Дәурен Айманбет

Шығармашылығы


Дурен Айманбетов 1984 жылы 2 қарашада Шымкент қаласында дүниеге келген. Алматы экономикалық университетінің түлегі. Мамандығы – қаржыгер. Отбасылы.
Республикалық, облыстық біраз жыр додаларының жеңімпазы. 2015 жылдың ОҚО «Жылдың үздік ақыны», 2016 жылы «Алтын қалам» номинацияларының иегері. М.Мақатаев атындағы мүшайраның, «Шұбайқызыл», «Мен жастарға сенемін», «Тәуелсіздікке-25 жыл», Президент күніне орай ұйымдастырылған, Ә.Аймақ атындағы мүшәйралар жүлдегері. 2021 жылы Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Өлеңдері «Тәуелсіздік тебіреністері», «Оңтүстік орамдары», «Жастық – жалын жыр» т.б.ұжымдық жыр жинақтарына енген. «Сары жапырақ – сарғайған жүрек», «Аяулы адам», «Аялдама» атты жыр жинақтарының авторы.

Мархабат БАЙҒҰТ
Жазышы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері






ЖҮРЕГІН САҒЫНЫШ СЫЗДАТҚАН ШАЙЫР

Әдебиеттанушы ғалым Ақжол Батырұлы «Әдебиет туралы жазбаларында»: «Шедевр – тұтас кезеңнің жемісі. «Қартқожа», «Батыр Баян», «Оян, қазақ», «Айтыс» – алашорда кезеңінің мәністі мәнерлерінен. І. Есенберлин, О. Бөкей прозасы, Мұқағали лирикасы, М. Шаханов балладалары – «алпысыншы жылғылардың» айқын қолтаңбасы іспеттес. «Алпысыншы жылғылардан» кейін арнайы әдеби кезең қалыптанған жоқ. Сондықтан да шедевр жоқ. Қалыптасу жүріп жатыр. Ол міндетті түрде болады. Ендігі кезең – тәуелсіздік кезеңі. Оған кім ілінеді? Белгісіз. Алмас қылыштай қаламдар әр жерден-ақ жарқылдайды. Бірақ тарих пердесі толық түрілмей тұр, әзірше», – деген тұжырым айтады. Осы тұжырыммен келісе отырып, әлі «толық түрілмеген тарих пердесінен» Дәурен Айманбеттің шығармашылығына үңіліп көрмекпіз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әдебиет әлемі тоқырауға ұшырағандай көрінгені рас. Бірақ Оңтүстік өңіріндегі әдеби процесс толастаған емес. Соңғы жылдары шыққан Мархабат Байғұттың «Ақтолғайын», Зылиха Жантасованың «Жанымның жаз ғұмырын» ерекше бөліп айтар едік. Осы қатарда Бақытжан Алдиярдың «Қазығұрттың қоңыры» да бар. Сағыныш сыздатқан жүректі шайыр Дәурен Айманбет туралы жырынан ғасырлар иісі аңқыған Алтайдың мұзбалағы Ұларбек Дәлейұлы былай депті: «Атасы Альпі тауында ат шалдырған, арғы тегі ардагер далалық көшпендінің бүгінгі тұқымы ақын бейнесіне еніп, мына жауыр әлемді қайта шарлауға келгендей, Айманбетов поэзиясы тұтас бір тұңғиық әлемге сапар шегіп барады. Әлем болғанда қандай, көңіліне әртүрлі сезім сыйлаған өмір құбылыстарын бір жүрекке жинақтап, өр рухымен, нәзік жанымен ертеңгі өмірге сағына сапар шеккен әлем. Кірбің түспеген алуан жырдың құдыреті өз оқырманын біртіндеп тереңіне сүйреп, мезгілдер бағына апарады. Ұзаққа шұбалған керуенге еріп, поэзияның сағыныш сапарын бастайды.» Жап-жақсы-ақ айтқан Ұларбек. Дәуреннің шығармашылығында табиғат лирикасы ерекше көзге ұрады: «Қара албасты сұр реңді, Қара көбең іңір енді. Қара қағаз хат алғандай, Қаратау жақ күңіренді», немесе, «Қыс емес пе? Ендеше, жаумай ма қар, Анау тауға өң беріп, баурайға бар. Бәрінен де бақтағы талдарды айтшы, Жамылмаса ақ көрпе жаурайды олар!» Сөз жақсысы атануға үмітті жырларынан «Асық жайлы», «Ар жайлы өлең», «Аяулы адам», «Нөсерлі қаңтарды» бөліп атар едік. Осы жырларынан адамдықтың, қазақылықтың, ауылдың исі бұрқырап шығып тұр. «Нөсерлі жаңбырындағы» мына жолдарды жазу үшін, табиғаттың тілін дәл осылай түсіну үшін іштен ақын болып туу керек шығар сірә: «Қара желді, нөсерлі, күн тұманды, Қақпас желің талдарды сілкіп алды. Қолшатырсыз малмандай болған бақтың, Көк тұман да сүйкеніп шырқын алды. Сан бұтақтар жалына құдайға енді, Соққан желден иіліп құлай берді. Жапырағын үзсе де күз келгенде, Жек көрмеген шығар-ау, бұлай желді.» «Сары жапырақтар», «Үзілген жапырақтар» – тек табиғат лирикасы емес, жүрегін сағыныш сыздатқан ақынның ішкі әлемінің суреттері.
Дәурен ұлт тағдырына қатысты істерде үнсіз қалмайды. Ол жер тағдырына, ел тағдырына алаңдайды. Осы алаңдаушылық оның өлеңдерінен де көрінеді. Айманбеттің шығармашылығына тән тағы бір ерекшелік – оның өлеңдеріне форманы мазмұннан жоғары қоятын түбі еуропа жұрттарынан бастау алатын әдеби бағыттардың салқыны тимеген. Содан оның жырларынан сыртқы форманы мазмұннан жоғары қоюшылықтың әуресі, екеуінің парқын білмей шатастырудың әлегі көрінбейді. Отыздан асқан ақындар жайлы талдау жасаған муәлліф Айманбетов туралы бүй депті: «Шайыр табиғатпен терең тіл қатысады екен. Өзі махаббаттың машақатын әбден тартқанға құсайды. Қара һәм сары түске малынған жырларына қарап, бояу палитрасы тым қою екенін байқадым. «Қараша. Қара...», «Күзді әлі сүйеді екенмін...», «Сары мұң ол – сағыныш саған деген!», «Атырау-Шымкент... Ақтөбе вокзалы» жырлары – Дәуреннің көркемдік табыстары. Шырайлы Шымкентте тәтті шерге оранған бір шайыр шығыпты деуге болады». Осыған қосып аларымыз жоқ. Айманбетов расында, осындай ақын.

