Сая Қасымбек

Шығармашылығы


* * *

Саяның бойындағы жасырынып жатқан құпияны танып, оның жанартаудай атқылап, жалынға айналып кетуіне жол ашқан айналайын Райымбек Сейтметов ағамыз қандай көреген еді, шіркін! Жатқан жері жайлы болсын!
Мейлі, дарынға – демеу, талантқа тіреу болатын жан табылғанымен, сол талант иесінің бойындағы игілікті төкпей-шашпай, аспай-таспай кәдеге асыра білуінің өзі бір құдірет емес пе?! Міне, Сая Қасымбектің табиғатына тұнған қасиет осы болып тұр. Оның драматург ретінде жазған пьесаларының республикадағы айтулы театрлардың сахналарында сұраныспен қойылып келе жатқаны, режиссер ретінде көрерменге ұсынған қойылымдарының сәтті шешіммен қуантып жүргені – соның айғағы. Республикамызда ғана емес, Түркия елінің сахнасында сол елдің басшыларының тамашалауымен түрік тілінде қойылған «Көктүріктер» тарихи драмасы екі мемлекеттің арасындағы рухани байланыспен қатар тарихи сабақтастықтың да салмағын арттырған өте құнды дүние болған еді. Сая Қасымбектің шығармашылығы көрші өзбек еліне де таныс. Астанамыз Нұр-Сұлтанның Жастар театры сахналаған «Лифт» психологиялық драмасы еліміздің басқа театрларымен қатар Өзбекстанның Бұхар академиялық театрында да табысты өткенін кезінде бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Жалпы, Сая Қасымбек психологиялық шиеленіспен өрілетін осындай шығармалары арқылы тәрбие тақырыбын ұлттық тәрбие деңгейіне көтеріп, санаға сілкініс туғызатын туынды тудыра білетінімен ерекше.
Ал Қасымбектің қара қызының тарихи тақырыптарға жүрексінбей, тартынбай қалам сілтейтіні тіпті тәнті етеді. Бұл бағытқа батыл қадам басуына да өмірлік ұстазы Райымбек аға қамшы болғанымен, екінің бірінің жүрегі дауламайтын, екінің бірінің білімі мен түйсігі түйісе бермейтін қиын тақырып – тарихи тақырыпты тарқатып алып кетіп, шым-шытырық шырғалаң оқиғалардың ортақ шешімін тауып, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» сыналап шығатын шеберлігі оның шын талантын танытады. «Жанталас» деп аталатын пьесалар жинағындағы қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары туралы тарихи драмасы қазақ халқын Ресейдің боданынан босатуды көксеп күрескен, сол жолда қилы-қилы аласапыран жанталасты жорықтар мен жойқын соғыстарды басынан өткеріп, қырғыз жерінде басы кеткен батыр бабамыздың образын сомдау мен тарихи шындықтың шырғалаңын қамырдан қыл суырғандай жеткізу қаншалықты күрделі екені, әрине, драматург жазушының өзіне ғана айқын. Міне, сол шығарманың, «Жанталас» пьесалар жинағының биылғы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясында таңдауға түсіп отырғаны бекер емес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай түрлі әдеби жанрлар бойынша 30 кітап таңдалса, драматургия жанрында Рақымжан Отарбаев, Дулат Исабеков, Иран Ғайып, Думан Рамазан секілді мүйізі қарағайдай драматург жазушылардың қатарында Сая Қасымбектің де шығармасының қатаң таңдауда қара үзіп шыққаны бекер болмаса керек.

Асхан Қожакелдіқызы
Қазақстанның Құрметті журналисі






* * *

Баспадан биыл ғана шыққан драматург, режиссер Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» кітабы түркілер дәуірінен кеңірек сыр шертіп, бергі Шыңғыс хан заманына бір-ақ тіреледі. Шыңғыс хан жер бетінде шашырап жатқан түркі тайпаларының басын қосқаны тарихтан белгілі. Мынау сол тарихтың бір жүлгесінің көркем суреті секілді елестеді. Кітап кино көріп отырғандай оқылады. Баяндауы ықшам, оқиғалары шапшаң, табан астында қиюласып, шаппа-шап оқиғалар үстінде шиеленісіп, ширатып алып кете барады. Мән-мазмұн, қимыл-қозғалыс кинодан шыққандай әсер қалдырғаны, әрине, жақсы деген пікірге ат байлауға негіз болса керек. Әңгіме шығарманың әсерінде, еш әсер етпесе, онда нашар, сәтсіз орындалғаны емес пе?
Әңгіме ақ қылыштың жырынан басталады. Қылыш культі туралы аңыз-әпсана, тарихи деректер сонау атты Еділ (Атилла) дәуірінен барын білеміз. Бұл туралы неғұрлым тереңірек қаузап, қисынды дәйектер ұсынған Әмірхан Балқыбектің жазбалары есімізге түседі. Сондықтан мұндағы астында от маздап, ауада қалқып тұрған, ақ семсерді ұстап тұрған құдіретті күшке біз де иланамыз. Меккедегі қасиетті қара тас ауада қалай қалқып тұрса, Тәңірінің қалауымен түскен ақ қылыш та солай тұрғанына шәк келтірмейміз. Қай заманда соғылғаны белгісіз, түркіге Тәңірінің қиған серті ме екен, қасиетті қаруға түркі тайпалары хандарының қайсысы қол жеткізсе, сол басымдыққа ие. Сіз емес, сізді қылыш таңдайды. Дүниеге келгенше сіз емес, сізді таңдамай ма тағдыр? Сонан соң әңгіме басқа. Бұл да сондай хикмет делік.
Сол ақ қылыштан үмітті түркінің төрт құбыласындай төрт ел: Алтай бауырындағы орман жұрты – теле тайпасының, Сібір жұртының, Тұран даласы елінің, Құба шөл халқының хандары бақтарын сынайды. Мұның бәрі біртұтас түркі елдері – төрт хандық. Жайшылықта бәсеке, бас араздығы болғанымен, ұраны бір: «Төрткүл дүниені түркі баласы табындырады!» деген. Бұл сол кезден, тіпті сақ, ғұн заманынан түркілер болып қалыптасқалы көтерілген ұран деп ұғарсыз. Әлі күнге тәмам түркінің ұраны бір. Жер жаралып, су аққалы дүние түркілер және түркі еместер болып бөлінгенін де әйгілеп келеді біздің көне әдеби мұралар. Ол ұран қазір де ұмытылған жоқ. Шыңғыс хан көтерген ұран да осы: «Төрткүл дүниені түркі баласы табындырады»!
Ауаға ілінген қылыш теле тайпасының ханы Пазырақта қалады. Арқар батырды кие тұтып, аруақ шақырған теле жұрты алтын-күміс, темір қорытудың ең озық үлгісін білетін ел. Жауынгерлерімен ғана емес, өнертапқыш, ұсталарымен аты шыққан халық. Солай болған соң, әрине, жауы да көп, басында дауы да көп. Басты қарсыласы қоңсылас қытай халқы болған соң не сұрайсыз?! Қаптаған қалың құрттай қытаймен соғыса беруден гөрі қыз алысып, қыз берісіп, екі араны бейбіт жағдайда ұстаған абзал. Алайда оған өздерін «аспан асты елі» санайтын қытай көне ме? «Табғаштарды бейбіт көрші ретінде ұстап, елу жылда бір рет шауып отыру керек» деген сыңайдағы сөзді түркі бектері тасқа қашап жазып кеткенін кезінде Таласбек Әсемқұловтан оқығанбыз. Демек сол заманның белгілері түбегейлі жойылып кетпеген. Бұл елмен бас қатырмаған жұрт аз. Пазырақ билеген теле жұртына да солай, қызыңды бермедің деп қытай соғыс ашады. Түркі жұртының төрт бірдей хандығы тізе қосып қарсы алғанда, әрине, қара қытай ойсырай жеңіледі. Түркінің батыры Ұлаған қытайлық Айдаһармен жекпе-жекке шыққанда, Арқар батыр аруағы көмекке келіп, жеңеді. Шығармада аруақ шақыру, тылсымнан тіл тартқан бақсылық сынды жоғарғы әлеммен байланысты ғажайыптар кеңінен суреттеледі. Және сенімді суреттеліп, тірілермен қатар жүреді. Мұндай кереметті біз былтырлары жарық көрген Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романынан да молынан кезіктіргенбіз. Тіпті Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесінің» де өзегінде түркі жұртының бір бұтағы қырғыз еліне кеңінен тараған бұғы туралы аңыздың негізі жатыр. Ең ежелгі жазуларға саналатын тастағы таңбалардағы бұғы-марал, маңғаз арқарлар, соның айналасын арбамен қоршаған адамдар тегін салынбаған шығар. Сол сияқты, «Көк бөрілері» кітабындағы теле тайпасының киесі ай мүйізді арқар!
Басынан небір ауыртпалықтарды өткеріп, жеңе білген теле тайпасы Шыңғыс қаған заманына телеңгіт атауымен жетеді. Темір өндірісінің ұстасы телеңгіт тайпасының Шыңғыс хан дәуіріндегі жалпы атауы – орман елі. Жошы орман елдерін соғыссыз бейбіт жолмен бағындырғаны тарихтан мәлім. Тұтас түркіге жаттығы жоғын мойындап соғыссыз берілгені – бір, сол екі арада қытаймен соғыстағы ерен ерлігі мен жан-қиярлық жауынгерлігі – екі, қару-жарақ өндіретін темір ісіне жетіктігі – үш, осындай артықшылықтары үшін ұлы қаған телеңгіт тайпаларын қасына алып, жақын тұтады. Бәлкім, төлеңгіт аты өшпеген қазіргі қазақтардың бір қауым елі шығар, кім біліпті. Көркем шығарма әсірелі шындыққа құрылады. Сөз басында түркі дәуіріне тән тарихтың бір жүлгесінің көркем суреті секілді елестеді дегенбіз. Мағжан ақын «Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе? Түрікке адамзатта ел жеткен бе?» дегендей, тұтас түркі дәуірін көркем туындыға айналдыра алсақ, қане?!

Жәнібек Әлиман
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі






САЯ ҚАСЫМБЕК: ҚАЛАМЫҢ ҚАЙРАЛЫП ОТЫРУЫ ҮШІН, АРАГІДІК ДҰШПАННЫҢ БОЛҒАНЫ ДА ДҰРЫС

Драматургия – өте ауыр жанр. Адами құндылықтар тараз безбеніне түскен қазіргідей уақытта сол ауыр жанрға қалам тербеп, небір атан түйе көтере алмас тарихи тақырыптарды да, жастардың бойындағы кемшілікті көрсетіп, жирендірер оқиғаларды да оқырманға ұсынып жүрген бір жан бар. Ол – Сая ҚАСЫМБЕК. Оның қай спектакліне барсаңыз да көрерменін «ә»дегеннен баурап алатыны соншалық, өзіңіз де сол оқиғаның ішінде жүргендей күй кешесіз. Бас кейіпкер күлген жерде күліп, жылайтын жерінде көз жасыңызды сығып аласыз. Шыққан соң да екі-үш күн бойы соны ойлайсыз. Драматургия саласына осылай мол үлес қосып жүрген ҚР Мәдениет қайраткері Сая Қасымбектің шынайы сұхбатын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
– Жалпы, шығармашылық адамына балалық шағының қалай өткені де әсер етеді. Сол бір қайта келмес шақтан есте қалған, танымыңызға әсер еткен оқиғалар бар ма?
– Балапанның бапталуы ұядан басталатыны секілді, әке-шешем өнер десе ішкен асын – жерге қоятын, өздері де өнерлі болды. Анамның ән салумен қатар, айтысқа түсетін де өнері бар еді.Әкем жас күнінде басқа айта алмайтын «Шымшығай» деген биік әнді алтыбақан басында шырқайтыны үшін «Шымшығай» атанып кеткен екен. Сондықтан болар, үйіміз өнер адамдарынан босамайтын. Роза Бағланова апамыздың біздің үйде болғанын мақтан тұтамын. Бала күнімізде ауылүйдің «ток-шоуы» дастарқан басында басталатын еді ғой. Анамның қолының жомарттығы да әсер етсе керек, ауылға келген өнерпаздар біздің үйге қонатын. Кешкі ас ішіліп болған соң, жиылған ауылдастар кешкі концертті күткендей, келген қонаққа қарайды. Сосын, «той-думан» басталады. Әкемнің тізесін шынтақтап жатып, айтулы күйші Төлеген Момбековтің күйін тыңдап, дастарқан басындағы қариялардың данагөй хикаяларын көп тыңдағаным, өнерге келуіме тікелей ықпал етті.
– Сіз «ә» дегеннен өнерсүйер қауымға драматург ретінде танылдыңыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Тоқыраудың өміртарихымның күрт өзгеруіне тікелей пәрмені болды. 1994-жылы, қайта құру қызу жүріп жатқанда әкемді жағалап, Кентау қаласына көштім. Қалада Қ.А.Иассауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің филиалы болды. Сонда оқытушылыққа орналастым. Сол кезде Алматы қаласынан туған жерінде театр ашу ниетімен Қазақстанның Халық артисі Райымбек Сейтметов ағамыз келіп, «Өнер» факультетін ашқан кез. Бір ғимаратта қатарласа қызмет ете жүріп таныса келе Ол кісі менің бойымдағы өнерімді көрді білем, факультетіне жұмысқа шақырды. Мамандығымды 180 градусқа бұру оңай болмады. Тағдырдың шешімі болар, көп ұзамай ағамыз «Театр режиссері» мамандығы бойынша сырттай оқу бөлімін ашты. Сонда оқуға түстім. Райымбек ағамыздың қасында ассистент боп жүріп драматургияның қыр-сырына қанықтым. Аудармадан бастап, драматургияға қалам тарттым.
– Пьесаларыңыз қай елдерде қойылды?
– Өзбек елінде қолға алынғанын білемін. Әзірге еліміздің көптеген театр репертуарында пьесаларым бары қуантады.
– Қазір қазақ көрерменінің талғамы қай деңгейде?
– Көрермен деңгейі сан-алуан болуы заңды жайт. Драматург, көрерменге жағыну үшін емес – өткені мен бүгіні қақтығысқа түскен қоғамдағы қайшылық пен сабақтастықтың сырын ашуға ұмтылғаны жөн.
– «Бір ел – бір кітап» республикалық акция аясында сіздің «Жанталас» атты тарихи драмаңыз драматургия жанры бойынша «Жыл кітабы» болып таңдалды. Мұны жазуға не итермеледі?
– 2016-шы жылдан бері жалғасып келе жатқан «Бір кітап – бір ел» республикалық акциясына үстіміздегі жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, алғаш рет драматургия жанры қосылған екен. Алты драматургтың бірі болып таңдалғаныма қуаныштымын. Осы акцияның ықпалымен еліміздегі күллі кітапханалармен онлайн-кездесулер жасап, қуанып жүрмін.
«Жанталас» кітабым акция барысында таңдалғаны текке емес. Бас кейіпкері қазақтың соңғы ханы Кенесары хан ғой. Сонау 2000-жылы Райымбек ағамыз қолыма қалың бір папкіні ұстатып: «Мынаның ішінде он жылдан бері хан Кене жайлы жинап жүрген дүнием бар. Зерттеп, пьеса жазып бер. Әуезовтің «Хан Кенесін» қойғалы жатқанымда, арғы жақтағы қырғыз ағайындар «Рәкем не істегелі жатыр?» деп қозғалды. Сосын тоқтаттым. Сен, маған қажет Кенесарыны жаз!..» деп тапсырма берді. Он жыл бойы жиналған материалды зерттеу оңайға түспеді. Ағаның арманын дөп басып жазу, қиындықты одан бетер үдетті. Мұхтар Әуезовтің драмасы дайын тұрғанда, басқаша қалай қойғысы келгенін түсінбей қиналдым. Бір күні Әуезовтің пьесасының бір сөйлемінің үстіне «Осы кезде қан түстес қып-қызыл боп таң атып келе жатты. Ол – Ресей патшасының қылыштан қаны тамған саясаты еді» деп, қызыл түсті қаламмен жазып қойыпты. Осы сөйлем, қақ маңдайдан қайқайтқандай әсер етті!.. Ағаның нені армандағаны санамды осып өтті. Демек, Кенесарының басын шапқан манаптар ғана емес – шаптыртқан ақ патшаның сайқал саясаты!.. Содан пьесам дөңгелене кетіп, он бір күн дегенде жазылып бітті. Райымбек ағамыз сахналап, Алматы, Астанамен қатар, еліміздің біраз қалаларында гастрольдік сапарға барғанымызда тастамай алып жүрді. Көбіне осы «Жанталаспен» шымылдықты ашатын.
