Өмірдерек
Ақжол Қалшабек Батырұлы 1965 жылы 30 қараша айында ОҚО, Қазығұрт ауданы, Сырлы деген жерде дүниеге келген. 1981 жылы Еңбекші 8 жылдық мектебін, 1983 жылы Фогелевкадағы орта мектепті бітірген. 1984-86 жылдары кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеген. 1992 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын «Сызу, бейнелеу өнері және еңбек», 1998 жылы Қ. А. Иасауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің Шымкент бөлімшесін «Филолог, қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы» біліктілігімен бітірген. 2005 жылы түрік әлеміне танымал ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми кеңесінде «Асқар Сүлейменов шығармашылығындағы ғылыми ізденістер» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Қазіргі таңда (2023 ж) М.Әуезов ат. ОҚУ «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында қызмет етеді.
А.Қалшабек көп жылғы ғылыми-оқытушылық ізденісінің нәтижесі ретінде «Әдебиеттану ғылымына кіріспе» атты оқулығы 2016 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Оқулық ғылыми орта, жалпы әдебиет сүйер қауым тарапынан жылы қабылданып, қазіргі таңда республикамыздың бірқатар университеттерінде негізгі пән ретінде оқытылып жатыр.
Сондай-ақ оның қазіргі дейін «Елдік сұлбасы және ұлттық рух жайлы толғаныс» атты ғылыми-публицистикалық еңбегі (2021 ж), «Абай. Китаб тасдиқ» атты монографиясы (2021 ж), «М.Әуезовтің оңтүстікке сапары» жинағы (2022 ж) жарық көрген.
Негізгі айналысатын ғылыми салалары: түркология, әдебиет теориясы, кеңестік дәуір әдебиеті, абайтану.
Негізгі айналысатын әдеби жанрлары: ғылыми-көркем эссе, әңгіме, күнделік, еркін жазбалар. Жарық көрген әңгімелері: Шірікбай шишкар («Жұлдыз» журналы, 2019ж), Әжемнің қара машинасы («Абай» порталы, 2019 ж).
А.Қалшабек білім саласындағы жеткен жетістіктері үшін Ы.Алтынсарин төс белгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған.