Әбдінағым Көшер

Туындылары


«БІРЕУДІҢ ҚАҢСЫҒЫ – БІРЕУГЕ ТАҢСЫҚ» НЕМЕСЕ «ІШПЕСЕҢ «ПОХМЕЛЬ» АТАҢНЫҢ БАСЫНА КЕРЕК ПЕ?»
(Юморлық әңгіме)


       Түн түндігін түсіре бергенде түлкініңкіндей түрің құрғыр Егеуәлі ербеңдеді. Мен оны мысық па деп «піш» деп едім, ол «іш» деп ысқырды. Бардым:
       – Түн ішінде неғып ербиіп жүрсің?
       – Просто, бір гәп бар, ертеңге Саңырақ шал ауылға наурыз йөлкісіне шақырыбатыр, соған сен үйіңдегіге айтпай, бір өзің шық!
       – Не, Саңырақова да бармай ма?
       – Гүлкімкелді өтініп еді «бір жігіт алып шық» деп, оның үстіне онда арақты еркін отырып сіміреміз, қатын-патын жағынан «кәнтрөль» болмайды.
       Мен мұртымды шиырдым, өткенде Гүлкімкелдінің бесінші байдан қайта қайтып келгелі кеудесінің толып, белінің жіңішкеріп бөксесінің домаланғанын, ешкімге білдірмей көзімді сығырайта қарап байқап қалғанмын.
       Ертеңіне құмдағы ауылға барсақ Саңырақ шал мас болып қапты. Қатпа кемпір секіріп жүр.
       – Тоқсан жыл наурызды йүлкісіз тойлап едік, мына шал биыл жаңа жылды йүлкімен қарсы алам деп, оны безендіремін деп, кытайдың отшашқыштарымен үптеймін деп, әнебір сымның екі мүйізін әнебір екі тесікке тығамын деп йүлкінің жылтырақтарына дейін өртеп алды, қараңғалмағыр! Содан іші күйді ме, ішіп жатыр – деді, біраздан соң секіруін доғарып.
       – Әже, йүлкі емес елка деңіз – деді, мұрны суланып, көзін байлап алған шибұт.
       – Өй әдірем қал-ау, жүгермек, осы сен емес пе қытайдың партылдағын атамын деп көзіңді ағызып ала жаздаған – деп, Қатпа кемпір немересіне шүйлікті.
       – Енді? – деп, Егеуәлі кемпірдің жүзіне емініп, сұраулы бетін бажырайтты.
       – Енді йүлкі табыңдар, әйтпесе ана шал ішуін доғармайды.
       – Мына айдаладағы құмның ішінде шыршаны қайдан аламыз, егеміз бе?
       Бәрінің аузына құм құйылып, дымсыз, үнсіз. Бір бөтелке «Tau» таусылардай уақыт өтті. «Сопромат», «теормех», «вышматтың» есебіндей шешуі қиын мәселенің жауабын таба алмай бәріміз желкелерімізді қасып, мұрнымыздың тесігін пысылдаттық. Содан сигаретті екі рет шегердей және бір рет насыбай атардай мезгіл өткенде, бәрінің танауларының пысылдағандарын Гүлкімкелді бұзды:
       – Давай битеміз, осы біз отырған Созақтың құмында не көп?...
       – Құм көп.
       – Жоқ!
       – Маса көп.
       – Цыхх!
       – Тышқан.
       – Жоо!
       – Уран.
       – Ойланыңдар!
       – Мал.
       – Өздерің мал, маубастар!
       – Құмалақ.
       – Малталарыңды езіп кеттіңдер ғой, өздерің құмалақ, білмедіңдер, айтайын ба?
       – Енді еміндіре бермей, айтсаңшы!
       – Сексеуіл!!!
       – Табылған ақыл! Барлығымыз барылдай «ураладық». «Көп жасағаннан емес көпті көргеннен сұра» дегені шындық екен. Гүлкімкелді бес байдан шыға ақылды әрі мыйлы болыпты деген тұжырымға келдік.
       Жеті қырдан асып, сегізіншінен семіз сексеуіл таптық. Түбін қазып ырғадық. Тамыры тереңде екен, жұлынбады. Саңырақ шал мастығына салды. «Былай тұрыңдар мен баяғыда бураны жығатынмын, бір өзім суырамын» – деп, алақанына түкірді. Ырғады, ырғады. Болмады. Сосын тепкіледі. Бәрібір болмады.
       – Сенің күшің маған келеді, бұл – мен емес, бұл – сексеуіл, бураны жығатын кезіңде таза азық жейтін едің, қазір қытайдың қағаз қосылған дәмдеуішін шайнап жүрген жоқсың ба?! – деп, Қатпа кемпір шалды келемеждеген. Қыңыр кемпірдің қырбық сөзін естіген соң:
       – Онда жабылайық! – деді Саңырақ шал жеңілген рай таныта.
       – Тыратырыңыз! Әуелім план құру керек – деп, Гүлкімкелді тактикаға көшу керек екенін ескерткен.
       – Тәәәк, сонда позициямыз қандай болмақ?
       – Бірден бас сала жабылсақ, жан-жаққа жұлмалаймыз. Бірі-бірімізге мешайт жасаймыз.
       – Ааалл?
       – «Вектор» деген бар. Бір бағыттағы күш. Біз бәріміз «Шалқан туралы ертегіні» мектепте оқыдық. Олай болса соның теориясын қолдануымыз керек. Бұл сол шалқаннан мықты емес шығар – деп, Гүлкімкелді бастауыш мектепте білім алып, оқығандығын білдірді.
       «Оқығанға дауа жоқ екен», «ұрыста тұрыс жоқ» деген ұранмен, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, стройға тұрдық. Саңырақ шал сексеуілден қапсыра құшақтады, оның белінен кемпірі, кемпірдің белінен Саңырақова, оның белінен оның ба... тойыс күйеуі Егеуәлі, оның белінен Гүлкімкелді, Гүлкімкелдінің белінен... әрине мен. Бұл белден бір құшақтау жасырын арманым еді. «Чүүшш, үйдегі естіп қоймасын, мен саған ғана айтып отырмын!» Содан әрі қарай, менің шалбарымның белдігінен әлгі шибұт бала ұстап еді, мына көріністі қызықтады ма, шибұттың етегінен майлыаяқ тартқылады. Майлыаяқтың бұлғақтап тұрған құйрығына ызаланған мысық оған жармасты.
       «Бірлік болмай – тірлік болмайды», «еңбек түбі – зейнет», «барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген мақал-ұрандарды басшылыққа алып, «рас, дба, бзалый, рас, дба, бзалый» деп ырғап жатырмыз. Сүт түгілі, жылқы сойып, ет пісірімдей уақыт ырғадық. Сексеуіліміз сұрау белгісіндей майысып беті бері қарай бастады. Бір кез сексеуіл түбінен тышқан ытып шықты. Оны көрген Гүлкімкелді шарылдай шыңғырды да, тура алдында тұрған Егеуәлінің арқасына мініп кетті. Аяғымен Егеуәлінің қабырғасын сындырып жіберер деген қауыпім болды ма, әлде одан қызғандым ба, мен Гүлкімкелдінің жіп-жіңішке белінен алақаныммен абайлап ұстап өзіме қарай ақырын ғана өтіріктен тартқан болдым. Бұнымды шын деп байқаған қыз белін менің қолымның ыңғайымен маған жақындата түскен. Онымен бірге сексеуіл де қопарылып келе жатты. Не деген керемет көрініс! Бәріміз шалқалай құладық. Гүлкімкелдінің қолаң шашы мұрнымды қытықтады. «Ольвейс» тампоны..., тойыс «Хед енд шолдеріс» шампонының иісі аңқып тұр, ал жағасынан «шанельдің» хош иісі.
       Сексеуілді үйге әкелгесін оны тікейтетін орын табу қиын болды. Еденге шегелейін десек сексеуілге шеге батпайды. Сосын кірпіш тамнан киіз үйге шығып, оның ортасынан ошақ ойып сексеуілдің түбін сонда көмдік. Ойыншық орнына кәмпиттер ілдік. «Для разнообразие» деп, ара-, арасына қазы мен жал жая, темекі, фанта, «шымкентское пиво», «барби» ілдік. Даже мен ыстықтап, қылғынып бара жатқасын мойнымдағы галстугімді шешіп сексеуілге іліп қойып едім Гүлкімкелді де бір нәрсе іліп жатты.