Әбдінағым Көшер

Туындылары


ПЫРЫҚ, ТЫРЫҚ, УЖЕ ҚАЗАҚША ҮЙРЕНЕЙІНДЕБАТЫРЫҚ...
(Сатиралық әңгіме)


       Керек емес жерде тәлімсіп, орысша тіл сындыратын тілің құрмағыр Егеуәлі күзде сайланатын парламентке депутаттыққа кандидат болып, өзін мадақтап, дамбалы далақтап, екі көзі алақтап, байтақ елді адақтап кетіп қалды да, орнына «доверенный лицо» ретінде біздің құдамыз – өзінің қайын атасы – Саңырақованың әкесі – сүйегі саудырлаған кәрі Саңырақты ЖШС-ның президенті етіп тағайындаған.
       Саңырақ шал ә дегеннен қазақшылыққа салды. Үйтпеске лажы да жоқ еді бір жағынан. Себебі Саңырақтың бір інілерінің баласы – осы ЖШС-нің вице-президенті – Пырық, шалды менсінбей:
       – А зачем, касакча? – деп тыржың ете қалды.
       Бұл сөзге Саңырақ шал қатты ашуланды.
       – Өй, шешеңді!... Кеше ғана ауылда туылған, мұрныңнан боқ аққан бала едің, «қазақша білмеймінің» не-ей?! Шақыр анау барлық қызметкерлерді, бүгіннен бастап барлығың түгелдей қазақша үйренесіңдер! – деп, Саңырақ шал оны бір сыбап алып, үлкен жоспар құрып, мойнымызға өте ауыр, зілдей міндет жүктеді.
       Саңырақ шалдың осынысынан кейін офисте құжаттарды қазақ тілінде жүргізу үшін «қазақ тілі» сабағы басталды да кетті. Мектепте не оқығанымызды білмеймін, мына қазақ тілің қиынның қиыны екен.
       ...Сонымен «алфавит» деп жүргеніміз, қазақ тілінде «әліппе» деген сөз екен. Ал енді «А» деген әріптен соң жұрт құсап, дүниежүзілік стандарт бойынша келетін «Б» емес, қайдағы бір біз танып-көрмеген «Ә» дегені сразым келеді екен. Бұдан кейін-ақ, «А» десең «Б» деп тұратын Пырық, Ыстан, Тырық, Мысқал сияқты құқ етпестер не істерлерін білмей қатты састы.
       Бұл «ә» деген әрібіңіздің айтылуы да, жазылуы да қиынның қиыны болып шықты. Жазған кезде «ә»-нің орнына «6» санын жазып жүрдік. Жұрт «әәәәәә...» дегенде кейбіреулердің тілдері салақтап, өңештері үзіліп кете жаздады. Бірақ «өлсе де» «ә» әрібін айта алмады.
       Дегенмен «Қазақ тілі» пәнін жүргізуші апайымыз пысық екен, жолын тауып кетті. Ол кісі дереу «ағылшын тілі» маманы мен «арап тілінің» оқытушысын осында әкеле қойды. Бақытымызға қарай «ә» деген әріп бұл екі тілде бар болып шықты. Қызық болғанда қазақша «Ә» әріпіне тілдері келмей қор болған шала қазақтар ағылшын, араб тілдеріндегі «Ә» дыбысына келгенде таңдайлары тақылдап қоя берді дейсің. Сөйтіп «Ә» әріпін судай біліп алдық. Бірақ әліппе «ғ», «ң», «ө», «ү» деген әріптерге келгенде іс тағы тұйыққа тірелді. «Ғ» әріпін айту үшін ауызымызға су толтырып алып, аспанға қарап, тамағымызды шайғансып, «ғғғғғғы...» деп, суды түкіріп тастап отырдық. Осындай бір «практическое занятие» кезінде, Мыстан деген қыздың ауызындағы «ғғғғғғғғы» деп практиковат етіп отырған суы кеңірдегіне кетіп қалып, қақалды да қалды. Желкесінен жұдырығымызбен түйгіштеп жүріп, төңкерілген қыли көзін түзеп, бетін бері қараттық.
       Бірақ бұл қыз «мал» болмады, жолын тауып «больничныйға» шығып кетті. Бұл практика денсаулыққа өте-мөте зияндылау екендігін «Закон о здоровье слущателей при обучении и преподовании второстепенних, третьестепенних, четверто... т.е нижестепенних языков» деген бір елдің заңынан оқып білгесін, бұл әдіс сап тыйылды.
       «Қазақ тілі» апай бүкіл дүние жүзі тілінің спискісін алып, ақтарып-ақтарып жіберіп, «ғ» деген әріптің француз деген халықта бар екенін білді. Бұл французың қай жақта тұрады? Алтайда ма әлде Ауғанда ма? Жоқ, «география» ағайдан білдік олар Европада тұрады екен. Біздің ондай халықты бірінші рет естуіміз. Астанасы Италия болу керек. Ал енді «ң», «ө», «ү» деген әріптер түрікпен деген халықтың тілінде бар екен. Түрікпен дегендері Түркістан ба әлде Түркия ма, белгісіз. Осыдан соң-ақ тыңдаушылар төрт жылда түрікпен, төрт айда француз тілін «от и до» біліп шықты.
       Айтпақшы үшінші жылы Мыстанқыз больничныйдан оралды. Оны «бонжур, мадмуазель» деп қарсы алып едік. Ол «қателесесіңдер, қателесесіңдер, мен уже Мысқалға байға шығып, үш бала туып алдым. Қазір уже тағы екіқабатпын. Француздар сарықарын қатындарды «мадам» дейді. Так что, «бонжур мадам!» деп қарсы алыңдар» деп, қуаныштан кемсеңдеп жылап, сөзімізді түзетті. Алпысқа келіп, қыздай бірінші рет күйеуге шыққасын білімденіп, бауыры елжіреп, кеудесі тойыс кеудесіндегі өкпесі жұмсарып, ау.. ау.. ауы... тойыс ауқымы, тойыс «кругозоры» кеңейіп кетіпті, Мыстанжанның.
       Бұл «қазақ тілі» дегеніңіз сөзге бай деуші еді, сондай-ақ әріпке де кедей болмай шықты. Басқа алдыңғы қатардағы елдер жиырма шақты әріппен-ақ жандарын күйіттеп, нандарын тауып жеп жүрсе, біздің тілде әріп дегенің қырықтан асып жығылады екен. Бұл молшылықты көрген Тырықтың қатыны Әппәқштангүл:
       – Әй, қазекем-ай, көзің тоймай, әріптерді жия беріпсің ғой, мұның бәрін қашан үйреніп боламыз?! – деп, қинала күрсініп, ернін сылп еткізді.
       «Һ» әрібін үйрену үшін қақырына-қақырына өңешіміз ауырды.Тіпті болмағасын немісшені жатпай-тұрмай оқып, зорға дегенде «һ» - ны үйрендік-ау. Енді «ұ» деген әріпті үйреніп жатырмыз. «Қазақ тілі» апай: «Бұл әріпке ұқсас әріп өзбектердің ескі әліппесінде бар дейді», дегені сол еді, тіл үйренушілер: «Олай болса өзбекшені үйретіп әуре болмай-ақ қойыңыз, шымкенттіктер бұл тілді олардан да жақсы біледі» деп, шиебөрінің артындай шу ете қалды.
       Бірақ сол әлгі «і» деген әріп қиындық келтіріп жүрмесе де. Ә, айтпақшы «І» әрпі украиндарда бар екен ғой. Украин тілін де екі-үш жылда қатырармыз. «І» әрпін қалай айтуды бір үйреніп алсақ, одан әрі қарай қазақша да сөйлеп қалармыз. Сосын көрерсіз офисте іс қағаздарын қалай қазақша жүргізетінімізді... Бұл әріптерді түгел үйреніп, қазақша таза сөйлеуімізге де енді бес-алты жыл бар екен. Несіне асығамыз... Бәлкім оған дейін Егеуәлінің мандатының срогі аяқталып, ол өз орнына келіп, қазақшаң біздің ЖШС-ге керек болмай қалатын да шығар...