– «Тарихқа үңілсек, тек хандық дәуір ғана сөйлейді, ал орта ғасыр опырылып тұр. Бұл менің жаныма қатты батады» депсіз оқырмандармен бір кездесуде. Осы ойыңызды тарқата айтсаңыз.
– Тарихтың қатпары сансыз ғой. Сақ, ғұн, түрік кезеңі бірсыпыра зерттеліп, кітаптар жазылып, кино да түсіріліп жатыр. Ал, орта ғасыр жайлы әдеби дүние – жоқтың-қасы. Иассауи жайлы киносценарий жазу барысында орта ғасырдағы ғажап бір деректемені кездестіріп, кейіпкеріне ғашық болдым. Содан, орта ғасыр кезеңіндегі Тұран даласындағы тарихқа деген қызығушылығым артты. Қалам тартуды бастап қойғанмын. Бірақ, терең, жан-жақты зерттеуді қажет ететін болғандықтан, екі жылдан бері зерттеумен келемін. Әзірге арманым, осы романымды жазып шығу.
– Драматург пен режиссердің ойы бір жерге тоғысқанда қана спектакль жақсы шығады деп ойлаймын. Режиссер драматургтің айтар ойын дөп түсініп, тіпті оны тереңдете білсе, онда шығарманың жұлдызының жанғаны. Осындай талғампаз да ізденгіш режиссер деп кімдерді атай аласыз?
– Мықты режиссерлеріміз жеткілікті. Бірін атап, екіншісін қалдырып кетсем ренжіп қалар. Бастысы – айтуға тұрарлық режиссерлеріміз бар.
– Қазақ театры ұлттық бейнесін қалыптастыра алды ма? Жас драматургтерден кімдерден үміт күтесіз?
– «Ұлтты тану үшін – театрына бар» дегенді Гете текке айтпаған. Ұлттық бейнені қалыптастырумен қатар, қазақтың маржандай тізілген мәйекті тілін де болашаққа аманат қып жеткізуде театрдың тікелей атқаратын ролі ерен.
– Театрлардың әлі күнге көрерменді көптеп тарта алмауының басты себебі неде деп ойлайсыз?
– Әу бастан қазақтың қанына театр өнерінің сіңбегенінен болса керек. Алпысыншы жылдары театрға барудың ғажайып бір толқыны болған деседі. Бүгінгі жаһандану алға түскен кезеңде, адамдар қолындағы телефоннан әлемдік жаңалыққа кенеліп отырғанда, театрға көрерменнің аяғы сұйылғаны шындық. Әйтсе де, бұның жағымды жағы бар. Театр, өнер, парасат пен білімнің тоқайласатын жері. Сондықтан, аз да болса пайымды, білімді, саналы көрерменнің келгені жақсы.
– Кейде адамға, әсіресе шығармашылық адамына өмірде көрген қиыншылықтар да әсер етіп жатады. Ондай сәттер болса, шығармамен айналысуыңызға кедергі болған жоқ па?
