Әбдінағым Көшер

Шығармашылығы


Әуелі әзіл-сықақ әңгімелер турасында айтайық. Шымкенттік талапкер Әбдінағым Көшеровтың әзіл-сықақ әңгіме жазуға икемі бар. Оның «Сөйтсе» атты әзіл-әңгімесі сәтті шыққан. «Түсімді түгел айтып берейін. Футболдан әлем чемпионаты ма, әлде ауыл чемпионаты ма, есімде жоқ, әйтеуір бір жарыс қызу жүріп жатқан. Шабуылшы шып-шып терлеп, доп қуалап келеді. Әне қақпаға да жақындады. Мәссаған, қақпасы қайда? Сөйтсе... шабуылды күте-күте қақпашының қарны ашқан болуы керек, қақпаны құлыптап, өзі асханаға кетіп қалыпты. Шабуылшы қарсыластар қақпасына доп салу үшін үш сағаттай күтіп қалды...»
Әзіл әңгімеден ықшамдап үзінді келтіріп отырмыз. Автордың негізгі айтар ойы – кейбір қырсыздардың еңбекке енжар қарап, еңбек тәртібін бұрмалайтындығы, сөйтіп жұмыстан ерте кетіп қалу кемшіліктері юмор тілімен әжуаланады...

М. Шерімов. «Қақпанның» хатшысы, «Оңтүстік Қазақстан» газеті.
№ 63(14115), жұма, 30 март, 1984 жыл.






«Мәделі» роман-эпопеясының бірінші томы – «Маұғлы ханзадасы» оқырмандарды әдегеннен ойландыратыны кітаптың аталуы. Басында біздер де түсінбедік. Қолжазбаны оқып шыққаннан соң ғана кітап осылай аталуға ылайықты екеніне түсінгендей болдық. Себебі – Ұлы тарихты мына кітап бойынша ақтарып көрер болсақ «ма» сөзі көне түркі немесе сақ тілінен осы кезге дейін шамалы өзгеріске ұшыраған қазақтың «мәуіті-көкшіл» (анығында «мәуіті» – «қызғыш-көк, немесе фиолетовый», бұл бояу шеңгелдің қарамығынан алынады, нағыз қазақы бояу, ал «қырмызы» – қызғылтым көк, яғни «розовый») деген сөзінің мағынасын ұқтырады. Қазіргі түркі тілдес халықтардың көбісі көк түсті «мауы» дейді.
Автор бұл көркем шығармада осы сөзді ғылыми әдіспен емес, «маұғлы» кейінгі «Көктіңұлы» деген сөз екенін кітап кейіпкерлерінің сөзімен дәлелдейді. Тіпті осы «ма» түбірі «массагеттердің» – («ма»+«сақ») бұрынғы «көк сақтар» немесе кейінгі көктүріктер екенін және Шығыстың «Маугли» ертегісі қазіргі түркі тілдес халықтардың қасқыр асырап алған бабалары туралы екендігін, Маугли шын мәніндегі өзіміздің көктүрік немесе солардың қазіргі тікелей жұрнағы «Көктіңұлы» екенін айтады. (Себебі орта ғасырды Моғолстан әскерлері Үндістанды жаулап алып Ұлы Моғол империясын орнатып, үндінің көп бөлігін ислам дініне кіргізді. «Маугли» ертегісі Үндістанда Көктіңұлы ғұламаларының айтуымен пайда болды. Сосын тағы айта кетерлігі Моғол сөзі бұрмаланған, шыны Мағұл немесе Маұғлы. Себебі Моғолстан мемлекеті Көк Орда хандығының негізінде пайда болған) Біздің алысты жатқан көне тарихымыз көп өзгеріске қшырамайтыны заңдылық деп білсек, онда қазіргі Мажарстан да сол бағзы жер іздеп Европаға кеткен көктүріктерден қалған қазіргі бауырларымыз, яғни бұндағы «ма» – көк болса, «ажар» – бет әлпет, сонда мажар дегені «көктүсті» деген ұғым болса керек...
Қолжазбаны оқығанымызда, біз бұл кітаптың мынадай бағыт-бағдарларын байқадық, яғни көркем шығармалылығымен қоса тарихилығы, ғылымилығы, сол уақыттағы елдегі экономикалық жағдайдың айқын көрсетілуі, ұлттық әдет-ғұрып, этнографиялық танымдылығы, отансүйгіштік тәрбиелілігі, патриотизммен бірге күш-қуат бірлігі, солармен қатар махаббат лирикасы да бар...
Кітапта айтылған уақиғаларға арнап иллюстрациялық суреттерді автордың өзі салыпты.
Әбдінағым Көшеров бұл жерде жазушылығымен қоса, дарынды суретші екенін де көрсетіпті. Мысалы осы кітаптың соңғы беттеріндегі суретке қараңызшы. Сонда Мәделі қасында бұхаралық жолдастарымен әкесі Жүсіпқожаны Бұхарадан шығарып салып тұр. Он тоғыздағы жігіт – Мәделі әлі жастығынан ба, әлде батылы жетпей, ауылда қалған Таһминаның хал-жағдайын әкесінен сұрай алмай, әдеп сақтап, пұшайман жағдайда тұрғанын көресіз. «...Туған елдің аясын сағынғаннан ба, әйтеуір, Көкбестінің кісінеуінде зарлы үнді қимастық бар...» деп, кітап аяқталады. Мына сурет соны көз алдыңа келтіреді. Мына екі мұңлықтың туған елін сағына, көкжиекке қадала қарап, ұзап бара жатқан отандастарының соңынан құйғыта шаба жөнелгілері-ақ келіп тұр ғой!...
Кітапта тілдің көне ерекшеліктері де кездесіп қалады. Уақиға шашыраңқы емес, қолдан жонылғандай жұмыр. Қызғылықты және сенімді...

