Момбек Әбдәкімұлы

Туындылары


ҚОҚАН ХАНДЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫ



1. Кіріспе

XIX ғасырдың басында Қоқан хандығы Қазақстанның оңтүстік облыстарын, атап айтқанда, қазіргі Қызылорда қаласы мен оның шығыс аудандарын, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының дерлік аумағын, Алматы облысының батыс аймағын басып алып, оларды елу бес жылдай өз құзырында ұстады. Бір өкініштісі, осы кезеңнің шынайы тарихы әлі күнге дейін толық ашылмай, тым көмескі күйінде қалуда. Қазақ халқының өткенін баяндайтын барлық тарихи әдебиеттер мен зерттеулер жинақтарында да аталмыш кезеңнің сипаты – «Оңтүстік Қазақстан жерін 1808-1864 жылдар аралығында Қоқан хандығы жаулап тұрды» дейтін жалпылама берілген мағлұматтан аспайды. Бекназаров, Наливкин, Вильяминов-Зернов, Назаров тағы басқа ғалымдар мен жазбагерлердің осы мәселеге қатысты естеліктері де белгілі бір баяндаулардан аттап кете алмайды. Яғни, олардың ешқайсысы біз сөз етіп отырған хандықтың қазақ даласын қалай жаулағаны жөнінде көңіл көншітерліктей деректер келтірмейді.
Осындай шолақ-шолақ деректерге ден қойсақ, Қоқан басқыншылары біздің далаға шабуылдағанда жергілікті қазақтарды мал сияқты қайырып ала салған тәрізді, болмаса олар келгенде әр шаһарлардың қақпалары өзінен-өзі ашыла салғандай әсерде қаласың. Расында, қоқандықтар біздің өлкені қалай жаулады, қандай тәсілдермен басып алды? Сонымен қатар, сол шақта оңтүстік қазақтарының жай-күйі мен тұрмыс тіршілігі қай деңгейде еді? Қазақтар оларға қай деңгейде қарсылық көрсете алды? Жалпы, Қоқан хандығы деген – қандай хандық? Ол қалай пайда болды және оның қазақ даласын жаулаудағы мақсаты нендей мүдделерден туындады, ол елді қандай хандар басқарды, сондай-ақ сол кездегі тарихта оның алар орны бар ма? Біз осы мақаламызда аталмыш сұрақтарға жауап іздеуді һәм оған қатысты жиып-терген мәліметтеріміздің бәрін жайып салмақпыз.
Сөз басында айтайын: бүгін біз көтеріп отырған кезең тарихына қатысты кезінде Қоқан хандарының жеке хаткерлері жазып қалдырған, ал бүгінде Ферғана, Наманған, Ташкент, Санкт-Петербург мұрағаттары мен кітапханаларында шаңбасты болып жатқан нақты да дәл жәдігер дереккөздер өте мол. Оған қоса, сол заманның тарихын жазып қалдырған ферғаналық авторлардың, мәселен, Мырза Каландардың «Тарихи-и-Омар хан», Мұхаммед Хәкімнің «Мұнтаһәп ат-тауарих», Молда Нияз Мұхамедтің «Тарихи-и Шахрух», Әбу Убайдуллахтың «Құласат әл-ахуал», Мұхамед Салықтың «Тарихи уәлаят Ташканд» атты еңбектерінде аталмыш хандық туралы көптеген мағлұматтар бар. Әрі ондағы мәліметтер талай дүдәмал даталар мен күдікті фактілердің, болжам мен қисын бойынша жазыла салынған деректердің түп тамырын айқындап, ажыратып береді. Содан да болар, Қоқан хандығының қазақ жерлерін қалай басып алғаны және де сол замандағы қоқан-қазақ билік құрылымдары мен әлеуметтік һәм әскери ахуалының қандай болғаны, басқыншылар мен қорғанушы жақтың іс-әрекеттері туралы жазған Өзбекстан тарихшылары мен жазбагерлерінің еңбектері жоғарыда біз атаған зерттеушілердің шығармаларына қарағанда, әлдекайда нанымдылау, әрі молдау. Әлбетте, қай халықтың жазбагері немесе зерттеушісі болса да кейде болған уақиғалар мен өткен тарихтың болмысын өз халқының мүддесіне орайластыра жазатыны бар. Солай болғанмен де ондайлар, бәрібір, түбі ақиқат шеңберінен алшақтап кете алмайтыны тағы рас... Қалай айтсақ та, бүгінгі мақаламызды сондай мұрағаттық көне деректер мен ескі жазбалар негізінде туындаған ойлармен тізбектей отырып, алдымен Қоқан хандығының құрылуы мен нығаюы жөнінде қысқаша мағлұматтар бере кетейік.



2. Хандық қалай құрылды?

