Әбдінағым Көшер

Асыл сөз


О-оо, адам болу қиынның қиыны ғой! Ал мал болу оп-оңай, себебі мал кітап оқымайды, мәдениеттен жұрдай, сыйластық дегенді білмейді, ғылым-білімге ұмтылмайды, тіпті адал махабатқа да кемшіндеу... Егер де осы кемшіліктер бойыңнан табылмаса, міне мен нағыз адаммын деп ойлауға бола ма?



Мияулағанның бәрі мысық емес, ол «жұлдыз» болғысы келетіндердің де қолынан келеді.



Алланың бергеніне шүкіршілік ету бұл аяқты аспаннан келтіріп, шалқадан жату емес әрине.



Халқымызда «Өнерді үйрен де, жирен!» деген даналық сөз бар. Оның мағынасы өнерді үйрене сала жирене ғой деген сөз емес. Ең әуелі үйрен, біл, сонан соң одан жиренесің бе, жиренбейсің бе, оны өзің білерсің деп айтып, адамды өнер үйренуге міндеттейді.



Біреуге «сен надансың!» деп айтудан бұрын өзіңнің одан ақылдырақ екеніңе көз жеткізу қандай ғанибет болар еді. Бірақ бұл өте қиын мәселе. Егер ақылдылығыңа көз жеткізсең, наданнан нең кем?



Есіңде ме, сен жас кезіңде уақыт тез өткенше асығар едің. Мектепте сабақ қашан аяқталар деп аптығатын едің. Жас кезінде баланың бәрі уақыттың тез өткенін қалап, әрқашан асығып жүреді. Ол тау төбесіне тез шыққың келгендей, төбе басын тез көргің келгендей асығыстық тірлік ғой. Сол төбеге шыққан соң енді төмен түскің келмейтіні бар. Бірақ түсуің керек. Төбеде орын тар, соңыңнан келе жатқандарға босатуың ләзім. Түспесең де олар соңыңнан итере-митере төмен сырғытады. Уақыт жылжи отырып сені төбеден жайлап түсіреді. Сенің түскің келмес, сондықтан уақыт зырлап тез өтеді. Уақыт тез өткен сайын адам өтіп бара жатқан өміріне қынжылады. Жастық шағын, жігіттік дәуренін, жігітағалық заманын қимайды. Ал уақыт бірте-бірте күш алған метро поезындай зырлай жөнеледі. Енді қартайған сайын әлгі зырлап бара жатқан уақыттың жайымен жылжуын аңсайсың...



Жұрт тірлік істеп, еңбек қылып жатқанда, мешкей ауызынан тамағы кетпей, сылп-сылп ішіп-жеп отырса сөкет болмас. Себебі ол мешкей ғой...



Бірақ, арақтың кесірінен пенделердің басынан өткен жаман да, жиіркенішті уақиғаларды айтпай-ақ қояйын. Ол үшін пенделердің бір Алладан кешірім өтінгеннен басқа не амалы бар.



Сен әзіл айтардан әуелі сенің айтар сөзің әзіл ме, әлде мазақ па, соны ойланып түсініп ал. Біріншісінің салмағы болады, екіншісінің зардабы болады.



...Біріншіден, қарым-қатынастың бұл түрін Құдай саған ұрпағын көбейтсін, халқына мирас жалғастырсын деп берді. Екіншіден, сенің сол ұрпағыңды көбейтіп, халқыңа жасаған жақсылық әрекетің үшін саған сый ретінде тәніңе де, жаныңа да аз ғана мезеттік рахат пен ләззәт сыйлады.



Жұмыс та істемей, үйде құр босқа жатқаның – демалыс емес. Демалыс деген күнделікті күйкі де, қу тірлікті бір сәтке де болса ұмытып, еш уайым-қайғысыз, санаңды да, денеңді де бос ұстап, ой ойламай, саналы әрі физикалық босаңсу.



Ынта, талап және көңіл – кәсіптің анасы. Ынтасыз, талаптанбай, көңілсіз атқарылған тірлік оңа ма? Сондықтан халқымыз: «Көңілсізден көтсіз бала туылады» деген.



«Тілде сүйек жоқ» дейді халық. Сондықтан ол өсекшінің тілі болса сүйреңдейді, ақынның тілі болса суырып салады, данышпанның ауызында болса орынды даналық сөз айтады, мақтаншақтыкі орақ орады, кесапат қатын тілін безейді, қудың тілінен бал тамады. Ал ақылдыныкі отыз екі тістің арғы жағында тыныш жатады.



Шын жазушы нағыз актер. Себебі ол туындасында тек ғана әр түрлі адамдардың ролінде ойнап ғана қоймайды солармен қатар әртүрлі жануарлардың да мінездерін ашып, солардың ролін ойнайлы, түрлі замандармен қабысады, небір уақиғаларды абстракты түрде басынан кешіреді.



(Егер асыл сөздердің ең ардақтысын тапқыңыз келсе «Ей, перзентім, біліп алғын!...» гибратнама кітабымды оқып көріңіз. Онда Кәрім Құраннан, Хадистен және Әзіреті Әлі, Дана Хикар, Наушируан, Кейқауыс, Ахмет Йассауи, Құсайын Уағыз, Ибраһим (Абай) және басқа ғұламалардың ғибрат сөздерінен үзінділер келтірілген).