«Ғасыр-Ш» баспасы. 2003 ж.






«Ғасыр-Ш» баспасынан қалыңдығы екі еліден астам, түрлі-түсті болып әсем безендірілген кітап жарық көрді. Өз оқырмандарына енді ғана жол тартқан «Мәделі» роман-эпопеясының бұл бірінші кітабының аты – «Маұғлы ханзадасы» деп аталынады. Авторы Оңтүстік өңіріне белгілі қаламгер Әбдінағым Көшеров.
ХІХ ғасырдағы ұлттық тұлғалардың айтулыларының бірі, Қоқан хандығына қарсы азаттық күресінің қайраткері Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының қолбасшылық және отауызды, орақ тілді ақын екендігін бұрын еміс-еміс ғана білетін оқырман, бұл кітапты оқу барысында тарихи бай деректерге қанығып, батыр, ақын баба жайында мол мағлумат алары хақ.
«Мәделі» атты бірнеше кітаптан тұратын эпикалық шығарманың бірінші кітабы автордың бұл іске батылдықпен, үлкен ізденіспен қол ұрғандығын бірден аңғартады. Тілі бай, тарихи даталары барынша нақтыланған, тілдің көне ерекшеліктері орнымен қолданылған бұл тарихи жәдігерлік туындыны қолға алған жан өкінбейді. Танысыңыз – алдыңызда Әбдінағым жазушының «Маұғлы ханзадасы».

С. Бек. «Ақиқат-истина» газеті,
№ 27 (192), сәрсенбі, 16.07.2003 жыл.






Жазушы Әбдінағым Көшеровтың «Ей, перзентім, біліп алғын!» деп аталатын ғибратнама жинағына пікір.
Әбдінағым Көшеровтың шығармалары көпшіліктің көңілінен шыққан. Ол туралы жергілікті баспасөздерде талай жазылды да. Өзінің стилі бар, айтары бар, тек өзіне ғана тән қолтаңбасы бар жазушының бұл қолжазбасы бұрынғы өткен, қазіргі қазақ оқырмандарына оншалықты таныс та емес ғұламалардың өсиетнамаларынан үзінділер келтіре отырып, шығыс ғұламаларының ізімен жазылыпты. Ақылдан гөрі ақша билеген қоғамға мұндай кітаптар ауадай қажет екені өзінен-өзі түсінікті. Қолжазба бірсыдырғы, қарапайым тілмен жазылған. Оқырманын мезі ететін басы артық ақылгөйсу, қызымырлану да жоққа тән. Бар салмақты оқырманның өзіне салып қойып, айтарын айтып шығатын қолжазба, шын мәнісінде шығыстық үлгідегі ғибратнама болып шыққан. Қолжазба егер кітап болып шыға қалса, есі бар оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналғалы тұр. Себебі бұрынғы өткен Дана Хикар, Әзіреті Әлі, Кейқауыс, Қожа Ахмет Йассауи, Абай секілді кісілердің ғибратнамаларын бүгінгі көзқараспен салыстыра отырып, аталмыш ғұламалардың жазбалары бүгінгі күні де қоғамға ауадай қажет екенін, тіпті әрбір отбасы үшін таптырмайтын дүние екенін сезінесіз. Мұнда өмір сүрудің заңдылықтары, тіршіліктің тылсымға толы құпиялары ашыла түседі. Қолжазбаны оқыған біздер бұл дүние қазіргі қазақ қоғамына аса қажетті шығарма деп түйдік.

Әбілда Аймақ, Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты,
ҚР мәдениет қайраткері.






«ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, ҚАЙТАЛАНБАС ҚОЛЖАЗБА»

Тәңір берген талантын өз шығармашылығының мехнаты мен рахатына қатар жұмсап жүргендердің бірі – жазушы Әбдінағым Көшеров десек, жалаң айтқандығымыз болмас, сірә.
Ол «Бірі кем дүние» атты сатиралық повесть пен әңгімелер жинағының, «Маұғлы ханзажасы», «Дүрбелең» сынды тарихи-көркем романдардың авторы. Публистикалық шығармалары мен сатиралық мақалалары мерзімді баспасөз беттерінде үзбей жарияланып келеді. Жақында ол өз оқырмандарын тағы бір тың туындысының жарыққа шығуымен қуантып отыр. «Ей, перзентім, біліп алғын!..» деп аталатын қолжазбаның өскелең ұрпаққа айтар өсиеті мол деп ұқтық, еңбекті ерінбей оқып шыққаннан соң. Шынында да солай.
Әр дәуірдің адамы әрқилы өседі. Біздің кезеңнің жастары, жасыратыны жоқ байлықты – бір ғана ақша мен мансап деп ұғынған тұсқа тура келді де, материалдық жағдайды жақсарту мақсаты ғана болып қалды. Ал рух мәселесі, рухани дүниеге ұмтылу жайы кейінгі орынға шегерілді. Сондықтан да мұндай қолжазбаның дүниеге келуін қоғамның өзі сұранып тұрғандай. Туынды алдымен күллі жаратылыс иесі – бір Алланы тануға, жастарды өнер-білімге ұмтылуға, жаман әдеттен аулақ болуға, жақсы жар мен айнымас дос таңдай білуге үйретуді мақсат еткен. Сондай-ақ жігіттік дәуреннің қадіріне жете білуді, қарттық кезеңнің зейнеті мол шақ екенін, нәпсі мен тәпсінің ара-жігін ұқтырады. Еңбекте Дана Хикар, Әзіреті Әлі, Кейқауыс, Қожа Ахмет Яссауи, Ибраһим (Абай) сынды ғұламалардың ғибратқа толы өсиетнамаларынан үзінділер молынан пайдаланылған. Қолжазбаның тұла бойынан болашақ ұрпақ тәрбиесіне қажетті, танымдық, тәлімдік әсері мол, мәнді де мағыналы жәйіттер жиі кездеседі. Бұл жазушының толайым ойының толастамағанын, керісінше дарын қуатының оған әлі талай тыным таптырмайтынын аңғартса керек, әсте. Қалай десек те Ә. Көшеров кездейсоқ жазушы емес екенін дәлелдеп үлгерген қаламгер...

Б. Сапарханұлы. «Шымкент келбеті» газеті.
№ 28 (881), 13 шілде, 2007 жыл.






«БҰЛ ӘН БҰРЫНҒЫ ӘННЕН ӨЗГЕРЕК...»

