Момбек Әбдәкімұлы

Туындылары


18-19 ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ҚАҚТЫҒЫСЫ

Өткен тарих дөңгелегiн ешкiм керi қайтара алмайды және оған ешкімнің өктемдiгі жүрмейдi. Уақыт еншiсiнде қалған оқиғалардың шынайы болмысын басқа қалыпқа салып, жасанды пердемен тұмшалаудың қазiр уақыты өткен. Кешегi кеңес кезiнде халқымыздың барлық тарихы бiржақты идеология бағытында жазылғаны соншалық, бағзы бабаларымыздың ерлiкке толы күрес шежiресi басқаша сипатталып, қазақ тек мал баққан, төңiрегiндегi жұрттардан ылғи жеңiлiс тапқан, өз күшiн сыртқы жауға емес, өзара кектескен қақтығыстарға ж‏ұмсаған, кейiн орыстың арқасында ғана көзi ашылып, ел қатарына қосылған деген сарындағы өлшемге сайды. Бiр өкiнiштiсi – өткен ғасырдың ортасында ғұмыр кешкен ұлттық интеллигенция осындай тұжырымды мойындауға мәжбүр болды… Осының кесiрiнен қазақ өз ұлтын жамандауға көштi. Бiрақ ылғи тепкi көрген, жеңiлiс тапқан, үнемi өз ішінен жауласқан «қорқақ қазақ», «іші тар қазақ» қалайша және қандай жолмен осыншама ұланғайыр далаға иелiк етiп қалды деген қисынға ден қо‏юға, оның себеп-салдарын талдауға аз санды ғалымдар болмаса, ұлы отарлық идеялармен санасы уланған басым көпшiлiк бұған бас ауыртқылары да келмедi. Сол саясат ұлттар достығына зиян келтiредi деген жасанды желеумен XVIII-ші ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырлардың бірінші жартысы аралығында жаға жыртысқан қазақ-қырғыз, сондай-ақ, оңтүстік қазақтарына басып кіріп, оларды 55 жыл бойы езгілеп билеген қоқан-сарт басқыншылығын айттырмай келген-дi. Дегенмен, бұл бiр себеп қана. Аталмыш жаулықтардың көпшiлiкке мәлiм болмай жүрген екiншi себебi – оңтүстiк қазақтарының өткен тарихының көп зерттелiнбеуi. Солай болғанмен де кейiнгi кездерi бұл тарапта қалам тартушылар әр-әр жерден шығып жатыр. Біздің бүгінгі осы мақаламыз да әзіргі жұрттың көпшілігіне мәлім емес, өткен замандарда болған, іске асқан шынайы тарихтың бір парасын баяндауға арналмақ. Иә, баста айтқанымыздай, тарихқа ешкімнің үстемдігі жүрмеуге тиіс, әрі ол, мейлінше шынайы зерттелмегі, болған күйінде жазылмағы ләзім. Соған орай XVIII-XIX ғасырларда бір-бірін аямай шапқан қазақ-қырғыз қақтығысын – кезінде жазбаларға түсiп, мұрағаттарда сақталған, сонымен бiрге ел iшiнде шежiрелiк жүйемен айтылып жүрген мұралар мен әпсәнәлар негiзiнде рет-ретімен әңгімелесек дейміз.
Қазақ тарихында «Әу баста қазақ-қырғыз бiр тудың астына бiрiгiп, Алаш ұранын көтерiп, қалмаққа қарсы бiрлесiп күрес жүргiзген. Одан қалса, «ауылы аралас, қойы қоралас» дегендей, төскейде малы, төсекте басы қосылып, жұбы жазылмас ағайынды жұрт қатарлы күн кешкен» деген дерек жиі келтіріледі. Бірақ мұндай тұжырым – ұзақ-сонар тарих көшінде бастары біресе қосылып, біресе қосылмай, кейде ортақ жауға бірге аттанған, ал кейде керісінше, өзара жау болып, үздіксіз шабысқан екі халықтың белгілі бір кезеңдерде мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде жасасқан қарым-қатынасының кейбір көріністерін сипаттау ғана. Десек те, қырғыз қазаққа тілімен де, тіршілік тынысымен де етене жақын болып келетін, XVIII ғасырдың орта тұсына дейін Алаш баласымен тату-тәтті тұрған, арғы тегі тамырлас халық. Бұл екеуі де бір Түркінің тармағы. Ерте дәуірде екеуі де Алтай бойы мен Енисей (Енесай) төңірегін жайлаған. Замана екпінімен аталған өңірлерден ауған бұрынғы қазақ тайпалары сияқты қырғыздар да дәуіріміздің X ғасырында түп мекендерінен көтеріле көшіп, Тәңіртаудың (Тянь-Шань) етегіндегі Ыстықкөл жағасы мен Шу өзенінің басына келіп орныққан. Бұлар Жетісудағы Үйсіндер тәрізді X-XII ғасырларда Қарахан қағанатына, одан соң Шыңғыс шапқыншылығына дейін Батыс лиау патшалығына бағынды. Кейін Шағатай ұлысына қарады. 1348 жылы бұл өңірде Шағатай ұлысы ыдыраған кезде қазіргі Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Ферғана, Қашғар өңірлеріндегі ру-тайпалармен қоса, жаңадан пайда болған Моғолстан хандығының қол астына өтті. Алғашқыда ол хандыққа Шағатай ұрпақтары хан болғанымен, іс жүзінде бар билік Жетісу (сол кезде Маңғылай Сүбе аймағы аталған) өңірінің Дулаттарының қолында болады. Ханды өз дегеніне көндіріп, бар билікті қолына алған Камараддин Дулати 1371-1372 жылдары Моғолстанға шабуыл жасаған Әмір Темірге қарсы лайықты әскер жасақтап, оған айтарлықтай тойтарыс береді. Тарихта қазақ пен қырғыз руларының бірлесіп жауға шабуы алғаш рет осы соғыста іске асқан. XIV ғасырдың аяғында Камараддин қайтыс болған соң Моғолстан билігі қайтадан Шағатай әулеттерінің қолына көшеді де, осы аймақтағы барлық қазақ-қырғыз рулары оларға басыбайлы болады. 1508 жылы Жетісудағы қазақ, Тәңіртау етегіндегі қырғыз руларының басшылары бас көтеріп, Моғолстан билеушілерін Қашқария жаққа ысырып тастайды. Бұл – екі халықтың бірлесіп, ұйымдасқан түрде жауға шапқан екінші оқиғасы. Дәл осы жылы оң қанат және сол қанат (оңтүстік, солтүстік) боп бөлінетін барлық қырғыз тайпаларын біріктірген Тағай би (бірқилы тарихи деректерде оны Мұхамед қырғыз деп те атайды) өз елінің солтүстік тарапындағы Ыстықкөл маңын орталық етіп, халқын жеке хандыққа ұйыстырады. Ал Жетісу қазақтары Қасым хан билеген Қазақ Ордасының құрамына енеді.
Жетісу мен қырғыз жерінен қуылған Моғолстан билеушілері арасынан Шағатай ұрпағы Сұлтан Саид хан көсем шығып. Тәңіртаудың арғы бетіндегі Қашқария жерінде жаңа Моғолстан мемлекетін құрады. Олар 1517 жылы қырғыз жеріне шабуылдап, зор жеңіске жетеді, Тағай биді тұтқынға алып кетеді. Қашқарияға келген соң жазадан қашып, қалайда еркіндікке шығуды ойлаған Тағай би «барлық қырғыздар бұдан былай Моғолстан хандығына тәуелді болады» деп Сұлтан Саидтың алдында уәде етеді. Оның жалған уәдесіне малданған моғолстандықтар 1518 жылы оған бостандық береді. Өз еліне аман-сау жеткен Тағай би қазақ ханы Қасымға жаушы шаптырып, Моғолстанға бірлесіп шабу туралы ұсыныс айтады. (Тағай тұтқыннан оралғанда оңтүстік қырғыздары, яғни осы күнгі Өзбекстан еліне таяу Нарын бойындағы, Алай тауларының солтүстік бетіндегі қырғыздар оған қосылмай қойған). Бұл кезде Қасым хан Қазақ Ордасының батыс шегін нығайту мақсатымен Жайық бойында жүргендіктен, Тағайдың ұсынысына бірден қолдау көрсете қоймапты. Бәлкім Қазақ Ордасының оңтүстік-шығыс шекарасын біржолата қауіпсіз етіп тастауды үнемі ойлаған, сол үшін де Жетісудың шығысында тұрған қатерлі жау – Моғолстанды бір тұқыртуды есінде ылғи ұстаған Қасым хан дәл сол мезетте Сұлтан Саид секілді күші мол, азулы ханмен болатын шайқасқа үлкен дайындық керектігін жоспарлап, оны кейінге ысырған да болар, кім білсін, әйтеуір бір анығы, Қасым өз ғұмырында Тағаймен қосылып, жорыққа аттанбаған. Есесіне, Қасым қайтыс болған 1520 жылы қазаққа хан атанған Момыш Тағаймен бірлесіп, Сұлтан Саидпен екі мәрте соғысқаны, осы шайқастың соңғысында Момыштың қазаға ұшырағаны хақында тарихи мәліметтер бар.
Момыштың орнын басқан Тайыр хан да Тағайға жәрдемдесіп, 1524-1525 жылдары моғолдармен бірнеше рет ұрысқа түседі. Алайда бұл шайқастар итжығыспен өтеді. Өздеріне шын пейілмен көмек көрсеткен Тайырды Ыстықкөл маңындағы солтүстік қырғыздары бір ғана қазақ ханы емес, өз хандары деп те мойындайды. (Осы тұста бір айта кететін жәйт, кейбір тарихшылар қазаққа Тайырдан кейін хан болған Тоғымды (билік құрған уақыты 1533-1537 жылдар), Бұйдашты (1537-1556), Хақназарды (1560-1580), Шығайды (1580-82), Тәуекелді (1583-1598), Есімді (1598-1643), Салқам Жәңгірді (1643-1652), тіпті әз Тәукені де (1680-1715) қазақпен қатар қырғызға да хан болған деп көрсетеді. Мұндай тұжырым – шегіне жетіп зерттелінбеген шикі еңбектің жемісі. Өйткені аталған хандар өздерінің хандық дәуірлерінің белгілі бір кезеңдерінде болмаса, биліктерінің барлық уақытында екі халыққа бірдей тұрақты түрде хан болмаған. XVI-XVIII ғасырлар аралығында қырғыздар бастарына күн туғанда немесе түрлі саяси себептерге байланысты үш Арыстың баласының жәрдеміне мұқтаж болғандықтан ғана, әр-әр кезеңдерде айтулы қазақ хандарына уақытша бағыныстығын білдіріп, оларды өз ханымыз деп атаған, таныған. Осындай кіріптарлыққа қырғыздардың солтүстік бөлігінің (Піспек, Ыстықкөл айналасындағы, Шу, Талас, Ақсу басындағы) қауымы ғана түскен. Осылардың өздері былайғы уақыттарда қазаққа сырт қараған. Ал Манас ұрпағының оңтүстік тарапы мұндай кіріптарлық пен бағыныстықтан мүлде шет қалған. Осыған ден қойсақ, жоғарыда аталған хандар екі халыққа бірдей хан болды делінетін дерекке – тек шартты ұғым ретінде ғана қарауымызға тура келеді).
