Аймақ Әбілда

Шығармашылығы


Әбілда Аймақ - туғаннан ақындық сүйегіне біткен Оңтүстіктен шыққан арқалы шайыр.Қаламын өлеңінің отына малып,көңілі айға ұмтылған балаң ақын сақа ақынға айналған тұсында «Қаңғыбас» деп аталатын циклын,оның ішінде «Жеті теңге-жеті жыр», «Тоғыз жұлдыз-толғыз сөз» топтамаларын қалың оқырман қауымға ұсынды. Ал «Алтын бесік» кітабында:
Қап-қара бұлт құшақтап көтеріп кетіп,
Қанатын жайып қоныпты жасынға өлеңім, - деп өзінің айқайға арқасы қозатын қас жүйріктей өлең өнері додасындағы ортасын меңзейді. Нағыз ақынға тән бейнелей сөйлеу ақын кітаптарының өн бойына қан беріп тұрады.
Әбілданын Йасауи жырларымен жүрек тамыры бүлкілдеген пәлсафаға толы,қуаты күшті,отты жырларын оқығанда қазіргі Еуропалық жарқылдақ даңғаза өнерсымақпен сусындаған маргиналды санадағы қазақ жастарынын кез келгені ұғынып,тұшына бермейді.Ұлттық сана болмысына сай өзіндік ерекшелігі бар саңлақ ақынды кез келгеннің ұғына қоюыда оңай емес.Бұл іспеттес ерекшелік ақын жырларындағы нәзік те аса күрделі жыр жолдарында жатыр.Ол образдық ой-танымдардың қабаттасып,қатпарланып жататын мәселелерді мол қамтуында жатыр.
Әбілда Аймақ поэзиясы- бейнелеп,тұспалдап сөйлеу деңгейіне көтерілген сындарлы поэзия.Осы себепті, қалың оқырман қауым мен ақын арасындағы бірін бірі ұғынып,тұшынуы немесе бірін бірі ұға алмай,қаншалықты тер төксе де,жырдағы тылсымнын кілтін таба алмай кейбіреулер пендешілік жасауы да мүмкін. Мұны ақын өз өлеңдерінде айтқан да.Өйткені ,Әбілда өлеңдері өзге тілдерге аударыла қалса,ақын поэзиясының өзіндік ерекшелігі мол қайталанбас болмысын аудармашылар жеткізе алмауы кәдік.Ұлттық ойлау табиғатынан туындаған Әбілда Аймақтың өлең жолдарындағы ұлттық-көркемдік айшықтар өрнегі ақ айғақтап тұр.
Адам Әлемде бірін бірі қайталамайтын ғажайып құбылыс болса,дарынды ақындар да бір-біріне ұқсауды білмейтін,өзіне тән ерекшелігімен дараланатын өнер иелері.Осы себепті болса керек,Әбілда ақын «Сіңіп кеткен өлеңге жастайымнан, адам емес машайық шығармын-ау» дейді.Осыдан да оның ақындық ерекшелігі білінеді.Сондықтан да «ойсызға,сірә, сараңнан әрман құпия болар тереңім» деп толғануы жай нәрсе болмаса керек-ті.
Белгілі ақын Әбілда Аймақ 50 жасқа толарда 11 томдық таңдамалысын оқырманына ұсынды.
Ақын жырындағы лирикалық кейіпкердің:
Пенделердің үміті
Ойлап тұрсам түк емес,
Орындалмай арманым,
Жаным менің түлемес.
Өлең-жырсыз қайткенмен
Менің күнім күн емес, - дейтін асқақ арманы,өлеңді өзіне ғашық ететін асау сезімі жырды түсініп,ұғына білген оқырман жүрегін нұрға шомылдырар рухы терең бастауларға жетелейді.
Өйткені,ақынның рухы биік,тылсымы терең,асылы текті.

