Дәурен Айманбет

Туындылары


АНА...

Ана, жылайсың кеп,
«Оңбадың» - деп...
«Мен меңзеген биікке қонбадың» - деп.
Сен аңсаған жақсы адам болмадым кеп,
Тіліңді алмай сорладым көп.

Ана, ренжімесім!
Демегенсің, білемін, мен жүдесін.
«Тағдыр салса басыңа...» - деген сөзді,
Сен білесің.
Жылайсың енді несін?

Ана, сен әкелген,
Ұнайды өмір.
Маңдайыма жазған сын құдай небір.
Сәл шыдашы, шыдасаң жанымды ұғар,
Жақсылары көп мына шыдайды өңір.

Ана, мәпе көрген,
Ұнайды өмір «құдайлап» сен әкелген.
Тағдырыңа бас иген жоқ па ең сен де,
Айырғанда «тас жүрек» мені әкемнен?

Ана, аң екеш те,
Қорғайды ғой баласын әр егесте.
Мен жеңілсем түседі әкем еске,
Өмір дейтін төбелесте.

Ана, жылайсың кеп,
Іштің деп те.
«Қызылдардың» үйіне түскім кеп пе?
Тартып едім «нәлеттен», білмедім ғой,
Жайыларын өсек боп істің көпке.

Ана, жыламашы!
Қатып кетті балаңның мына басы.
Жолы болмай онсыз да мұңға батты ұл,
Сырласатын сұм болып сыраласы.

Ана, сен ұғасың,
Жарып алса жақсы ұлың мына басын.
Тұрып кетем мен әлі, уайымдама,
Тұрады ғой, кез келген құлағасын!

Ана, отбасыма,
Шаңырақтың иесі боп басына,
Жүретұғын жан едім жұрт секілді,
Күлкі болдым дұшпан мен көп досыма.

Ана, жаным, ана!
Жаралғаным – сорыңа, бағыңа ма?
Сенің әрбір жасыңа жауаптымын,
Сенің балаң негізі әлі «бала»!
Жаным, уайымдама!