Дәурен Айманбет

Туындылары


8

Жиып қойып аруларын бар елдің,
Театрлар, сəн үйлері, гаремнің,
Көздерінше танытсам ғой өзіңдей,
«Сегізінші кереметін» əлемнің.

Жеті-ақ нота бар болғаны, о, тоба,
Шығып едім əн дейтұғын жотаға.
Есіміңнің алғашқы екі əріпін,
Баладым мен сегізінші нотаға.

Шектелмейін, жеті деген аз-ақ тым,
Бұл əлемде өзге сендей ғажап кім?
Маған қымбат жанның қате болмауы,
Сегізінші қазынасы боп қазақтың!

Қайда барсам жетіменен шектелген,
Сегіз саны – шексіздік қой, деп келгем.
Сен сүйетін мерекеден басталар,
Əз наурыздың сегізінен көктемдер.

Ал, көктемде талдар атар бүршігін,
Тіршіліктің қайта естисің дүрсілін.
Шексіздікті шексіз сүйем, себебі,
Сен туған соң – сексен сегізінші жыл!