Қазақта көне тайпалар аттарын жеке-жеке кісілер есімдеріне айналдырған, одан соң өте тар ұғымда айтылғанымен, астарында орасан мән-мағына жатқан жүздік, рулық құрылымдарды ауызша қалыптастырған шежіре бар. Сол шежіреде Ұлы жүз Ақарыстың үшінші ұрпағы Төбе бидің төрт баласының бірі Меркіден – Мыңжүз, Қырықпанжүз деген рулары тарайды деп көрсетілген. Ары қарай олардан ұрпақ таратпайды да, екеуінің жұрты қашғарлық ұйғырлар мен өзбектерге сіңіп кеткен деп келте қайырады. Расында, түбі түркі тектес халықтар қатарына жатып, арғы тегі қазақтармен тамырлас болған мыңжүз бен қырықпанжүз XV ғасырдың аяғында Жетісу мен Қашғар өңіріндегі Моғолстан хандығы ыдыраған кезде ассимилияциялық жолмен бір жағы – ұйғыр, бір жағы – өзбек этностарына сіңісіп кеткен. Бұл екеуі өзбек пен ұйғырдың басқа тайпаларымен араласып, XV-XVIII ғасырлар аралығында Ферғана жазығы мен Қашғар арасын жайлаған. Уақыт өте келе, өзбек арасындағы мыңжүздер (мингілер) санының көптігімен және билікке кұмарлығымен үстем тайпаға айналған.
Байырғы өзбек-тәжік жазбагерлері Мыңжүзді – «Минка юз», (кейінгі тарихшылардың жазуынша – минг, менгі) Қырықпанжүзді – «Қарақпин юз» деп жазған. Олардың жазуы бойынша, кейін үлкен хандыққа айналған, бастапқыда бектік (ұлыс мағынасында) аталған Қоқанды алғаш құрған Ерезеноғлы Шахруқ бек осы мыңжүз (минка юз) тайпасының Тобағыш тармағынан шыққан. Қазіргі ғылыми айналымдағы осы бір мәлімет – нақты тарихи дерек боп есептеледі.
Шахрухтың кезінде бұл өлке Бұқар хандығына бағынысты еді, әрі мұндағы қышлақ-кенттерге Сейіт әулетінен тараған қожалар үстемдік құратын. XVIII ғасырдың басында Бұқар билеушісі Убайдулла Ферғана жазығындағы жұртқа қатты қысым жасайды. Бұған наразы болған мыңжүз-менгі тайпасының көсемдері өздерінің соңдарына басқа да ферғаналық жұрттарды ілестіріп, әмірліктен тәуелсіз болу әрекетіне кіріседі. Наразы жұрттың көсемдері әп дегенде-ақ өздеріне басшы етіп, Шахрухты таңдайды. Бірақ Шахрух не Шыңғыс ханның, не Абрасиаб әмірлерінің ұрпағы емес-ті. Сондықтан да сол кезгі қалыптасқан қоғамдық жүйе бойынша, хан атануға немесе әмір атануға қақы жоқ-ты. Дегенмен оны жақтаушы жұрттың көсемдері мен ақсақалдары Шахрухтың шыққан тегін Ақсақ Темірдің ұрпағы Бабырмен байланыстырған «Алтын бесік» аңызын ойлап тауып, елге жария етеді (Бұл туралы қырғыз жазушысы Т.Қасымбековтың «Сынған қылыш» атты кітабында кеңірек әңгімеленген). Сөйтіп ол Бабырдың ұрпағы ретінде танылып, Бұқардан бөлінген жеке бектіктің бегі боп сайланады. Бұл уақиға – хыжраның 1123 жылы, ал біздің санақпен 1709 жылдың қара күзінде іске асқан.
Шахрухтың бектік туы астына жұртты алғаш ұйыстырған жері – Марғұлан уалаятына қарасты Қоқан қышлағы. Алған бетінен қайтпайтын, қатал да ержүрек әрі сөзге шешен Шахруқ бек айналасы аз жылдың ішінде жан-жағындағы Марғұлан, Наманған иеліктерін-дегі жерлерді тартып алып, Қоқан бектігінің билігін нығайтады. Және де басып алған жерлеріне сонау Қашғария мен Қысарда жатқан өзіне туыс мыңжүз бен қырықпанжүздің мыңдаған өкілдерін шақырып орналастырады.
Шахруқтан соң билік басына келген оның ұлы – Әбдірахым (билік құрған уақыты –1721-1734 жылдар) бектіктің шекарасын одан ары кеңейтіп, Хоженд, Әндіжан, Каттақорған шаһарларын және де Самарқан мен Жызақ өңірлерінің оңтүстік аймақтарын өзіне қаратты. Одан кейінгі бек болған Әбдірахымның інісі – Әбдікерім (1734-1750) Ош өлкесін жаулап алады. 1740 жылы бектіктің арнайы резиденциясы ретінде Қоқанның қақ ортасынан өте үлкен сарай салдырады, сондай-ақ оның сыртын қоршатып, биіктігі үш құлаш қамал тұрғызады. Осыдан бастап бұл қала бектіктің ресми астанасы болып орнығады.
Әбдікерімнен соң билік құрған Әбдірахман небәрі бір жыл ғана бектік құрды. Оны алмастырған Елдана бек (1751-1770) үлкен саясаттың адамы болыпты. Ол Ферғана жазығындағы ірі-ірі шаһарлардың билеушілеріне ықпалы күшті қазақ, тәжік, ұйғыр, өзбек, құрама билерін өзіне тартып, солар арқылы бектік аумағын кеңейтеді. Оның кезінде Қоқан бектігі (1758 жыл) Бұқар мен Хиуа тарапынан жеке ел ретінде танылды. 1765 жылы ол қазақ иелігіндегі Ташкентке жорық ұйымдастырды. Алайда Абылай хан жетекшілік еткен қазақ сарбаздарынан жеңіліп, кері шегінді. Елданадан кейін бектік лауазымын ұстаған Һәм Қоқан тарихында айтулы із қалдырған Нарбота бек те (1770-1799) Ташкент шаһары мен оның айналасын жаулап алмақ ниетпен екі рет бұл маңға баса-көктеп кіреді. Осынау уақытта Ташкент шаһары төрт бекініске бөлініп, билікті бір-бірінен бейтарап төрт билеуші құзырында ұстайтын. Бірақ төрт бекіністің де билеушілерін бір ортаға ұйымдастыра білген Төле бидің кенже ұлы, Ташкенттің Шайхантәуір бөлігінің биі Қожамжардан тұмсығы бұзылып, жорығы сәтсіздікке ұшырайды. Есесіне, ол қазіргі Тәжікстанның шығыс облыстарын құзырына қаратады да, XVIII ғасырдың аяғына таман Қоқан бектігі бүкіл Ферғана жазығына билік орнатып, оған Ферғана, Әндіжан, Ош, Каттақорған, Наманған, Марғұлан, Шұсты, Қасансай, Ұратөбе, Өзгент қалалары қарайды. Әлбетте, бір талассыз нәрсе – мұндай жетістіктің бәріне жеке билікті аңсаушы – Шахрух бек ұрпақтары жанкешті жорықтар арқылы қол жеткізеді.
«Қоқан хандығына қатысты жазбалар» атты жинақтағы деректерге сүйенсек, Нарбота бек хижраның 1212 жылы (1799) қайтыс болады да, оның орнына екінші баласы Әлім бектіктің тағына отырады. Ол таққа отырғанда оның туыстары өзара билікке таласып, Әлімге қарсы көтеріліс бастайды. Осының кесірінен бектіктің бірлігі әлсірейді. Ферғанада осындай аумалы кезеңді пайдаланып қалмақшы болған әрі бектіктің біраз жерін басып алуды ойлаған Ташкент билеушісі Жүнісқожа Әлімнің құзырындағы өлкеге соғыс ашады. Жүнісқожа мұның алдында ғана (1798 жылы) Ташкентті Қожамжар бас болған қазақ билігінен тартып алған-ды. Өзбек тарихшыларының жазуынша, түбі қашғарлық ұйғыр Жүнісқожа Қоқанға қарсы сегіз мыңдық әскермен аттанады. Ташкенттен шыкқан әскер Піскент, Ахангараннан өтіп, Бегебадқа жетеді. Жүнісқожаның ойы – тау етегімен жүріп отырып, Қоқанға Бегабад, Хоженд арқылы тиіспек болған. Бірақ дер кезінде құлақтанған Әлім бек Бегабад үстіндегі Қандыр асуында Жүнісқожа әскерін он екі мың сыпай топтанған қолмен қарсы алады. Үш күнге ұласқан соғыста Жүнісқожа қирай жеңіледі де, Ташкентке шегінеді. Бұл уақиға біздің санақпен 1801 жылы еткен.
Бұдан кейін Әлім бек бес-алты жыл бойы Ферғана жазығындағы ішкі қырқыстарды ретке келтіріп, бектіктің шекарасы мен билігін орнықтырады. 1806 жылғы ерте көктемде Нарботаның билігі уақытында Бұхар хандығына қарап кеткен Хоженд қаласын қайта басып алады. Бұл жеңіске мастанған ол, өзін хан жариялап, Қоқан бектігін Қоқан хандығы деп өз хаткерлеріне ресми түрде жазғыза бастайды. Баяғы Әбдікерім тұрғызған қала қорғанын бұздырады да, аумағын кеңейтіп, биіктетіп, жаңадан салдырады. (Жеті қақпалы осы қорған 1920 жылға дейін бұзылмай тұрған). Расында, осы кезден бастап оны сыртқы елдердің бәрі хандық деп мойындайды.
Әлім өзін хан деп жариялаған шақта Қоқан иелігінде 15 шаһар болған. Әскер саны 80 мыңнан асқан. Өзінен төменгі билік сатыларына өте сенімді адамдарын тағайындаған Әлім 1806 жылы күзде Жүнісқожа иелігіндегі Ташкентті шабады. Оны 20 мыңдық әскерімен үш-ақ күнде жаулап алады. Сөйтіп, бүкіл Ташкент уәлаятыңдағы (бұған Жизақ, Шардара жерлері де қосылған) қазақ, өзбек, құрама жұртына қарасты қалалар мен қыстақ-ауылдар Қоқан хандығының иелігіне өтеді.