– Қиындық көрмеген қаламгердің жан-дүниесінде ышқыну болмайды деп ойлаймын. Өмірдің тек көгілдір жағын ғана көргеннен гөрі, қиындықпен арпалысып жүріп қалам тартқанның ұтары мол. Кейіпкеріңнің жаны қаншалық күйзелгенін жеткізу үшін миды қатырмастан, өз басыңнан өткен толқыныс сәтін аласың. Сенімді шығады. Қиындыққа мойыған емеспін. Керісінше… Қадыр Мырзаәлі ағамыздың «Қастарымның қастығынан кейде пайда көремін, Ширатылған қыл арқандай шыңдатыла беремін» дегенінде, алдымнан кедергі кездескен сайын серіппеше серпілемін.
– Адамзаттың бойында әлімсақтан көре алмаушылық пен қызғаншақтық деген «қызыл ит» еріп келеді. Ал бұл шығармашылықпен айналысатындардың арасында да кездесіп жатады.Өзіңіз осы «иттен» зиян көрмедіңіз бе?
– Көкесін көрдім ғой?! Бірақ, шығармашылық жолым сонысымен де құнды болар? Мықты болмасам, жолымды жабуға жанталасар ма еді?.. Болсын. Қаламың қайралып отыруы үшін, аракідік дұшпанның болғаны да дұрыс.
– «Өмір өзі сүріну мен шалынудан тұрады. Бірақ одан тұра білу, қоғамға қайта қосылып үн қоса білу мықтының мықтысының қолынан ғана келеді» депсіз бір сұхбатта. Сіз мықтылықты қайдан алдыңыз?
– Мықты бола бергеннен мойымайтын адам жоқ. Бірақ, тағдырдың тепкісінен үгітіліп, жоқ болып кету бар да – жанып кетіп күлге айналған жерден бас көтеру бар! Әрине, оған мықтылық қажет. Жігерлі, жонған сайын тіктеле беретіндей етіп туған әке-шешеме ризамын.
– Қазіргі Сая Қасымбектің шығармашылығын айтпағанның өзінде, ақ жаулығы басынан, шәйі оттан түспеген, әуелете ән де шырқай алатын, жастарға үлгі етерлік анасыз. Қазіргі мынау жаһандануда біресе Еуропаға еліктеп қысқа киінгендер мен мұсылманшылық жолы осы деп сүйретіліп қара жамылғандарға сіздің оюлы қазақы қамзолыңыз ой салса екен деп армандайсың… Азаматтық позицияңыз туралы да айта кетсеңіз.
– Әр нәрсе – сәтімен, кезеңімен болғанды ұнатамын. Жастықтың өзіндік әдемілігі бар. Оны қымтап тастағанды ұнатпаймын. Қара киімді аналарымыз тек өлім-жітімде ғана киген. Қазақтың көне тілімен айтсақ – «қара жамылған». Қара киімді араб елі суы тапшы, құм суырып тұратын табиғатының ыңғайына қарай киінуге мәжбүрліктен туындаған ғой. Табиғаты жайнаған, Аллаға шүкір, ортақол болса да жерде қалмаған тұрмыс кешіп жатқан қазақ әйелінің қара киінгеніне қарсымын! Бүгінде уыздай жас қыздарымыз хиджап киетін болды. Қазақтың оң жақта отырған қызы ешқашан хиджап кимеген. Кисе, «Алма мойын, шолпысы сылдыр қаққан бұрымың-ай», «Қарлығаш қанат қастарың» секілді ән жолдары жырланар ма еді? Күйеуге ұзатылып, перзентті болған кезде кимешек киген. Әйтсе де, егделік етектен тартқан кезде, әйелге етек-басы мол көйлек киген жарасымды. Меніңше ең тартымсыз жайт, егде әйелдің бояуы жарты шашында қалғаны, не, сәні кеткен қысқа шашы ұйпаланып жүргені… Сондай әйелді көргенде «Шіркін, осы шашты сүйкімсіз көрсеткенше әдемі жаулықпен жасырып қойса ғой?» деп ойлайтынымды жасырмаймын. Туасында, жасы келген әйелдің соңғы сәннен жарасымсыз қымбат киім кигенінен гөрі қарапайым жарасымды киінгенін, шашы жалбырамай жүргенін қалаймын.
– «Жастардың дені кітап оқымайды», «Өзінің интеллектуалын жоғарылатумен айналыспайды» деп жатамыз. Осылар керісінше болу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бұл мәселені әлем көтеріп, дабыл қағып жатыр. Түбегейлі оқымайды дегенге қосылмаймын. Біздің кезімізде де оқитын бала –оқыды, оқымайтыны – оқымады. Бұл, қайталанып отыратын құбылыс. Жапон елі кітап оқудан әлем алдына түсті. Бізде де кітабын тастамайтын, кітапханадан шықпайтын жастар жеткілікті. Телефонға кітап жүктелгелі, көпшілік көліктерінде жастардың ұялы телефонынан кітап оқып отырғанын жиі байқаймын. Біз, алдыңғы буын, қолымызға кітап ұстап үйренгендіктен, кітапты ұстап отырып оқығанды қалаймыз. Жастардың өз таңдауы бар. Сондықтан, «оқымайды» деп кесіп айтқаннан аулақпын.
– Біздің елде идеология қай тұрғыда жүргізілсе?
– Ұлттық бағытта жүргізілгенін қалаймын. Ұлтжанды деген сөзден кетіп, тікелей ұлттық бағытта өрбігенін, қалыптасқанын қалаймын. Ол – өзге ұлтты ысырып тастау дегенім емес, керісінше – өз жерінде ысырылған қазақтың өз тарихына, тіліне, дәстүріне иелік еткенін қалайтынымды айтамын.
– Еліміздің болашағын қалай елестетесіз?
– Бізге дейін де «Ұрпағымыз жақсы өмір сүрсе…» деп армандап кеткен. Мен де тап сол арманды болашақта жүзеге асады деп ойлаймын. Бұл арман маған дейін де, кейін де жалғаса бермек.
– Айтпақшы, әлеуметтік желіде қыс бойы сіздің қара пешіңізде қайнаған қызыл шәйді тамаша суреттейтініңіз соншама, соны өзіңізбен бірге әңгімелесіп ішкіміз келіп кететінін жасырмаймын. Биыл да қара пеште от дүрілдей ме, әлде «көгілдір от» келді ме?
– Қара пештің хикаясын жаны жаурап жүргендерге дем беру үшін жазамын ғой. Әйтпесе, таңғы бесте күл шығарып, от жаққанның несі жақсы дейсіз? Өкінішке орай, «көгілдір отты» әлі екі–үш жылдай күтетін түрім бар. Әзірге, отын мен көмірді қамдап алып, қысқа белді шарт түйе дайын отырмын.
– Іштен шыққан соң, шығарманың бәрі жақсы ғой. Дегенде, жаныңызға ең жақыны қай туынды?
– Бас кейіпкері әкемнің прототипі болғандықтан «Өлесің бе?..» деген трагикомедиямның орны бөлек. Оны бірнеше театрда Қазақстанның халық артисі Сағызбай Қарабалин ағамыз «Әттең, қысқа өмір–ай?..» деп, атын өзгертіп қойды.
– Сіз әлеуметтік желіде де отырасыз, оқырмандармен де кездесулерде жиі жүресіз. Соған қарағанда шығармаларыңызды мақпал түнде жазасыз-ау деймін?
– Түнде миым істемейді… Не жазсам да күндіз, көбіне таңертеңгісін жазамын. Әлеуметтік желіде отыратыным, әлем жаңалығын, өнер мен білімдегі, өркениеттегі жаңалықпен құлағдар боласың, көштен қалып қоймайсың дегендей… Сосын, фейсбук арқылы көптеген керемет достар таптым. Кейімен араласып, туыстай боп кеттім. Демек, әлеуметтік желінің берер жағы мол.
– Алдағы уақытта оқырманға қандай шығарма ұсынбақсыз?
– Жоғарыда айтып кеткен орта ғасырда өмір сүрген ғажайып Кейіпкер жайлы романымды аяқтасам деймін.
– Әңгімеңізге көп рақмет. Саяның халқына берер саялы да санаға сілкініс тудырар шығармалары мол болғай. Әрқашан абырой биігінен көріне беріңіз.
– Әмин.

Сұхбатты жүргізген Базаркүл ҚАЛБЫР