Салтанат Мадиярқызы

Туындылары


ЖОЛАУШЫМЫЗ
(бауырға)

Өтпелі ғұмыр – өткелсіз өзен.

Жүзіп өтуге тиіспіз!

Кедергілердің алып қамалын бұзып өтуге
тиіспіз.

Сенімнің көлін лайлап алмай, тұнық етуге
тиіспіз.

Батпақтармен де,

Соқпақтармен де жүріп өтуге тиіспіз.

Жолаушылармыз

Келеміз бірге, көреміз бірге барлығын.

Біріміз ерте, біріміз кештеу

Бөлігін, яки, қалдығын.

Шамаға қарай жүктеріміз бар, міндет қып
баста жүктеген.

Жолаушылармыз

Бұл ұлы сапар!

Жолымыз әлі бітпеген.

Бұл қызық сапар

Қиындығы бар, жеңілдігі бар көптеген.

Тосын жайлар бар, біз
ойламаған, ойлай да алмаған, күтпеген.

Жолдар бар мұнда тарам да тарам, жүрген
іздері кеппеген.

Біздердің ұлы арманымыз бар, бағытымыз
бар беттеген!.

Жолаушылармыз

Жолықты бізге түрлі сапарлас

Айтсақ, айып етпеңдер.

Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен
өткендер,

Уәдені үйіп-төгіп, сертінен тайып
кеткендер,

Сынаққа түссе сүріне кетпей, сабырын
серік еткендер,

Маңдай терімен еңбек етіп, асына адал жеткендер,

Оларға со-о-ндай мадақ айтардай
Көк пен Жер

Мақтансүйгіш, тәкаппар, залым өктемдер.

Өлі балықтай жүзе алмаған, ағыспен бірге кеткендер.

Өзін өзі де тани алмай кеткен, ылғи
бетперде кигендер,

Ғашық жандар

күмәнсіз сеніп, сүйгендер,

өздері жығылып жатып, сүрінген жанға
күлгендер.

Кеткенде өкініп қалмау үшін, азығын
жинап жүргендер,

Алаңсыз жүріп күлгендер менен бәрінің

Баянсыздығын білгендер.

Мұң жебесімен жаралап кеткен, Сағыныш
сүйген мерген Күз.

Екпенің бәрін уақыттан алып, өкпенің
бәрін көмгенбіз.

Күдікті жеңіп, бақытқа нанып, үмітке
аппақ ергенбіз.

Егіліп, сеніп,

Жеңіліп, жеңіп

Өмірде «өмір» көргенбіз...

Азабын қойшы, көрмеген кімдер?!

Мазағына да көнгенбіз.

Ғажабына да сенгенбіз!

Сынақ деп үлкен, қонақпыз жүрген

Қайту үшін келгенбіз.