Туындылары
САРЫ ЖАПЫРАҚ
Сары жапырақ – сарғайған жүрек,
Келгендей ұшып шалғайдан жүдеп.
Тентек жел оның тағдыры шығар,
Араша сұрап талды айналды кеп.
Сары жапырақ – тал мұңы бәлкім,
Неге онда жерде қалды бұл алтын?
Көнбеске бар ма шарасы, шіркін?!
(Таңдап алмаған тағдырын әркім.)
Сары жапырақ, кәрі жапырақ,
Қартайды күз кеп тағы да атырап.
Бір кезде балғын жүрек ед жасыл,
Жатқандай бүгін зарыға құлап.
Сары жапырақ – өрнегі зерлі,
Айналды-ау тентек ермегі желдің.
Қыс келіп ертең қар асты оны,
Шірітер ащы кермегі жердің.
Сары жапырақ – дір етер қыз мұң,
Мен-дағы сондай суреті ем күздің.
Алай да дүлей шыр айналдырған,
Тағдырымыз да бір екен біздің.