Лебіз
Өмір дерегі көп емес. Өйткені өмірі жаңа басталған. Азан шақырып қойған аты – Салтанат. Жөні – Мадиярқызы. Жарық дүние есігін Сарыағаш шаһарында ашқан. Миллениумды атап өтуге 6 жыл қалғанда. Білімі: колледж тауысқан. Сөйтіп жүріп... Бір күні. Өлеңмен дерттеніпті. Күзді жырлайды. Түнді жырлайды. Гүлді жырлайды. Арагідік философияға да барады екен. Мысалы мына «Жауап» өлеңі:
Жанарымда жылтырап, күміс мұңым сырғанап,
Тілсіз мұңын гүлдердің тек түн ғана тыңдамақ.
Неге деген бір сұрақ қалып қойды көкейде,
Ойларыма ой қосып, мұңдарыма мұң жамап.
Кінә болсын кешпейтін, жылу болсын өшпейтін,
Көңіл, шіркін, сонда да тек биікті көксейтін.
Үнсіздіктен ең оңай жауабым та жоқ еститін.
Әдемі. Ойландырады. Ең қадірлі тақырыбы – Ана. Анасына ақтарар сыры көп. Көптен жасырмайды оны:
Махаббатсың!
Нәзік қана гүлсің сен!
Саған ауыр тиеді ғой күрсінсем.
Жүрегімнен тулап аққан жыр да өзің,
Ой-санама сәуле құйған нұрсың сен!
Гүл, күз демекші:
Сарыағашта сансыз үміт егіліп,
Жүрген еді қызыл гүл боп көрініп.
Сары күзді күтіп жүрсем, кетіпті,
Ақ аспаннан аппақ ұлпа төгіліп.
Құдайды да жырлауға көшіпті. Бұл ұлы тақырып! Оны құры эмоциямен жырлауға болмайды. Біліп барып жырлау керек. Мына жерде сондай болған құсайды:
Бәрін жазып қайтейін, түнгі сырдың?!.
Ең Әділ Құдіретке құлдықұрдым.
Берешегім бар әлі келешекке,
Алашағы бар менен бұл ғұмырдың!
Шын ұқтым!
Берешегі мен алашағынажырата алғаннанартық не бар?
Өлеңді ойын, ермек үшін жазуға болмайды. Өлеңмен өмір сүру керек. Әсілі өлең үш түрлі. Тірі өлең, ауру өлең, өлі өлең. Соңғы екеуі жүдә көп. Бықып жатыр. Әуелгісі қат. Дефицит. Мадиярқызының сол қаттардың қатарына кіруіне тілектеспіз!
Ақжол ҚАЛШАБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті,
Филология ғылымдарының кандидаты,
«Мұхтартану» зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері.