Әбдінағым Көшер

Туындылары


ӘЛІ ЕСІМІН БІЛМЕЙМІЗ НЕМЕСЕ «ІЗДЕГЕНГЕ – СҰРАҒАН»
(Юморлық әңгіме)


       Екі дөңгелекті мотоциклге мінгесіп алып, митыңдар келеміз. Егеуәлі – жүргізуші, мен – жүкпін. Қойшылар ауылындағы кемпір-шал беріп жіберген екі қаптағы қой етін теңдеп, тиеп алғанбыз. Кішкентай мотоциклдің белі майысып, еңіреп әрең келеді. Қараңғы басып, жарық қашып, шиебөрілер шулай бастаған шақ. Семіз түйенің өркешіне ұқсаған құм-жалдар бірінен соң бірі конвеерден шығып жатқандай, таусылар емес. «Қаттырақ айдасаңшы!» – деп, алдымдағы Егеуәлінің желкесінің кнопкасын түртіп-түртіп қоямын. Ауылдың төбесі әлі көрінбейді.
       Бір қырдан асқанымызда Егеуәлінің жаңағы тетігін қайта түрте бергенім сол еді, менің де бүйірімнен біреу түртеді. Қараңғыда, айдалада «бүгім-ей» деп, артыма бұрылсам... бөлтіріктерінің қызығын көрмегір – қызылкөз қасқыр... «Мына ет пен қоса сені де жейінші-ей» дегендей, бір көзін маған қысқандай болды. Бірақ мөлиіп, көбінесе қаптағы етке қарайды. Мен паңдана мұрнымды шүйірдім. Бірақ мынаның шын қасқыр екенін байқағанда... «ойбай», зәрем ұшты. Оң жұдырығымды қатты түйдім. Қолымның қыши бастағанын сездім.
       Сосын... Егеуәлі жазғанның жазықсыз жотасынан бірді қонжитып өттім. Егеуәлі бақырып, мотоцикл өкіріп қалды. Бір қарасам жерде жатырмын. Ойбайлағанымды құлағы құлақ емес тулақ болғыр Егеуәлі естімеді, безіп кетті. Алғашында төрт аяқтап, сосын үш аяқтап, біраздан соң екі аяқтап зытып бердім. Ең алдымызда Егеуәлі мотоциклімен, сосын қызылкөз қасқыр, олардың соңынан мен. Ал менің соңымда... Ойбай атама, қарауға қорқамын, бәлкім арыстан, бәлкім мыстан, а бәлкім жезтырнақ... Оларды ойлағанымда алдымда келе жатқан түз қасқыры өзімнің бірге туған ағамдай көрініп, «аға-а-аа»лап алға ұмтыла түсемін. Басып келем, зытып келем, құлағына қорғасын құйылғыр Егеуәлі мен қасқырды айғайлап қуып келем. Шапан мен шалбар жолда қалды, бас киім – анда, мен – мұнда, етік сыпырылып, шұлғау шұбатылды...
       Жылдамдығым сағатына жүз жиырмадан асып, давлением екі жүз жиырмадан ал пульс үш жүз жиырмадан асыңқырап бара жатқанын сезіңкіредім. Себебі етпетіңнен түскір Егеуәліні де, қарқындап келе жатқан қасекеңді де шаңыма орап тастадым. Қорыққан кезде тікен-пікен, түбіртек-томар қасқырдың желке жүнінен де, жезтырнақтың үшкір тырнағынан да жұмсақ болады екен. Желмен жарысып, үйге де жеттім-ау, әйтеуір.
       Ертесіне аулаға шықсам, «Құтжолдың» алдына құйылған, кешкі астан қалған сорпаны Егеуәлінің қызылқұйрық қоразы ұрлап ішіп тұр екен. «Құтжол» паң. Қарның тоқ болса, қасқырдан қашып қиналмасаң әрине паңсың, ал мен...
       «Иесіне тартқан малғұн!» деп, қоразды қуа жөнелдім. Тұра қашты. «Ұрлық түбі – қорлық» деген девизбен және осы заңды қызылқұйрық қораздың құлағына құймак ниетіммен Егеуәлінің үйіне дейін оны өкшелей қудым. Ол сол барысымен қораға кіріп кетті. Мен де кірдім. Ол қораның арғы кішкене тесігінен шығып кетті. Мен сыймаймын. Қорадан қайта шығып тағы өкшеледім. Әгәркім, жетсем желкесін үзбек ойым бар еді, «кәпірің» жеткізбей жүр.
       Үйінің көлеңкесінде Егеуәлінің атасы – Аңырақай шал велосипедтің камерасын жамап отыр екен. «Қазіргі шалдарға істейтін жұмыс та қалмапты-ау» – деп, ойлай беріп едім, қораз енді шалды айнала қашты, мен де қалмадым. Шалды айналып жүрміз. Шал қолымен көзін көлегейлей, шақша басын екі-үш айналдыра көзімен қораз екеуміздің «қуаласпақ ойнап» жүргенімізді бақылап көріп еді, болмады, миы айналып кетті-ау деймін:
       – Әй, Әкәуәлі, шаңытып ит-құсты қуып еріккенше, келін түсіріп, анау жаман шешеңе күнде ұрысысып отыратын «әппөнент» тауып бермейсің бе? – деп, біз шаңдатқан шаңға жөтеле, қиқылдай, шекесіне қонған шыбынды салып қалды. Шыбын байғұс талып қалды.
       – Ауылда «толковый» қыз қайда-а-а, кілең рулас сайтандар ғой, жер жетпегендей бір ауылға тығыла беретіні несі осы руластардың, алайын десең бір қыз жоқ – деп, қоразға кеткен ызамды ағайындардан өтеп, қолымдағы таяқты қызылқұйрық қоразға қарай зулатып жібердім.
       – Егеужан екеуің көрші ауылдағы Саңырақтың ортаншы қызын көріп қайтыңдар, икемге келсе алып қашыңдар. Саңырақ ешнәрсе демейді, жас кезінде оған тізем талай батқан, әлі де қорқады – деп, кеңк-кеңк күлді.
       «Жө-ө-өн»
       Бұл жолы менің мотоцикліммен шықтық. Мен жүргізушімін, Егеуәлі – «запасной». Көрші ауылға келдік. Саңырақова ауылдың поштасында жұмыс істейді екен. «Саңырақова деген осы сенсің бе-ей?» десек, «Әрине, енді кім шығар деп миларыңды ашытып тұрсыңдар?» – деп өзімізге сұрақ қойды. Значить ілінісуге «кет әрі» емес.
       Ар жақ-бер жағына өтіп қарадық, қақшиып түрегеп тұрған кезін көрдік, жалпиып отырғанын, үстелде жарбиып қағаз жазуын көрдік, күлгенін, оңға-солға бұрылғанын көрдік. Қаламы жерге түсіп кетіп еді, оны тоңқа... тойыс еңкейіп алды. Арт жағынан еңкейгенін де көрдік. Құйры... тойыс бөксесі домаланып, моданың иісі аңқып тұр. Биікөкше кідігәйдан ұштары шығып тұрған аяқ тырнақтары Аңырақай шалдың ағаш қашауына (стамеска) немесе ағаш ұңғылағышына (долоток) өте ұқсайды екен, ладно, онысын қойшы, алғашқы түні-ақ отап тастармыз. Маған аяқтарының бітісі ұнамады, тар джинсы бүлдіріп-ақ тұр. Сол, жаңағы әлгі домаланған бөкседен басталатын бұттарының оңы оңтүстікке, солы солтүстікке қарай бағыт алыңқырап нақ тізе тұсқа келгенде беттерін қайта бұрып оң аяғы теріскейге, сол аяғы күнгейге бұрылып тұр. Значить, аяқтарының арасынан түйе болмаса да бір семіз ит өтіп кететін сияқты ма, қалай? Чехтың грузовойының артқы дөңгелектерінің пошымын біртүрлі көз алдыңа келтіреді екен.
       Егеуәлінің ербиген құлағынан шертіп оңашаға шақырдым. Былайырақ шығып:
       – Ну, қалай екен, маған аяқ бітістері... – дей беріп едім, ол:
       – Сен осы не түсінесің, шорт побери, наоборот, ондай аяқпен мотоциклге мығым отырады ғой, қайта жақсы болды, құлатпай, жықпай, шатын ауыртпай үйге аман-есен апаратын болдық – деп аспанға секіріп-секіріп кетті. Мынауың көзсіз ғашық болып қалған екен, «бір көргеннен ғашық болдым, өлердей сүйдім» дейтін ақындарға сенбеуші едім, енді міне живой пример, сенбеске лажың жоқ. Егеуәлі көзбе-көз, бір сәттің ішінде ғашықтық дертке шалдығып, көзі бозарып, сағышыштан беті қуқылданып барады. Сонда да нақтылап алмақшы болып, «Онда жолыңа тұрмай-ақ қояйын ба?» десем, «Мейлің білсін» дейді, ғашық болып қалғанын менен жасырмақшы болып, әдейі өтіріктен есінеп.
       Сағат бірге жиырма сегіз минут қалғанда Саңырақова (есімін білмейміз) түскі үзіліске шықты.
       – Сізді үйіңізге дейін мынау көк тұлпарға мінгізіп апарсақ, сөкпейтін шығарсыз? – деп, мен айтып ауыз жиғанша Егеуәлі екеуі қол ұстасып үлгеріпті. Мен рулдемін, Саңырақова ортада, үшінші болып Егеуәлі отыр. Сабазың Саңырақованың белінен уже құшақтап үлгеріпті...
       Саңырақ шалдың үйіне жете беріп, қияс тарттым. «Үйбай шешек, тоқта-ей» – деп, бүйірімнен өтірік қытықтаған болды, болашақ келіншек. Бұл тірлігіміз оның да жанына майдай жағып жатқанын сезіп отырмыз.
       Дегенмен Саңырақ шал да қыран көз екен, біліп қойып, үш ұлы мен екі итін және бір тазысын «Урал» мотоцикліне мінгізе, соңымыздан салып кеп жіберді.
       – Өлә-ә-ә, қуғыншы, бол тез, қаттырақ айда-а!!! – деп, Саңырақова арқамнан қойып-қойып қалды. Жұдырығы жаман қатты екен. Омыртқам қисайды. Үзілмеді. Бұл «удардың» бізді кеше қасқыр қуғандағы Егеуәлінің опасыздығын есіме түсіруі мұң екен, қияс шешімге бел будым. Қарқ-қарқ күлдім де, мотоциклдің жүрісін баяулаттым. Сөйтіп газды барынша бұрап кеп жіберіп едім, артымдағы екеуі түйенің жабуындай сыпырылып қалды...
       Ертеңіне Егеуәліні көзі-басы ісік күйінше, тауығына жем шашып жүргенінде көрдім. Ыржаң-ыржаң күледі.
       – Өй, намыссыздар! – деді Аңырақай шал, – жігіт емессіңдер!
       «Жігіт екенімізді көрсетейік, қытымыр шалға», – деп, алақанға қайта-қайта түкіріп, үйдегі, үстіндегі брезент жабуы алынып тасталған ескі «Газалпыстоғызды» (ГАЗ-69) от алдырдық. Сағат күндізгі бестер шамасында тура Саңырақованың (әлі есімін білмейміз) жұмысына бардық та: «Жүр!!!», – дедік. Қасқаң, ол да дайын екен. Азаннан бері тағатсыз күтсе керек. Қызды машинаға мінгізіп алып, қойшы ауылдағы кемпір-шалға қарай тартып кеп бердік. Құмға кіргенше кеш батты. Жал-жал құмда машина ыңыранып, ышқынып әрең келеді. Жолай, «енді келін болдың» деп, табан астында орамал таба алмаған соң, Аңырақай шалдың бардачокта жатқан ақ шекпенін үстіне жаптық.
