Салтанат Мадиярқызы

Туындылары


ОЛ КІМ ЕДІ?

Ол кім еді?
Періште ме, пері ме?
Ойды неге оған қарай сүйрейсіз?!
Білем, оған ұқсатасыз мені де,
Бірақ…
Бірақ, сүймейсіз!

Ол кім еді?
Еңлік пе, Қорлан ба?
Көзіңізге көрінді ме Ханшадай?
Тым болмаса, ол сізге жар болғанда,
Хадиша деп қызғанбас ем Айшадай.

Ол кім еді?
Жібек пе, әлде Баян ба?
Қиялыңыз қай әлемді кезген-ді?
Баян бүгін Қодар үшін боянған,
Солай. Бәрі өзгерді.

Ол кім еді?
Зере ме, әлде Ұлжан ба?
Арасында қалдыңыз ба елестің?
Абайсыз ба, жете алмаған Тоғжанға?
Мен Шүкіман емеспін.

Ол кім еді?
Ләйлім бе, әлде Ләйлә ма?
Жұматай жыр түледі ме, жүректен?
Бұрым сұлу болды ма, әлде жай ғана
Сезімімен солмайтұғын гүл еккен?

Ол кім еді?
Нұрила ма, Тұмар ма?
Қандай елес, сіз ұмыта алмаған?!
Бәлкім, ол, тек, сіз жазатын шығарма,
Қиялыңыз жазған рөлді сомдаған?

Ол кім еді,
Жылдап жүрек тербеткен?
Сүйсе, неге жаныңызда қалмаған?
Әке үйінде ерке өскен бойжеткен,
Өз үйіне кетті, өзі таңдаған.

Ол кім еді,
Ақбілек пе, Жамал ма?
Қай қылығын сақтап жүрсіз санаңда?
Жамалдар жоқ бүгін қайғы оранған,
Заман басқа, адам да.

Ол кім еді?
Өткенің ғой. Өткенмен
Жаныңызға мұң сыйлаған «әттең» бар.
Ол жақта сіз сағынатын сәттер мен
Тек мен іштей қызғанатын Көктем бар…

Ол кім еді?
Ол – қызғаныш ұғымы.
Жеңу үшін таба аламын мың айла.
Біздер жайлы «Бақыт» деген бір Ұлы
Шығармасын бастап кетті Құдай да!

2017