Әлбетте, ілкі заманнан Орта Азиядағы ең жазиралы өлке атанған, Қытай мен Қашғардың, Үнді мен Парсының елдерінен келетін керуендер өтетін, қазіргі тілмен айтқанда, аса экономикалық маңызды бар Ферғана өңірінде Қоқан тәрізді жеке елдің пайда болғанын көрші хандықтар, әсіресе Бұқар әмірлігі қаламағаны анық. Бірақ Қоқан жеке бектік құруға әрекеттеніп жатқан уақытта Бұқар мен Хиуа сыртқы басқыншылар тарапынан жапа шегуде еді. Хиуа Аралдың солтүстігінен таяп келе жатқан орыс басқыншыларына алаңдаулы еді. Бұқар болса, түркпен жерін көктей өтіп, өздеріне жиі-жиі қауіп төндірген Иран шахы Нәдір бастаған қызылбастардың беттерін қайтарумен әлек боп жатты. Ташкент пен оның айналасындағы қазақтар шаһардың жеке билігіне ұмтылған Жүнісқожаның, қала берді, тау асып келген қырғыздардың қолдарымен оқтын-оқтын шайқасып, өз тыныштықтарын қамтамасыз ету жолында күресуде-тін. Осындай жәйттерге байланысты жеке елдік мүдде жолында әрекетке кіріскен қоқандықтарға кедергі келтірер ешкім болмады. Анығын айтқанда, оның жеке ел болып қалыптасуына тарихтың өзі осындай ыңғайлы сәтті тудырып берді. Ал ол Әлім хан тұсында хандық ретінде нығайған соң жан-жағындағы елдердің бәрі онымен санасатын болды.
Қоқан билеушілерінің түп-тамыры Шыңғыс ханнан, болмаса Ақсақ Темірден тарамаған. Соған қарамастан, олар Шыңғыс пен Темір ұрпақтарының билік жүйесіне еліктеп, оның негізін қалаған Шахрухтан бастап соңғы ханы Құдиярға дейін атадан немесе әкеден балаға ауысқан билік сатысын ұстанды.



3. Хандықтың ұлттық құрамы

Қоқан хандығы туралы сыр шертетін қай жазбаны алсаңыз да, алдымен сол хандықтың құрамында болған халықтардың аттары тізбектеледі. Әр жылдары өмір сүрген жазба авторлары бір-бірлерін білмесе де, ондағы халықтардың атауларын жаңылыспай, біреуі қалай жазса, екіншісі де солай жазады. Сондай авторлардың жазуы бойынша, Қоқан хандығында сан жағынан басымдыққа ие болған – сарт-соғылықтар мен өзбектер, одан кейінгі орындарды рет-ретімен айтсақ – қырғыздар, қыпшақтар, тәжіктер, құрамалар, ұйғырлар, қашғарлықтар, қожалар.
Қожалар бектіктегі дін істерін жүргізді. Таза өзбек деп танылған білім-ілімі бар әрі ауқатты кісілер бектік орталығының, шаһар хәкімдерінің рабатханалық, бүгінгі тілмен айтқанда, кеңсе жұмыстарына ұйымдастырылды. Тұрақты да міндетті әскер ісіне, ләшкерлік сапқа сарт-соғдылықтармен қатар тәжік пен ұйғырлар, қашғарлықтар басым түрде тартылды. Соңғылардың арасынан Қоқан тағына жеткен ешқандай билеуші шықпады. Дегенмен бұл ұлттар да менгі тайпасына жататын бектердің билік басына келулеріне аса көп ықпал етті. Әсіресе қырғыздар мен кыпшақтардан шыққан белгілі тұлғалар билікке жақын болып, бектіктегі (кейін хандықтағы) аса жоғары лауазымдарға басқалардан гөрі көбірек қол жеткізді. Қыпшақтар мен қырғыздардың билікке ықпалы әсіресе Елдана мен Нарбота бектің уақытында көбірек болды. Елдана бектікке Ердене деген қыпшақтың арқасында жетті.
Өз кезегінде Елдана да Ердененің еңбегін елеусіз қалдырмай, оны өзіне бас уәзір етті. Ал Нарбота бек боп сайланғанда жаңа жауланған Ош пен Нарын маңындағы қырғыздармен қарым-қатынасын жақсартуды көздеп, Тұралы атты манаптың қызын әйелдікке алады. Одан туылған Әлім мен Омар кейін хан болды. Нарбота бектің ағасы Әжібек те қырғыздан қатын алған. Осы қатыннан өмірге келген Шералы Мұсылманқұл атты қыпшақтың көмегімен Омардан кейін билікке жетті. Шералының уағында Мұсылманқұл әмір-ләшкерлікті, Адайхан атты тағы бір қыпшақ уәзірлікті иемденді. Шералыдан туылған Мәллебек пен Құдияр да Мұсылманқұлдың қолдауымен кезек-кезегімен хандықты ұстады, ал олардың інілері – Сопбек Әндіжанға, Сұлтанмұрат Марғұланға көп жыл хәкімдік етті. Мұсылманқұлдың туған інісі – Әлімқұл хан болмаса да, 1861-1865 жылдарда бүкіл Қоқан билігін қолына алған билеуші дәрежесіне жетті.
Дегенмен Мұсылманқұл секілді қыпшақтың жебеуімен билікке жеткен жоғарыдағы хандар өздерінің айналасына қыпшақтардан гөрі нағашы жұрты боп табылатын қырғыздарды көп тартты. Нарботаның уақытында Момынбек, Ырысқұлбек деген қырғыздар бектіктің әскербасылығына тағайындалды. Омар мен Мәдәлі хандардың кезінде қырғыздан шыққан Жүсіп – мыңбасылық, Әлімбек датқа – әскер жөніндегі уәзір, Атабек жаяу әскердің басшысы, Шералы – атты әскердің пансатбашысы, Қыдырбай – ешік аға лауазымдарын иеленді.
Қоқандықтар қазақ даласын жаулап алғанға дейінгі бектік туралы жазбаларда ондағы қазақтардың барлығы бір атаумен, яғни қыпшақ деген атаумен ныспыланған. Мен өзім ондай жазбалардың қаншасын ақтарсам да, мәселен, Қашқадария мен Сухандария өңіріне, Ферғана жазығына ілкі заманда барып орналасқан, Қоқан дәуірі кезінде сол бектікке қараған, тіпті қазірдің өзінде аталмыш өңірлерде тұрса да, өздерінің бастапқы түбі Қоңырат екенін ұмытпаған жұрт туралы, арғы-бергі ғасырларда замана екпінімен сол жаққа кетіп орныққан – Дулат, Арғын, Найман, т.б. тайпаларының топтары және олардан шыққан тұлғалар жөнінде бір де бір мәлімет таппадым. Тәшкен мен оның төңірегінің және Хожендтің бергі жағындағы жазық даланың әлімсақ жұрты – Қаңлы мен Шанышқылы жайында да бір дерек айтылмайды. Осыларға қарасақ, Қоқан хандығы алғаш құрылған өңірде тұрған қазақтардың барлығын хандықтағылар да, тарих жазбагерлері де, жаңа айтқанымдай, бір ғана қыпшақ деген жалпылама атаумен атағанына көз жеткіземіз. Бір таңқаларлығы, Елдана бектің жанында – Мұсылманқұл, Есенаман, Нарбота бектің қасында – Олдан, Кейкі сияқты қыпшақтар уәзір болғанымен, аталған уәзірлер бектікті нығайтуға айтарлықтай күш салғандарымен, Қоқан тауарихына қатысты қай жазбаға үңілсеңіз де, билеушілердің Ферғана мен Марғұлан, Наманған уәлаятындағы қыпшақтардан әскерге сыпай (сарбаз) жинамағанын байқайсыз. Тіпті Әлім хан қазақ жеріне аттанғанда өзі басып алған Ташкент төңірегіндегі қазақ руларынан түгілі, Ферғана маңындағы қыпшақтардан да ғаскерге адам алмаған. Осыған қарағанда бұрынғы бектіктің, кейінгі хандықтың билеушілері сарт-соғдылықтар мен өзбектерге қарағанда сандары аз болса да, бұрыннан жауынгерлікпен аты шыққан қыпшақтарды әскер ісіне тартуға қаймыққан сияқты. (Бірақ бұл жарлықты кейін Омар хан бұзды). Мейлі, бектер қыпшақтардан үркіп әскер ісіне пайдаланбаса да, біз үшін бір өкінішті нәрсе – сол аймақтағы қыпшақ атанған қазақтардың өте үлкен тобы уақыт оза келе, сондағы өзге ұлттар тәрізді өзбек этносына сіңіп, өз ұлттық қалыптарын мәңгілік жоғалтты. Өзбек тарихшысы Асат Сәпиев «Хоженд уәлаяты һәм қазақтар мен тәжіктер» (Ташкент, 1926 ж.) кітабында: «Ферғана мен Хоженд уәлаятындағы қазақтардың бәрі бұрын өз руларын білуші еді. Қоқан бектері жүргізген саясаттың арқасында олардың барлығы алдымен бір ру – қыпшаққа айналды. Одан соң құрама деген атқа ие болды. Ақыр түбінде тап-таза өзбекке ұқсап шыға келді. Басқалар да солардың кебін құшты» деп жазғаны да жоғарыдағы пікірімізді қуаттай түседі. Біздің бүгінгі пайымымызша, Қоқан бектігін құруға түрлі ұлттардың өкілдері атсалысса да, сол кездегі жағдай мен түсінікке байланысты ешкім өз ұлтының үстемдігі жайында ойламай және пәленмін деп бөлінбей, бәрі бірігіп, тек бектіктің іргесін нығайту мұратында ғана еңбектенсе керек. Қашанда бір мұрат жолында күрескендердің ой-ниеттері де, мақсат-мүдделері де, тіпті тілдері де бір болмақ. Бөгденің жерінде өз тілін өзгенің тіліне алмастырған, сонымен бірге сол елдің мүддесі үшін еңбектенген жұрт ұлттық кейіп пен мүддені кейінге ысырады. Сөйтіп әлгі өзі жақындасқан ұлтқа айнала бастайды. Қоқан бектігін орнатуға күш салған һәм сол аймақта тұрған бөгде ұлттардың барлығы келе-келе бір ұлтқа, яғни со өңірде үстемдікке ие болған өзбек ұлтына сіңісіп кетуінің себебі осында жатса керек.
Бектіктің бастапқы кезеңіндегі тарихына арналған жәдігерлерде қыпшақтардың белсенділігі хақындағы мәліметтер жұтаңдау болса да, XIX ғасырдың басында Тәшкенттен бері қарайғы қазақ даласын жаулап алған Қоқан хандарының хаткерлері мұндағы ру-тайпалар мен атақты кісілері туралы көңіл көншітетіндей деректер жазған. Сондай-ақ Қоқанның соңғы тарихы жөнінде жазған өзбек, орыс тарихшыларының шығармаларында да басқыншыларға қарсы бас көтерген қазақ қаһармандары мен би-датқалары жайында ауыз толтырып айтарлықтай мәліметтер кездеседі.



