Өмірдерек
Сая Қасымбек 1964 жылы 24 қантарда ОҚО Кентау қаласында дүниеге келген. Мектепті Созақ ауданы, Жуантөбе ауылында аяқтаған.
1982-87 жылдары Қазақ Химия Технологиялық Институты химик-технолог мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Састөбе цемент зауытында атқарып жүріп, Кентау қаласындағы Қ.А.Иассауи атындағы қазақ-түрік университетіне аға лаборанттықтан жұмысқа оқытушылыққа қабылданды. «Өнер» факультетінде әдіскер болып қызмет ете жүріп, Қазақстанның Халық артисі Р.Сейтметов ашқан «театр режиссері» мамандығы бойынша бітіріп, аталмыш университеттің магистратурасын қызыл дипломмен тәмамдады. «Актер шеберлігі» мамандығына сабақ бере жүріп, алғаш М.Байджиевтің «Жекпе-жек» драмасын сахналаумен шығармашылық жолын бастаған. Қаншама театрымыдағы ертегілеріміздің авторы, режиссері ретінде Сая Қасымбекті Жас түлектер «Ертегіші апай» деп атайды.
2000 жылы Алматы қаласында өткен «Европа бірлігі» театр фестиваліне қатысты. Бірінші күні Қазақстанның атынан Б. Вахапзаденің «Көк Түріктер» спектаклін ойнаса, екінші күні Түркия мемлекетінің арнайы өтінішімен «Көк Түріктер» спектаклін түрік тілінде ойнады.
2000 жылы «Көк Түріктер» спектаклімен Түркия мемлекетінің арнайы шақыруымен Анкара, Сивас, Кайсери, Қырықкәле, Кония, Нидде, Маталия, Ерзум, Герсун, Анталия, Спарта сияқты қалаларында гастрольдік сапарда болып қайтты.
2001 жылы қазан айында «Оңтүстік Қазақстанның Астанадағы күндері» бағдарламасы бойынша театр труппасы Астанада «Көк Түріктер» спектаклін қойып қайтты.
Сая Қасымбектің бүгінгі таңға дейінгі шығармашылығымен таныстырып өтейік.
Сая Қасымбек қазіргі таңда Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында 2013-ші жылдың 2-ші қыркүйек айынан бастап әдебиет бөлім бастығы болып қызмет етуде.
26.05.2016 күні Астана Жастар театрында «Лифт» пьесасының премьерасы өтіп, қойылым жайлы республикалық телеарналар мен радиолар, баспа беттерінде жарияланып үлгерді.
Сая Қасымбек сонымен қатар режиссерлық мамандығы бойынша 2014 жылдың 27-28 наурыз күндері Ф.Буляковтың «Бақ іздеген бейбақтар» трагикомедиясын 6 маусым айында Жетысай Қ.Жандарбеков атындағы театрда Б.Срайловтың «Қобдиша» эллегиясын сахналады. «Бақ іздеген бейбақтар» қойылымы 2014 жылдың маусым айында Оңтүстік Қазақстан облысының Маңғыстау облысында өткен мерекелік күндеріне қатысып, Ақтау қаласының көрермендерінің ыстық ықыласына ие болды.
Осы аталған спектакль, 2014 жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласында Қазақстанның халық артисі Сәбира Майқанованың 100 жылдығына орай өткен ХХ1-ші Республикалық театрлар фестиваліне қатысып – «Актерлық тұтастығы үшін» номинациясын иеленіп қайтты.
2020 жылы DSram.kz 2020 Халықаралық драматургтер байқауында «Ерекше күн» мелодрамасы Бас жүлдені иеленді.
2021 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен он бес жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған акциясына драматургия жанрын енгізіп, санаулы драматургтер қатарында «Жанталас» пьесалар жинағымен таңдалынды.
2021 жылы Семейдегі Абай қазақ драма театрында «Кешір мені...» психологиялық драмасы сахналанды.
2021 жылдың наурыз айында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Наурыз көже Шымқалада» көңілді хикаяты сахналанды.
2021 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов театрында «Жалаңтөс баһадүр» атты драмасы сахналанды.
2022 жылы қазақтың тұңғыш режиссері, театр реформаторы Жұмат Шаниннің туғанына 130 толуына орай С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр» атты тарихи қасыреті сахналанды.
2022 жылы Шымкент қалалық Жасөспірімдер театрында «Ақтұмсұқ пен Сары үлпек» атты ертегісі сахналанды.
2022 жылы Қарақалпақ астанасы Нөкістің академиялық драм театрдында «Лифт» драмасы сахналанды.
2021 жылдың Халықаралық Театр сыншылары бірлестігінің шешімімен 2022 жылы «Ең көп қойылған автор» ондығына енді.
2023 жылы «Көк бөрілері» тарихи романы жарыққа шықты.
Үш томдық пьесалар жиыны басылып шыққан.
С.Қасымбек екі ұлын жетілдіріп отырған ана, немере тәрбиелеп отырған әже. Қызметтестері арасында беделді.