Салтанат Мадиярқызы

Туындылары


АППАҚ ТҮН

Періштелер үрлеген ұлпасындай
бақбақтың,
Қар билеген.
Әдемі!
Кей пейілдей аппақ Түн.

Аппақ түнде ақ бұлтқа келгендей ме
айналғым,
Құшағына құладым, ең сүйкімді
ойлардың!

Көкке қарап, тіледім,
Көк – Тәңірдей елестеп.
Күбірледі жүрегім: «Құдай көкте емес»,
деп.

Бүршік жарып ақ бұлттар...
Көктем!
Кеткен Көк гүлдеп.
Әйнекті кеп сүйемін, қарға айналып
кеткім кеп!

Жұбата алмас жүректі ең аяулы көздер де,
Сүлейменнің жүзігі мөр ғып алған
сөздер де.

Үнсіздіктің әуенін жаным сүйген,
жақсы-ақ тым.
Ұйқыммен құн төлейін, аялдасын
аппақ Түн.

Емші Уақыт, алдымен өз дертіңді
емдеп ал!
Мендік көзбен қарасаң, Құдай барлық
жерде бар.

Аппақ Түн...