Салтанат Мадиярқызы

Туындылары


* * *

Ол саған өт демейді, кет демейді.
Ештеңеге еркіңді шектемейді.
Көңілге көтере алмас жүк артылса,
Өмір де өкпелейді.

Қалт жіберсең қимасты, оқша атады.
Ол – болмысы.
Ешкімде жоқ шатағы.
Бақытқа таяқ тастам жер қалғанда,
Уақыт та өз жүрегін тоқтатады.

Дерт жамылып келе ме, жөтеледі.
Шын қаласа, қалдырмас.
Не себебі?
Құрдасыңдай қалжыңдас, қар жандырып,
Ажал да әзіліңді көтереді!

Көп ізденсең,
көп түйін шешіледі.
Бостау болсаң, өз «менің» есіреді.
Өткеніңе өкініп тәубе етсең,
Құдай да кешіреді.

Тұнық түннің жанады жаңа шамы.
Берешегі бар және алашағы.
Кедергімен лайықты күресе алсаң,
Тағдыр да талғамыңмен санасады!