Аймақ Әбілда

Өмірдерек


Ақын Әбілда Аймақ 1954 жылы 13-сәуірде қазіргі Ордабасы ауданы, Темірлан кентінің жанындағы «Ынталы» деген ауылда туылған.
Ә.Аймақ сол кездегі «Коммунизм» сегізжылдық мектебін бітірген соң, Қажымұқан атындағы кеңшарда түрлі қара жұмыстарда болды. Алдымен мақталықта су суғарған ол кейін дала қосында соқа тіркеуші, тракторшы болды, далада қой бақты. Сөйтіп жүріп Темірландағы сырттан оқытатын орта мектепті тауысты.
1970 жылы Шымкенттегі музыкалық училищеге оқуға түсті. Училищеде екі жыл оқып, тұрмыстың таршылығынан оқуын тастап кетеді. 1972-1980 жылдары бұрынғы Бөген аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, әнші болып қызмет атқарған.
1980 жылдан 1990 жылға дейін Шымкент қаласындағы «Шымкент құрылыс» тресіне қарасты «Монолиттіқұрылыс» басқармасында бетоншы, тас қалаушы болып жұмыс істеді.
1984 жылы алғашқы бір баспа табақ өлеңі Алматыдан «Қарлығаш» деген атпен жарыққа шыққан. Жалпы шығармашылық жұмысы 1972 жылдан басталатын Әбілданың өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған.
1986 жылы Шымкенттегі педагогикалық институттың (қазіргі ХҚТУ Шымкент институты) филология факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1991 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Әбілда сегізжылдық мектептен кейінгі оқудың бәрін сырттай бітірген.
1990 жылы Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы, жазушы Мархабат Байғұт Әбілданы өзінің қасына қызметке шақырады. Осы бөлімшеге әдеби кеңесші болып қызметке келген Әбілда Аймақ Жазушылар одағында қызмет атқарды.
1992 жылы Алматыда өткен бүкіл еліміз бойынша ауыл қаламгерлеріне арналған (АҚҚҰС) жыр бәйгесінде бас жүлдені иеленген, 1993 жылы облыс ақындары арасында өткен Мүшәйраның бас жүлдегері.
1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы облыс аралық бөлімшесінің төрағасы, 1996 жылдан филиал болып қайта құрылған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры болды.
Әбілда Аймақ – Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма мүшесі, ақын, прозасы бар, поэмасы бар – 17 кітаптың авторы. Әбілда Аймақтың «Қарлығаш», «Мерейлі мекен», «Ләйла», «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік – І», «Алтын бесік – ІІ», «Түркістан», «Жақсығұл мерген», «Билік биігінде», «Ақжол», «Домалақ ана кесенесі», “Парасат биігі» сондай-ақ 2003 жылы екі томдық таңдамалылар жинағы жарыққа шыққан. 2009 жылы «Жазушы» баспасынан «Назқоңыр» атты өлеңдер жинағы шықты.
1993 жылы Республика ақындары қатысқан, поэзия жанры бойынша Алматыда өткен жабық конкурста бас жүлдені иеленді. 1995 жылы облыс ақындары арасында өткен Мүшәйрада бас жүлде алды. 2003 жылы Францияда өткен Бүкіл Түркі дүниесі әдебиетінің форумына қатысты. 2004 жылы Түркияда өткен Түркі халықтары ақындарының жабық конкурсында Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Әбілда Аймақ қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. 2004-жылы өткен Президент сайлауында аянбай еңбек етті. Композитор Бағдат Алтаев екеуі бірігіп жазған «Ел бірлігі» әні Президент сайлауының оңтүстіктегі гимініне айналды десек артық емес. Алаңдарда, басқа да тиісті орындарда жиналған 10 мыңға жуық халық алдында осы ән орындалып, көпшіліктің ықыласына ие болды. Осылайша ақын Президент сайлауына өзінің үлесін қосты. Сайлау алдында алаңдарда жиналған халықтың жан тебіренісі түсірілген фильм сақтаулы. 2007-жылы Парламент сайлауына да белсене араласқан Әбілда Аймақ «Нұр Отан» ХДП-сы үшін бір ай Сарыағаш ауданында қызмет жасады. Бұған «Нұр Отан» ХДП Сарыағаш аудандық филиалы берген мақтау хаты дәлел.
Ақын Оңтүстік Қазақстан облысының Грамотасын (№12/137-ІІ шешім, 27 қыркүйек, 2001 жыл), ҚР Құрмет Грамотасын (12.ХІІ.2005 жылғы Президент Жарлығы), Қазақстан Республикасының Мемлекет қайраткері атағын (Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім Министрлігі, 2004 жыл), Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атағын (2004 жылғы 4- маусымдағы аудандық Мәслихаттың №7/8 шешімі), ТМД елдері интернационалист жауынгерлері комитетінің медалін (2004 жыл), Қазақстан Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының «Сауап» медалін (2009 жыл). «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалін (10 қараша 2011 жыл), «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін (ОҚО әкімінің 2012 жылғы 29 қазандағы №1-267 Өкімі), Қазақстан Республикасының Президентінің 2013 жылғы 9 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Құрмет орденін иеленді.. 2011 жылы ОҚО Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрында Ә. Аймақтың «Шәмшінің сағынышы» атты драмасы табысты өтті.
2013 жылы күзде жазушы О.Бөкейдің 70 жылдығына орай өткен Республикалық әдеби байқауда да бас жүлдені жеңіп алды.
Әбілда Аймақтың шығармашылығына қазақ ақындары С. Мәуленов, Т.Молдағалиев, Қ.Жұмағалиев, Ф,Оңғарсынова, С.Иманасов, А.Нысаналин, жазушылар Әбіш Кекілбай, Қ. Тұрсынқұлов, М. Байғұт, З. Қыстаубаевтар жоғары баға берген. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов.
«Ақындық сүйегіне біткен арқалы ақын» деп атады. Сондай-ақ, филология ғылымының докторы Мақсат Әліпханов Әбілданың шығармашылығын талдап, ғылыми мақалалар жазды. ХҚТУ-нің студенттері Әбілда шығаршылығынан Мақсат Әліпхановтың жетекшілігімен дипломдық жұмыстарын қорғады.
2014 жылдың 14 маусым күні 61 жасқа қараған шағында кенеттен өмірден озды.