Шырайлы Шымкентке арналған әндер аз емес. Өлең де. Әсем қаламызға көптеп ән арнасақ артықтық етпейді, әрине. Солардың ішінен шоқтығы биік боп жақында тағы бір әннің тұсауы кесілді. Дұрысы гимннің. Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Шымкент қаласы туралы ән» республикалық байқауында «Шымкентім – гүл қалам» атты ән бас жүлдені жеңіп алды. Әннің сөзін жазған – Әбдінағым Көшер, сазын жазған Құралай Сәтмұханбет. Сазды да назды әндерімен көптің көңілінен шығып жүрген сазгер Құралай Сәтмұханбеттің әні гран-приді иеленуін заңды құбылыс деп бағалағандар жетерлік. Өйткені әннің әуені өлең сөзімен өріле жымдасып, дара дараланып тұрғаны да бек шындық. Ал, мәтінін жаған Әбдінағым Көшер есімі әнсүйер қауымға тосын естілгені рас. Осы уақытқа дейін оқырманға «Маұғлы ханзадасы», «Ей, перзкнтім, біліп алғын!..», «Бірі кем дүние» атты кітаптарымен белгілі жазушының өлең жазатыны талайларды таң-тамаша еткен. Қос жанрға қалам тартып жүрген тума таланттың бұл өнері көпшілікті сүйсіндіріп тастады. Бұл байқауда өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар небір нарқасқалар мен марқасқалар бақ сынады. Тарланбоздардың арасынан суырылып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу да оңайға соққан жоқ. Бірақ, «Шымкентім – гүл қалам» атты әннің мәтініне мән берген адамға қаламыздың бүгінгі әсем келбеті өлең тармақтарынан өріп шыға келетінін байқау қиын емес. Оны ұғуға тек, көңілдің көзі, зерденің зейіні болса жетіп жатыр. Көркем тілмен көмкеріліп, әсем әуенмен әспеттелген ән шымкенттіктердің талғам биігінен шыға білді. Мұны байқау барысында көрермендердің ыстық ықыласынан-ақ аңғару қиын емес еді. Байқауда бақ сынаған 20-дан астам әннің тарланбозын танып білу әділқазылар арасында да оңайға соққан жоқ. Талғамы мен талабы таразы басын теңестірген Оңтүстіктей киелі өңірдің жұрты да асыл мен жасықтың ара жігін ажырата біледі. Ертеңгі күні Шымқаланың гимніне айналар әннің тап оты киелі сахнада тұсауы кесіліп, әділ бағасын алары да бек сенімділік білдіріп, қошеметтерін аямады.
Әрине, жүректен шықпаған дүние жүрекке кірмейді. Бұл жағынан ақын да, сазгер де биік белестен көріне білді. Рухыңды биіктетіп, жан дүниеңді баурап алатын ән дүниеге келді. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек... Ендеше талғамы биік көпшілікке ұнары сөзсіз.

Гүлжан Жұмашқызы. «Евразия-kz» газеті.
№ 44 (151), 2 қараша, 2007 жыл.






ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ТАҒЫ БІР ТУЫНДЫ ҚОСЫЛДЫ

Жақында қолыма «Үш батыр» аталатын жаңа роман түсті. Кітап бұрындары жарық көрген «Маұғлы ханзадасы» және «Дүрбелең» романдарының жалғасы. Қызықты уақиғаларға толы. Кейбірі тарихта белгілі болғанымен , тың жағдияттар да жеткілікті.
Әбдінағым Көшеровтың «Үш батыр» атты жаңа романының жарық көруі Қазақ хандығының 550-жылдық мерекесімен тұспа-тұс келді. Мұнда тарихи уақиғалар суреттеледі. Абылай хан өлгеннен соң Қоқан бектігі, Бұхар әмірлігі, Ресей патшалығы және Хиуа хандығы Қазақ жерін талапайға түсіре бастайды. Сол кезде Бұхар әмірлігі Сырдың бергі бетіне өтіп, Шымкент пен Түркістанды өзіне қаратқан екен.
Ал қоқандықтар 1808 жылы Шымкентті, 1814-жылы Түркістанды өздеріне қаратқан. Жызақ келісімі бойынша Сырдың оң жағалауы Бадамға дейін және Шардара мен Қосжарсуат Бұхара қарамағында қалады. Оның себебі Жызақ бұрын Бұхараға қарасты Көктіңұлы хандығының орталығы еді. Оның Абылай хан тірі кезіндегі ханы Рүстем деген кісі болған. Кейін Жая хан болады. Ол бір тиянақсыз болғандықтан оны Бұхар әмірі Жызақтан шығарып жіберіп, Далаға айдайды. Жая хан әмірдің жарлығымен Қосжарсуатта Орда тігеді. Кейін ол тақтан кеткеннен соң, әмір Көктіңұлына Жүсіпқожаны хан тағайындаған. Мына үшінші томда осы хандықтың қалай жойылып кеткені туралы баяндалады. Жазушы баяндауында сенімді шыққан.
Қазақ тарихы туралы жазғандар көп емес. Сондықтан Ә.Көшеровтың осынау туындысын қазақ тарихына қосылған үлкен олжа деп білгеніміз жөн.

Ілияс Мақаев
А. Асқаров атындағы № 71 ОМЛ директоры
«Оңтүстік Қазақстан» газеті,
№ 29-30 (20057) 20 ақпан, 2016 жыл.






САҒЫМДАНҒАН, САҒЫНДЫРҒАН – СОЗАҚ ДАЛАСЫ

Әбдінағым Көшер Созақ даласында өсіп, сонда орта білім алды. Мамандығы бойынша әдебиетші емес. Ол Алланың берген таланты арқасында жастайынан-ақ прозалық шығармаларға, яғни көркем әңгіме жазуға құмар-ақ болатын.
Әбдінағым оқушы кезінен сатираға құмар еді. Мектепте қабырға газетінің редакторы болды. Содан студент кезде де, жоғарғы оқуды бітіріп келгеннен соң да сатира әлемінде өзінің шығармаларымен танылды.
«Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан» сияқты қазақ газеттерінде «Қызыл етік», «Әнбикенің әлегі», «Пәштуәннің тойында», «Жеңгейдің бұйрықтары» және т.б. әзіл әңгімелері жарық көрді. Ол казақтың ең атақты сатириктері Оспанхан Әбубәкіров, Көпен Әмірбековтермен арқа-жарқа әңгімелесіп, қатысып тұрды. Әбдінағым Республикалық ақындар фестивалінде бас жүлдені және лауреат атағын иеленген. Біз оның Созақ өңірі туралы сағынышты өлеңдері хақында кішкене ғана мөлтек сыр айтпақшымыз. Ең әуелі оның еліне деген сағынышын білдіретін «О, қасиетті Созағым!» деген өлеңін толық келтірейік:

О, қасиетті өскен жер, далам – Созағым!
Сағынып сені, ұмтыла құшақ созамын.
Тарих ғой куә, алады бастау өзіңнен,
Хандарым – Ұлы – Жәнібек – Керей – Қазағым.
Болып па едің, сен Созақ деген ауданда?
Даласы көркем бұлбұлды бақша-баудан да.
Тынысың кеңіп, көңілің күндей ашылар,
«Одаман бұлақ», – асудан әрі ауғанда.
Даласы қиян, сілемді асқар таулары,
Етегі гүлді, жайнаған бақша-баулары
Сағынып келсең, шашыңнан сипап, аймалар
Арқадан ескен, керімсал самал-саумалы
О, білім алған – Шу, Тасты, Шолаққорғаным!
Жақсылық беріп, жаманнан талай қорғадың.
Жастығым өткен, Шу бойы – елді мекендер!
Сағыныш толы, сәлемдерімді жолдадым.
...Ойхой-ой, шіркін, айналып қайта, келсе тез.
Күттірмей мені, алдымнан шықса сол бір кез!?
Айрылмас едім, жібермес едім, арман-ай!
Оралар ма екен, қызығы нағыз, мол бір кез?
Созақтық көрсе, «бәрін айтпай, бірін айт!»
Айтары маған: «ауылға жаным, барып қайт!»
Шаршадым жүдә, қалалық ауыр тірліктен,
Осы еді қалқам, білгіңіз келсе, біздің жайт...