Абай ҚАЛШАБЕК
Ақын






БІР ҮЗІК

Ақындық дейтін мансап жоқ. Өйткені ол – кәсіп емес. Ол-өзінше бір әлем. Ондағы температура құбылмалы. Дауыл тұрса-ықтасын іздемейсің, егіздейсің. Саябыр тапса-тыншымайсың, тыныстайсың. Ол әлемде де ай бар, күн бар, аспан бар, жер бар. Әйтсе де шын ақын оны басқа көзбен көреді. Ай мен күн, аспан мен жер тілсіз. Ақын шіркін оған жан бітіреді, сөйлетеді. Тіпті күлдіреді, мұңайтады. Мәселе – қалай сөйлетуде, қалай күлдіріп, қалай мұңайтуда. Азабы – осында. Тәуекелі жетпегендердің тауы шағылып, көп пенденің тасаға тығыла беретіні де содан болса керек.
Шығармашылығына біраз жылдан қанық оқырман ретінде Дәурен ақынға өз басым табандылық тілеген болар едім. Қызығы мен шыжығы қатар алмасқан қасиетті сөз патшалығында ондай мінез аса қажет. Бояуы қалың сөзіңе де, боркемік болған төзімге де өзің жауаптысың онда. Бұл тұрғыда Дәуренге сенем өз басым. Тек өз-өзіне қаталдау болғанын қалар едім. Қарапайым жазу мен қарабайыр жазудың ара-жігін ажырата булсе екен деймін.
Мерзімді баспасөз бен әлеуметтік желіде жарияланған жақсы жырлары аз емес ақын інімнің. Оған ара-тұра ой-пікірімді білдіріпте жүрмін.
Оқырман қолына енді тигелі жатқан бұл жинақ жайлы да алдағы уақытта кеңірек айтарсыз деп ойлаймын. Әзірше сәт-сапар тілеумен шектеле тұрайық.
«Қадіріңді қайтейін еленбейтін,
Мойын бұра көз жетпес тереңге, ей, кім?
Әлденені тұрамыз тосып алдан,
Аялдамада аялдап «Өлең» дейтін», – деп елеңдеген автордың «Аялдамасына» асыққан ажарлы жыры алдияр оқырманы көп болсын деп тілейік,ендеше!

Жарас Сәрсек
Ақын, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері