, көзімнің жасын тия алмай мен тұрмын. Әмірсейіт ағада да түс жоқ, боп-боз боп қуарып, тап сол жерде қартайып кеткендей көрінді көзіме...
Иә, өмірдің жылына бергісіз минуттар болатынын мойындадым сол жолы. Ақын емеспен бе, қалтырап қорқып тұрғаныммен, санама Петербордағы «Мыс салт атты» ескерткіші орала берді.
Қазір ойласам, Омекең асау ат үстінде, «Қызылтаң» ауылының биік белесінен асқақ қарап тұрған сияқты. Ия, шындығында да, Омекең бүгінде бізге сонау биіктен, алыстан, асқақ қарап тұр!

Ханбибі Есенқарақызы, ақын, Қазақстан республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Ш. Қалдаяқов атындағы мемлекеттік филармонияның директоры.

Оңтүстіктің Омарбайы


Омарбай Малқаров - өзіндік ой - өрнегі, өмірден көріп-түйгені, халқына айтар өрелі пікірі мен елден ерекше өзіне жарасып тұратын мінезі бар ардақты ақындарымыздың, аңқылдаған ағаларымыздың бірі болды. Мен Омекеңді есейген шағында, зейнеткерлікке шыққан кезінде көрдім.
Омекең – шын мәнінде ақылды қария, оның айтқан сөздерінің бәрі уәжді әрі салмақты, артында қитұрқы әзілі, кейбіреулер сияқты астарында аярлы қулығы жоқ, нақ таза, шын көңілден шығып жататын-ды. Біз алпысыншы, жетпісінші жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетіне келген жастар, Омекеңді сол үшін де, осындай адал, ақкөңіл мінезі үшін де жақсы көріп кеттік. Қатты сыйладық, құрметтеп, қадірледік.
Қолында ешқандай билігі, екі қолының баспармақтарынан басқа бірде-бір саусағы жоқ, мұнтаздай тап-таза киінген Омекең бөлмеге кіріп келгенде, орнымыздан қалай тұрып, сәлем бергенімізді де білмей қалушы едік. Оның біз отырған аядай бөлме ішінде олай бір былай бір жүріп, бізге айтар өкпе-назы, ұрып-сөгуі, кейде арқаға қағып көтермелеуі, бәрі-бәрі өзіне жарасып тұрушы еді. Бұл тек Омекеңе тән, басқалар қайталай алмайтын қасиет болатын. Омекеңнің «әй, найсап» деген «айналайыннан» да ратық көріп, мәз болып күлетінбіз.
Қалай дегенде де осы шағын ғана, елгезек, аққұба шалда адамды өзіне тартатын, еріксіз ертіп әкететін үлкен құдірет бар-тын. Міне, осы құдірет Омекеңді өле-өлгенше өрге сүйреді, қолынан қаламын түсірмей, ақындық, азаматтық, адамгершілік тұрғыдан Оңтүстік өңірін жырлауға, оны мәңгі тарихқа айналдыруға мүмкіндік берді.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде кілең қазақтар жұмыс жасайды. Тағы да өңкей «сен тұра тұр, мен сөйлейін!» дейтін аузымен орақ орып, тілімен көмір көсейтін алпауыттар. Кейде сол алпауыттар бір-бірімен шекісіп, бекіспей қалатын кездері де болатын. Міне осындай қиямет-қайым кезінде төрелік айтатын да, мәмлеге шақыратын да осы Омекең. Әдемі, айшықты, ақылды сөзді қайдан тауып алатыны бір құдайға ғана мәлім. Жаңағы бекіспей, кеудесіне нан пісіп тұрған алпауыттар жуаси қалатын да, артынша жүз граммен татуласу үшін біз сияқты жастарды дүкенге жүгіртіп жіберетін. Екі ортада біз қарқ боламыз, олар мәз – мәйрам болып құшақтасып үйлеріне қайтады.
«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының бастауыш партия ұйымының жиналысында көбінесе баяндамадан соң, екі-үш минуттық үнсіздік орын алады. Жиналыстың төрағасы сол кезде Омекеңе қарайды, Омекең жаймен орнынан тұрып, жарыссөзді бастап беретін де, одан кейін оны қоштаушыларды тоқтату төрағаға қиын соғып жататын. Иә, Омекең топ бастайтын серке де, орынды сөз, беркелі билік айтып, тентекті тезге салатын тамаша қария да бола білді.
«Оңтүстіктің Омарбайы» атанған ақын ағамыз, ақын атамыз тірі болса, биыл осы желтоқсан айында тоқсанға келер еді. Оңтүстіктің бүкіл қалам ұстаған ұл-қыздары абзал қарияны алақанына салып, дүбірлетіп той өткізер еді. Облыс әкімшілігіне мың да бір рахмет, Омекеңдей ақсақалдың, Оңтүстік ақындары ақсақалының тойын өткізу үшін арнайы комиссия құрып, оны бүкіл аймақ болып атап өтуді ниет етіп отыр. Құдай қаласа бұл той да өтер. Оған ел өз бағасын бере жатар.
Той Омекеңе керек емес. Той тірілерге керек. Бүгін жас ұрпақты отаншылдыққа, ақылдылыққа, адамгершілікке, жан-жақты білімпаздыққа тәрбиелеу үшін, қасиетті бабаларымыздың, ата-аналарымыздың рухын құрметтеп, аспандата шарықтату үшін қажет. Бұл тірілердің, әсіресе, ат тізгінін қолына ұстаған, Алланың ұйғарымымен, халықтың қалауымен билік басында отырған зиялы қауымның, көптің тілегімен көлдария болып жүрген мырзалар мен ханымдардың ең қасиетті борыштарының бірінен саналады. Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секіреді, алайда екеуі де секіреді. Тойып секіретін күн жақын. Оны жақындататын да ата-бабаларымыздың ризашылығы, олардың рухтарының желеп-жебеуі. Міне, осындай киелі, қасиетті рухтардың бірі Оңтүстікті өмірбақи жырлап өткен, Оңтүстіктің өмірде бар азаматтарының даңқын, атын мәңгілікке тарихта, кітапта өлең етіп, дастан етіп қалдырған – Омарбай Малқаров.

Байдулла Қонысбек,
Журналист.


Өлкеміздің өр азаматы


Омарбай Малқаров - өзіндік ой - өрнегі, өмірден көріп – түйгені, халқына айтар өрелі пікірі мен елден ерекше өзіне жарасып тұратын мінезі бар ардақты ақындарымыздың, аңқылдаған ағаларымыздың бірі болды. Мен Омекеңді есейген шағында, зейнеткерлікке шыққан кезінде көрдім.
Омекең – шын мәнінде ақылды қария, оның айтқан сөздерінің бәрі уәжді әрі салмақты, артында қитұрқы әзілі бар. Кейбіреулер сияқты астарында аярлы қулық жоқ. Пәк, таза көңілден шығып жататын-ды. Біздер алпысыншы, жетпісінші жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетіне келген жастар, Омекеңді сол үшінде, осындай адал, ақкөңіл мінезі үшін де жақсы көріп кеттік. Қатты сыйладық, құрметтеп, қадірледік.
Қолында ешқандай билігі, екі қолының басбармақтарынан басқа бірде – бір саусағы жоқ, мұнтаздай тап – таза киінген Омекең бөлмеге кіріп келгенде, орнымыздан қалай тұрып, сәлем бергенімізді де білмей қалушы едік. Біз отырған аядай бөлме ішінде олай бір, былай бір жүріп, ұрсып – сөгуі, бізге айтар өкпе – назы, кейде қағып көтермелеуі, бәрі – бәрі өзіне жарасып тұрушы еді. Бұл тек Омекеңе тән, басқалар қайталай алмайтын қасиет болатын. Омекеңнің «Әй, найсап» дегенін «айналайыннан» да артық көріп, мәз болып күлетінбіз.
Қалай дегенде де осы шағын ғана елгезек, аққұба шалда адамды өзіне тартатын, еріксіз ерітіп әкететін үлкен құдірет бар – тын. Міне осы құдірет Омекеңді өле - өлгенше өрге сүйреді, қолынан қаламын түсірмей, ақындық, азаматтық, адамгершілік тұрғыдан Оңтүстік өңірін жырлауға, оны мәңгі тарихқа айналдыруға мүмкіндік берді.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінде кілең қазақтар жұмыс жасайды. Тағы да оңкей «сен тұра тұр, мен сөйлейін» дейтін аузымен орақ орып, тілімен көмір көсейтін алпауыттар. Кейде сол алпауыттар бір – бірімен шекісіп, бекіспей қалатын кездері де болатын. Міне, осындай қиямет – қайым кезінде төрелік айтатын да, мәмілеге шақыратын да осы Омекең болатын. әдемі, айшықты, ақылды, ақылды сөзді қайдан тауып алатыны бір құдайға ғана мәлім. Жаңағы бекіспей, кеудесіне нан пісіп тұрған алпауыттар жауаси қалатын да, артынша жүз граммен татуласу үшін, біз сияқты жастарды дүкенге жүгіртіп жіберетін. Екі ортада біз қарық боламыз, олар мәз – мәйрам болып құшақтасып үйлеріне қайтады. «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының бастауыш партия ұйымының жиналысында көбінесе баяндамадан соң 2 – 3 минуттық үнсіздік орын алады. Жиналыстың төрағасы сол кезде Омекеңе қарайды, Омекең жаймен орнынан тұрып, жарыс сөзді бастап беретін де, одан кейін оны қоштаушыларды тоқтату төрағаға қиын соғып жататын. Ия, омекең топ бастайтын серке де, орынды сөз, берекелі билік айтып, тентекті тезге салатын тамаша қария да бола білді. «Оңтүстіктің Омарбайы» атанған ақын ағамыз, ақын атамыз тірі болса, биылғы желтоқсан айында тоқсанға келер еді. Оңтүстіктің бүкіл қалам ұстаған ұл – қыздары абзал қарияны алақанына салып, дүбірлетіп той өткізер еді. Облыс әкімшілігіне мың да бір рахмет, Омекеңдей ақсақалдың тойын өткізу үшін арнайы комиссия құрып, оны бүкіл аймақ болып атап өтуді ниет етіп отыр. Құдай қаласа бұл той да өтер. Оған ел өз бағасын бере жатар.
Той Омекеңе керек емес. Той тірілерге керек. Бүгінгі жас ұрпақты отаншылдыққа, ақылдылыққа, адамгершілікке, жан – жақты білімпаздыққа тәрбиелеу үшін, қасиетті бабаларымыздың, ата – аналарымыздың рухын құрметтеп, аспандата шарықтату үшін қажет. Бұл тірілердің, әсіресе, ат тізгінін қолына ұстаған, Алланың ұйғарымымен, халықтың қалауымен билік басында отырған зиялы қауымның, көптің тілегімен көлдария болып жүрген мырзалар мен ханымдардың ең қасиетті борыштарының біріне саналады. Біреуі тоңып секірсе, біреу тойып секіреді, алайда екеуі де секіреді. Тойып секіретін күн жақын. Оны жақындататын да ата – бабаларымыздың ризашылығы, олардың рухтарының желеп – жебеуі. Міне, осындай киелі, қасиетті рухтардың бірі Оңтүстікті өмір бақи жырлап өткен, Оңтүстіктің өмірде бар азаматтарының даңқын, атын мәңгілікке тарихта, кітапта өлең етіп, дастан етіп қалдырған – Омарбай Малқаров.

Байдулла Қонысбек,
журналист.


Өмірге өлеңмен келген ақын Омарбай Малқаровтың поэмаларандағы салт-дәстүрлер


«Айдамас қайда түйір дән, болған соң тесік тамағы» деп ақынның өзі айтқандай, ол бала кезіндегі жалшылық өмірден бастап бүгінгі тәуелсіздік алған қазақ даласының сан қырлы қатпарларын, бүкіл тарихын көз алдыңыздан өткізеді. Осыншалықты мол дүниенің бақайшағна дейін талдау үшін келелі еңбектің қажет екенін сезіне отырып, поэма-дастандардың кейбір тұстарына ғана тоқталмақпыз. Алдымен ақынның тілі туралы айта кетейік. Ақынның тілі қазіргі кезде оншалықты көп қолданыла бермейтін кәдімгі қазақы ауылдың төл тілі, «Әдеби тіл, әдеби тіл» деп жүріп қазақ тілінің өзін тым ресмилендіріп алғанымызды тағы да Омекең жырларын оқығаннан кейін күйіне еске аласыз. Сонау ғасырдан жеткен бабалар тілі ақын жырларында сол күйі бар сөлімен, қаз-қалпында сақталған. Мысалы: «Менің ізім» атты поэмасында мынадай тіркестер мол кездеседі: «Ұлым бар, кеңіді деп етек-жеңім», Әкем де отырған-ды қос үрей боп», «Мен бесікте бес түлеп күннен күнге», «Лақтырды шикі өкпедей итке кескен», «Менің ұйқы жұқпалы кірпігіме», «Құстан қашқан қоянның көжегіндей». Міне, осы секілді тұрақты сөз тіркесіне айналып кеткелі тұрған қатарлар, «Менің ұйқы жұқпалы кірпігіме» деген тәрізді көп ақындарда кездесе бермейтін бейнелі сөздер поэма көркемдігіне тамаша қызмет етеді, жүрегіңізге сәуле құяды. Сондай-ақ, «Салмақтап сөз жасағын көгендедім» (Көл), «Сынаптай сұлулығы кеседегі», «Жарасқан сағасында балғын гүлдер, Көйлектің секілденіп қос етегі», немесе,
Шығып ап шың басына төмен қарап,
Қияда қорым тасқа көзін қадап,
Құлатып заңғарынан жібергенде
Кететін тау күлдіреп, тас домалап.
(«Екі дос»).
Деген кездеріндегі «тау күлдіреп» тіркесі бұл күнде ұмыт бола бастаған тіл.
Адам баласы табиғаттың перзенті, «Табиғат пен адам егіз» дейтініміз де сондықтан. Табиғаттың тамашасына елітіп, көркем көріністерінен кесте тоқи алмаған ақынды ақын деуге келмес.
Бұл тұста Омекең нағыз табиғатты жырлаушы ақын. Оның қаламынан туған қай жырда болмасын, табиғат, дала өзен, көл суреттері елеулі орын алады. Қысқа-қысқа өлеңдерінде кей жерлерде сәл-пәл кібіртіктейтін ақын дастандар ішіндегі пейзажға келгенде додаға кенет қосылып кеткен жүйрік тәрізді сорғалай жөнеледі. Мысалы, оның жинақтарында «Көл» атты кішігірім поэма бар. Бұл поэманың тұла бойы тұнып тұрған табиғат суреттері.
Бәлкім сен, келіншектің көз жасысын,
Бәлкім сен, құлап түскен айнасысың,
Төбеңнен төніп тұрған Келіншектің,
Әлде сен өміріңнің жалғасысың.
Көп шоқы көздей көлді тұрсың қоршап,
Ерлердің сол кездегі тұлғасысың.
Әлде сен бір жауынгер қолбасшысың,
Мың жылқы аңыз емес жай айтылған,
Жат елден тартып алған олжасысың.
Ат басты, құлан құлақ бұл сеңгір тас,
Әлде сен қыздың мінген жорғасысың.
Байлаған қанжығада «Қоржын тас» тұр,
Жем берген аттың әлде дорбасысың.
«Бозтөбе» сегіз қанат үй тәрізді,
Келіннің түсетұғын ордасысың, - деп
деп салдыратып кете береді. Қаратаудың Келіншек тау жағында, табиғаты ең әсем жердің бірі – көл орналасақан ортаны суреттеген ақын бір ауық табиғаттан бетер шебер болып кетеді.
Задында Омарбай ақын ескі қисса-дастандарды көп оқып, көп тоқыған қаламгер. Содан да болар ақынның сөз саптауында ертеректе, кейінірек халық арасынан шыққан ақындардың үрдісі бар. Бұған оның өлең жазу мәнеріндегі шұбыртпалы ұйқастар куә. Омарбай ақын көбінесе қазіргі кездегідей жеке-жеке төрт қатарлы шумақтармен емес, топтап-топтап, төгілтіп, суырылтып кетеді. Омарбайға тән жырлау стилінің өзі осы болуы керек дейміз. Бұдан омекең ұтпаса, ұтылмайды, өйткені ой логикадан, бір арнадан аумай төгіліп отырады. Сөйтіп, бүкіл поэманың тұтастығын сақтайды. Бұл да кейінгі кезде ұмыт болып бара жатқан, қайтып оралуды керек ететін әдіс.
Ақын жырларында қазақтың салт-дәстүрінің түп- тамыры анық көрініс табады. Өйткені, ақын халық мінезін, салт-ғұрпын өте жақсы біледі. Мысалы, ақынның «Қызыл таң» колхозы өміріне арнаған поэмасының екінші тарауында мынадай жолдар бар:
Тегештей ай бітеді дөңгеленсе,
Бата істер қариялар жаңа ай келсе,
Әйелдер қол қусырып, тізе бүгер,
Ұмытпас әдет-ғұрпын салтқа енсе.
Осы жолдарда халықпен бірге өте ертеден жасап келе жатқан космологиялық түсініктер орын алған. Ай мен Күннің қосарланған күні жын-шайтандар адамдармен қосылуға құмар болады, дәл осы кезде есі ауысу, жын соғу, перінің салқыны тию пайда болады, ұстамалы кесел күшейеді. Міне, біздің данышпан қарияларымыз, ақын айтқандай, жаңа Ай көрсе, бата істейтіні осыдан. Жалпы, адам баласының көңіл күйі, өмір сүрудегі әр түрлі құбылыстарға душар болуы, адам денесіндегі қан айналымы жүйесі, Гиппократ айтқан организмдегі төрт сұйықтықтың тіршілігі аспан денелерінің қозғалысымен тығыз байланысты екендігін бүгінде айтып та, жазып та жүр. «Әйелдер қол қусырып, тізе бүгер» демекші, қазақтар жаңа Ай көрсе, тәжім еткен, тәжім еткен жерінен шөп жұлып алып отқа салып ырым жасаған. Халқымызда Айға саусақ безеп шошайтуға болмайды, айға қарап дәрет алмайды. Айдағы дақты онда кемпір бар деп ұғып, кірпігіңді санап қояды деп, қарауға тыйым салады. Жалпы қазақ халқы киелі деп, Айды өте жоғары қоя қастерлеген және оның құдіретінен қорыққан. Өліарадағы осындай жағдайлар Ай кезбе ауруының туындауына себеп болатынын да білеміз. Мұның барлығы сонау Шаман дінінен келе жатқан ұғым-түсініктер. Кейін мұсылмандық келіп, ислам діні кең қанат жайған тұста да бұл түсініктердің аясы кеңімесе, кеміген жоқ. Қайта мұсылмандардың көпшілігі Айды өмірдің орағы деп ұғып, одан бетер қастерлеген. Тіпті мазар басындағы жарты ай бейнесі де тегін тұрмаса керек.
Омекең поэмаларын оқып отырып, ескі салт-дәстүрлер мен ұғымнанымдарға тереңдей түсесіз. Біз келтірген жалғыз шумақ өлеңнің өзінен осынша ой өрбітуге болады. Ал, күнделікті тіршіліктегі адамды сыйлау, досты қадірлеу, жолдастықтың қадірін білудегі халқымыздың даналықтары да поэмадан көрнекті орын алып отырады.Мысалы, Созақ ауданы «Сызған» совхозының жылқышысы Бөріғазының еңбек жолын баяндайтын «Оңтүстік аңызы» атты поэмасында мынадай екі жол бар:
Жолдастық жол ақыны ақтау қиын,
Қарызы болмай ма екен дәм татқанның.

Осы екі жолдың өзін таратып айтар болсақ, бір-екі мақалаға жүк боларлық әңгіме болмақшы. Қазақта «жолдастық жол ақы» деген өте үлкен парыздың бірі. Осы жолдарды оқып отырып мынадай бір аңыз еске түседі:
Ілгеріде екі аттылы жолушылап келе жатса керек. Алыс жолдан келе жатқан оларға бір тұстан салт аттылы жас жігіт қосылыпты. Екеуден гөрі үш адамның әңгімесі жол қысқартып, бір ауылдың тұсына келгенде жолай қосылған жігіт аналармен қоштасып, бөліне беріпті. Жігіттің қылығына ренжіген екі жолаушы әлігіні шақырып алып, реніштерін түсіндірместен, жата қап сабапты. Әжептәуір таяқ жеген жігіт қол созым жердегі ауылына келіп, ағайындарына болған жайды баяндапты. Әңгімеге әбден қанған ауыл ақсақалы шағынған жігітті ағайындарға тағы да сабатып, екі жолаушының артынан шабармандарын жіберіпті. Жолдан қайтып келген кісілерді қарсы алған ақсақал қой сойғызып, қонақ етіпті. Бата жасап болған соң:
- Біздің баладан бір қателік кетіпті. Жолдастық ақының парызын жөндеп ұғындыр маған өзіміз де кінәліміз. Ежелден қаймағы бұзылмай келе жатқан дәстүріміз бар еді. Біз де елміз, бұл шіркіннің сіздерге «Ауылға жүріп, дәм татыңыздар» деп айта алмағаны бетке шіркеу болды, кешіріңіздер, - деген екен қария.
Омекең жырларын оқыған адам ел жадында көмескіленіп бара жатқан көптеген тамаша дәстүрлеріміздің куәсі болады. Бүгінде қазақ халқы дүние елдерімен тең терезелі дәрежеге ие болып, өз қолымыз өз ауызымызға жеткен тұста халқымыздың салт – дәстүріне, наным-сеніміне, ұғым-түсінігі не қайта оралу үшін көптеген нәрселерге барып жүрміз. Жер жерде әр түрлі «Қыз сыны», «Жігіт султаны» тәрізді шаралар өткізіп, өзінің тамырынан айрыла жаздаған халықтың өшкенін жандыру жолында түрлі қоғамдар, мекемелер еңбектеніп келеді. Ал біздің Омекеңдер сол дәстүр – салтты өз жырларында мөлдіретіп кестелеп шығады. Бұл дүниелердің поэма-дастандарға өзгеше әр беруі өз алдына, бұл бүгінгі оқырмандар үшін де таптырмайтын нәрселер.
Біз омарбай ақынның шығармашылығында көркемдік кестелердің кейбір тұстарын ғана сөз еттік. Соншалықты мол дүние-поэмалардың сюжеттік желісін, ондағы образдардың ашылу тұсын, қым-қиғаш оқиғалар тартысын айтпағанның өзінде, біз әңгіме еткен шығармалардың көркемдік маңызының өзі көлемді-көлемді еңбектерге жүк боларлық. Әрине, Омекең туралы алда талай-талай сөз зергерлері өздерінің пікірін, еңбегін жаза жатар. Ал бұл мақала сол еңбектерге қосылар тамшылай ғана нәрсе.
Рахманқұл Бердібаев секілді дуалы ауыз ғалым айтқандай «Оңтүстік жыршысы» - Омарбай шығармашылығы талай-талай ұрпақтың таусылмас азығы.

Әбілда Аймақ. Туған жердің жыршысы

Бұл күндері туғанына 80 жыл, әдеби творчестволық және журналистік қызметіне жарты ғасыр толып отырған Омарбай Малқаров – республикамыздағы белгілі ақсақал ақындарымыздың бірі Советтік шынайы шындықты терңінен толғаған өлең-жырлары қазақ совет поэзиясына өзіндік үлес қосты, халқымыздың рухани қазынасына айналды.
Омарбай Малқаров 1908 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданының бұрыңғы Киров атындағы колхозы орналасқан жерде (қазіргі «Далақайнар» совхозы) кедей-шаруаның шаңырағында дүниеге келеді. Жеті жасқа жеткенде ата-анадан бірдей айырылып, жетімдік пен жоқшылықтың тақсіретін тартады. Бұғанасы бекімей, жатып-ақ, байларға жалданып, жұмысс істейді. Ол туралы:
Әкемнен мен қалыппын жеті жаста,
Зар болып киер киім, ішер асқа.
Жалаң аяқ жар кешіп жалшылықта,
Көз жасым мөлтілдеген қара тасқа, -
деп күйіне еске алады.
Омекең сияқты сан мыңдаған панасыз жетімектерді соншалықты ауыртпашылықтан құтқарған, келешегіне қалтқысыз қамқорлық жасаған Коммунистік партия, Қазақстанда Лениндік жарқын идеяның салтанат құруы болды. Сондықтан да ақын шын жүректен шыққан сүйіспеншілік сезімін алдымен партияға арнайды:
Партия шешем едің, әкем едің,
Өсірдің, ақын еттің мәпеледің.
Ақтасам дәм-тұзыңды бар арманым,
Сен болмасаң су түбіне кетер едім, -
деп ағынан ақтарылады.
Ол советтік заманның алғашқы жылдарында өзінше ізденіп, сауат ашу мектебінде оқиды. Мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімді курсты бітіріп, біраз жыл ауылдық жерлерде халық ағарту ісіне араласады. Мұнан кейін астанадағы педагогика институтының даярлық бөлімінде білімін көтереді.
О. Малқаровтың ақындық жолы осы институт қабырғасынан басталады. Мұнда ол қазақтың советтік поэзиясының тұңғыш туын тіккен тарлан ақындар Сәкен Сейфуллинді, Ілияс Жансүгіровті, Бейімбет Майлинді, тағы басқаларды тыңдайды, орыс әдебиетінің озық үлгілерімен танысады. «Алтын заман» деген алғашқы өлеңінде:
Шағында шарықташы қанат қағып
Жосылсын өлеңімнен өзен ағып.
Сайраған қызыл тілім бұлбұл құстай,
Бал тамсын таңдайымнан тамшыланып, -
деп қияға қанат сермейді.
Бұл өлең талаптың тұлпарына мініп, өнер өріне құлаш сермеген жас автордың келешекке деген арманды ойын айқын аңғартты. Осымен қабаттаса жарияланған «Тау баурайында» деген өлең астана әдебиетшілерінің назарын аударды, жас ақынның үлкен үтім күттірді.
Осындай табиғи талантымен танылған Омекең СССР Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. 1938 жылы республикалық Жазушылар Одағының Оңтүстік Қазақстандағы өкілдігі қызметіне жіберіледі. Содан бастап ол ел арасындағы халық ақындарын танытуда, әдебиеттің жас кадрларын тәрбиелеуде игілікті жұмыстар жүргізді. Орынбай Тайманов, Белгібай Бектұрғанов, Келімбет Серғазиев, Қазанғап Байболов, Көпбай Әлімбетов, Айнабек Нысанов, Желеу Жақыпов сияқты халық ақындарын республикалық айтыстарға қатыстырып, жүлделі орындарды иеленуіне жетекшілік жасады. Бірқатар ақынның жырларын баспа орындарында жариялатты. Қазір облысымызда жиырмаға тарта жазушылар одағының мүшесі бар десек, солардың көпшілігі-ақ Омекеңнің алдынан өткен, ақыл-кеңесін тыңдаған.
Омекең өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоя білетін, жауапкершілігі мол ақын. «Халқыма не бердім, енді не беремін» дегенді көбірек қарастырады. Өткен өмірінің кейбір кемісті жайларын ашық мойындап, алдағы асуларға барлау жасайды. Ол өзінің елу жылдығына арналған жиында «Мен әдебиетте ертерек туып, кенжелеп қалғандаймын, күнделікті тіршіліктің күйбеңімен жазғандарымның өзін жинақтап, уағында баспаға ұсыну жағын онша ма қарастырмаппын. Өмір жетсе ендігі жерде осыны ойластырмаса болмас» - деген еді.
Содан бері О. Малқаров творчестволық жағынан тез өсті, ақындық шеберлігі артты, оншақты кітап берді. Оның бірі – «Оңтүстік аспаны» деген атпен шыққан таңдамалы жинақ. «Жырлайды жылдар, жырлайды» деген көлемі он баспа табақ жинағы не осы жылдың аяғында, не келесі жылдың басында жарық көрмек. Еңбекші елі тілегінен қаға беріс қалған, өз елінің өркендеп өсуіне ілесе алмаған ақын шын мағынасын да ақын емес.
Кешегі бір өмір мен өлім белдескен сұрапыл соғыс жылдары «Жеңіс үшін, партия үшін, Отан үшін!» деген сертті сөздер әрбір адал ниетті совет адамдарының айнымас ұранына айналды. Мұны ақын:
Долданды шайқалғандай теңіз бүгін,
Соғыстың көрсеткенде құдіретін.
Кек оты көкті тіліп суылдады,
Атқанда сақылдатып пулеметін, -
деп суреттесе, соғыстан соңғы халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңін «Ауыр күн ұмытылмас есте қалды, гүл ектік от орнына күйген тақыр» деп шабыттана жырлады. Содан бергі дәуірлерде дүниені дүр сілкіндірген тамаша табыстарымыз бен өмір жаңалықтары Омекең творчествосынан өз өрнегін тапқан.
«Өз елім» деген өлеңінде ақын өз ойын қалай болса солай айта салмай, өз тағдырымен салыстыра отырып, тартымды суреттейді:
Өз елім менің, өз елім,
Сайраңдап сені кеземін.
Өзіңсің суын, нәр болған,
Талғанда менің өзегім.
Сенсіз күнім қараңғы,
Сенсіз сөніп өлемін.
Омарбай Малқаров соңғы елу жыл бойы оңтүстікпен бірге жасасып, бірге өсіп келеді. Бұл өлке оның екінші отанына айналды, творчествосында қажымас қайрат, мұқалмас күш-жігер туғызады. Ол жайында ақынның өзі «Оңтүстік өлкесі – менің жырымның қайнар бұлағы. Осы жанат өлкенің мөлдір аспаны, жаны дархан елі менің шабытыма қанат байлаған. Тіпті осы өлке болмаса, мен бәлкім ақын болмас па едім те ойлаймын», - деген еді.
Ақынды көптен бері «Оңтүстік жыршысы» деп орынды атап кеткенбіз. Оның өлеңдерінде отпен ойнаған кентаулық кеңшінің, болат балғасын аспандата ұрған шымкенттік теміржолшының, қырық күн шілденің аптап ыстығы мен қаңтардың қақаған боранына төтеп берген созақтық малшының, «ақ алтыннан» тау тұрғызған жетісайлық мақташының өзіндік іс-әрекеті, қадір-қасиет, сыр-сипаты, түрі-түсі дараланып көрсетілген. Ақын олармен кездескенде, ортақ тіл тауып, тез табысып кетеді. Сол сияқты оның негізгі жинақтарының өзі «Оңтүстік жырлары», «Қаратау әуендері», «Оңтүстік аспаны» деп бекер аталмаған. Ақын оңтүстіктің дәм-тұзын ақтасам, ел сенімінен шықсам деп көбірек тебіренеді.
Жырлап ем сүйіп мақтанды
Үлбірек шарбы бұлыттай.
Атқыздым сен деп
көп таңды,
Махаббат отты суытпай.
Далаң мен сүйдім құзыңды,
Ессе де ыстық жалының.
Ақтасам дедім тұзыңды,
Жылуын беріп таңымның,
- дейді.
Омекеңнің «Шопанның бір күні», «Малшы», «Жылқышы», «Ауыл жігіті», «Диқан», «Менің досым - жұмысшы», «Мақташы қыз», «Көктеуде» деген сияқты өлеңдерінде біздің бар игілігімізді өндіріп жатқан өрен жүйрік еңбек адамдарының өркеуделі өршіл бейнесі сомдалған. Малшыны:
Кетсе де ұзап ауылдан,
Бәрі бір кеші-ертесі.
Сексенбес жауын, дауылдан,
Тәрізді дала еркесі – деп суреттейді.
«Жұмысшы» деген өлеңінде жұмысшы мен жан ұғысып, достасып кеткендігін кіршіксіз көңілден алға тартады.
Сен десе менің жүрегім,
Балғаңмен бірге соғады.
Айнымас бірге тілегім
Жаныңды жаным ұғады.
О. Малқаров ел танумен бірге жерді де қадірлеп, тани білетін қарымды қаламгер. Оның ақындық ерекшелігінің бірі де туған ел табиғатын суреттеу шеберлігінде. Қазыналы Қаратаудың екі жақты иін тірескен шоқылары мен Бетпақдала, Қызылқұмның қыр-қыраттарына дейін ақынмен үн қатысып, өзара тілдесетін сияқты.
Кей шоқы нар түйедей
жалғыз өркеш,
Кей шоқы керуендей
іркес-тіркес.
Жетектеп маяларды бұйдасынан,
Келеді көшті бастап сұлу бикеш, -
деп аты аңызға айналған «Келіншек тауға» үңіледі.
Ақын даламен қоса мал шаруашылығына, ауыл тіршілігіне байланысты сөздерге жетік, бұларды туындыларында теңеу, балама, салыстыру ретінде орынды пайдаланылады. «Құм суреті» деген өлеңіндегі:
Бұйрат құм бұйра қоспақ желкесіндей,
Кей жері кежір бура желкесіндей.
Боз інген шарпысындай бозша шырпың
Көк жотаң Сақтың жібек кірпісіндей, -
деген жолдар тұнып тұрған сурет сияқты.
Нәрі ел игілігіне айналған Арыс-Түркістан каналы да ақын назарынан тыс қалмаған.
Бурадай екі езуден көбік шашып,
Жағасын көкбеңбек боп толқын басып.
Кеміріп малта тасын көкке атылған
Толқында толқын қуып, шуылдасып, -
деген терең тебіреніс шындық өмірден туған.
Сонымен қатар ақын өзінің табиғатпен мінездес, үндес болып, қысылмай-қымтылмай еркін көсіледі.
Ақынның құбылмалы мінезін көктемнің өзгермелі ауа райымен теңдестіреді.
Ақынның мінезі бар құбылмалы,
Көктемдей өзгермелі, қызық жаны.
Желі бар, бұлтты жауын-шашыны көп,
Кететін кездері бар қызып қаны.
Омекең негізінде лирик ақын болумен бірге эпикалық жанрда да танылған қаламгер. Оның оннан астам поэмасы бар. Басым көпшілігі еселенген еңбегімен ел құрметіне бөленген замандастарымыз туралы жазылған. «Өтсе де күндер» поэмасы – қызылқұмдық Социалистік Еңбек Ері Сақ Өтетілеуовке, «Оңтүстік аңызы» - аталы – балалы Батыр Бөрғазиевтерге, «Қызыл таң» - Ленин ауданындағы «Қызыл таң» колхозына, «Дала перзенті» - бұрыңғы аға шопан, СССР Жоғары Советінің депутаты, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, қазіргі «Майбұлақ» совхозының директоры Фатима Қадырбаеваға арналған. Осыдан бес жыл бұрын «Қызыл таң» колхозының председателі Г. Ілебаев «Бүгінде О. Малқаровтың колхозымызда өз адамымыздай болып кеткенін жұртшылық жиі айтады. Осынау творчестволық байланыстың нәтижесін де ақын біздің колхоз және оның еңбек иелері туралы поэмасын жазды, - депті.
Халқымызда «батыр ел серкесі, ақын ел еркесі» деген ұлағатты сөз бар. Шын мағынасында ел еркесіне айналған Омекең бұл күндері өзінің 80 жылдық мерейлі мерекесіне тұғырдан таймастан, шаршап-шалдықпастан қаламын қолына берік ұстаған күйінде жетіп отыр.
Осыған орай бұл әңгімені қырғи тілді атақты ақын Асқар Тоқмағамбетовтің:
Омеке, қартайма әлі, марқая бер,
Алақанға салып жүр мәртебелі ел.
Келер күннің қызығын бір көреміз,
Еңкейме, қайта тіпті Шалқая бер, -
деген өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдік.

М. Қожықов,
Шымкент педагогика
институтының қазақ әдебиеті
кафедрасының меңгерушісі
Доцент.