Міне елге деген сағыныш. Қайбір адамның аяғына оралған күйкі тірлік кімді де болса еркіне жібермейді.
Созақ даласының қыздарының сұлу екендігіне ешкімнің таласы болмас. Әбдінағымның сол сұлулардың біріне арнап, 2006 жылы «Шымкент келбеті» газетінде жарияланған «Қайдасың «Шу-дария» сұлуы...? өлеңінінен үзінділер оқиық:

Гүліндей қырдың,
Қызындай үрдің,
Кездестім саған, сұлуым!
Нұрланды өмір,
Жарасты көңіл,
Арнадым сезім жылуын.
Тоғайы Шудың
Арасы нудың
Жасырды бізді, жырақтай
Оңаша болып,
Қуаныш толып,
Көзіміз жанды шырақтай
...Көргенде сені,
Қуантып мені,
Шіркін-ай, көңіл тасыр ма?!
Сағыныш сезім,
Бұлдырай көзім,
Жанарға тұнар жасым да!
...Ән-жырым едің,
Аяулым менің!
Қайда сол күндер қымбат тым?!
Іздеумен көңіл,
Өтер ме өмір,
Көрінші бір сәт, сымбаттым!
...Сағынып жазған,
Жауапсыз қалған,
Сарғайды беті, хаттың да.
Өтті ғой уақыт,
Өмірлік бақыт,
Басқадан әлде, таптың ба?!...

Пах, шіркін махаббат! Ақын сағынышын осылай білдіреді. Әбдінағымның өлеңдерінің көбісі отансүйгіштікке достыққа арналған.
Ал «Құмкенттөбе» деген өлеңінен үзіндісінде:

Неше мың өткен жылдарды басынан-кәрі асырып,
Ықылым-көне беттерін, қойнына тығып, жасырып.
Көрсетіп тарих көзіңе, ежелгі талай ғасырлық,
Құмкенттөбе сұлап жатыр, киелі.
...Едігедей ұланы, Ноғайлыға хан болған,
«Қырымның қырық батыры» Құмкент-шәрінен топталған.
Солардан қазір жәдігер, біреуі де жоқ қалған,
Құмкенттөбе сұлап жатыр киелі.
– деп, елдегі елеусіз қалып бара жатқан тарихи жәдігерлерге жанашырлық танытады. Оқырманды тарихи төбені қорғауға шақырады. Әне жерлесіміз Әбдінағым Көшеровтың жазушылық, ақындық өнері туралы, оның ішінде өзінің жастық шағы өткен Созағы туралы азғантай ғана мөлтек сырымыз осы.

Мекенбай Атабайұлы. «Әділет» газеті,
№ 29-30, 19.08.2016 жыл.






СОЗАҚТАН ШЫҚҚАН ҚАЛАМГЕР

Таяуда Қазақстанның 25 жыл мерейтойына орай Оңтүстікке белгілі қаламгер Әбдінағым Көшер өзі туған ауданында болып Созақ жұртына өз кітаптарын тарту етіп қайтты.

– «60 мыңдай халқы бар Созақ ауданында кітап қоры миллионнан асатын кітапханамыз бар, – деді Шолаққорған кентіндегі аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Өмірбек. – Бұл кітапхана жарты ғасырдан астам уақыт оқырмандарға қызмет етіп келеді. Анам Ібжанова – осы кітапхананың негізін қалаған адамдардың бірі. Алғашқыда кітапханада кітап қоры аз еді. Бүгінде бізде құнды кітаптар көптеп кездеседі. Солардың ішінде өзіміздің жерлесіміз, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, республикалық ақындар фестивалінің лауреаты, бірнеше медалдардың иегері Әбдінағым Көшер ағамыздың кітаптары бар. 20 жылдан бері ол кісінің екі кітабын оқырмандарымыз қызыға оқып келеді. Енді міне қаламгер ағамыз бізге өзі арнайы келіп бірнеше кітапты сый етіп отыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Авторлар өздері келіп кітаптарын осылай тарту етіп жатса кітапхананың беделі де, оқырмандары да артады деп ойлаймын».
Жалпы Гүлнәр Өмірбек Әбдінағым Көшердің «Маұғлы ханзадасы» оқырмандар көп сұрайтынын айтады. Ол оны өзі де оқып шыққанын, өте қызықты шығарма екенін жеткізді.

С. А. Тұрысбекова, «Саясат, ақпарат» газеті,
№ 11-12 (231), 26.07.2016 жыл.