       – Мен сенің қайның боламын, себебі мен Егеуәліден жиырма үш минуттай кішілігім бар, менің атымды атамай, енді «кличка» қоюыңа тура келеді, – деп өзім туралы айта беріп едім, ол құлағымнан ұстап алып бұрай бастады.
       – Ойбай құлағым, не жаздым?
       – Кеше мына ағаңды жау қолына неге тастап кетесің, а?
       – Жындысыз ба, жауы несі, туған қайнағалары мен иттері емес пе?
       – Ол кезде мені әлі алып қашқан жоқ ғой, бұл ағаң! Қайдағы қайнағалары?
       – Қашпаса қашып бара жатыр едікқой!
       – Сонда бізді тастап кетпей-ақ шамалы ғана қаттырақ айдасаң, олар да, ғұрып сақтап, өтірік қуған боп, өтіріктен жете алмаған боп, жарты жолдан қайтып кетер еді. Сен тастап кеткеннен соң олар да амалсыздан, «күйеубаласының» бет-ауызын «текущий ремонттан» өткізді ғой...
       – Ой, мен қайдан білейін ондай ойларын, бұрын кім қыз алып қашып көріпті дейсің?
       – Алып қашпасаң, енді жігіт болдың, әлі талай қызды алып қашасың – деп, Саңырақова ауызын керіп жіберіп есінеп алды да, шалқалап, басын орындықтың арқасына апара берді. Аңырақай шалдың ақ шекпені бусантты ма қайдам, қыз құдалыққа бара жатқандай лезде жайбарақат парылдап, ұйқыға кетті.
       Ыңыранып келе жатқан машина Жуантөбе асуына тырмысып келе жатып, енді төбесіне арқан бойы қалғанда құмға батып, тұрып қалды. Жылдамдықты біріншіге ауыстыра беріп едім, рычаг ұясынан сопаң етіп шығып кетті. Лезде мотордың үні өшті. Рычаг ұясына түспей, әбден қиналдық. Қыз құдасының үйінде жатқандай, ұйқыға басты-ай бір. «Қайтсін енді, мұның да талайдан бергі арманы енді орындалып, рахатқа батып жатыр ғой», – деп, іштей мүсіркедім.
       Жуантөбеден ары, екі қырдан соң үлкен жол бар. Сол жерден жүргінші машиналар көп өтеді. Соларды торығаннан басқа амал қалмады. Егеуәліге: «Сен барып торы», – десем, «қой-әй, өзің бар», – дейді, бадалғыр. Айымының қасынан шыққысы жоқ па, әлде менен қызғана ма, әлде сол жақтағы «Шайтанқұдықтан» қорқа ма, кім білсін. Егер де менен жиырма үш минут үлкен Егеуәлі қорқып тұрса, оған қарағанда әлі кішкентай сәби – маған не жорық?! Мен әлі оған қарағанда бақандай жиырма үш минут кішілігім бар ғой! Оның жасына дейін өскесін «Шайтанқұдық» түгілі одан да мықтысына қорықпай барармыз... Және жан кімге тәтті емес, бәлесінен аулақ! Осы тас қараңғыда кішкентай болып жалғыз бару? Ойбай атама?
       – Онда екеуміз барайық, ал мылтықты мына «кемпірімнің» қасына қойып кетейік, егәрки ояна қалса, қолына қысып отырар – деді, Егеуәлі қалтырап. Келістік.
       Үлкен жолдың айрығында Егеуәлі екеуміз бір-бірімізге қарама-қарсы отырмыз. Алыстан қасқыр ұлыды. Жақыннан шиебөрі қиқулады. Ұры қарсақтың сыбдыры естілді, бір бүйірден. Онсыз да шыңылдап тұрған құлаққа, жапалақтың «уілдеген» үні мен мәліннің мияулағаны түрпідей тиеді. Қазір келіп бас салатындай! «Шайтан құдық» жаққа қарағың келмейді, көзіңе мүңкір-нәңкір елестеп, денең түршігіп, арқаңда құмырысқа жыбырлайды. Қараңғыда айналадағы сексеуіл, бұталар билеп, не біреуден жасырынып жүргендей ербеңдейді. Қасқыр ұлыған сайын, шолақ бәкімізді қыса түсеміз. «Шайтан құдық» тұстан ай көтерілді. Әлем қоңыр көк түске боялып, ылай реңкке оранды. Жан-жақты үрей билеп, елес кезді.
       «Жығылғанға-жұдырық» дегендей, осы кезде Жуантөбе тұстан шыңғырған, өкірген, бақырған, қиқулаған дауыс шықты. «Ойбай құрыдық, «Шайтан құдықтағы» жезтырнақ оянды, енді аман қоймайды!» – деді, Егеуәлі алқынып. Амалсыз Жуантөбе жаққа қарадық. Төбе басынан аппақ түтін көтерілді. Түтін астында ақ киген бір ұзын пәлекет бойын созды. А-а-а-а! А-а-а-а-ууу!!! Дауысы не деген жаман еді, кәпірдің! Өзі тура біздерге қарай келеді. Түтінге ұқсап, шұбатылып еңіске түсті. Қолында ұзын таяғы бар. Егеуәлі Аңырақай шалдан үйренген «Астапыралласын» қайталай берді. Мен де лезде одан үйреніп алдым. Үйреніп алдым да, заулата бердім. Анау пәлекет келіп қалды. Орнымыздан тұра сала қашып кеп бердік. Екі аяғымыз дірілдеп, тіземіз қалтырап, жүгіріп мандыртпадық. Әйтеуір жанымызды алып қалу, қайткенде де. Дегенмен менің баяғы қасқырдан қашқанымдағы, Егеуәлінің қайынағаларынан қашқанындағы, менен Егеуәлінің қызылқұйрық қоразының қашқанындағы жылдамдықтар бұл жылдамдықтың қасында арқан да есе алмайды. Құр кәпек. Тиынның оннан біріне де татымайды. Екеуміз бір-біріміздің қолымыздан ұстап алғанбыз. Ағайынгершілік, туысқандық осындай жан қиналғанда керек-ақ. Сондықтан бірімізді біріміз жау қолына тастамай, біріге зытып келеміз. Міне – протекционизм, панибратствоның ең быщий үлгісі! Туысқандықтың ең жоғарғы сорты ғой! Жұрттың қолынан осындай бауырмалдық келер ме екен. Әй күмәнім бар, басқа біреулер болса, бірі біріне қарамай екі жаққа қашар еді.
       Артымыздан мылтықтың дауысы «гүрс» ете қалды. Оқ төбемізден зырылдай өтіп еді, етпетімізден түстік. Қимылсыз жатырмыз. Жезтырнақтың жез тырнағы енді бүреді деп күтіп жатырмыз. Қасымызға келді. Олай-былай жүрді. Сылқ-сылқ күлгендей болды. Бұл нағылеттер де күледі екен-ау, бізді мазақ қылып тұр ғой, жейтін болса мазақ қылмай-ақ Егеуәліден бастап жей бермей ме, деп ойладым.
       – Әй, осы ойнағаныңдар да жетер, жүріңдер енді. «Газалпыстоғызды» жөндеп қойдым – дейді, Жезтырнақ қазақша сөйлеп.
       – Өй, мынау өзіміздің Саңырақова ғой – деді, Егеуәлі есін жинап. Есімін әлі білмейміз…