Тайыр мен Тағай қолдарымен қанша соғысса да жеңіске жете алмаған Моғолстан хандары Жетісуды да, қырғыз жерін де қайта басып алудан күдерлерін үзбейді. Тайырдан кейін қазақ тағына отырған Тоғым хан кезінде Әбдірашид билеген моғолдар Бұқар-өзбек ханы Үбайдолламен келісім жасасып, қазақ-қырғызды біржолата тұқырту мақсатымен – бірі 30 мыңдық шерікпен Мәуреннахр жақтан, бірі 33 мыңдық қолмен Шығыс Түркістан тараптан шеру тартып аттанады. Самсыған екі қол Ыстықкөлдің шығыс бетіндегі Сантас деген жерде қосылады. Бұдан дер кезінде құлақтанса да, уақыттың тарлығынан тиісті әскер санын жинай алмаған Тоғым өзінің тоғыз ұлы бастаған 16 мыңдық жасағымен, қартайса да аттан түспеген Тағай және оның Сақы, Бақы деген екі баласы бастаған қырғыздың 15 мыңдық аламандарына қосылып, күші мен саны өздерінен екі есе көп жаумен Сантаста бетпе-бет келеді. Білгір тарихшы әрі сұңғыла жазушы Мұхтар Мағауиннің жазуы бойынша, төрт халықтың өкілдері қатысқан бұл соғыс 1537 жылдың 27 шілдесіндегі жұма күнінің таң азанында басталған. Күн ұясына қонғанша жалғасқан осы шайқаста қазақ-қырғыз қолы хан-басшыларымен қоса, түгелімен қырылады. Бұл қырғыннан кейін моғол мен өзбек хандары Жетісуды иелене алмағанымен, қырғыз жерін бауырларына қайта басады. 1560 жылдардың аяғында қазақ жұртын кемел күшіне келтірген Хақназар хан қырғыз жерін моғолдардан тазартып, басқыншыларды Тәңіртаудың аржағына ысырып тастайды. Осыдан кейін олар қазақ-қырғызға жау болудан қалады.
Міне, осы Хақназар бастаған ұлы жорық біз тарихын көтеріп отырған екі халықтың қарқынды һәм ұйымдасқан түрде күшті жауды бірігіп шапқан ең соңғы үлкен аттанысы болды. Бұдан кейінгі тарихта аталып отырған қос халық дәл мұндай орасан күшпен, жанкешті қарқынмен жауға бірлесіп аттанбаған. Рас, кейінгі замандарда қалмақтар қазақ-қырғыз жеріне лек-лек әскер жіберіп, басып алып зобалаң тудырғанда, соңынан олардың беттерін қайтарғанда қырғыздың кейбір ұсақ жасақтары кей-кейде қазақтармен бірлескен. Сөйтіп мұндай бірлесулерде қырғыздар жағы біз жоғарыда келтірген жорықтарға қатысқан ата-бабаларындай белсенділік танытпаған және көп қол қоса алмаған. Қазіргі тілмен айтқанда, әр шақтарда тек белгілі бір ынталы топтар ғана қазақ жасақтарына көмек беріп отырған да, қалғандары дұшпандармен көбіне өз беттерінше соғысқан. Біздің белгілі деген тарихшыларымыз қазақ-қырғыз жоңғарға қарсы бірігіп күрескен деген жалпылама мәліметті бергенімен, қай жылғы, қай жердегі, қай соғыста екі халықтың батыр-бағландары қосылып, дүрбін-ойратты қиратты деген сауалға нақты жауап бере алмайтыны да сондықтан. Тіпті қырғыз тарихшыларының өздері осынау шапқыншылық кезінде қазақ-қырғыз біріккен қолдарының қалмаққа қаншалықты бірлесіп шапқаны жөніндегі деректерге келгенде, нақты мәліметтер таппай, кібіртіктей беретіндері бар.
Әуелде дүрбін-ойраттар (қалмақтар) қазақ-қырғыз даласына қаншама рет шабуыл жасаса да, басып алған жерлерінде тұрақтап отырмайтын. Мың-мыңдаған малдарды олжалап, лек-лек тұтқындарды айдап, кіре-кіре дүние-мүліктерді артып, қайтып кетуші еді. 1681-ші, тауық жылы қазақ пен қалмақ арасындағы екі жүз жылдық соғыстың жаңа кезеңі басталады. Қалмақтар енді қазақ жерін шабуылдап, мал-мүлік олжалап кетуді емес, басып алған жерлерді біржолата иемдену саясатын жүргізеді. 1684 жылғы атақты Сайрам соғысынан кейін олар Жетісу жерімен бірге қырғыздардың солтүстік өлкесін түгелімен иемденіп алады. 1718-1723 жылдары қазақ-қалмақ шекарасы Шу өзені-тұғын. Ал «ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі шабуылдан соң жоңғарлар Шудан Ташкентке, арғы жағы Тойтөбе, Піскентке дейінгі жерлерді иеленіп, бұл тарапқа өз ата мекендеріндей орныға бастады. Аталмыш өңірлерде олар 1745 жылға дейін үстемдік жүргізіп, орнығып, билеп-төстеді.
«Ақтабан шұбырынды» кезінде Шу, Талас, Балқаш бойы мен Қаратау, Түлкібас етегін жайлаған рулардың тоз-тозы шығып, Арқа мен Сырға қарай жосылса, Ыстықкөл маңындағы қырғыздар шығысындағы таулардан асып, шатқал-құздар түбін қоныс етті. Кейбір үлкен топтар оңтүстік тараптағы ағайындарына барып қосылды. Дегенмен аталмыш зобалаң уақытында қазіргі Қазақстан жерінде бірде-бір қазақ, Алатаудың бергі етегінде бірде-бір қырғыз қалмай, бәрі бірдей ауып кетті деуден аулақпыз. Тұтқиылдан жасалынған жау шабуылынан дер кезінде қашып үлгере алмаған қаншама қазақ-қырғыз ру-тайпаларының өкілдері ата жұрттарында қалып қойды. Олар қашан бостандыққа жеткенше дұшпан бодандығына көніп, алым-салық төлеп тұрды, малайлыққа жүрді.
Алайда атақоныстан айырылып, жат жерге ауып барған қазақ қарап жатпады. Әр тараптан әскер құрып, жоңғарға дүркiн-дүркiн шабуылға шығып отырды. Осындай тайталасты кезеңде дүрбiн-ойраттар басып алған жерлерiнде мол әскер ұстап тұруға мүмкiншiлiктерi болмады. Олардың әскерiнiң бiр бөлiгi Шығыс-Түркiстан жақта Цин (Қытай) патшалығымен соғысып жатса, екiншi бөлiгi қазақтарға қарсы тұруға мәжбүр болды. Бұл кезде бір кездері Алаш баласымен көрші тұрған, жақсы қарым-қатынаста болған қырғыздардың Алатаудан асып, Ферғана аймағына жеткен үлкен тобы қазақпен қарым-қатынасын мүлде үзген-дi. Тап осы уақытта ілкі заманнан Ферғана мен Ташкент аймағына жақын қоныстанған, қалмақ тепкісін мүлде көрмеген оңтүстік қырғыздарының кейбiр билерi бiрте-бiрте күшейiп келе жатқан Қоқан хандығының бектерiмен, бiр бөлiгi Оңтүстiк Қазақстанды билеп тұрған қалмақ тайшыларымен жақындаса бастаған-ды. 17 жасында Бұқардағы жоғарғы дін медресесін бітірген, өзбек, қазақ, араб, пұштун тілдерін терең меңгерген, әрі Ташкент, Ходженд, Ферғана уәлаяттарындағы халықтардың, әсіресе қазақтардың XVII ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басына дейінгі тарихын кестелеп жазған, Орта Азия Мемлекеттік университетіне түсуге үш рет талап қылса да, «діншіл» деген айыппен қабылданбай қойған, 1928 жылы 35 жасында Шыршықта әлдекімдер у беріп өлтірген, өз кезінде қызыл өкіметтің оқымыстылары тарапынан тарихшы деп танылмаса да, біз үшін аса құнды мәліметтер қалдырған Асат Сапиевтің «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» атты кітабындағы «Исақ дамулладан қалған сөз» тарауында Ташкент төңірегіндегі қалмақ пен қырғыздың ара қатынасы туралы бірқатар қызықты уақиғалар баян етіледі. Сонда біздің бүгінгі тақырыбымызға байланысты мынадай бір сөйлемдер бар: «...Осындай жақындастықтың арқасында Ташкент түбіндегі Шаткал тау қыратының Шымған жотасы етегін жайлаған қырғыздардың моңол руынан шыққан Көкiм деген би ойраттың Ташкент аймағындағы билеушiсi Сары Мәнжi деген тайшымен қатты достасты. Екеуінің арасындағы достықтың нығайғаны сондай, Сары Мәнжi Көкiмдi ылғи қазақтар тұратын Пiскент аймағының билеушiсi етiп тағайындайды. Көкім қазақтарға ойраттар тәрізді тым көп залымдық жасады. Тіпті кейінгі заманда қазақ пен қырғыздың ұзақ уақыт жанжалдасып, жүздеген, мыңдаған кісі өліміне ұласқан соғысына тап осы Көкімнің қылығы мен өлімі себеп болды...».
Асат Сапиевтің осы жазбалары ақиқат тарихи фактілерге сай екенін мақаламыздың төменгі жолдарында айталатын басқа деректер де растайды. Ал қазір Көкімнің неліктен өлгені және қазақ-қырғыз жанжалының басы неден туындағаны хақындағы нақты мәліметтерге оралайық.
Бүкiл Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстанды иеленген жоңғарлар ары қарай Арал, Ырғыз, Ұлытау, Торғай төңiрегiн, тіпті барлық қазақ даласын басып алуды жоспарлағаны анық. Жоңғарды осындай мақсатқа жеткізе алмай, 1727 жылы өмірден өткен Сыбан Раптанның орнын басқан Қалдан Серен бұл жоспарды іске асырмақ ниетпен 1739 жыл аяқталып, қыс бастала берген уақытта Арқаға қарай қайта шабуыл бастайды. 1740 жылдың ақпан айында оған Жетiсу мен Оңтүстiк Қазақстан жерiндегi қалмақтардан 20 мыңдық шерiк құрап алған Лама Доржы көмекке ұмтылады. Ташкент аймағының билеушiсi Сары Мәнжi де өзiне қарасты әскердi алып, Лама Доржыға қосылуға аттанады. Аттанып бара жатып, Пiскенттен шұғыл түрде Көкiмдi шақыртып, оған Ташкент билiгiн тапсырады. Бұл уақиғаны А.Сапиев жоғарыдағы жазбасында былай деп суреттейдi: «Мен Балқаш сыртындағы, Ұлытау маңайындағы тәңiр атқыр қазақтарды қырып салғасын, қайта ораламын. Сен, Көкiм, Ташкендi мықтап күзет. Сенің құзырыңа үш мыңдай қалмақ-қырғыз қолын қалдырамын. Айналадағы малшы, жалшы қазақтар мен сарттар құтырса, аямай бастарын шауып таста. Сен бұдан былай ойрат елiнiң өкiлiсiң. Ойрат қылышынан қорықпайтын адам болмауы тиiс. Қазаққа қылышыңды қанша шапсаң да сауап, – дедi Сары Мәнжi Көкiмге».
Бiрақ осылай деп көкiген Сары Мәнжiнi де, билiкке жетiп, кекiрейген Көкiмдi де тәңiрлерi қолдамады. Сары Мәнжi Балқаш бойындағы соғыста өледi де, Көкiм Ташкент ұлысбегi лауазымын жарты жыл да атқара алмай, Дулаттың жанысынан шыққан Бәйтiк бидiң қолынан қаза табады. Оқиға былай болған-ды: 1738 жылы Жолбарыс хан басқарған ұлы жүз сарбаздары Ташкенттi қалмақтардан екінші рет тартып алады. Сары Мәнжi қашып барып, Шымқала түбiндегi Қышқана қорғанына тығылады. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс жаныстан шыққан қолбасшы Төленi Ташкентке би тағайындайды. Өзі де сонда тұрақтайды. Алайда, артынша Жолбарыс осындағы сарттардың қолынан мерт болады. Арада бір жыл өтпей, Тараз жақтан қосымша күш алдырған Сары Мәнжi 1739 жылдың жазына салым Ташкенттi қайта басып (бұл – қалмақтардың Ташкентті үшінші қайтара басуы), қазақтарды шаһардан қуып шығады. Осы соғыста қырғыз Көкiм Сары Мәнжiге жақтасып, Төле би бастаған қосындарды қиратуға көп күш жұмсайды. Көкiмнiң осындай достығын Сары Мәнжi ұмытсын ба. Осыдан ғой, оны өз орнына шаһар билiгiне уақытша болса да тағайындағаны.
Сары Мәнжi әскерімен соғысқа аттанып кеткен соң, Көкім қала маңындағы Қыбырайтөбедегі жаныстардың басшысы, өз көңіліне жақын тартып жүрген Бәйтiк бидi шаһарға шақырып, сарай даруғалығына бекiтедi. Ондағы ойы – айналадағы қазақтарды Бәйтiк арқылы тыныштандырып отыру едi. Бiрақ қазақ аламандарына қарсы күресте қалмақтарға болысып, озбыр iстерге көп барған Көкiмге Бәйтiктiң iшiне бүккен кегi қатты-тын. 1740 жылы саратан (мамыр) айында Көкiмнiң тамағына у қосып, оны өлтiредi де «әйтеуiр, бiр кегiм қайтты» деп, қаладан қашып шығады.
А.Сапиевтің жоғарыда аталған еңбегінде «Шунгиоғлы (Шүңгіұлы) Қарабәйтіктің Көкімнің палау салынған табағына у сеуіп жатқанын ауқатханадағы бір күң көріп қойыпты» деп жазылған. Мейлі, кім көрсе де, оған Бәйтіктің у бергені шындық. Ол өлгенде оған жақтас қырғыздар мен қалмақ шерiктерi бүкiл шаһарды аяғынан тiк тұрғызып, Бәйтiктi iздейді және сол алашапқында бiрталай жазықсыз қазақтарды найзаға iлiп, қылышқа салады. «Өршеленген қалмақ-қырғыз шерiктерi үрейлерi ұшып, айқайлап қашқан қазақтардың қатын-еркектерiне қараған жоқ, қолдары жеткендердiң барлығының бастарын шапты» (Аталған еңбек, 51 бет).
Ол аз болғандай, Көкiм өлiгiнен соң Бүршiмолда, Шатқал, Азық тауларының етегiнде шоғыр-шоғыр айыл болып отырған қырғыздар да атқа қонып, бергi пәстегi – Шыршық жағасы мен Тойтөбе, Піскент төңiрегiнде орналасқан қазақ мекендерiн шауып, ұлардай шулатады. Найза көтеруге жарайтын еркек кiндiктiнiң бәрi батырларға iлесiп, алыста жүргесiн, тапа-тал түсте ауыл үстiне ат ойнақтатқан Көкiмге жақтас жасақтарға кемпiр-шал мен бала-шаға қылар айла таба алмай, таяқтан өлгенi өлiп, бастары жарылып, көзi шыққандары еңiреп қала береді. 1740 жылдың аяғында Балқаш пен Сарыарқа жерiнде сегіз ай бойы жүргiзiлген соғыста қазақтармен итжығыс түскен қалмақтардың көп қолы Ташкентке қайта оралған соң қырғыздар бұрынғыдан бетер құтырады. Содан 1745 жылға дейiн Ташкент пен оның өңiрi қалмақтардан тазарғанша, оларға арқа сүйеген және Көкiм кегiн бiр күнде естерiнен шығармаған Шатқал мен Өгем тауларының арасындағы қырғыздар етектегi қазақ ауылдарының адамдарын қырып, одан қалса, малдарын ашық күйде барымталап, тұп-тура бес жыл бойы тыныштығын алады. Міне, қазақ пен қырғыз арасындағы алғашқы жаулық осылайша басталған.
Ташкент айналасынан қалмақтар кетпей тұрып, осылай басталған қазақ-қырғыз жанжалы келешектегі үлкен қақтығысқа ұласқан майданның тек бастамасы ғана еді. Алда екі елдің ең белсенді де айтулы тұлғалары араласқан, бірінің дегеніне бірі көнбей біраз жыл бойы өзара қырқысқан, ақыры қазақ ханы Абылайдың араласуымен ғана әзер шешілген ауқымды һәм түйінді мәселелер тұрды.
ХVII-ХVIII ғасырлардағы Ташкент маңайының тарихын зерттеушi өзбек және тәжiк тарихшыларының еңбектерiнде қазақ тарапынан қырғыздарға алғаш қарсы шығып, күрес бастаған Бердiқожа батыр болғаны көрсетiледi. Мәселен, Сапиев өз шығармасында оны Чанишкелу Бердыка баһадүр деп жазады. Тәжiк тарихшылары Чанышқал Бирдикож деп көрсеткен. Мейлi, кiм қалай жазса да, оның Шанышқылы Бердiқожа екенi даусыз. Оның ата тегi – Қатаған-Шанышқылының Дархан тармағына жатады. Бердiқожа Әнгрен өзенi жағасындағы Қатой деген жерде туылған. «...Жастайынан батыр болыпты. Қалмақтар Ташкенге келгенде қазақ қолдарын бастап, қатты соғысады. Кейін қазақ жерінің түпкіріне кетіп қалады. Қалмақтарға болысқан қырғыздар қазақтарға тиіп, тыныштық бермей жүрген уақытта Сырдарияның төменгі жағынан бір топ әскермен үш мәрте келіп, Шыршық басындағы қырғыз айылдарын, ойрат қосындарын шабады. Қырғыздар мен ойраттардың дала қосынындағы аламандары қашып, Ташкент пен Қыбырай қорғанында отырған қалмақ әскеріне паналапты. Ләкін Бердіқожа кеткесін, әлгі қашқандар қорғаннан шығып, қазақтарға тағы тиіпті» (Сапиев жазбасы, 53 бет.).
Өзбектер мен тәжіктер Бердіқожаның қырғыздарға қарсы жорығын осы сипатта баяндайды. Сірә, бұл баяндау ескілікті шежірелік әңгімеден алынған болса керек. Алайда датасы аталмағанымен әлгі әңгіменің түбінде тұнып тұрған шындық бар. Бердiқожаның Ташкент маңының тумасы екенi рас. Жоңғар әскерi бұл жердi жаулап алғанда, қол бастап, батыр атанған. Содан кейiн Арқа, Балқаш, Сарысу өңiрлерiнде басқа батырлармен қосылып, құба қалмаққа қарсы шайқасқан. 1738 жылы Ташкенттi қазақтар екінші рет қайта басып алғанда, осы соғыстың бел ортасында жүрген. Бәйтiк Көкiмдi өлтiрiп, Арқаға қашып барғанда Сарысу бойында мың қолды басқарып жүрген Бердiқожаны тауып алады. Бәйтiк сонда Ташкенттегi қырғыздардың қазаққа жасаған қысастығын айтады. Содан Бердiқожа үш мәрте Сыр бойын жағалап, Ташкенттi айналып келiп, Бегабад жақтан Шатқал, Шымған тауларының етегiндегi қалмақ-қырғыздарды шауып кетеді.