ҮШ БАТЫРҒА АРНАЛҒАН ТРИЛОГИЯ

Әлем Халықтары Жазушылар одағының мүшесі – Әбдінағым Көшеровтың «Үш батыр» романы жақында баспадан шықты. Туындыны бұған дейін жарық көрген «Маұғлы ханзадасы» және «Дүрбелең» романдарының жалғасы деуге болады Оқиға деректерінің кейбірі тарихта белгілі болғанымен, көбісі тың жағдияттар.
Трилогияның басты кейіпкерлері – Мәделі, Мұсабек және Рысқұлбек жайында бұдан бұрын да кітаптардан, ел ауызынан естіген едік.
Мәделі батыр туралы Ахмет Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Мұханов Кенен Әзірбаев, Нартай Бекежанов сияқты тұлғалардың жазғандарын газет-журналдардан талай оқығанбыз. Енді міне батыр-ақын және оның достары туралы кең ауқымды дүние оқырмандар қолына тиді.
Романда үш батырға да төрден орын берілген. Қазақ хандығының 550-жылдық мерекесі қарсаңында жазылып біткен туындыда тарихи уақиғалар кеңінен көрініс тапқан. Абылай хан дүниеден өткенсоң ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қоқан бектігі, Бұхар әмірлігі, Ресей патшалығы және Хиуа хандығы Қазақ жерін талапайға түсіреді. Сол кезде Бұхар әмірлігі Сырдың бергі бетіне өтіп, Шымкент пен Түркістанды өзіне қаратқан екен. Бірақ қоқандықтар 1808 жылы Шымкентті, 1814-жылы Түркістанды өздеріне қаратқан. Жызақ келісімі бойынша Сырдың оң жағалауы Бадамға дейін және Шардара мен Қосжарсуат Бұхара қарамағында қалады. Оның себебі Жызақ бұрын Бұхараға қарасты Көктіңұлы хандығының орталығы еді. Үшінші томда хандықтың қалай жойылып кеткені туралы баяндалуы сенімді шыққан.
Біз бұрын Мәделіні жаппастардың не үшін қудалағанын, Мәделі оларды не үшін толғау жырына қосқанын түсінбеуші едік. Аталмыш романда оның шынайы себептері сөз болады.
Мәделінің Кенесары көтерілісіне қатысқаны, қырғыз барғанындағы шығарған өлеңдерін кезінде «Жұлдыз» жұрналында Бақтыажар Әбілдаұлы жариялаған-ды. Оны ол академик В.В. Радловтың 1870-жылы жарық көрген он томдығынан алған екен. Осыған қарап отырып, І. Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Кенесарының оң қолы Сайдақ қожа осы Мәделінің прототипі екеніне көз жеткіземіз. Себебі Сайдақ қожаның да, Мәделіқожаның да фамилиялары Жүсіп ұлы болып жазылған. Екеуі де Бұхарадан келіп қосылған. Екеуі де Кенесарыны оқ-дәрімен, зеңбірекпен жабдықтайды. Оның үстіне Мәделі Кене ханның туған қарындасы – Қалипаға үйленген. Одан өрбіген ұрпақтар қазір Шымкент пен Ақбұлақта тұрып жатыр деп естиміз.
Бізді таң қалдырғаны – Кенесары ханның Ормон манап кестірген басы туралы уақиға болды. Кітапта көрсетілген нұсқа сенімді. Себебі қазіргі кезде Петербор ханымыздың басын қайтармай жүргені тегіннен теген емес. Эрмитаждағы бас сүйек «оригинал» болмауы мүмкін. Шын бас денесімен бірге еліміздің оңтүстігінде арулап қойылған. Намысы мықты қазақтар өз ханнының басын шетке шығармай, өздерінде алып қалып, жаудың каһарынан сескенгендіктен, мүрдені ешкім білмейтін жайға жерлеген. Ал Омбыға кеткен бас бір дұшпанның басы болуы мүмкін. Романның шығармашылығы осындай біздер яғни оқырмандар ойламаған уақиғалардан құралуы. Ьұндай оқиғалар оқырмандарды өзіне баурап одан әрі қызықтыра түседі.
Бұл енді көркем шығарма болғандықтан бұл пікірге сенбеуге де болады. Бірақ ұлттық намысқа тырысып сенуге тура келеді. Арман-қиялдан туындаған уақиға болса да, шындыққа бергісіз дүние екен!
Сөз соңында айтарымыз, трилогияны қазақтың орақ тілді ақыны – Мәделіқожаның 200 жылдық мерейтойына лайық тарту деп қабылдадық.

Ілесхан Сманов, ОҚМПИ-дің профессоры,
Педагогика ғылымының докторы.