Салтанат Мадиярқызы

Туындылары


* * *

Жиі айтылар «өтіп кетер бес күн», деп
Сол бес күнде қалып қойған ешкім жоқ.
Балағаттап алатындай ғұмырды,
Ғаламатқа толатындай кешкім кеп...

Сандырақтап,
Болмашыны қиялдап,
Өзімді де, өзгені де жиі алдап...
Текке өлтірген уақыты үшін көңілдің,
Өткен күннен «Менім» ғана ұялмақ.

Тұман түндер өтіп кетті, жаңарып
Ой құштырған таңдар атты ағарып.
Түнегіне түсіп кетпей кезеңнің,
Жүрегіме көшіп келді балалық.

Сол жүрекке салмағын көп сөздердің
Түсірем деп, қаламнан да безгенмін.
Көздердің көп сабақ болған сырлары,
Өзгергім жоқ, өзгергім.

Көп қолпаштап жатқанда деп «жүрсеңші»,
Түйсігіме бір сәт құлақ түрсемші?!
Дұғасымен елеңдеткен жүректі,
Күнәсімен сүйгенімді білсемші?!

Жұлдыз біткен жасырынып, күн шығып,
Бір ұрлығым ашылардай, қымсынып,
Көз ілгенім тыныштықты сыйлай ма,
Сезімдерім жатқанында тұншығып?!

Сансыз үміт жатса дағы мың бүрлеп,
Көп жүректе сөніп қалған бұл күнде от.
Тілегімнің көмегімен, ғұмырды
Жүрегімнің дегенімен сүргім кеп...
Сүйемін!!!