Салтанат Мадиярқызы

Туындылары


* * *

Жел тербетіп көлдегі айдың сынығын,
Түн өреді мұңның қара бұрымын.
Көз ілгенін кешіре алмай қиялдың,
Сезімдерін қытықтайды қылығым.

Жүзі жайнап, жүрек оты жанғандай
Шат болады, шың бояған таңдардай.
Еркелесем, еркелетсем дейтіндей,
Мен қуансам, мәз болғанын аңғармай.

Жұлдыздардың жарығы бар даусында,
Аңыздардың алыбы бар қалпында.
Өзгешелеу ештеңе жоқ хатында,
Найзағай бар көзіндегі жарқылда!

Алаң еттім қатпар-қатпар мың ойды,
Онда сезім сыналады, сынайды.
Қол бастаған баһадүрдей сол жігіт
Маған сәби жүрегімен ұнайды.

2016