Өмірдерек
Леубаева Ақмарал Пернебекқызы айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Леубаева Ақмарал Пернебекқызы 1969 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы), Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. 1986 жылы Ақмешіт ауылындағы Қ.Спатаев атындағы орта мектепті бітіріп, сол ауылда механизатор болып жұмыс істейді. 1987 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институтының филология факультетіне түсіп, оны 1992 жылы үздік дипломмен бітіріп, осы оқу орнына оқытушылық қызметке қабылданды. А.Леубаева 1988 жылдан бастап өнер саласында, республикалық, облыстық, көлемде өтіп жатқан мәдени көпшілік іс-шараларға қатыса жүріп, өзінің талантымен жұртшылыққа таныла білді. Институт көлеміндегі іс-шараларға белсене араласқаны үшін бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталып, 1989-1990 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық кеңесіне депутат болып сайланды. Тұңғыш рет Ордабасы аудандық оқу бөліміне қарасты Бадам елді мекенінен аудандық ақындар мектеп-интернатын ашып, басшылық жасады. 1992 жылдан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институтында оқытушы қызметін атқара жүріп, ғылыми жұмыстарымен айналысты, осы бағытта «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік-тағылымдық мәні» атты кітабы жарық көрді. Облыстық, республикалық, халықаралық айтыстарға қатысып, жұртшылыққа танылды. 2005-2006 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармада бас маман, 2006-2007 жылдары ҚР Техникалық реттеу және метрология басқарамасы комитетінің ОҚО бойынша бас маманы қызметін атқарды. Бірнеше жыл №33 «Ақбота» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі, облыстық салт-дәстүр орталығы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2001 жылы Елбасының «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы», 2011 жылы «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медальдерімен марапатталған. 2006 жылдың наурызында өзі туып-өскен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы атанды. 2007 жылы 26 сәуірде «Қазақ шешендік өнерінің көркемдік тағылымдық мәні» деген тақырыпта кандидаттық дисертациясын қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.
ЕҢБЕК ЖОЛЫ
1988 жылдан айтыс өнерінде.
1992 жылдан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті.
2005-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында бас маман.
2007 жылдан ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің ОҚО бойынша басқармасында бас маманы.