Бердіқожаның Ташкент айнасындағы мықты да жақсы қаруланған тұрақты әскері бар қалмақ-қырғызға тосыннан үш рет шауып, дереу кейін шегініп кететін жылдам шапқыны 1740 жылдардың басында болса керек. Өйткені атақты батырлар бастаған үлкен топ 1745 жылы Ташкентті ойраттардан біржолата тазартқан. Ал 1746 жылдың басында Әбілмәмбет хан Қаракеңгірдің Сарысуға құяр сағасында хан кеңесін өткізгенде оған Сырдың орта тұсынан Наурызбай, Ханкелді, Бердіқожа, Тілеуке, Шінет т.б. батырлар ұлы жүз қолдарын бастап, қауымдасқан күйі барады. Кеңесте Абылай сұлтан бүкіл қазақ қолының бас сардары болып бекітіледі. Абылай үш түмен қолды екі майданға бөліп, әскердің сол қанатын Бердіқожаның басқаруына береді. Осыдан кейін бір жылдай тынымсыз күрес жүргізген Алаш жауынгерлері Іленің оң жақ капталы мен Алакөл арасын, Жетісу жерінін Нарынқолға дейінгі өңірін жаудан тазартады. Демек, оның жаңағы жазбада айтылатын Ташкент маңындағы қалмақ-қырғызға шабуылы 1741-1742 жылдары іске асқан.
Қазақ-қырғыз шежіре жазбаларында да, мұрағатты құжаттарда да екі бауырлас елдің жағаласуының алғашқы себебі – Бәйтіктің Көкімге у беріп өлтірген шатағынан басталған деп көрсетіледі. Одан кейін Бәйтік есімі түк аталмайды да, қазақ-қырғыз арасындағы ұзақ уақытқа созылған шабыстың басында Бердіқожа батырдың аты тұрады. Ол әу баста Ташкентте қырғыздар қолынан мерт болған қазақтардың кұнын даулап, соғыс бастаған. Қырғыздардың ондағы әрекеті белгілі-тін – Көкімнің өлігі үшін кек қайтарған. Ол кездегі ел баскарған билер мен батырлардың ұстанымдары мен көзқарастары бойынша, екі жұрт арасындағы дау құнмен өлшенген. Шаһардағы қалмақ тайшыларының кеңесімен қырғыздар Көкімнің өлімі бірнеше жүздеген қазақтың өлім құнына тең деп, қазақ сөз ұстағандарынын уәждеріне де пысқырмай, ұлы жүз бен орта жүздің қаншама өкілдерін қырып салған. Сөз бен уәжге дес бермей, қырғынға барған қырғыздармен Бердіқожа батыр мен оның айналасындағылар «қанға – қан» деген қағиданы басшылыққа алып, жауласуға кіріскен.
Дегенмен Көкімнің өліміне кек қайтарамыз деген желеумен қазаққа жау болған қырғыздардың әрекеті – ұзақ уақыт қантөгіске барысқан екі елдің жанжалына бір себеп қана. Ол кезде оңтүстік аймақ, солтүстік аймақ деп екі тарапқа бөлінген қырғыздардың барлығы тау арасын жайлайтын. Уақыт өте, олар мал жайылымы мен егіс егуге, сондай-ақ кең тынысты өмір сүру үшін байтақ алапты, кең жазиралы далада қоныстану керектігін ұғынады. Ол үшін қалмақ шапқыншылығынан біржолата азат етілген, сонымен қатар босап қалған қазақ даласының бірқатар өңірлерін иемденіп алуға ниеттенеді. Сөйтіп, атам заманнан қазақ жері боп келе жатқан алапқа ауыз салады. Анықтап айтқанда, Ферғана жазығының солтүстік-шығысы мен Шатқал тауларының шығыс бетінде тұратын Адығын, Тағай, Мұңқыш бірлестіктеріне жататын рулары Ташкент пен Шымкенттің шығыс, оңтүстік аймақтары мен Түлкібас, Қаратау етегіндегі жазық беткейлерді, ал Ыстықкөл жақтағы сары, құсшы сияқты ірі тайпалар бастаған рулары Алматының іргесін, Іленің Балқашқа құятын тұсының сол жағын, осы күнгі Жамбыл облысының Алатау бетке қарайтын аудандары орналасқан өңірлерді еге боп қалуға ұмтылады. Содан сары мен құсшының көсемдері бастаған қырғыздар аталған жерлерді иемденіп қалу үшін «бұл аймақтар бұрынғы біздің жеріміз» деп етекке түсе бастайды. Түскенде жай түспейді, қазаққа найза көтеріп, қылыш сілтеп, ат ойнақтатып түседі. Тау етегін жайлаған Ұлы жүз бен Орта жүздің рулары оларға өз жерін тегіннен тегін бере қойсын ба? Екі ел қалмақ соғысы кезіндегідей 30-40 мың қол шығарып соғысатындай үлкен майданға түспесе де, жер дауы, құн дауы үшін арты бітіспестей ірілі-ұсақты шайқастың алдында тұрады. Осымен қазақ-қырғыз жауласуының екінші тарихи себебі туындайды.
Осы жаулықтың болмысына біздің кейбір тарихшыларымызбен қатар, қырғыз шежірешілері мен жазбагерлері де көбірек ден қойып, бірталай хатқа түскен мұралар қалдырған. Мысалы, тау арасы жұртының атақты шежірешісі Алымбет Ақылбекұлының «Қырғыз руларының чығышы», Б.Солтоноевтің «Қызыл қырғыз тарихы», С.Закировтын «Қырғыз санжырасы», Т.Чорокегин, К.Молдоқасымовтың «Қырғыздардың байырғы заманнан тартып, бүгінгі күнге шейінгі тарихы», С.Аттокуровтың «Қырғыздар XVIII-қылымда» сияқты еңбектері мен өзіміздің Мәшһүр Жүсіп пен М.Тынышпаевтың көне деректерге қатысты шығармаларында, сондай-ақ М.Мағауин, Ү.Бүркітбаева, А.Махаева сынды жазушы, ғалымдарымыздың, сонымен қатар Ф.Киреев, Г.Супруненко, Т.Андреев тәрізді орыс ориентаристерінің зерттеу мақалаларында аталмыш соғыс жайында көптеген мағлұматтар мен нақты деректер келтіріледі. Бір ескертетін нәрсе, қырғыздың бұрынғы һәм кейінгі жазбагерлері аталмыш қақтығысқа себеп болған – жер таласы мәселесін сөз еткенде қазақтың байырғы аймақтарының көбісін Манас ұрпақтарының көне иелігі еді деп көрсетеді. Және олар көбіне Шу, Талас, Әулиеата, Алматы төңірегінде болған қырқыстарды ғана жазбалайды.
Ташкент қаласындағы ӨРҒА Шығыстану институтының қолжазбалар қорында Мұхамед Салық Ташкандидің қазақ-қырғыз ұрысы жөнінде жазған екі-үш беттік еңбегі сақталған. XVIII-XIX ғасырлардағы Ташкент пен оның айналасындағы тарихи уақиғаларды нақты баяндайтын осы автордың сол еңбегінде «Ойрат Ташканнан китканда шоһорды қазақтың Тула нәмді (есімді) бегі құзұрға олды. Ул, уа Бердикож, уа Шинит (Шінет), уа Кожомжор, уа Қойкәлдә болышып, Шатқал қырғызлорман кәтта соғыш-дүр, Қырғызлор қозоқ иерин алмақ болдулар. Ләкин қозоқлар һәмма қырғызды женди-дүр. Шунда иам қырғызлор соғыша беришкән... Бу соғыш Тула үийлип (өліп) Кожомжор бек уақтисинда иам иалғасти.» «...Шудан иктасы (екеуі) Иунскожо дауранында да, Қоқон хони дауранында да соғыша берип-дүр. Қоқон хондори хәр уақта қырғызлорғо иақташқон...» деген жолдар бар.
Ғылыми жазбаларға біршама түскен қазақ-қырғыздың Алматы, Жамбыл облыстары жерінде өткен шайқастарын айтудың алдында оның Ташкент пен Шымкент айналасында қалай өріс алғанына баян етейік. Жоғарда аталған еңбек пен өзбек тарихшылары жазған мәліметтерге сүйенсек, бұл маңда қос халықтың алғашқы үлкен шайқасы 1748 жылы күзде Шыршықтың жоғарғы басындағы Шымған тауының етегінде болыпты. Жергілікті рулардан жиналған екі мыңдық қазақ қолын Бердіқожа, қырғыздың топ-топ аламандарын барғы руының батыры Шонық басқарыпты. Қазақтардың айбынынан қатты жасқанған Шонық ұрыс алдында Бердіқожаға: «Біздің ерегісіміз жер дауынан ғой. Одан да ұрыспай келісейік те» дейді. «Шартың қандай?» дейді Бердіқожа. «Қазақтарда жер көп қой. Қырғызға Шыршық бастауынан Тәшкенге дейін һәм Піскент пен Әнгіреннің бойындағы, Өгемнің күнбатыс бетіндегі Қазығұрттың, Сайрамсу мен Қасқасудың екі жағындағы, Бадамның Шымкентке құлдилайтын ортасына шейінгі жерлерді берсеңдер болды, біз сендермен талас-тартысымызды тамам тыйамыз», – дейді Шонық. «Ей, қоқи қырғыз, – дейді сонда Бердіқожа. – Ташкеннен қалмақтар қуылғанымен сен айтқан жерлерде олар әлі шоғыр-шоғыр боп отыр ғой. Олармен араласып қазақтар да отыр. (Ескерту: Шымкент, Сайрам, Түлкібас жерлерінен ойраттар 1749 жылы қуылған). Бұл жерлерге қалмақтың артын жалап қоныстанып алған соң, осындағы ағайындарымды қырғаның аздай, ондағы бауырластарымды да жайпап салмақсың ба?!» Сонда Шонық оның сөзін бөліп: «Қалмақтан қазір күш кеткен. Жаңағы жерлерде шоғыр-шоғыр отырған оларды өзім-ақ бір пәсте жайпап саламын. Ал қазақтарға тиіспеймін. Қаласа, Тәшкенге келсін, қаласа, Қаратау асып кетсін. Сен, тек менің айтқаныма уағда беріп, екі ел арасындағы қантөгісті болдырмауға сеп тигізсең жетеді. Әйтпесе ұрыс жалғаса береді. Өйткені қырғыз кең жерге, көсілген жайлауға қол жеткізбейінше, ұрысын тыймайды», – дейді. «Ата-бабамның әлімсақ жерін саған беріп, мені құдай ұрды дейсің бе. Ата қонысыма көлденең көк атыңды тартып келіп, жер сұрап тұрған ұрынды жат неме, бүгін сенің беліңді сындырайын, одан соң Шымкентті басып отырған қалмағыңа кезек келер», – деп ашуланған Бердіқожа қылышын оңтайлап, Шоныққа тұра шабады.
Осы шайқаста Шонықпен қатар қырғыздың бірсыпыра батырлары өледі. Сонымен бірге аламандарының жартысына жуығы қаза табады немесе қолға түседі. Қалғандары қашып, тау арасына кіріп кетеді.
Қырғыздар бұдан кейін де тыныштықта қалмайды. Бердіқожадан жеңілгеніне қатты намыстанған әрі қалайда діттеген мақсаттарына жету үшін жиі-жиі қол құрап, қазақ ауылдарын талқандайды, малдарын барымталайды. 1749 жылдың көктемінде Бердіқожа әскерін бастап, Шымкент, Сайрам жақтағы қалмақтарды қууға аттанады. Осыны пайдаланған АдығынТағайлар Шатқалдаға дулат, сіргелі, қаңлы-шанышқылыларды түре қуып шығады. Бұл кезде бұрын қалмақтар Жетісу, Талас алабынан кетпей тұрған уақытта-ақ олармен тіл табысып, Алатаудың қазаққа қараған бетін, Шу өзенінің орта тұсын, Әулиеата айналасын, Үшалматы, Үшарал жерін, Іленің сол жағалауындағы Сарытауқұм жайлауын аракідік жайлап жүрген солтүстік қырғыздардың сарыбағыш, солты, саяқ, бұғы сияқты ірі тайпаларға жататын рулары жоңғарлардың әлсірей бастағанын сезіп, Ыстықкөл жағасындағы ағайындарымен сөз байласып, осындағы дүрбін-ойратты талқандап, аталмыш тараптарға орнығып алуды мұрат етеді. Расында, бұл уақытта бір кездері күндей күркіреген ойрат-дүрбіннен береке-бірлік қашқан, қуаты әлсіреген, әр ноян, әр батыры өз аулын ғана қарауылдап қалған, басқыншылыққа бұрынғыдай түп көтеріле бірлесіп шабуылдайтын ұйымшылдығынан айырылған еді. Сол себепті қырғыздар оларды аталған өлкелерден оп-оңай ысырып, оңтүстіктегі батырлардың тепкісінен қашып барған қандастарымен қоса, Нарынқол, Кеген тұсқа айдап жібереді.
Қалмақтар кетіп калған кезде қырғыздардың Солты руының Арон батыры өзіне қарасты елімен Шудың төменгі тұсына, ал жоғарғы тұсына Қошой батырдың ұлы Жамансарт батыр жайғасады. Сусамыр мен Талас бойындағы үлкен қақпа өлкесін саяқ руының басшысы Арзыматтың Садыр батыры еншілейді.
Бұғы руының Тынай би, Садық би, Саяқ руынан Қашыке, Атаке, Бердіке батырлар Ыстыккөлдің Алматы жақ беткейіндегі Торайғыр асуының етегіне қоныстанады. Құсшы, Сары, Қытай рулары бұрынғы бабаларымыздың қонысы деп, батысы – Таластың орта тұсына, шығысы – Меркеден Үшалматы, Ыстықатаға, солтүстігі Сарытауқұмға дейін орын тебеді. Арада бірер ай өткенде бұлардың барлығы қазақ жеріне тағы ішкерілей еніп, Қастек, Самсы, Әулиеата, Түймекент, Құрағаты, Шоқпар, Құлан төңірегін бауырларына басады. Яғни, қазіргі Алматы облысының батыс аудандарын, Жамбыл облысының Байзақ, Құлан, Мерке, Шу, Қордай аудандарының өте кең көлемдегі шығыс, оңтүстік жағына тұтастай емінеді. Осы әрекеттердің барлығы қырғыз батыр-билерінің өзара келісуімен іске асады. Бұл жайында 2006 жылы Бішкекте шыққан «Алымбектин санжырасы» атты кітапта егжей-тегжейлі баяндалады.
Қырғыздардың діттеген жерлерді иемденіп қалуға асыққаны сондай, қазақтар қалмақтарды Шымкент, Сайрам маңынан енді қуып, ал Нарынқол, Кеген жақтан әлі ысырып үлгермей жатқан уақытта-ақ, яғни бір-ақ жылдың ішінде бұл аймақтарға қоныстанып үлгереді. Олардың баса-көктеп келуімен бұл жерде отырған қазақтардың өрісі тарылып, жайылымы кішірейеді. Қалмақтан әзер құтылып, соғыс пен ұрыстан әбден жүректері шайлыққан қазақтар әуелгіде оларға қарсы бас көтере қоймайды. Алайда, Солты мен Сарыбағыштың, Саяқ пен Сарының кейбір басбұзар барымташылары ұлы жүз бен орта жүз ауылдарын мекендерінен қуып, одан қалса, малдарын айдап кетіп, тыныштық бермейді. Қазақтың бас көтерлері жиналып: «бұларың қалай?» – десе, қарсы жақ: «Іленің ұзына бойын, Үшаралды босатып, Арқаға қарай көшіңдер! Ал Таластан Шымкентке дейінгі аралық бағзы заманнан біздің мекен болған. Өздерің кетпесеңдер, күшпен кетіреміз» деп қоқан-лоққы жасайды. Қазақтар болса: «Сендердің айтып тұрғандарыңның бәрі көне Үйсін жері. Осы өңірлерді кеше қалмақ басқанда тау ішіне тығылып, үндерің шықпай қалып еді ғой. Талас пен Шымкент арасы атақоныстарың болса, неге сонда аттандап шықпадыңдар?!» – деп қарсы уәж келтіреді. Содан бірі қарсылық, бірі үстемдік қылып, келісе алмаған екі жақ сойылдасуға дейін барып, адам шығыны орын алады.
Өз дегендеріне қазақтардың көне қоймайтынын ұққан сарыбағыш биі Болатұлы Есенқұл және Талас аяғындағы Қапқа деген жерде отырған Саяқтың Қабасынан шыққан Садыр қырғыздың барлық батырларын жиып алып, қазақтарды Шымкенттен асырып қуып тастаймыз деп ұйғарым жасайды. Артынша көп қолмен аттанған ол, жолындағының бәрін жапырып-қырып, дегеніне қол жеткізеді және Қаратаудың Шаянға асатын белі үстінен өз шекарасының белгісі ретінде ылғи тастан қаланған қорған салдырып, оған «қырғыз Садыр қамалы» деп ат қояды. Оған қоса: «Қоқи, қазақ, енді сонау Жетісудан бастап, Қаратаудың осы шегіне һәм Шымкентке дейінгі жерден дәмеленбесін!» дейді әрі өзін «Қырғыздың ханымын!» деп жарияға жар салады. Бұл уақиға Алаш қаһармандарының барлығы қалмақты әлі Жетісу, Аякөзден қуу жолында шайқасқа түсіп жатқан 1749 жылдың жазында болған.
Садырдың бұл қылығына назаланған жергілікті жұрт Ташкенттегі Ұлы жүз биі Төлеге арыз айтып барады. 1752 жылы Төле Балқаш жақта жүрген Бердіқожа батырды шақыртып, екеуі Талас жақтан арыз айтып келген қазақтарды ертіп, Қаратаудың батыс жақ етегіне ордасын тігіп отырған Абылай сұлтанға барады. Бұ уақытта Абылай әлі хан болмаса да, бар Алашқа сөзі жүретін сұлтанға айналған екен. Келушілердін арызын тыңдап болғасын ол: «Бір жағым – қоқан, бір жағым – қытай, бір жағым – орыс анталап тұрғанда, азырақ қырғызға қызықпай қоя тұрсақ деп едім. Қазақ-қырғыз бір ұрық едік. Қайбір жылы Ташкенде кек қуалаған Бәйтік Көкімге у беріп, содан арамыз бұзылып, оның аяғын ала қалмақ қайта келген. Қалмақтан жаңа құтылып отырғанда, қырғызға карсы соғысайық деп отырсыңдар. Қоқан, қытай, орыс үшеуінің бірі алда-жалда бізге қол салса, бұрыннан бір тұқымды боз үйлінің баласы едік, бір көмегі тиер еді» дейді. Төле би Абылайдың сөзіне жығылады. Ал, Бердіқожа мен Жәпек батырлар оны тыңдамай, Орта жүздегі Найманды билеп отырған Көкжал Барақ сұлтанға барады. Барақ Бердіқожаның айтқанын мақұл көріп, Арғын-Найманнан төрт мың қол бөледі. 1754 жылы Бердіқожа мен Жәпек өз қарамандағы мың қаралы қолды оларға қосып, Есенқұлға қарсы аттанады.
Бұл хабарды шолғыншы аркылы біліп отырған қырғыздың бас биі Есенқұл – Қашыке, Кебек, Бөлекбай билерді шақырып, қазақтардың қол құрып жатқанын айтып, даяр тұралық дейді. Бұл уақытта Көкжал Барақ пен Бердіқожа бастаған үйсін-арғындар Қастектен асып, Боралдайдағы Қашыке батырдың ауылына қол түсіреді. Даяр тұрған Солты, Сарыбағыштар атқа қонып, қарсы атой салады. Есенкұлға Шу бойынан көп әскермен келген Садыр қосылады. Күндізгі соғыста екі тарапта жеңіске жете алмайды. Кешке қазақтар түнемелікке қонғанда тың күшпен толыққан Есенқұл қолы оларды қапыда басып, быт-шыт қылады. Сөйтіп түнгі шабуылдан қазақтар жағы жеңіліп, Барақ, Жәпек, Қаумен, Жайсаң батырлар өледі. Ертесіне Садыр қырылған қазақтардың бастарын кесіп алып, бір басты бір шымға қосып қалап, «Кәлламұнара» тұрғызады... Сөйтіп ол: «Көкжал Барақты алдым, жалғыз көзді Қарақты алдым» деп мақтаныпты (Қарақ деп, мұнда Садыр Қабанбай батырдың інісі Қарақұрсақты айтқан).
Осы жеңіске масаттанған Садыр бұрынғыдан да құтырынып, бір жыл өткенде Созақ пен Шолакқорған жақтағы Қоңыраттарды, Наймандарды, Келес, Қазығұрт маңындағы Дулат-Сіргелілерді, шауып, көп адамдарды тұтқындап, есепсіз қыз-келіншектермен бірге қисапсыз мал-мүлік айдап кетеді. Садыр бұл аймақтарды шауып жатқанда Бердіқожа қолынан ажал тапқан баяғы Шонық батырдың баласы Ережеп Шымған тауынан 600-дей аламанымен түсіп, Шыршық мен Қаржантау бөктеріндегі Алаш руларын қанға бөктіреді. Есенкұл болса, Іле бойындағы ұлы жүз руларын қуып, өзеннің оң жағына асырып жібереді. Бұл қақтығыстардан кейін, нақтысы, 1759 жылы Барақтың ұлдары Ханбаба мен Әбілпейіз Шатқал һәм Ферғана шегіндегі қырғыздарға тиіп, топалаңдарын шығарады.
1760 жылдары қазақ-қырғыз арасындағы шиеленіске Қытай үкіметі де араласып, екі елге «тату тұрыңдар» деген ниетпен елшілер жіберген. Соған қарамастан, 1764 жылға қарай Қытаймен шекаралас өңірді жайлаған ұлы жүз бен орта жүз қазақтары Қытайға қараған Шығыс Түркістан қырғыздарының үш рет шабуылына ұшырайды. Оған тойтарыс беру үшін Абылай сұлтан Әбілмәмбет ханның ұйғарымымен өзіне қарайтын рулардан кол жиып, жорыкқа дайындала бастайды. Мұны естіген Шығыс Түркістан кырғыздары дереу Қытай үкіметінен өздерін Абылай шабуылынан құтқаруды өтінеді. Қытайлар Абылайға елші жіберіп, шығыстүркістандықтардың жіберген қателіктерін кешіруді қатты өтініп, һәм олардың бұдан былай мұндай қатыгездікке бармайтындарына сендіріп, шабысты тоқтатады.
1765 жылы оңтүстіктегі қырғыздар Қоқан билеушісі Елдана бимен бірігіп, Ташкентті қазақтардан тартып алмаққа кіріседі. Бұл уақытта Ташкент Төле бидің кенже ұлы Қожамжардың иелігінде-тұғын. Мұны естіген Абылай Түркістан бегі Балдыбек төреге Қожамжарға болысып, әскери кемек беруін сұрап, жаушы жібереді. Балдыбек Абылай өтінішіне кұлақ аспай, Абылайдың хатын елшілердің көзінше жыртып тастайды және Түркістан ендігі уақытта қазақ билеушілеріне бағынбай, дербес уалаятқа айналатынын мәлімдейді. Жаушылардың осы хабарынан соң Абылай күзгі мезгілде Түркістанға аттанады. Түркістандағы Балдыбекті тәубесіне келтіріп, келесі, яғни 1766 жылдың басында Ташкент айналасындағы Елдана бек пен қырғыздар қолын шабуға шеру тартады. Мұнда келсе, қоқан-қырғыздың біріккен ғаскері Ташкент түбіндегі Піскент қорғанына тығылып алған екен. Абылай қорғаннан жан баласын шығармай, оны бір жарым ай қоршап жатады. Жағдай бұлай жалғаса берсе, өздерінің мүшкіл хәлге түсетінін ұққан қоқан-қырғыздар Абылаймен келісімге келіп, бейбіт түрде Ферғанаға шегінеді.
Абылай Піскентті қоршап жатқан кезде өзімен бірге ілесіп келген Әбілпейіз сұлтанды Талас өзені бойындағы Қаработа деген би басқаратын қырғыздың қытай руын шауып келуге жұмсайды. Піскенттен қоқан-қырғыз қолы кеткен соң өзі Шымған үстіндегі тынымсыз қырғыздарды жуасытып, Қаработа еліне келеді. Келсе, Әбілпейіз сарбаздары Қаработаның елін талқандап, биді тұтқынға алып отыр екен. «Абылай Қаработаны босатады да, онымен «бұдан былай болайық» деп келісім жасайды және оның бір ұлын бас қылып, тоғыз адамды аманатқа алып, кері қайтады» (А.Махаева, «Шанышқылы Бердіқожа батыр», 138 бет.).
1771 жылы күзге қарай Еділде жатқан жоңғар торғауыттары қытайлар қырып тастаған ойрат жұртына барып қоныстану үшін Далай Ламаның шақыртуымен қазақ жерін кесіп өтіп, шығысқа бет алады. Тарихта «Шаңды жорық» деген атпен қалған осынау үдеріс, қазақ даласынан тыныш өтпей, жолындағысының бәрін жапырып жүреді. Алаш ұрығының қалмаққа деген кегі әлі басылмаған кез. Кіріптар күймен келе жатса да, жол-жөнекей соғыс сала, қырғын ұйымдастырып, алға жылжыған қалмақ-торғауыттың қылығын естіген қазақ батырлары дереу Балқаш бойына жиналып, жауды тосады. Мұнда да үлкен ұрыс болып, ол бірнеше айға созылады. Қазақ сарбаздары осы соғыста жүргенде, қырғыздар жағы құтырынып, оңтүстіктің біраз жерлеріне тағы ылаң салады. Ел ішінде ер-азаматтардың жоқтығын үнемі пайдаланып қалуды көздеп жүретін қырғыз батыры Есенқұл, Арқарлыда жайғасқан ботпай руының ауылдарын талқандап, жылқыларын айдап бара жатқанда мал мен жан үшін арпалысып, шайқасқа түскен Сәмен батырдың ұлы Ергеніш пен қызы Мақпалды және бірнеше адамды өлтіріп кетеді. «Сол қайғылы жағдайды еске салатын: «Қайда батыр Жауғашты?! Ауылымызды жау басты! Ағайын деген қырғыздар, Жер мен малға жармасты. Сарыбағыштан құрықтай, Есенқұл деген албасты, Сәмен батыр жоқ кезде, Мақпал қызбен қармасты... Сауыты жоқ, қалқансыз, Мақпал ару мерт болды, Кек алу бізге серт болды...» деген жыр жолдары ел жадында қалған» (Ү.Бүркітбаева, «Шанышқылы Бердіқожа батыр», 101 бет.).
1773 жылы Абылай қырғызға екiншi жорығын бастайды. Бұл жолы да Шу, Талас бойындағы қырғыздарды шауып, оларды бiраз уақытқа тыныштандырып қайтады. Бірақ бұдан кейінгі бес-алты жыл ішінде екi ел арасындағы ескi дау басылмай, барымта мен кезек-кезек шабуыл үдей түседi. Қазақтар жағынан Бердiқожа бастаған батырлар ретi келсе қырғыз айылдарының топалаңын шығарады. Қырғыздар жақтан Садыр, Үсен, Теке тәрiздi қол бастаған батырлар да қарап жатпай, Қаратау, Шымкент, Билiкөл, Үшалматы өңiрiндегi Ұлы жүз бен Орта жүз тайпаларын қан қақсатады. Әсiресе, Садыр манап бiр шапқан ауыл-шаһарларды үш-төрт мәрте шауып, Шымкент, Созақ, Шолаққорған қалаларын тағы қиратып, өртке орайды. (Бұл соғыстардың шынайы сипаты осы мақала авторының «Күн тұтылған мезгіл» атты романында кең түрде баяндалады). Мұндай бейбастыққа төзiмдерi таусылған қазақ билерi мен батырлары жиналып, Арқада жатқан Абылайға барады. Садыр мен басқа қырғыз би-манаптарының әбден тiзесi батқанын айтып, атыс-шабысты тоқтатуды сұрайды.
Абылай ағайын қырғыз халқын және бір шабуға әуелде мақұл болмайды. Ру батырлары мен би-басшылары ақылдасып, Бұқар жырауға «Абылайды сен көндiр» дейдi. Сонда Бұқар Абылайға:

Ей, Абылай ханым,
Қырғыз көкжарлы Барақты алды,
Сарт пенен қазақты алды,
Шолаққорған, Созақты алды,
Ендi сенi алмағаны аз-ақ қалды!.. – дейдi.

Абылай осыдан кейiн ұшып тұрып, сырттағы үш жүздiң игi жақсыларының алдына шығып: «Рас, сендер айтқан Садырдың қылығы айып, тыныш жатқан елге бүлiк салған. Бiздiң батырлардiкi де айып – жортуыл жасап, өздерi барған. Мен «қой» дегенiммен, бәрiбiр қоймайсыңдар. Анау тұрған Бердiқожа да қоймайды. Мен қырғыз деп аттанбаймын, Садыр деп аттанамын! Аттанғанда үш үйден бір адам, екі адамға үш алыңдар. Екі адам бір биенің сүтін ішсін. Ат басына бір шідер, бір арқан алыңдар», – дейдi.
Содан ол Байғозы, Бердiқожа, Жауғаш, Жарылқап сияқты батырлар бастаған бес мың қолды бастап, Сарысу бойымен келедi де, Созақ, Шолаққорған, Түркiстан, Сайрам, Шымкент, Келес төңірегіндегі кейбір жерлердi иемденген қырғыздарды қуып, Ташкентке келедi. Ташкентте жатып, арадағы шатақты бейбiт жолмен шешудi ойлап, Шу, Талас, Ақсу, Қорағаты басындағы қырғыздарға елшi жiбередi. Өз кезегiнде қырғыздың Есенқұл биi Жайыл, Кебек, Садыр секілді би-батырларымен келiсе отырып, Жамансарттың сөз бiлетiн жиырма бiр жасар ұлы Тiлеубердiнi бас қылып, Ташкентке қырық елшi жiбередi. Келген елшiлердiң бiр тобы Абылайға: «Садыр менi «хан» деп танысын деп айтты», – дейдi. Абылай үндемей қояды. Содан екi жақтың сөз ұстағандары «шатақтың басы сендерден басталған» деп бiр-бiрiн айыптап ұзақ сөйлейдi. Бiр кезде бағанадан берi үндемей тұрған жас Тiлеубердi сөйлейдi. Ол шатақтың басы Бәйтiк Көкiмге у берiп өлтiргенiнен басталған деп, ұзақ уақыттан бергi кикiлжiңдi саралап, аяғын Бердiқожа мен Садырдың тiрлiгiне әкеп тiрейдi. Содан қазақ пен қырғыздың ежелден дос, бауырлас халық екенiн айта келiп: «Құдайдың жерiне таласып, бiр-бiрiмiздi қыра беремiз бе, жоқ әлде, мәмiле жасап тоқтасамыз ба?!» – дейдi. Оның сөзi ойынан шыққанына разы болған Абылай: «Сендер Садырға айтыңдар. Бұдан былай елдi шаппасын. Өзiнiң жерiне кетсiн де, тынышталсын. Ал, бiз Бердiқожаны қойдырайық», – дейдi.
Қырғыз елшiлерi осы сөздi құп көрiп, өздерiнiң бас билері Есенқұл мен Жайылға Абылайдың сәлемiн жеткiзедi. Есенқұл «ендiгәрi қазаққа тиiспесiн» деп Кебектi Садырға жұмсайды. Садыр өзiн ханмын деп кекiрейiп тұрған кезi екен. Жаңағы сөздi естiгенде: «Менi хан деп танымаған Абылайға көресiнi көрсетем», – деп шаптығады. Бұл – 1779 жылдың жазындағы уақиға.
Содан Абылай амалсыздан қырғыздарға қарай аттанады. Қырғыз шебіне келгенде екі елдің арасындағы шатақта тағы да бейбіт жолмен шешуді ойлап: «Әлі де болса жауласпайық, елдесейік!» деп, Садырды келісімге шақырып, Жауғашты жұмсайды. Садыр келіссөзге көнбейді. Абылай оны екінші мәрте жұмсайды. Садыр бұл жолы да қисық сөйлеп, Абылайдың намысына тиетін сөздер айтып, Жауғашты қайтарады. Осыдан соң қос халықтың жанжалын жөн сөзбен шешудің мүмкін еместігіне көзі жеткен Абылай, ұрысқа дайындалады. Қол астындағы алты мыңдық әскерiн үш қанатқа бөлген ол, Бердiқожа бастаған қолды Садыр отырған Таласқа жiбередi. Екiншi қолды Қорағатының басындағы Солтыларға жiбередi. Үшiншi қолды Абылайдың өзi бастап, Жауғаш, Жарылқап батырлармен бiрге Әулиеатаға келедi. Бердiқожа Садырды тырп еткiзбей басып алады. Абылай Әулиеатаны оп-оңай бағындырып, екiншi қол кеткен Солтыға қарай аттанады. Солтылар Қорағатының белiне бекiнiп алып, Момақан, Жайыл, Кебек билер мен Үсен, Теке, Итеке батырлары қазақтарға қатты қарсылық көрсетедi. Абылай келгесiн, оларды жеңiп, қарсыластың басты адамдарының бәрiн тұтқынға алады. Осы алапат шайқаста екі жақтан мыңдаған адамдар өліп, қолға түскен Садыр, Жайыл, Үсен, Теке және басқа да қырғыз руларының бiрқатар батыр-билерi дарға асылады. Сондағы қырғыздардың ең көрнектi адамы һәм жасы үлкен биі Жайыл екен. Сондықтан да олардың бәрi жерленген мола «Жайыл мазары» аталады. Бұл жолғы соғыстың сұрапыл болғаны соншалық, ұрыс болған жер мен майдан даласы қазақ-қырғыз арасында «Жайыл қырғыны» деген атқа ие болған.
Қазақ-қырғыз шабысы аяқталған соң 1780 жылы екi елдiң шекара мәселесi бойынша келiссөздер жүргiзiледi. Қырғыздың XIX ғасырдағы шежірешісі Алымбектің жазуы бойынша, сонда Манас ұрпақтарының бас адамдары – Есенқұл би, Кебек би, Тума би, Қашыке батыр өзара ақылдаса келiп, Жамансартұлы Тiлеубердiнi тағы да Абылайға елшiлiкке жiбермек болады. Соның алдында Абылайға не айту керектігін ақылдаспақ ниетпен Тілеубердіге Есенқұл: «Қазақтарға не керек екенін білесің бе?» – деп сұрайды. Тәлеуберді айтады; «Бұл жәйт белгілі емес пе. Қазақтың даулағаны – өзінің бұрынғы жері, қонысы. Бердіқожаның қалағаны – құн, мал», – дейді. Билер қырғыздардың қонысы қай жерлермен шектелуі керек?» деп сұрағанда, Тілеуберді: «Басы – Үшалматы, Сарытауқұм, Қызылқия, Сантас, аяғы – Бетегелі Қойтас, арға жағы – Қашқар, Үрімші», – деп, өз елінің шегін айтып береді. Бұған разы болған билер оның сапарына оң жол тілеп, шығарып салады.
Абылай онда Түркістанда екен. Тiлеубердiнi қабыл алып, бірден: «Жарастықтың шарты мынау: Таластың суы – су шек болсын, Ырғайтыға дейiн қазаққа қалдырасың», – дейдi. Сонда Тiлеубердi: «Сiз Таластың суы, Күйiктiң белi, Кiшiбурыл, Шоңбурыл тұсы тау шек болып, арғы Қорағатыны жиектеп, Түймекенттен Таластың суын кесіп өтіп, Әбілқайырды басып, Түгiскенге келiп, Ұланның ұршығын баса, Тескейге түсiп, Ырғайтыға дейiн жетсiн дейсiз. Менiң бұған қосарым: бұл жерлерде қырғыздың қаны көп төгiлгенiн бiлесiз. Сондықтан шекара – Шоқпардан тартып, Iлеге барып, Сарытауқұмнан тоқталсын», – дейдi. «Ойбай-ау, бұл не деп тұр?!» – деп қазақтар жағы жапырлайды. Абылай Тiлеубердiге қарап: «Қазақтар бiзге не қалады» деп тұр ғой», – дейдi. Тiлеубердi тағы шап етiп: «Тақсыр, қырғыздың азайып қалғаны – тау арасына кiргендiгi мен жарымы Ферғана жаққа ауып кеткендiгiнен ғой. Күйiктiң белi мен Бурылдан Бетегелi Қойтасқа дейiн қанша жер? Одан тартып, Түймекенттен Таластың аяғы қанша жер? Ұланның ұршығы менен Шоқпардан бергi ылди қанша жер? Хан тауы, Байғара, Әулиеатаға дейiн қанша жер? Iленiң бас жағы қанша жер?» – дейдi. Абылай Тiлеубердiнiң сөзiне тоқтап, Таласқа дейiнгi жердi иелiгiне алады.
Осы бiтiмнен кейiн қырғыздар Iле бойын, Шу мен Таластың орта тұсын қалдырып, көшiп кетедi. Сарытауқұм мен Шоқпар қазақтарға қалады. Сөйтiп қазақтар Алатаудан Iлеге, Күйiктiң бас жағынан Қаратаудың өн бойы мен Шымкенттiң таулы өңiрiн, ал қырғыздар Ыстық көлден Шудың басына дейiнгi жердi алатын болып сөз байласады. Абылай бекiткен сол меже осы күнге дейiн екi елдiң шекарасы болып тұр.
Абылай өлген соң да ескi кектi қуған кейбiр батырлар бәрiбiр тыным таппаған. Ретi келсе, бiр-бiрiн барымталап, шауып отырған. Екі елдің шежірелері мен кейбір мұрағаттық деректерде де Абылайдан соң қазақ-қырғыз шабысы әр-әр жерде ұзақ уақытқа созылғандығы жайынан хабар береді. Ұзақ жылға созылған осы қақтығыстың басты қаһарманы ретінде ауызша және жазбаша мағлұматтар да жиі аталатын Бердіқожа батыр өмірінің соңына дейін қырғыз барымташы-зорлықшыларымен күресіп өткен. Ақыры 1786 жылы солардың қолынан опасыздықпен өлтіріледі.
«Менде арман көп, себебi, қырғыз-қазақтың бiрге туғанындай күнiнде туылып, ендi бiр-бiрiмен жауласып, шiлдiң боғындай бытырап, еншi алған күндерiнде өмiрден өтiп барамын», – деп қайғылы арманмен кеткен Төле бидiң баласы, 1760-1784 жылдар аралығында Ташкентке ұлысбегiлік атқарған Қожамжар би де өмірінің соңына дейін қырғыз-қоқан бiрiккен қолдарымен соғысумен болған. Бұл жайында өзбек, тәжік тарихшыларының жазбалары мен Ташкент мұрағатында көптеген мұралар сақталған. Сонымен бiрге XVIII-XIX ғасырларда Оңтүстік Қазақстан мен Ташкент өңірін мекендеген дулат, қаңлы, шанышқылы, қоңырат тайпалары туралы сыр шертетін шежiре-әпсәналарда да аталмыш мәселеге қатысты бiрталай нұсқадағы әңгiмелер айтылады. Сондай мәліметтерге ден қойсаңыз, қырғыз-қазақ жалпыұлттық деңгейде болмаса да, рулық, кейбір басараздығы бар топтар арасындағы шауып кету, алып кету тәрізді оқиғалар – бергі Қоқан хандығы екі елді де басып алған уақытта да тоқталмаған. Соған байланысты Алатау, Әулиеата, Қаратау, Түркістан, Арыс, Сыр өңірлеріндегі қазақ-қалмақ жауласуы дәуірінен кейінгі уақыттарда өмір сүрген қазақ батырларының аттары қырғыз бен қоқан басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерліктері арқылы шыққан. Бұлардың қатарында шымыр Қапланбек, Қожық, рамадан Ескелді, сіргелі Тайлақ пен Назар, қоңырат Алтай мен Жарылқап, шегір Ақпан, көкірек Биназар, батырлар бар. Қапланбекті 1782 жылы, Ақпанды 1822 жылы, Тайлақ пен Назарды 1831 жылы, Пошан датқаны 1842 жылы қырғыздар өлтірген. Аталғандардан басқа да қырғыз басқыншыларының қолдарынан ажал құшқан қазақ қаһармандары көп. Ботбай Спатай мен шапырашты Сұраншы батырлар да қырғыз манаптарымен біресе жауласып, біресе достасып жүрген. Аяғы үнемі кісі өлімімен бітіп отыратын екі ел арасындағы қақтығыстар – қырғыздар Кенесары ханды өлтіргеннен кейін ғана тыйылған.
Біз осы мақаланы жазу барысында бірнеше кітаптар мен зерттеу еңбектерді парақтап, бірталай мұрағаттық мұраларды көз елегінен өткіздік. Солардың ішінде Талас, Шу бойындағы қазақ-қырғыз қақтығысын басқа жазбаларға қарағанда кеңірек және ашып жазған «Алымбектин санжырасына» көбірек ден қойдық. Әлбетте, кім болса да, өз халқының тарихын жазғанда өзіне тартып жазатыны бар. Алымбек қария Абылай заманында екі халықтың басынан өткен уақиғаларды жақсы баяндағанымен, бір тарауда көңілге еш қонбайтын мәліметтерді алға тартып кетеді. Мысалы, кітабының 86-бетінде қырғыздар «Жайыл қырғынына» дейін қазақтармен таласқан жерлерге Абылай өлген соң қайта келіп қоныстанды деген сарынды ой айтады. «Кейін екі елді де Қоқан ханы басып алғанда, қазақтар Ташкент құшбегісіне жалынып жүріп, Сарытауқұм мен Үшалматыны, Әулиеата мен Шоқпар, Байғараны, Түлкібас пен Талас-Шудың төменгі екі қапталын қайта сұрап алған. Құшбегінің арқасында қазақтар аталған жерлерге мықтап орныққан» дейді. Мейлі, Алымбек шатасты делік. Бірақ осы заманғы көзі ашық, өткен тарихты дұрыс біледі делінетін ғалымдарға не жоқ дерсің. Мәселен, тарих ғылымдарының кандидаты Т.Асанов деген қырғыз ғалымы өзінің «XVIII-XIX қылымдардағы қырғыз-казак чек ара маселелери» атты мақаласында Алымбектің жаңағы қателігін тарихи ақиқат, талассыз факт, дәйекті мәлімет санайды. Ойын оқушының санасына сіңіп қаларлықтай шабытпен жазып, «шындығы сондай еді» деген ниетті бетке ұстап, «жаңалық» ашқандай көсіле лепіреді.
Осыны оқығанда, Алымбекты қайдам, Т.Асановты өз халқаның тарихын терең білмейді екен деген шешімге келдім. Өйткені қоқандықтар қазақтарға емес, қырғыздарға бүйректерін көп бұрған. Бұған себеп Қоқанның ықпалды деген хандарының көпшілігі қырғыздармен туыстық қатынаста болған. 1770-1799 жылдары Қоқан бектігінің бегі болған әрі осы бектікті нығайтуға мол қажыр, өлшеусіз еңбек сіңірген, сонымен қатар Ташкент түбіндегі қазақтармен бірнеше мәрте соғыс жүргізіп, тауы шағылған Нарботаның ең жақсы көретін әйелі қырғыздың адығын руының қызы-тұғын. Осы қыздың Момынбек және Ырысқұлбек атты екі ағасы Нарботаның уағында Қоқан бектігінің әскеріне басшылық еткен. 1822 жылы хан тағына Мәдәлі отырған кезде Жүсіп, Полат, Сатыбалды деген қырғыздар мыңбасылық шенге жетіп, хан сарайында ықпалды тұлғалардың қатарына кірген. Мәдәліден кейін хандықты кезегімен иеленген Шералы мен Құдиярдың балалық шақтары нағашылары – қырғыздардың арасында өткен. Екеуі де нағашыларының қолдауымен таққа жеткенде қырғыздан шыққан Сопбек, Сарымсақ, Сұлтанмұрат, Әлімбек, Атабек, Шәрібек сынды кісілер хандықтың ең жоғарғы лауазымды қызметтеріне қол жеткізді. Хандар бұлармен барлық мәселе бойынша кеңесіп отырды. Әлімбек даруға жазатайым қаза тапқанда оның Құрманжан атты әйеліне Құдияр шешесі Жарқынайымның айтуымен оған датқа лауазымын беріп, сарай істеріне араластырады.
Шералы хан сайланған 1842 жылы Шатқал, Талас, Нарын, Шу қырғыздары бірігіп, жеке хандық құру үшін үлкен жиын өткізеді. Екі күндік жиында тиісті мәселелерді шешіп болған соң қырғыздар сарыбағыш руынан Ормонды өздеріне хан сайлайды. Ол өз туыстары Жантай мен Қалықұлды хан уәзірлері етіп тағайындайды.
Бірақ бұл хандық қоқандықтардың қолында ойнаған «қуыршақ хандық» болды. Дегенмен Қоқан билігі қырғыз ханын ауыстырмады. Оған паруанашы деген атақ берді де, жыл сайын одан тиісті алым-салығын алып отырды һәм керек кезінде қазақтарға айдап салды. Ормонның ең үлкен бітірген тірлігі – Кенесарыны өлтірумен шектелді. Одан соң өз елінің ішіндегі тірліктермен басы қатып, ағайындарымен алысумен күн өткізді. 1854 жылы Бұғы руының адамдары оған қарсы бүлік шығарып, оны өлтірді. Оның өлімімен бірге XIX ғасырдың ортасында аз ғана уақыт өмір сүрген қырғыз хандығының да күні сөнді. Алайда қырғыз руларының басқа көсемдері Қоқан хандығы қашан құлағанша оған қызмет етті... Ия, осындай-осындай кептерді ескермей, «қоқандықтар қазақтарға қырғыздардан жер тартып әперді» деп артық кеткен Т.Асановтың пікірін қазақтар түгілі сауатты қырғыздар да қолдай қоймас...
Бiз кейде аталарымыздың бұрынғы көршi елдермен болған қақтығыстарын – ескi дауды қозғап, қазiргi халықтар достығы арасына iрiткi салып аламыз деген желеумен, өткен тарихтың бетiн тұмшалап, iске асқан нақты оқиғаларды айтудан, жазудан қашқақтаймыз. Сөйтiп, тарихтың өзi адамзатты небiр дүрбелең заманның тезiне салып, қазiр бiр-бiрiн саналы пайыммен, кең парасатты өремен сыйлайтын өркениет заманына жеткiзгенiн естен шығарамыз. Өткен тарихтың бәрiн қозғамасақ, бiз бiр кездерi орыс-түрiк, орыс-швед, орыс-немiс, қазақ-қалмақ, грек-парсы, ағылшын-француз, тағы қайсылары бар едi… әйтеуiр, жер бетiндегi бiр-бiрiмен соғысқан халықтардың барлығының бастан өткерген шайқастарын да кiтаптарға жазып, хатқа түсiрмес едiк қой. Ендеше, тарих деген сабақтың өзiн болған күйiнде жазсақ, оның еш сөкеттiгi болмас, сiрә.
Мен 1986 жылы «Естемес би» деген романыма мәлiметтер iздеу мақсатында Қырғызстанның Тоқмақ қаласына бардым. Тоқмақта жасы 95 жастағы қазақша тап-таза сөйлейтін Мадияр деген қарияны кездестiрiп, екi күн бойы әңгiмелескенiм бар-ды. Сонда сол қария: «Сен, балам, Кенесары ханды бiздiң аталарымыздың не себептi өлтiргенiн бiлесiң бе?» – деп сұраған-ды. Мен естiгенiмдi, яғни, ақ патша ұлықтары қырғыз манаптарын айналдырып, қалайда Кенесарыны өлтiруге айрықша тапсырма бергендiгiн, осыдан келiп, оның өлтiрiлгендiгiн айттым. «Түк бiлмейдi екенсiң, – деп күлген Мадияр қарт. – Ол кезде орыс қайда, қырғыздың манаптары қайда? Сендерді тарихтан қалай оқытатынын білмеймін, бала кезімде мен сияқты шалдар бұл уақиғаны былай деп айтып отыратын: Кенесары орыстарды жеңе алмайтынын біліп, қатты күйініп жүрген кезінде Шыңжандағы найман-керейлер «бізге хан бол» деп оны шақыртыпты. Кенесары ол жаққа кету үшін Жаркент пен Алматының төңірегінде орыстар тұрғандықтан, қырғыз жері арқылы асуды ойлапты. Ол осындай оймен Қордайға жақындаған. Сөйтіп сол жердегі Рүстем төре мен Спатай батырға «мені қырғыз жері арқылы Шыңжан жаққа өткізіп жіберіңдер» депті. Бірақ олар оның тілін алмапты. Баяғыда Абылай хан қырғыздарды Шу-Таластың бойынан, Құланнан, Шоқпардан қуып, талай бабаларымызды қырған екен. Содан Абылайға деген кек ұзақ уақыт бойы аталарымыздың жүрегiнде сақталып жүріпті. Кейiн оның ұрпағы Кенесары Қытайға асып кетпек болып, Меркi-Қордайға келгенде бiздiң батырларымыз оны тосып алып, өлтiрiп, Абылайда кеткен кегiн қайтарыпты. Содан кейін қырғыздар қазақтарға тиіспейтін болған. Міне, айылдың ілгергі шалдардың әңгімесі осындай-ды», – дедi.
Ол кезде бұл әңгiмеге мән бермеген едiм. Кейiн қазақ-қырғыз қақтығысы туралы зерттей бастағанымда, сол әңгiме есiме түсiп, «Ойпырмай, ертеректе Мадияр шал айтқан сөздiң түбiнде бiр шындық бар ма, қалай, өзі» деп ой кештім. Бірақ, кім біледі, бұл менің жеке басымдағы пендешілік ой ғана ғой...
Менiң бүгiнгi мақсатым – XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-қырғыз қақтығысының неден туындап, қалай аяқталғаны жайында шамам келгенше оқырмандарға қысқаша мағлұмат беру едi. Қазiр қазақ пен қырғыз өркениеттiң биiк сатысына жеткен азаматтар тұратын жеке-жеке тәуелсiз ел. Екі елдің азаматтары тарихты бiлуге құмартқанымен, қазір өткен күндердегi көзқарас өлшемi бойынша өмір сүретін пайымсыз емес. Тәуелсiз ел демекшi, бiздiң негiзгi ойымыз – өз алдымызға егемен ел болғанша, қандай замандардың баспалдақтарынан өткенiмiздi, оның iшiнде оңтүстiк қазақтарының таяу ғасырлардағы тарихының бір парасын айшықтап беру ғана болатын.