4. Билік құрылымы

Қоқанда қалыптасқан берік мемлекеттік құрылым болмаса да, өздеріне тән билік жүйесі бар-ды. Барлық билік бектің (кейін ханның) қолында болды. Оның жарлықтары мен пәрмендері бұлжымас заң түрінде қабылданды. Бектікте екінші адам болып бас уәзір саналды. Бектік кезінде әр билеуші төрт жыл сайын бас уәзірді алмастырып отырды. Бек сарайында бас уәзірден бөлек әрқайсысы белгілі бір салалық – әскер, дін, елшілік, қазынашылық, шаһарлармен қатынас, ішкі тәртіп жұмыстарына басшылық жасайтын алты уәзір қызмет атқарды. Әскербасы, яғни бас қолбасшы – әмір-ләшкер, жаяу әскер мен зеңбірекшілердің басшысы – найып, атты әскерді басқарушы – ынақ, хан әкімшілігінің жұмыстарын реттеуші – есік аға, бек пен уәзірлердің кеңесшісі – аталық, ханның жеке күзетшілерінің бастығы – кешіктенбашы, сарай шаруашылығының басшысы – дәстүрханшы атанды. Осылардың барлығы бек (хан) кеңесіне кірді.
Осы дәрежеге жеткен адамдардың барлығы алдымен бектікке еңбек сіңіріп, мыңбасы деген шенге қол жеткізуі ләзім-ді. Бұған себеп – Шахрух алғаш бектікті құрған шақта әскерінің саны мың адамды құрапты. Әскерді басқарған Шахрух алғашқыда бек емес, мыңбасы атанған. Соған орай кейін Шахрух құзырына нешеме иелікті қаратып, әскер санын бірнеше мыңға жеткізсе де, «мыңбасы» атағы маңызын жоймай, елдегі барлық шенді басшыларға осы атақтың қоса берілуі – хандық құлағанша бұлжымас тәртіпке айналған.
Бұлардан кейінгі сатыда шаһар хәкімдері, дінбасылары (қазы-кәлән), даруға-хәкімдердің сарайларының, рабатханаларының диуанбектері, күндізгі және түнгі күзетшілерінің басшылары – кептеуілбашылар мен торғауылбашылар, шаһар әскерінің басшысы – пансатбашылар (кейде бұларды құрбашылар деген), бек (хан) пен шаһар хәкімдерінің жеке һәм шұғыл тапсырмаларын орындайтын арнайы шеріктің басшысы – паруанашылар тұрды. Бұлардың бәрі бектің жеке пәрменімен тағайындалатын. Мұндай құрылым Бұқар мен Хиуа хандықтарындағы билік жүйеге ұқсатылып құрылған еді.
Әлім ханның ісін жалғастырып, Қазақстанның қазіргі шартты түрде оңтүстік аймағы деп аталатын өңірлеріне билігін толық ор-натқан Омар хан 1814 жылы бектік кезіндегі билік жүйесіне біраз өзгерістер енгізіп, бас уәзір мен екінші сатыдағы уәзірлер деп аталатын лауазымды жояды. Оларға сарай даруғалары деген шен береді. Бірақ атқаратын жұмыс түрлері өзгертілмейді. Үлкен қалалардың билеушілерін де – даруға, майда шаһарлардың қожаларын – хәкім деп атау туралы жарлық шығарады. Ташкентке хандықтың маңызы жағынан екінші қаласы деген мәртебе беріп, оның билеушісін құшбегі (қосбек, яғни екінші бек деген мағынада) деп атайды. Ханның өзі алыстағы Қоқанда отырған соң хандық құзырына жаңа өткен қазақ даласындағы әлеуметтік һәм саяси жағдайды үнемі бақылап тұруды және ол жерлердегі шаһар даруғалары мен хәкімдерін, сонымен бірге далалық датқаларды да өз бетінше тағайындауды Ташкент құшбегісіне жүктейді.
Датқалар демекші, хандықта датқалық жүйені де алғаш енгізген Омар хан. Осы жерде датқалықтардың қандай құрылым, ал датқалардың кім болғанын айтудан бұрын мына нәрсені де тілге тиек ете кеткен жөн. Бұрын қазақтарға хандармен қатар жүздер мен ру-тайпалардың билері билік жүргізетін. Төбе билер хан кеңесшілері болып табылатын әрі өз қарамағындағы жұрттың қамын күйттейтін. Оларға сол жүздердегі тайпа билері бағынысты болса, тайпа билеріне ру, ауыл билері қарайтын. Бұл – далалық жұртты ұйыс-тырып отыру үшін өз кезінде пайдаға асқан жүйе-тін. XIX ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстігінен тыс аймақтарын орыс отаршылдары генерал-губернаторлыққа бөліп, ел билеудің жаңа құрылымын ендіруге кірісіп жатқанда, Омар хан да басып алған қазақ даласына Қоқан хандығының үкіметтік құрылымын енгізді. Үлкен шаһарлар мен ірілі-ұсақты қала-кенттерге бір-бір даруға-хәкімдерді тағайындады. Даруғалар билейттін үлкен шаһарлар қатарына – Шымқала (Шымкент), Түркістан, Әулиеата жатса, Сайрам, Ақмешіт, Қазалы, Созақ, Меркі, т.б. тәрізді кенттер хәкімдер билік ететін ұсақ қалалар саналды. Әр шаһар мен ұсақ саналған қала-бекіністерде арнайы әскер тобы тұрды. Шаһар-қалаларға бір де бір жергілікті қазақ даруға-хәкім боп тағайындалмады, ал оларға қарасты өңірлер датқалықтарға бөлінді. Мысалы, Шымкент шаһарына – 7, Әулиатаға – 7, Түркістанға – 4, Меркіге – 4, Қазалыға – 4, Созаққа – 2, Сайрамға – 2 датқалық бағынды. Бұл аймақтағы датқалықтарға датқа болып, тек қазақтар тағайындалды. 1814-1864 жылдар аралығында қазақ жерінде 39 датқалық, ал оларға әр жылдары әр рудан тағайындалған датқалардың саны 82-ге жетіпті («Қоқан хандығына қатысты жазбалар жинағы», №3 тізім). Датқалар тікелей даруға-хәкімдерге, ал даруға-хәкімдер Тәшкен құшбегісіне бағынды. Датқаға лайықты адамдарды даруға-хәкімдер іріктегенімен, оны тағайындап, бекіту – Тәшкен құшбегісінің құзырында болды.
Ол кездегі адамдардың саны дәл бүгінгідей мол болмағанын және ауылдардың бір-бірінен қашықтау, жайыла орналасқанын ескерсек, бір датқалықтың көлемі қазіргі бір ауданның аумағына парапар келген әрі оған бәрін жинап санағанда үй саны 3000-3500 болатын 40-45 ауыл қараған. Датқалық басшылары датқа атанған. Датқа атауының мағынасына келсек, ол – көне соғдылықтардың тілінде – дутхоу, яғни кіші аймақтың хәкімі деген лауазымды білдірген. Кейін өзбек тілінде де шендік дәрежені білдіріп, дотхо түрінде енген. 18 ғасырдағы Қоқан бектері бұл шенді өз құзырындағы белгілі бір адамдарға беріп келсе, Омар хан 1814 жылдан бастап қазақтар арасындағы беделді кісілерді де датқа тағайындауға әмір еткен. Датқалардың міндеті – хандық мүддесі үшін қызмет етуден тұрған. Хан мен құшбегінің, шаһар басшыларының жарлық-пәрмендерін ел арасында орындату, жұрттан хандыққа жиналатын алым-салықты уақытында жинау, хандық қалаған мезгілде құзырындағы ауылдардан әскер топтастырып беру сияқты қызметтер олардың басты міндеттеріне кірген. Уақытысында ел арасында қазақ мүддесі үшін өздеріне шен-шекпен берген қоқандықтарға қарсы қол бастап, соғыс салған датқалар да көп болған.



5. Әлім мен Омар хандардың қазақ даласын жаулауы

Кейінгі зерттеушілер Қоқан хандығының Ташкент пен одан бергі қазақ даласын жаулап алуын хандыққа қарасты жерлерді кеңейтумен қатар, экономикалық зәруліктен туындаған шабуыл деп есептейді. Яғни, Қоқан шабуылы – жері кең, малы мол, жұрты көп қазақтарды құзырына қаратса, бағынышты халық есебінен жиналатын мал мен мүліктік салық арқылы келетін көп дүние хандықтың қазынасын молайтады деген пиғылдан туындаған дейді. Сол кезде Әлім ханның көкейінде осындай ой-пиғыл жатқаны да рас. Оны мұрағаттық жазбалар да растайды. «Әлім хан езіне бағынышты бектерге пәрмендеді: «Тәшкән – дүниенің төрт бұрышынан керуендер ағылып келетін кәттә сауда шаһары. Тәшкән саудагерлері мен базарларында алтын көп. Қайтсек те, оны құзырымызға алуымыз керек! Ал Шымқала, Түркістан, Әулиеата, Созақ қазақтарында мал көп. Қазақ малдары да біздің хандықтың байлығы болуы ләзім. Тәшкеннен соң қайтсек те, қазақ даласын басу міндет. Алда ұзақ сапар тұр. Ғаскерді дайындаңдар!» («Қоқан хандығына қатысты жазбалар» Жинақ, Ташкент, 1905).
Расында Әлім ханның қазақ даласын жаулауының негізгі мақсаты – мал-мүліктерді иемденіп қалумен шектелмеген. Оның басты мақсаты – орыс отаршылдығынан әзірше аман тұрған әрі бір орталық билігі жоқ, бытыраңқы күйде өмір сүріп жатқан оңтүстік қазақтарының жерін Қоқанға түпкілікті қаратуды ойлаған. Оған қоса, сол кездегі саясатты жақсы білген ол, біздің оңтүстік өлкемізді батыс және солтүстік тараптан сұғына еніп келе жатқан орыс ортаршылдарына бермеуді ойлады. Сонымен қатар бұл даланы әне-міне басып алуды көздеп жүрген Бұқар, Хиуа хандарынан бұрын қимылдап қалу да – көкейінде бар жоспар-тұғын. Әлім шабуылдамақ болған қазақ даласын айналасы бірер жылдың ішінде-ақ басып ала саламын деген ойға сенімді болған тәрізді. Мұндай ойын А.Сәпиевтің жоғарыда аты аталған кітабындағы «Исақ дамулладан қалған сөз» тарауында жазылған мына сөйлемдер де растайды: «Әлім Шымқалаға жорық жасаудан жарым ай бұрын көпшілігі жалдамалы таулық тәжіктерден құралған он мыңдық шерікпен Тәшкәнге келді. Мұнда қазақ даласынан оралған жансыз-дәруіштерімен әбден сөйлесіп болғасын, хан кеңесін шақырып, алдағы болатын соғыс мәселесін талқылады. Тәшкән құшбегісі Ләшһар: «Тақсыр, мезгіл күзге таяп барады. Қазақтармен соғысамыз деп жүріп, ол жақтың суық болатын қысына ұрынып қалмаймыз ба? Қазақтарды оңай жау емес дейді білетіндер» деді. Хан айтты: «Қазақтың баяғыдай айбынды хандары, бізге төтеп беретін қарулы жасағы, топтанған ғаскері жоқ. Хәр ауылын бір би, хәр шаһарын бір төре билеп, малдарына ұқсап шашырап жатқан Дешті-Қыпшақтағы қазақтар біздің шеріктердің бір шапқанынан-ақ жел қуған қаңбақтай күйге түседі. Жабайы ғұмыр кешіп, намаз бен шариғатсыз күн кешетін надан қазақтарды адам етуді, оларға бас ие болуды Алла сары кәпірлерге де емес, Бұқар мен Хиуаның дүниеқоңыз әмір-ханына да емес, маған бұйыртпақ...».
Әлім хан мақсатына жетпек ниетпен хыжраның 1223 жылының аяғында, біздіңше 1808 жылдың сүмбіле (тамыз) айының ортасында Ташкентте әскеріне қосымша күш қосып, 13 зеңбіректі, 4 мың мылтықты, бас-аяғы он жеті мыңды құраған ләшкерге өзі бас болып, Дешті-Қыпшақ даласына қарай шеру тартады. Оның жолында алғашқы кездескен үлкен қазақ қыстақтары – Тұрбат пен Шарапхана еді. Қамсыз жатқан бұл қыстақтардың жұрты шаңдатып келген 17 мындық қолға түк те істей алмай, Әлімнің құзырына бас иеді.
Қоқандық әскер Шарапханаға жеткенде ары қарай жорығын жалғастырмай, осы жерде екі ай аялдайды Бір аттаныспен кез келген қала-қамалдарды басып алуға бекінген Әлім Шарапханада неліктен мұншалықты уақыт аялдаған себебін мен ұзақ уақыт зерттедім. Ақыры мұның жауабын Асат Сапиевтің кітабынан таптым. Ондағы жазу бойынша оның мәнісі былай екен: «Әлім хан маған қарсылық көрсететін қазақтар жоқ деп, Тәшкәннен бейқам аттанды. Хақиқатында Келес суына жеткенше қазақтар тарапынан шыққан ғаскер де, шерік де көрінбеді. Аяңмен үш күн жүріп, кеш түсе Келестің орта тұсындағы Қақпақ деген жерге аяқ басқанда, тау жақтан шыға келген 500-600-дей қазақ аламандары ғаскердің оң бүйіріне тап берді. Шабуылдарының шапшаңдығы сондай тез болды, қоқандық шеріктер мылтық, найзаларын көтеріп үлгергенше, ғаскердің бір шетін қиратып тастап, қайтадан тау арасына кіріп кетті. Осыдан кейін Әлім сақтана жүріп, Тұрбат пен Шарапхананы бағындырды. Ләкін бұ қышлақтарға жеткенше де, қазақтың әлгіндей топтары біресе қамыс арасынан, біресе жыра тасасынан шыға келіп, қоқандықтардың берекесін кетірді. Мұндайды күтпеген Әлім Шарапханада аялдауға ықырар қылды. Ләкін қарап жатпады, қазақтарды қорқытпаққа айла тапты. Шарапхана қыстағының жоғарғы жағынан өзіне арнайы қамал салдырып, күнде арғы жақтағы Шымқала, Түркістан, Әулиеата, Түлкібас тарапына шабармандар аттандырып, қала хәкімдері мен қазақ сұлтандарына, би-байбатшаларына: «Аяғыма келіп жығылыңдар, маған бағыныштарыңды білдіріп, көп дүние-мүлік, мал айдап келіңдер. Мен мұсылманмын, сендерге қамқор боламын. Өйтпесеңдер арғы жақтарыңда төніп тұрған доңыз етін жегіш, түрегеп тұрып дәрет алатын, адам қанын су орнына ішетін түрі бөтен кәпір-орыстар сендерді басып алып, тұқымдарыңды тұздай құртады. Әгәрки бейбіт келіп, құзырыма өтпесеңдер, мен сендерді орыс-кәпірден бұрын жаулап аламын. Әр он еркектің үшеуін дарға асамын, екеуінің басын кесемін, екеуінің бұтына қыл бұрау салып, әтек қыламын, қалған үшеуінің бір-бір қүлақтарын кесіп, өмірбақи құл етемін. Қатын-қыздарыңның бәрі сарбаздарыма қатын, күң болады» – деп пәрмен айтты.
Ләкін қазақтар хан дәргейіне келіп бас ұрмады. Ашуланған хан Шарапхана маңындағы қазақтардың күніне жиырма шақтысының басы мен қол-аяқтарын кесіп, олардың жаншошытарлық өлі денелерін ат-есектерге өңгеріп, ауыл-ауылдарға жіберді. Дала қазақтары ержүрек екен. Бұған да шошымады. Хан алдына келмей қойды. Ашудан жынданардай халге түскен Әлімхан зулхиджа айының 17-ші жүлдызы күні (1808 жылдың қазанының 19-сі) ләшкерін көтеріп, Шымқалаға қарай аттанды...».
Дәл сол уақытта Ұлы жүздің және Орта жүз Қоңыраттың барлық тайпалары, Арғын-Найманның шоғыр-шоғыр аз ғана рулары, кіші жүздің Тамасы, Адайы мен Рамаданының едәуір бөлігі Қоқан жауламаққа ниеттенген оңтүстік тарапты жайлаған-ды. Әлім хан шабуылы алдында, А.Сәпиев жазғандай, бұл дала жұртының не ортақ ханы, не ортақ биі жоқ, бытыраңқы қалыпта күн кешіп жатқан. Қазығұрт, Арыс, Шымқала, Түлкібас маңындағы ел осыдан он жыл бұрынғы, тарихта «Қазақ қырғыны» деген атпен қалған Ташкент түбіндегі Жүнісқожамен өткен сұмдық соғыстың зардабынан әлі айыға қоймаған. Оның үстіне бұларды ай құрғатпай тау асып келіп, жеке-жеке отырған ауылдарды қан қақсатып кететін қырғыз барымташылары да әбден титықтатып тастаған. Оған қоса, айлалы Әлім хан әдейі жіберген, дін насихаттаушылар боп көрінгендерімен, жансыздық жұмыстарды атқарған пірлер мен дәруіштердің батыс пен күнгей жақтан таяп келе жатқан орыстар туралы айтқан үрейлі дақпырттары да, «Олардан сендерді құтқаратын – Алла жолымен, шариғат жөнімен жүретін, хақ мұсылмандықты ұстанатын Қоқан хандығы ғана!» деп жар салған үгіттері де жұртты әрі-сәрі күйге түсіріп қойған. Тек өз төрелері мен билеріне ғана бағынатын әр шаһар, әр ауыл өз беттерінше күн көріп, ілкідегі жау келсе дереу атқа қонып, бір ортаға жинала қалатын ұйымшылдығынан айырылған. Қазалы, Ақмешіт төңірегінің қазақтары Сырдан өтіп, жиі-жиі шабатын Хиуа басқыншыларынан мол зәбір көріп, алмағайып заманды бастан өткеріп отырған. Әулиеата мен Ұзынағаш, Қастек қазақтарының да береке-бірлігі азайған.
Әлім хан қазақтардың осындай осал сәтін әдемі пайдаланғысы келді. Бірақ та, қазақ қаншалықты қамсыз қалыппен бұйығып жатқан ел болса да, байырғы ата-бабаларының өр рухы бойларынан кетпеген халық емес пе. Соған орай жалпы жұрттан ұйымшылдық кетсе де, ел ішінде әр жер-әр жерден сөз бастаушы билер, қол бастаушы батырлардың шықпағы кәдік.
Әлім хан Шарапханада жатып, жан-жаққа шартын айтып жаушылар жібергенде, кеудесінде намысы бар осындай билер мен батырлар да қарап жатпай, оларға қарсы қол құрай бастайды. 1798 жылы Тәшкенді мәжбүрлік пен амал жоқтығынан, сонымен бірге қанша соғысса да Қоқан мен Бұқара хандықтарынан қосымша күш алып күшейген Жүнісқожаның билігіне қалдырып, өзі Қазығұрт етегіне келіп орныққан Төле бидің кенже ұлы Қожамжар дәл сол мезгілде осындағы қазақтардың сөзбасшысына айналады. Ол бұрын да көсем еді. Ал, Қоқан ләшкері Шымқалаға жақындағанда, жасы тоқсанға келіп қалса да кеудесіндегі рухын қайта көтеріп, атқа қонады. Айналасындағы елдерге сауын айтып, сарбаз жинайды. Шымқала билеушісі Елек төре, сіргелі Назар, Тайлақ, шегір Ақпан, қоңырат Алтай батырлар, Түркістан қожаларынан арнайы топ құрған Сейіт ахун оның жанына жиналады. Қақпақ, Келес бойында Әлімнің қолына таса-тасадан шабуылдап, маза бермеген де осы батырлар бастаған сарбаздар еді.
Шымқаланы бетке алған Қоқан ләшкерi Қазығұрт белiнен асқанда жан-жақтағы сай-жыраларда жасырынып тұрған осы батырлар бастаған екі мыңдық қазақ қолы оларға тағы тарпа бас салады. Жайбарақат келе жатқан дұшпан ләшкерi тез ес жиып, мылтықтарына жармасады. Ылғи шоқпар-найзамен, садақ және құс ататын шитi мылтықтармен қаруланған қазақтар жақсы қаруы бар қоқандықтарды жайпап салмаса да, қатарларын бiраз селдiретiп, шегiнiп кетедi. Қазақ батырларының қылығына ызаланған Әлiм хан осы соғыста өлгендер мен жараланғандарына да қарамай, Шымқалаға қарай асығыс жүредi. Бiр күннен кейiн Бадам жағасындағы Қасқа жотасына келiп тоқтайды. Дәл осы кезде бұларға Ташкенттен жеткен жеті зеңбiрегi бар тағы үш мыңдық қосымша ләшкер келiп қосылады. Қанша булықса да, қаланы түнгi мезгiлде шабуылдаудың қисынсыз екенiн ұққан Әлім ләшкерiне аттан түсiп, таңға дейiн демалуды пәрмендейдi.
Бұл кезде жоғарыда аталған батырлар жалпақ даладағы Алаш баласын қанша үгіттесе де, рухы төмендеген жұрттан бар болғаны жеті-ақ мыңға жуық сарбаз жинап, Шымқала түбінде топтасып тұрады. Қоқандықтардың Қасқа жотасының ар жағындағы тегісте түнемелікке аялдағанын шолғыншылар арқылы білген қазақтар далада ер-тоқымдарын төсенiп жатқан жиырма мыңдық ләшкерді түнде шабуды ұйғарады. Содан түн ауа қамсыз ұйқыдағы жауға Ақпан батыр бастаған екі мыңдық қол шығыс жақтан, Тайлақ пен Алтайдың сарбаздары батыс беттен, Елек төре мен Сейіт ахун ерткен бір мыңдай жасақ Шымқала тұстан бірден лап қояды. Бұл – күші басым дұшпанға қазақтардың алғашқы үлкен шабуылы еді. Түн iшiнде дүрлiккен дұшпандар бұл жолы үш мыңдай аламандарынан айырылады. Бiрақ етек-жеңдерiн тез жиып үлгерген қоқандықтар ұйысып, қазақтарға қарсы оқ боратады. Бие сауымдай мезгіл ойран салған қазақтар аз ғана шығынға ұшырап, жылыстап кетедi.
Тосын шабуылдан жынданардай халге түскен Әлiм таң атар-атпаста ләшкерiн Бадамнан өткізеді. Арада жарты сағат уақыт өткенде зеңбіректерін ат-түйелерге артқан, бес мың мылтықтарын, сансыз найза-садақтарын алдарына кезенген қалың ләшкер Қошқар ата суының жиегiндегi биiк төбе үстiнде орналасқан Шымқала қорғанына таяйды. Қорған түбінде шеп құрып жатқан қазақ сарбаздары оларға жебе жаудырады. Алайда қоқандықтар от тастары 200-230 метрге жететiн Бұқарда құйылған жиырма зеңбiрек пен оқтары алысты дәлдейтін мылтықтарын бiрдей iске қосып, сарбаздардың шебі мен Шымқаланы төпеп бередi. Қайран ержүрек қазақтардың отты қарудың қандай құдіретті болатыныны осы жолы көздері жетіп, шат-шәлкейлері шығады. Өлгендері өліп, өлмегендері майдан шебінен шегініп, жан-жаққа кетеді. Бір тобы қорған ішіне тығылады.
Әлiм хан шабуылы кезiнде Шымқалада қанша халық тұрғаны жөнiнде ешбiр жерде дерек жоқ. Бiрақ қисынға ден қойсақ, 15 мыңнан кем болмауы тиiс. Мейлi, қанша болса да, бiр анық нәрсе – Әлiм хан зеңбiрек от тастарының атқылауынан аман қалған қала тұрғындарының жартысынан көбiн өлiмге бұйырған. Елек төре мен Сейіт ахунды қолға түсіріп, азаптап өлтірген. Сарттар мен түбі ташкендік қауымға тиiспептi. «Тақсыр хан! Қала тұрғындарын қыра бергенiмiз қалай болар екен... Ертең мына қамалдарды қайта тұрғызуға, хандыққа қызмет етуге һәм салық төлеп, хандық қазынасын толтыруға адамдар керек емес пе?» – дептi сонда ләшкербашы Тұғрыл бек Әлiм ханға. Әлiм хан айтыпты: «Намаз оқымайтын бұ қазақтар кәпiрмен бiрдей. Жөн сөзге көнбеген бұ тағыларды қыру – сауап. Қырылғандардың орнын Ферғана мен Наманған уәлаятынан өз туыстарымызды көшiрiп әкеп толтырамыз» (Асат Сапиев жазбасы, «Исақ дамулладан қалған сөз» тарауынан). Әлім Шымқаланы жаулауы – 1808 жылдың ақырап (қазан) айының 23-і күні іске асқан.
Шымқаланы алған соң Әлiм арада апта өтпей жатып-ақ Сайрамды бағындырады. Сайрам қаласы еш қарсылықсыз берiлген. Себебi, мұнда Әлiмнiң ой-мұратын қуаттаған тұрғындар көп болыпты. Сайрам мен Шымқалаға 500-ден ләшкер қалдырып, өз адамдарын шаһар даруғалығына (басшылығына) бекiткен Әлiм хан қауыс (қараша) айында қазiргi Түлкiбас, Төлеби, аудандарының таулы аймағындағы қазақтарды шауып, көп дүние-мүлiк пен мал олжалап Қоқанға қайтады. Ал Тұғрыл бек бес мыңдық қолмен Арыс, Шаян бойы мен Қаратау етегіндегі қазақтарды қанға бөктiріп, мұндағы жұртқа Қоқан билігін мойындатады.
Қанша қазақтың қанын мойнына жүктеп Қоқанға оралған Әлімді мұнда ажал күтіп тұрған. 1809 жылдың қысында күзгі жеңісіне масаттанып, той-думанға көп беріліп кеткен ол, айналасындағы жаулардың өзіне дайындап жатқан қастандығынан тіпті хабарсыз-тын. Қасындағы уәзірлерінің жалған мадақтары мен гаремдегі жас қыздардың буына елітіп, тіпті біраз уақыт өз тарапынан күнделікті бақыланып отырылуға тиіс хандық жұмыстарына да көңіл бөлуді азайтады. Бұрыннан оған қарсы топ құрып, хандық билікті көптен аңсап жүрген туған інісі Омар осындай ұрымтал сәтті пайдаланып, оны түнде жас қызбен жатқан жерінде қылышпен шауып өлтіреді. Арада екі күн өткенде ол өзін ханмын деп жариялайды.
Омар хан қазақ даласын жаулауды одан әрі жалғастырады. Ол 1809 жылдың көктемінде әмір-ләшкер Тұғрылдың ләшкерiн Арыс, Бөген, Шаян бойындағы руларды шабуға жұмсайды. Бір жылдан кейін Тұғрыл шеріктері Ташкенттен Әулиеатаға Қаратау арқылы бет түзеген Арыслан бастаған екiншi қолмен Күйiк асуының арғы бетiндегi Билiкөл жерiнде түйiседi. Көкек айында екi қол Әулиеатаны бiрлесiп басады. Одан соң Арыслан тобы Қордай мен Меркi, Самсы мен Ұзынағашты шабады. Осыдан кейiн Арыслан бек Омар ханмен келiсiмi бойынша Әулиеатаның хәкiмi болып қалады да, өзiне қарасты үш мың ләшкердi Қордай, Меркі, Ұзынағаш секiлдi шағын-шағын қалаларға бөлiп, жайғастырады. Бұларға Қоқан хандығының шығыс шекарасын бекем ұстап тұру мiндетi жүктеледi. Тұғрыл болса, Әулиеатаны шапқаннан кейiн Талас бойымен төмен түсiп, Сарысуға дейiнгi аралықта жатқан қазақтарға шабуылдайды. 1816 жылы Түркiстанды шапқан Тұғрыл қаланың даруғалығына, яғни Созақ, Саудакент, Құмкент, қалалары хәкiмдерiнiң үстiнен қарайтын басшылыққа тағайындалады. Түркістаннан кейін Омар Ақмешіт тарапына тағы да Тұғрыл бастаған әскер аттандырады. Әскер екі ай ішінде Ақмешітке дейінгі алапты басады да, Омардың пәрменімен батыс және солтүстік тараптағы орыс пен Хиуа хандығынан сақтану һәм оларға бұл жерлерді бермеу мақсатында Жаңақорған, Ақмешіт қорғандарын салып, бекінісін нығайтады.
1810-11 жылдары бiр кезде Қоқанға бек болған Әбдiрахманның кенже ұлы Әбдiрәсiл пансат он бес мыңдық қолмен бүкiл қырғыз жерiн жаулап алады. Мына ұқсастықты қараңыз, Әлім де, Омар да қазақтарға шапқанда бір де бір қыпшақты әскерге алмаса, қырғыздарды жаулағанда Ферғана өңіріндегі бір қырғызды да шерік қатарына алмаған. Содан 1816 жылдың аяғында Қоқан хандығының құзырына бүкiл Қырғыз жерi мен шығысы Жетiсуға, солтүстiгi – Сарысу, Созақ, Ақмешiтке, батысы – Хоженд жерiне дейiнгi өңiрлер қарады. Ұзын-ырғасы 37 қала мен қамалдар оның иелiгiне кiрдi.
Кейбір зерттеушілер қоқандықтар Түркістан мен Ақмешіт төңірегін 1819-1830 жылдары басқан деп жазады. Бұл – қате тұжырым. 1822 жылдан кейін Қоқанға Мәдәлі хан болған. Ал тарихи деректердің қайсысына көз салсаңыз да, Мәдәлі қазақ жерін жауламаған. Бұрынғы хандар басып алған өлкелерді билеп-төстеп отырған. Оның үстіне Қоқан тарихы туралы деректердің ең сенімдісі боп табылатын және Әлім, Омар сияқты хандардың жеке хаткерлері жазып қалдарған мәліметтер топтастырылған «Қоқан хандығына қатысты жазбалар» жинағында Омар хан Түркістан мен Ақмешітті хыжраның 1231 жылдың аяғында құзырына қаратты деп көрсетілген. Ал бұл жылды біздің санаққа аударсақ, 1816 жыл боп шығады.
Бір өкініштісі, қоқандақтардың осы Түркістан, Ақмешіт, Әулиеата маңын қалай жаулағаны жөнінде, жергілікті халықтың қандай қарсылықтар көрсеткені жайындағы мәліметтер тым жұтаң сақталған. Тіпті бұл туралы ел аузында да әңгіме жоқ. Тек жоғарыда біз атаған жинақта Ақмешіт түбінде Тұғрылға Қойсал деген кісі басқарған топ біраз қарсылық көрсеткені, сол маңдағы Әлім руының адамдары көп уақытқа дейін хандық билігін мойындамай, әлсін-әлсін көтерілгендері хақында келте ғана дерек бар. Осы келте деректің өзі Қоқанның алғашқы басқыншылығы кезінде ол жақта да әжептеуір деңгейде шайқастар болғанын көрсетеді. Есесіне, 1820 жылдан кейін хандық билігіне қарсы шығып, көтеріліс ұйымдастырған қазақ көсемдері мен ру басшылары жайында жазылған да, ел аузында сақталған да әңгіме көп.



6. Басқыншыларға қарсы көтерілістер

Қоқан басқыншылары мол әскермен Оңтүстiк Қазақстан жерiндегi қалалар мен қалашық-қамалдарды аз уақыт iшiнде басып алып, бауырына басқандарымен, дала қазақтарын оңайлықпен бағындыра алған жоқ. Ташкентте Қошық, Шардара өңiрiнде Алтай, Шымқала төңiрегiнде Ақпан, Шойбек, Тайлақ, Созақ жерiнде Кенесары, Жанқожа, Әулиеата маңында Қожағұл, Дербiс, Сұраншы, Спататай, Байзақ батырлар және де бұлардан басқа би-датқалар бастаған топ-топ қолдар қоқандықтардың мазасын жиi алып, берекесiн қашырды. Алайда, ұлт-азаттық күрес жолына түскендердiң бастары қосылмады. Бiр-бiрiмен араласып, қолдасып кетуге жер шалғайлығы, аралықта жатқан Қоқан әскері керi әсерiн тигiздi. Оған қоса, ауылдардың барлығы бiрдей түп көтерiлiп, әлгiндей батырларға ере қоймады. Сонда да болса намысы биiк батырлар, бүгiнгi тiлмен айтқанда, партизандық соғыс тәсiлiне көшiп, ретi келгенде хас дұшпаннан кек қайтарып отырды.
Қоқан хандығы Ташкенттен Жетiсуға, Қордайдан Сарысу мен Ақмешiтке дейiнгi қазақ жерiн тура 55 жыл биледi. Осы 55 жыл iшiнде қазақтардың қоқан-сарт басқыншыларына қарсы дүмпуi бiр сәтке де басылған емес. Қоқанның тоғыз ханының хаткерлерi жазып қалдырған мұраларға қарасақ, жаңағы 55 жыл iшiндегi қазақ даласында iрiлi-ұсақты 114 көтерiлiс болыпты. Бiр әттең-айы, олардың бәрi туралы нақты жазбалық деректер қалмаған Солай десек те, қазақ-қоқан қосындары арасында өткен iрi көтерiлiстердiң бiразын – «Қоқан хандығына қатысты жазбалар» жинағындағы мәліметтермен тізбелеп, баяндап көрелік.
№7-тізім: «Хижраның 1223 жылы (1808) ақырап (қазан) айының аяғында паруанашы Тұғрылдың әскерi Сайрамды құзырына қаратуға аттанды. Сайрам қорғанының сыртында Ақпан мен Тайлақ деген қазақ батырлары қол жиып, Тұғрылмен қатты соғысты. Қазақтардың қолы аз-дүр. Тұғрыл жеңдi. Тұғрыл келгенде Сайрам хәкімі һәм тұрғындары «Әулиелі шаһарға қош келдіңіздер. Біздерге сіздермен соғыс керек емес» деп өздері қақпаларын ашты. Бiр айдан кейiн Ақпан Тұғрыл әскерiмен Күйiк деген жота үстiнде тағы соғысты. Тұғрыл Ақпанды ұстамақ болды. Ақпан шайтан сияқты екен. Еш ұстатпады».
№8-тізім: «Қазақтар еш тыншымайтын болды. Биыл Мухаммед Ғалиһисаламның 1237 жылы. Ташкент құшбегiсіне қарасты Шымқала жақта тағы соғыс басталды. Кәтта соғыс. Жошы тұқымы Тентек төре деген бiреу қазақ батырларынан шерiк топтап, Сайрамдағы Айқас хәкімді, Қарабұлақ, Қарамұрт датқаларын өлтірді һәм хандық дәргейіне құлдық ұрған нешеме қазақ датқаларын ат құйрығына байлады. Қоқан сарбаздарын қиратты. Шымқала даруғасы шаһардан қашып шықты. Тентек төре Ташкентке дейiнгi жердi Қоқаннан тартып аламыз дептi. Омар хан құшбегi Ләшһарға пәрмен берді. Ләшқар оларға қарсы Тәшкән әмір-ғаскері Исақұл бастаған 15 мыңдық шерiк аттандырды. Тентек төре мен оның жасауылбашылары Ақпан, Шымырбай батырлардың қосыны Шымқала мен Сайрамды он бес күндей ұстап тұрды. Ождан шерiктерi қазақтарды от тастармен атқылап, тас-талқандарын шығарды. Тентек төре ымыраға келіп, Исақұлға берілді. Ал жасауылбашылары соғыса жүріп, Алатауға қарай жылжып кетті. Исақұл Тентек төрені Қоқанға айдап әкелді. Омар оны қазыққа отырғызып өлтірді.
Қоқан жазбагерлерiнiң 1237 жыл деп отырғаны – бiздiң санақпен 1821 жыл. Тарихтан, әсiресе, оңтүстiктiң тарихынан хабары бар адамдардың бәрi бiледi, тап сол жылы Тентек төре Шымқаланы қоқандықтардан аз уақыт азат етiп, қазақтарға қайта қаратқанын. Әлбетте, оның және де оған серiк болған батырлардың мұраттары үлкен едi. Бiрақ айналадағы ахуал ондай арыстардың мақсат-мүдделерiне қайшы келгендiгi тым өкiнiштi...
1830 жылы Бетпақтың шетін жайлайтын тама, Қаратау етегіндегі қоңырат, ысты, сіргелі тайпаларының бас көтерерлері Қоқан хәкімдеріне қарсы соғысайық деп, Арал төңірегінде Хиуа мен орыстарға қарсы соғысып жүрген құттық Жанқожа мен қаракесек Ақтан батырды шақыртады. Жанқожа мен Ақтан үш жүздей жігіт ертіп келеді. Қаратау жақтағы елдерден жеті жүз жігіт жиналып, басшылары – қоңырат Жаманқара мен тама Ерсібайға еріп, Жанқожа-Ақтанның қолымен Созақтың Бетпақ тарапында қосылады. Сол жылдың мизам айының басында олар алдымен Созаққа тірек боп тұрған Саудакентті басады. Ондағы Қоқан хәкімін өлтіріп, қазынасын тонайды. Одан соң Шолаққорғанды шабады. Бес-алты күннен кейін Созақты қоршайды. Ана екі кентке қарағанда Созақ бекінісі бекем әрі мұнда қоқандық шеріктердің саны мол-тұғын. Қазақтардың шабуылына бекіністегі қоқандықтар он бес күндей төтеп береді. Оқ-дәрісі таусыла бастағанда Созақ хәкімі өзін жүз шақты мылтықты аламандарына қоршатып, батыс беттегі қақпадан сыртқа шығады. Ойы – атысып жүріп, Түркістанға жету еді. Бірақ соңына түскен қазақтар Қаратаудың Суындық асуы үстінде олардың бәрін қырып салады. Бұдан құлақтанған Шымқала даруғасы Қайып Ташкенттен үш мың ләшкер алдырып, өзінің және Түркістан хәкіміне қарасты шеріктерден екі мың әскер түзіп, Созаққа аттанады. Жиырма күнде Созаққа жеткен ол, күші бес мыңдық ләшкерден әлдеқайда кем қазақ жасақтарын талқандап тастайды. Бұдан кейін де Созақ маңында үш көтеріліс болады. Дегенмен бәрi де қанға бөктiрiлiп, басылып тасталады.
Созақтағы бұдан соңғы көтеріліс 1845 жылы Кенесарының бастауымен өтеді. Кенасарының соғыс тәсілін оңтайлы жүргізгені сондай, Шымқала мен Түркістан жақтан тағы келген бес мыңдық дұшпан әскеріне дес бермей, төрт ай бойы соғысады. Қоқандықтар Созақтан күдер үзгендей боп, шегініп кетеді. Кенесары болса, Созаққа қоңырат Алданды бек етіп, Талас бойына қарай кетеді. Алайда артынша қоқандықтар қайта келіп, Созақты алады.
1842 жылы Әулиатада шымыр Байзақ датқа бас болған ауқымы жағынан өте үлкен көтеріліс бұрқ етеді. Көтеріліс Меркі мен Қордайды, бүкіл Талас бойын шарпиды. Оған Сұраншы, Спатай, Шымырбай сияқты белгілі батырлар қатысады. Көтерілісшілер Ұзынағаш пен Қастекті де азат етуді жоспарлайды. Қоқан хандары аталған кенттер хандықтың шығыс шекарасындағы бекеттер болғасын, мұндағы горнизонды зеңбірек, мылтықтармен жақсы жарақтаған-ды. Әрі мұнда әскер саны да айтарлықтай мол еді. Оның үстіне Байзақ көтерілісі кезінде мұнда Тоқмақтан көмекке келген ләшкер қосылған. Қазақтар екі кентке де бірнеше мәрте шабуылдап ала алмады. Бір жақсысы, қорғанушы ләшкерлер қазақтар шабуылын тойтарып отырумен ғана шектеліп, қарсы шабуылға шықпады. Осыған байланысты Әулиеата мен Талас маңы екі жыл бойы басқыншылардан азат тұрып, билігі жергілікті халықтың қолына көшті.
Аталмыш аймақтардағы көтерілістерді басуға Ташкент, Қоқан тарапынан жазалаушы әскер келмей, мұншалықты уақыт азат тұруына сол шақта саяси уақиғалар көмектесті. Себебі дәл осы тұста Мәдәлі Бұқар ханы Насрулламен соғысқа кірісіп, ішкі жағдайларға көңіл бөлуге мұршасы болмай қалды. 1841 жылдың аяғында Насрулла Қоқанды, 1842 жылы жазда Тәшкенді басып алып, бұ шаһарларға өз найыптарын отырғызды. Мәделіні әкесінің тоқалын қатындыққа алғаны үшін кәпір санап, өлім жазасына кесті. Ең маңызды екі қаласын Бұқарға берген Қоқанның күні бітуге таяу еді. Бірақ осындай алас-күлес кезеңде Қоқан ордасында қырғыз Атабек найып пен қыпшақ Мұсылманқұл аталық сөзбасшы шешен, хандықтың жоғын жоқтаушы көсем шығып, Бұқар найыбын шаһардан қуып шығады. Екеуі Нарбота бектің ағасы Әжібектің баласы Шералыны хан сайлауға үлкен күш салып, дегендеріне жетеді. Шералы хан бола салысымен дереу ішкі жағдайды реттеуге кіріседі. Ташкентті бұқарлықтардан азат етеді. Әулиеата маңындағы көтерілістерді қан-жоса қып басады. Бір қулығы, көтеріліс басшыларына кешірім жасап, елге салмағы бар, көпке сөзі өтетін ондай беделді кісілерді хандық мүддесі үшін қызмет қылуға тартады. Соның арқасында Байзақ, Шымырбай сияқты даналар жазадан аман қалады. Бірақ та, бұлар ханнан рахым көріп, датқа деген шен алса да, өле-өлгенше хандыққа жау боп өтті.
Шымқала мен Әулиеата маңындағы наразылық көтерілістің тағы бір белең алған шағы 1856 жылы болды. Әр кездегі көтерілістерге – хандықтың, әсіресе Ташкент құшбегілерінің Дешті-Қыпшақ даласындағы руларға көрсеткен зәбірі мен салық мөлшерін арттыруы себеп болды. Ташкентке 1853-1857 жылдары құшбегілік еткен Мырзахмет сарт жергілікті жұрттан алынатын салық мөлшерін төрт есеге арттырды. Онысы аздай, далалық қазақтарға жайлау мен қыстауларға көшуіне тыйым салды. Сол уақытта Мырзахметтің салық жинаушыларымен бірге қазақ даласында болған, кейін өз көргендерін хатқа түсіріп, «Құласат әл-ахуал» атты еңбек жазған Әбу Убайдуллахтың қазір ӨРҒА Шығыстану институтының қолжазбалар қорында сақтаулы тұрған аталмыш жазбасында мынадай уақиғаларды баяндайды: «Мырзахмет құшбегі Шымқала, Әулиеата шаһарларына қарасты қазақ руларының басшыларын жайлау-күздеулерге жібермей, «Ешқайда көшпей, қыста қоныс ететін жерлерінде отыра беріңдер, егер бұған көнгілерің келмесе, шөлейтті аймақтарға болмаса орыс құзырындағы жерлерге көшіп кетіңдер!» деп пәрмен етті. Бұған қатты қобалжыған ру басшылары Мырзахметтің адамдарына өз қауымдарынан төрт мың тілләден жинап беруге, осы параның арқасында жайлау-күздеулерге шығуға мүмкіндік алмаққа ұмтылды. Ләкін астамсыған диуанбектер төрт мың тілләні де азсынып, одан да көп қаржыны талап етті. Ру басшылары қатты сасып, не істерге амал таппады...
...Мырзахмет құшбегі Әулиеатаға келген кезінде базарда бір ауыл басшысын ұстап алды да оған: «Саған қарасты қауым бізге бес жүз тіллә қарыз. Тап қазір соны тауып бермесең, қол-аяғыңды кесіп, мүгедек етемін, яки одан да қатаң жазаға тартамын» деді. Амалы таусылған ру басшысы жылап-еңіреп жүріп, әркімнен қарыз алып, құшбегінің жала-қарызынан құтылды...
...Бұрынғы хәкімдер уағында қазақ-қырғыздардың рулары жерді егістікке пайдаланғаны үшін әрқайсысы 100 тілләден ақы төлейтін. Мырзахмет бұл ақыны үш-төрт есеге көтерді. Салық беруші шаруалар бұдан құтылу үшін барлық астығын, малын сатты. Тиісті пұлды жиып бере алмағандар оларға күңдік пен қатындыққа он-он бір жастағы қыздарын берді. Мырзахмет Дешті-Қыпшақтағы қазақтардан жақсы тұқымды жылқылармен қатар бетінде әрі бар сұлу қыз-қатындарды да тартып алды. Оның диуанбектері ауылдарға келгенде жергілікті халық жылқыларын жасырды, қыздарының бетіне күйе жағып, кебежеге тықты. Мырзахметтің осындай қатаң пәрмендеріне шыдай алмаған қазақтың кейбір датқалары, би-оғландары дембіл-дембіл соғысқа шықты...».
1858 жылы Ордабасыда қоңырат Мұсабек батырдың паруанашы Мырза бидің басын алған уақиғасынан қанаттанған әр жер-әр жердегі би-батырлар өздеріне жақын маңдағы кенттерге, бекіністерге тап берді. Ташкент қақпаларының қожасы Қошық датқа мен Рүстембек би бүкіл шаһарды дірілдеткен көтеріліске басшылық жасайды. Қазығұрт етегіндегі ауылдардың билері – Дауыл мен Сәбекке ерген топ, Шарапхана, Тұрбат бекеттеріндегі жау жасақтарын қырып салады. Шаян бойындағы сіргелілер Иқанды талқандайды. Арыс, Сыр жағасының қоңыраттары Шардарадағы бекіністі тас-талқан етеді. Жаңақорғандағы қожалар қамал бастығын суға тұншықтырып, ләшкерлерін шешіндіріп, тырдай жалаңаш күйлерінде далаға айдап жіберді. Ақмешіт айналасы да дүмпуге толады, Талас маңы тағы отқа оранады. Ең өкініштісі, жер-жерде дүмпу ұйымдастырған көтерілісшілердің тағы бастары қосылмайды. Үлкен шаһарлардан жеткен бес қаруы сай ләшкерлерге төтеп бере алмай, тағы қырылады, тағы өлім құшады. Иә, тағы, тағы... өзекті өртеген өкініш-ай...
Қазақтар бекерге көтерiлген жоқ. Қоқан билеушiлерi бiздiң ата-бабаларымызға қатыгез саясат ұстанды. Тарихқа ден қойсақ, оның залымдығы қалмақ зәбірінен он есе асқан. Ол бас көтерген қазаққа өлім жазасының сұмдық түрлерін қолданды. Жұт жылдары да мал, астық салығын белгіленген көлемде өткізуге бұйрық берді. Бұйрығы орындалмаған жағдайда ұрып-соқты, қырып-жойды. Осының кесiрiнен оңтүстiктегi қазақтардың адам саны азайды, шаруашылығы күйредi, мал басы кеміп кеттi. Осындай себеп-салдарлардың әсерінен ғой, қаншалықты қырғынға ұшырап жатса да, қазақтардың жоғарыдағы көтерілістерге ұйымдасқаны.
Әлбетте, ол кезде төрт құбыласы түгел, мыңғырған малы, жайлы ғұмыры бар адамдар да өмір сүрді. Әйтсе де, ондайлар бөтеннің аяғына кеудесін таптатқан жағымпаздықпен, өз ұлтын өзгеге жығып берген опасыздықпен, ағайын-туғанның мүддесіне емес, заманның әуеніне төңкеріліп күн кешті. Датқалардың көпшілігі осындай қалыппен өмір сүргені де дау тудырмас ақиқат.
Жоғарыда біз бірнеше рет дерек келтірген жинақта қазақтарға салынған салықты түрлерi жөнiндегi мәлiметтер жазылған. Бұрын қыпшық, қырғыз жігіттері әскерге алынбайтын болса, Омар хан 1814 жылы шығарған жаңа жарлық бойынша, бұл пәрмен күшін жойды. Ол қазақтарға салынатын салық түрлерін де өзгертті. Мұндай салық жүйесi 53 жыл бойы орындалып келдi. Ол – зекет, қараж, садақа, үшір боп, негізгі төрт тармақтан тұрды. Зекет – адам мал-мүлік салығы бойынша үш бапқа, қараж – астық пен жер, отын-шөп, пұл салығы бойынша бес бапқа, садақа – мешіт пен медреселер салығына арналған екі бапқа, үшір – шаһар даруға-хәкімдері мен әскер ісі салығына байланысты үш бапқа бөлінді. Осы тармақтардың төрт-бес бабының өзi жаныңды түршiктiредi.
1-тармақтың адам салығына байланысты бабы: Әр датқа өздерiне бағынышты ауылдардан жыл сайын хан ғирамы (гарем) үшiн жасы он алтыға толмаған сұлу да түр-тұрқы шырайлы үш қыздан сыйлап отыруы – міндет! Салыққа шамасы келмейтін өзбекия, сартия, тәжікия, қырғызия, құрамания, ұйғырия, дешті-қыпшақия жұртының түгі жоқ адамдарын, жетім балаларын, панасыз жесір қатындарын салық беруге кепілді елдердің бек-оғландары мал-мүлік салығына теңестіріп, хандық меншігіне өткізуі – міндет!
Зекет салығына байланысты екінші бап: Жылына әрбiр орта шаруа екi бас мал, бес қап көмiр, төрт құшақ сексеуiл, үш жүз бау қамыс, үш десте ағаш, ал байлар бұдан екi мөлшерде салық төлеуi – міндет! Кедей отбасылар орта шаруаға тиесілі салық мөлшерін он үйі көтеріп төлеуі – міндет! Сексеуiлi, көмiрi жоқ ауылдардың тұрғындары бұлардың орнына үстеме түрінде бiр-бiр мал беруі – міндет! Бұлармен қатар әр жанбасы даруға-хәкімдер үшін үй мүлiктерiн, ғаскер үшін киiм-кешектер дайындап беруі – мiндет!
Екінші тармақтың астық салығына байланысты бап: Әр ауыл, қышлақ, кент, еккен егістеріне қарай жыл сайын 10-15 пұттан астық өткізуі – міндет!
Үшір салығына байланысты үшінші бап: Хан, даруға, хәкім құзырындағы арнайы шеріктерден бөлек, қышлақ-шаһарлардағы жастары он тоғыздан қырыққа дейінгі дендері сау, жарамды қазақ, өзбек, сарт, құрама, тәжік, қырғыз жігіттері хандық үшін болатын соғыстарға шақырылуы – міндет. Соғысқа барғандар ғаскер жорығы аяқталғанға дейін сапта жүруге ықырыр болмағы – міндет!
Осы бапқа қосымшасы: Хәкімдер, датқалар, байлар өз балаларын соғысқа жібергісі келмесе, құзырындағы елдерден әрқайсысы бес жігіттен тауып, оларды аттармен, киім-кешекпен, ас-ауқатпен қамтамасыз етіп, ғаскерге сыпай қатарына аттандыруы – міндет!...
Қыз салығын Мәдәліден кейiн хан болған Шералы жойыпты. Басқа салықтар сол күйiнде қалған. Қазақ датқалары әр жылдың қазан айында өз ауылдарынан жиналған салық түрлерiн Ташкент шаһарындағы құшбегi құзырына тапсырып отырған. Салықтардың жартысы хан қазынасына өтсе, қалған жартысы Тәшкен құшбегісінің, шаһар даруғаларының қазынасына құйылған. Бүгінгі санмен айтсақ, 53 жыл ішінде қазақтың қаншама миллиондаған мал-мүлкі жатжұрттықтардың байлығын арттырып, қазынасын толтырған десейші. Жә, мал-мүлікті қойшы, солармен бірге зат секілді салық түрі боп, тойымсыз хан-даруғалардың мазағына айналуға өткізілген, апарылған мыңдаған керімдей қыздардың көз жастарын, қайтып туған жерін көрмеген шер-зарын, желге ұшқан мұң-арманын айтсайшы...



7. Хандықтың күйреуі

1709 жылдан 1876 жылға дейін өмір сүрген Қоқан хандығына 29 билеуші билік етті. Олардың ішінде алты-ақ ай немесе бір-ақ жыл хан болғандары да бар. Бұның барлығына ішкі қырқыстар себеп болды. Хандармен біресе тату, біресе қату болған ұлт, шаһар көсемдері өз ықпалын, дегенін жүргізуге тырысып, сәл нәрсеге бола, бүлік ұйымдастырды, көтеріліс бастады, ақырында күштісі әлсізін аяусыз жазалаған қырғынға себепші болды. 1845 жылдан кейін хандықта саяси белсенділіктері артқан қыпшақ пен қырғыз көсемдері Мұсылманқұл мен Атабек Қоқанға, Ташкентке бірнеше рет шабуыл жасап, бір кездері өздері хан сайлаған Құдиярды тақтан тайдырды, оны қолдаушыларды қуғынға түсірді. Мұндай уақиғалар елдің саяси тұрақтылығына аса зиянын тигізді. Бірақ мұның бәріне хандардың осалдығы, елдік мүддеден гөрі қарақан бастарының қамын ойлайтын таяздығы, жақын адамдарына опасыздығы, қала берді, өзімен ниеттес қауымның ғана сөзін сөйлеп, саясатты да солардың ығына қарай жүргізетін қылықтары әсер етті.
Билеушілердің барлығы Шыңғыс хан, болмаса Ақсақ Темір ұрпақтары тәрізді тақ үшін туған-туыстары мен аға-інілерін өлтіруден тайынбады және көбісі осындай қатыгез жолмен билік басына келді. Мемлекетті дамытуға, заманға орай ғылым-білімге құлаш ұрмады, тек дін-шариғат жолын тірек етті. Сөйте тұра, адамшылыққа жат небір сорақы қылықтарға белшеден батты.
Осынша жыл өмір сүрген, тек сарай қазынасы ғана дүние-мүлікке толған бұл хандық орыс басқыншыларына қарсы бір де бір айтулы қарсылық көрсете алмады. 1860 жылы Ұзынағаш түбінде дарынсыз да мешкей құшбегі Қанағатшаһ басқарған жиырма мыңдық қол, саны мыңға жетпейтін Колпаковскийдің отрядынан масқарасы шығып жеңілді. Сол жылы полковник Циммерманның 500 адамдық қолы Тоқмақ пен Пішпек қамалдарын быт-шыт қылды. Қоқан мылтығы мен зеңбірегі орыстардың қаруы алдында дәрменсіз екені айқын көрінді.
1864 жылы көктемде генерал Черняев бастаған орыс әскері Әулиеата, Меркі, Қордай бекіністерін қалпақпен ұрып алғандай, оп-оңай басты. Сөйтіп Шымкентке таяды. Бұл кезде Ақмешіттен (Ақмешітті орыстар 1853 жылы жаулап алып, оған Перовск деген ат берген болатын) шығып, аз уақытта Жаңақорған, Созақ, Түркістанды жаулаған Веревкиннің он зеңбірегі бар 800 адамдық отряды да күнгей жақтан Шымкентке жақындаған. Екі отряд Арыс жағасында түйісіп, 22 қыркүйек күні Шымқаланы алды. 1865 жылдың 16 маусым күні Черняев Тәшкенді, 1866 жылы Жызақты орыс иелігіне қаратты. Содан 1876 жылға дейін, яғни генерал Скобелев Наманған, Марғұлан, Әндіжан, Қоқан қалаларын басып алғанша, Қоқан хандығы тек Ферғана жазығында ғана өмір сүріп тұрды. Бір қайғылысы, осы соғыстарда Қоқанның әскер сапына сыпай ретінде алынған қаншама жас қазақ опат кетті.
Не десек те, Орта Азияның кейінгі тарихында орны бар Қоқанға хандағына билік еткен 29 билеушінің тарихта аты қалғандары санаулы-ақ. Бірақ, бәрібір, олардың аттары соңғы ұрпаққа ізгі істерімен, дана саясатымен емес, қанішерлігімен, қатыгездігімен, даңққұмарлығымен, тойымсыз дүниеқоңыздылығымен қалды. Бұлардың қатарына – Шахрух бек, Елдана бек, Нарбота бек, Әлім, Омар, Мәдәлі, Шералы, Құдияр (аракідік үзілістермен бес рет хандыққа сайланған), Мәллебек сияқты хандар жатады. Айтпақшы, хан болмаса да, 1862-1865 жылдары ханнан асып билік құрған қыпшақ Әлімқұлдың да бұ хандық тарихынан ойып алар орны бар. Осы Әлімқұлдың ойында не болғанын кім білген, бір тарихи деректерде ол Қоқан хандығын Қыпшақ хандығына айналдырам деген ниеті болғаны жайында мәлімет кездеседі. Кеудесінде бізге беймәлім бір арманы болған да шығар, бәлкім...
Қорыта айтқанда, мемлекеттiк нышаны қарабайыр, ал үкiметтiк жүйесi қатаң да орнықты болмаған, барлық саясаты зұлымдық пиғылға ұласқан Қоқан хандығы қазақтарға өзiнiң 55 жылдық басқыншылық кезеңiнде көп зардап шектiрдi. Орта ғасырға тән зұлымдық әрекеттi көп ұстанған ол хандық қазақтың демографиялық, әлеуметтiк мәселелерiне көп зиян келтiрдi. Өздерi қырып салған қандастарымыздың орнына Ферғана, Наманған, Марғұлан өңiрлерiндегi қышлақтар тұрғындарын Шымқала, Сайрам, Түркiстан, Иқан, Әулиеата, Созақ қалаларына көшiрiп, жатжұрттықтардың урбанизациясын қолдан жасады. Орта ғасырлық мешеулiктен арылмай, хаостық тұрпатта өмiр сүрдi. Бұл хандық қазақ жерiн түстiгiндегi туыс елi – Бұқардан, солтүстiгiнен жылжып келе жатқан орыс отаршылдарынан қызғанып, өзiмiздiң бауырымызға мәңгiлiк басып аламыз деп ойлаған. Алайда, қаруы жойқын орыс отаршылдары келгенде қамқор боламын деген қазақ даласын бiр жыл да қорғап тұра алмай, қайта өзi күйреудiң жолына түстi.
Отаршылдық идеологиясының уағызшылары «орыстар қазақтарды зұлым қоқандықтардан құтқарып, бейбіт өмір сыйлады, өркениетке сүйреді» дейді. Рас, орыстар қоқандықтарға қарағанда бізді өркениетке бір табан болса да жақындатты. Бірақ олардың да қазақққа шектірген зәбірі көп-ті, бейбіт өмір сыйлағаны да жалған. Біз со кезде түлкі талауынан құтылып, арыстанның жемтігіне айналған ел болдық... Мен Қоқан басқыншылығының зұлматты шындығын көрсететін көркем әдебиет тұрғысында үш кітап жаздым. Трилогияның үшінші кітабы жарыққа шыққан. Біріншісі баспаханада жатыр, екіншісі дайындалу үстінде.
Иә, жазған халқымыздың басынан қандай замандар өтпеді деңіз. Сол заман тұрғысынан қарасақ, қазақтың тәуелсіздік алуына әлі талай уақыт бар еді...