Туындылары
ТАШКЕНТ ТАРИХЫ НЕМЕСЕ ҚАНША ҚАЗАҚ ӨЗБЕККЕ АЙНАЛДЫ?
Өткен тарих бүгінгі саясаттың ығына қарай жығылып зерттелмеуі тиіс. Егер бұл бағытта саясат тұрғысынан еңбек етсек, тарихтың шынайы ақиқатын аша алмаймыз. Мәселен, бұрынғы дәуірлерде біздің арғы ата-бабаларымыздың түп-қазық қоныстары – қазіргі Ресей құрамындағы Алтай өлкесінде, Монғолия мен Қытайдың батыс облыстарында жатыр һәм олар аталған мемлекеттердің иелігіне айналған. Жылқы баққан қазақтың омбы қар кешіп жүріп, «Омбы» деп атаған жерін сол орыстар басып алғанда – Омск боп, «Төмен» деп ныспылаған орманды алқабы – Тюмень боп, Томбы – Томск, Қорған – Курган, Орынбор – Оренбург, т.б. қалалар, өңірлер басқыншылардың «родной городтары» мен «родной крайлары» боп аталып кеткендері де тарихтан мәлім. 1864 жылы қытай-орыс шекарасы белгіленген кезде қазақтың әлімсақ мекені – Тарбағатай мен Алатаудың шығыс тарапы екі алып мемлекеттің жер бөлісу саясатының кесірінен Қытай жағында қалып қойды.
Көңіл жабырқататын мұндай тарихи фактілер кеңес одағы тұсында да көптеп орын алды. 1955 жылы Жоғары кеңестің қаулысымен Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданының жалпы көлемі 7049 гектар оңтүстік бөлігі РСФСР-ға қарасты Астрахань облысының Владимир ауданына берілді. Ал 1932 жылдың өзінде-ақ коммунистер ықылымнан қазақ жері болған, тұрғындарының жартысынан астамы қазақтар боп табылатын Қарақалпақстанды Өзбекстанға қосқанды. 1936-1937 жылдары Өзбек КСР-ына уақытша берілген Мырзашөл каналының оң және сол жағалауларындағы 329 мың гектар жерді қазақ жазған со кезде ақ уысынан шығарған. 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Киров, Келес, Сарыағаш аудандарының оңтүстік, оңтүстік-батыс бөліктерінен жалпы көлемі 421300 гектар жер Өзбекстанға бөлініп берілді. Ол аздай, 1956 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарайтын жер жәннаты – Бостандық ауданын, 1963 жылы ұланғайыр алапты алып жатқан Киров, Мақтарал, Жетісай аудандарын сол республиканың қарамағына өткізді. 1971 жылы соңғы үш аудан кері қайтарылғанымен, бір кездері оларға қараған орасан көлемдегі аумақ түгелімен бері өтпеді. Жызақ маңындағы күллі Мырзашөл аймағы өзбектерге қалып қойды да, олар сол өңірлерден жаңадан екі облыс, ондаған аудандар ашып алды. Ал тұрғындарының 95 пайызы қазақ боп келетін Бостандық ауданы жат елдің құрамында мәңгілік қалды.
Бұл – қазіргі жұрттың көбі білетін ащы тарих. Десек те, осы өңірге қатысты бүгінгі базбір тарихшылар мен кейбір білімпаз жандар болмаса, жалпы жұрттың бәрі бірдей біле бермейтін тағы бір сырлы тарих бар. Ол – Ташкенттің қазақтың көне шаһары екені, оның өңірі қазақ жері болғандығы жайында айтылмай жүрген сыр.
Әлбетте, Ташкентті қазақтар тұрғызған деп кесіп-пішіп айтпаймыз. Оның негізі түркі тектес халықтардың әрқайсысы өз алдарына ұлт болып қалыптаспай тұрғанда қаланған. Заманымыздың басында Сыр мен Шыршық алабын жайлаған Қаңлылардың бір тармағы сол кезде суы мол Салар бұлағының бойында үйлері ылғи таспен қаланған қыстақ тұрғызған. Уақыт өте келе, ол қыстақ үлкейіп, Тастыкент (Тасты қала) атанған. Осы Тастыкент атауы алға озған заманның тілдік үйлесімділігіне орай – Таскент, кейін қарлұқ диалектісіне сай Ташкент боп қалыптасқан.
Кейбір жазбагерлер Ташкенттің байырғы атауы Шаш болған деп шатасып жүр. Шаш – Ташкенттің іргесінде болған басқа көне қала. Ол Шыңғысхан шабуылы кезінде қиратылған. Шаш қиратылған соң оның тұрғындарының көпшілігі одан он-он бес шақырым жерде орналасқан Ташкентке орныққан. Осы себепті Ташкентте халық көбейіп, көлемі кеңейеді. Ақсақ Темір дәуірінен кейін оның солтүстік бөлігі бұрынғы Шаш қаласының орнына дейін жетеді. Сөйтіп Шаш атауы бірте-бірте ұмытылып, Ташкенттің аты жаңғыра бастайды.