М.Мырзахметұлы






Әбілда Аймақтың алдымен маған есімі ұнады. Әбділда Тәжібаевтай ұлы ақынды берген қазаққа, қазақ өлеңіне тағы да бір Әбділда келіпті-ау деген сезім болды алғаш. Өлеңдерін марқұм Тұтқабай Иманбеков «Осыған алғысөз жазып бересіз бе?» деп әкеліп берді. Өлеңдері маған ұнады. Терең, қарапайым, тілге бай, ойын айқыштап жақсы айтады екен, содан кейін шын жүрегіммен «Қазаққа тағы да бір Әбділда келді» деп осыдан он, он бес жыл бүрын «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде ақ батамды берген едім. Әбілда Аймақ әдебиетке «басқа ауылдан», жұмысшы болып жүріп келді. Келісімен Шымкентте, Оңтүстігімізде сол әдебиетшілер ұйымын басқарып келеді, жақсы басқарып отыр. Өзінің «Ләйла» дейтін жинағын шығарыпты, тағы да жинақтарын дайындап жатыр екен, әрдайым жолы болсын!
Қазір жұрт өлең оқудан гөрі басқа кәсіпке ауысыңқырап тұр ғой. Бірақ қандай заман болып жатса да біз рухани байлығымыздан, әдебиетімізден кете алмаймыз. Мен оған шексіз сенемін. Сондықтан да мен күндіз-түні өлең жазамын. Өлең тек қана анасындай, баласындай болғанда ғана ақыннан бір нәтиже шығады. Өлең жазып жүргендердің көбі мүның үдесінен шыға бермейді. Ал, өлеңді туған анасындай, баласындай көрген ақынның бірі Әбілда Аймақ деп білемін. Әбілданың өсе беруіне, өне беруіне, жарқырай жанара беруіне тілектеспін!

Тұманбай Молдағалиев, Қазақстанның Халық жазушысы,
Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты.
Пікір «Мені ақын қылған тағдыр» атты телефильмнен алынды. 1997 жыл.






Әбілда жырларындағы «Қаңғыбас» атты циклдың орны да, салмағы да бөлек. Циклды өлеңмен жазылған роман деуге де болады.Топтамада жазмыштан жапа шеккен лирикалық кейіпкердің бүкіл өмірін поэзия тілімен өріп, көркем сөз өнерінің құдіретімен қиыннан қиыстыра жырлап, тұтастықта алып шыққан. Цикл «Топырақ», «Су», «От», «Жел» деген бөлімдерге бөлінген. Бұлар – адамзаттың пайда болуы мен аяқталуын білдіретін жаратылыс тылсымдары. Ақын өлеңдерінде халқымыздың таным-білімі, салт-дәстүрі, сенім-нанымы жан-жақты көрініс табады. Бұрынғы өткен шығыс шайырларында кездесер өнегені өрістетіп, тереңдете түспекке тырысқан ақын соны сүрлеулер салып, тың тыныс тапқандай.
Ақын поэзиясындағы тылсымдардың бірі – Бақсының жырлары. Әбілда бақсының жырларында көп тылсымдар бар. Ілгергі заманда айтулы билердің, хас батырлардың, тілімен орақ орған шешендердің, жырынды жыраулардың, ақиық ақындардың пірлері, иелері болған. Кемпірбай ақынды көк ала үйрек, Қазыбек биді аузынан от шашқан аю, Жамбыл жырауды қызыл жолбарыс желеп-жебеп жүріпті. Өз өлеңдерін оқи отырып біз Әбілданың пірі жылан екенін байқаймыз. Соңғы жылдары «Қазіргі батырлар жыры» атты топтама дастандар жазып жүр. Мұны да оқып бағамдарсыз.
Шайырдың шығармашылығынан ХҚТУ-нің студенттері диплом қорғап, кейбіреулері курстық жұмыстар жазғанын да білеміз. Қалай болғанда да қазақы болмысымызды сол күйі сақтап, сол күйі жырлаған Әбілда Аймақ шығармашылығы әлі талай әдебиетші-сыншылардың қызыға зерттейтін тақырыбы болары даусыз.

Мархабат Байғүт,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. 2001 жыл.