Ақбота Бейбітбек

Туындылары


НАУРЫЗДА ЖАУҒАН ҚАР

Ойларға бөтен бармайық,
Ақ ұлпа жауса жаман ба?
Адасқан қарда бар ма айып,
Адасқан мына заманда.

Жаурамай пенде жүрсек деп,
Үстiне дереу тон орап.
Бүр ашқан ағаш бүрсектеп,
Тоңып барады обал-ақ.
Бозарып атқан таңда нық,
Көктемдi келдi қуып қыс.
Жатсыңдар неге таңданып,
Адамдар, бiз де суықпыз.

Сезiнген жандар тың өзiн,
Безiнген текке сөкпелеп.
Танытты тосын мiнезiн,
Табиғат-Ана өкпелеп.

Мезгiлi келiп жеткенде,
Талдар да өсер өркен ап.
Қарап қалмайды көктем де,
Еридi қарың ертең-ақ.

Жаратқан оны тым шебер,
Қайталанбайды, күмәнсiз.
Нәзiк болмаса мұнша егер,
Болатын едi ұнамсыз.

Ақ сәлде болып тау-құзға,
Көктемгi рызық, бақты ұрлай.
Жауғаның үшiн наурызда,
Жатыр ма бәрi жақтырмай?!