Асыл сөз
Қазақтың жері дархан аршан далам,
Ер білер қасиетін ел шарлаған.
Шығыста өр Алтайым жер жанаты,
Табиғатың таңдайым тамсанбаған.
Өр мінезі Махамбеттей батысында,
Қазағы жоқ қолына қамшы алмаған.
Арқа мен Жетісудың жөні бөлек,
Бір адам таппайсың-ау ән салмаған.
Бәрібір Оңтүстікке жер жетпейді,
Басатын туған жер деп алшаң балаң.
Мәпелеп Майлықожа, Молда Мұса,
Ісі бар Манап қыздың жол самғаған.
Ергөбек, Шәді төре, Қызыл жырау,
Сарқырар ағысым да қанша арнадан.
Көкбай, Тәушен, Әселхан апам отыр,
Бәйгеде алдына еш жан салмаған.
Осындай жақсылардың еліненбіз,
Айтыста тәуекел деп тайсалмаған.
Өз заңы бар Шымкенттің,
Қайда барсаң онда бар,
Өкпесін өзбек қысса да,
Бүйрегін қырғыз сықса да,
Тәубе еткен той болар.
Шыр айналсам да жер шарын,
Шымкенттей жер қайда бар?!
Оңтүстік асқақ достық пен
Ырысқа құшақ ашқан ел.
Ынтымағы ұйыған,
Уызы өлең дастан ел.
Еңбекпенен еңкейсе,
Мақтасы таудай асқан ел.
Қырандарын Қазығұрт,
Басында тұрып тосқан ел.
Сексен жылдық тарихын,
Сәулесі боп шашқан ел.
Әз-Наурыз келді еліме,
Мәз болатын шақ болғай.
Әз ана Әселхан апамның,
Әз батасы кеп қонғай,
Атасына тартатын,
Ұлдарымыз көп болғай,
Анасына тартатын,
Қыздарымыз көп болғай.
Су басса да жерімді,
Сайын жұртым тоқ болғай.
Жақсылығың артып-ай,
Жамандығың жоқ болғай.
Әумин десе қазаққа,
Әулие Қызыр бақ қонғай.