Ташкент XIII-XV ғасырларда қолдан-қолға өтіп, біресе Шағатай ұлысына, біресе Ақсақ Темір әулеттеріне қараған. XV ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақ хандығы жаңа құрылып жатқанда, ол – Моғолстан хандығының шаһары болатын. Халқының дені сол заманнан 12-16 ғасыр бұрын (б.з. 2-ғасыр мен б.з. 3-ғасыр аралығы) бүкіл Сыр бойы мен Ферғана жазығында жеке мемлекет құрған Қаңлы жұртының ұрпақтары еді. Керей мен Жәнібек қазақ хандығының туын алғаш көтергенде өздерімен ілесіп келген және де орда тіккен Шу бойындағы рулар болмаса, басқа жақтағы ру-тайпалар бірден олардың жанына ұйыса қоймағаны секілді, Ташкент маңындағы қаңлылыр да әп дегенде Алаш ұлысына қосыла қойған жоқ. Бұл кезде Ташкенттің айналасында арғы да, бергі де тегі қазақ боп есептелетін өзге рулар да көп-ті. Бірақ олардың бәрі қаңлымен қатар тағы бір үлкен топ – қатаған-шанышқылылардың көлеңкесінде қалып, аттары онша шықпайтын.
Керей мен Жәнібек жеке елдің отауын көтергеніне он жылдан аса уақыт өткенде, нақтысы, 1468 жылы бұрынғы Алтын Орданың шығыс бөлігіндегі Көк Орда аталған ұлыстың билеушісі Әбілхайыр өзінен бөлініп кеткен қазақ жұртын шауып алу мақсатымен қисапсыз әскер ертіп, Шуға қарай аттанады. Әбілхайыр Сырдың төменгі ағысымен бойлай жүріп, Созақ шегіне жеткенде аялдайды да, Моғолстан билеушісі Жүніс ханға бағынышты болғанымен, одан дербестік алуды ойлап жүрген Ташкент қаңлыларына «Қазақтарды бірлесіп шабайық» деп жаушы жібереді. Алайда қаңлы-шанышқылылар бұл аттанысқа ермейді. Осы бір тарихи деректі өзбек тарихшылары былай деп сипаттайды: «Ол кез – Моғолстан билеушілері өзара қырқысқа түсіп, ұлыс бірнеше бөлікке бөліну жолына түскен уақыт еді. Қаңлылар да Ташкент аймағын жеке уәлаят етуге әрекет етіп жатқан. Осы себепті қаңлылар Әбілхайырдың айтқанына жүрмеді». Анығында қаңлылар Әбілхайырға еріп, түбі бір туыс ел – қазақтарды шабудан бас тартқан.
1487 жылы Моғолстан ханы Жүніс қайтыс болғаннан кейін Ташкент аймағы үшін Жүніс хан ұрпақтары мен Темір әулетінің арасында үздіксіз соғыс басталады. Бұған үшінші жақтан бұл өңірді көптен бері басып алуды жоспарлап жүрген Мұхамед Шайбани араласады. Ол Жүніс хан ұрпақтарымен келісімге келіп, 1470 жылы қазақ ханы Керей барлық өлкелердегі тегі Алаш боп келетін руларды өз ордасына қаратып алу мақсатымен басып алған Созақ пен Сауран қалаларына шабады. Көп ұзамай Жәнібектен кейін хан болған Бұрындық Сырдың сол жағалауындағы қалалардың барлығын қазаққа қайта қаратады.
XV ғасырдың аяғында Түркістанның батыс бөлігін қайтадан Шайбандықтар басады. Ал Ташкент өңірі мен Сауран қаласының маңы қаңлылардың көмегімен билік басына келген Жүніс ханның ұрпағы Махмұд сұлтанның құзырына өтеді. 1530 жылдары Ташкент Шайбандықтарға да, Моғолстан билеушілеріне де бағынбайтын қаңлы-қатағандар иелігіне айналады. Содан 1567 жылы Бұқар хандығының тарихында ең құдіретті хан боп есептелетін екінші Абдолла басып алғанша, бұлар дербестікте болады. Бірақ осы 37 жыл ішінде қаңлы-қатағандардан қандай билеушілер шыққаны жөнінде ешбір тарихи дерек жоқ.
Абдолла Ташкентті алған соң оған өзінің туысы Баба Сұлтанды билеуші етіп тағайындайды. Билік қолына тиген Баба Сұлтан қаңлы-қатағандардың ержүрек һәм мол әскеріне сүйеніп, арада көп уақыт өтпей-ақ, Абдолладан теріс айналады және Ташкент аймағын жеке хандық деп жариялайды. Абдолла оған қарсы екі-үш мәрте ләшкер аттандырады. Бірақ жеңіліс табады. Осыған масаттанған Баба Сұлтан енді қазақ иелігіндегі Түркістан өлкесіне шабуылдайды. Қазақтың сол кездегі ханы Хақназар Абдолламен келісімге келіп, оның көзін жоймаққа кіріседі. Өзінің тығырыққа тірелгенін сезген Баба Сұлтан дереу қулыққа басады да, Хақназарға жаушы шаптырып, бейбіт шартқа отыруға ұмтылады. Сонымен бірге өзі басып алған Түркістан өлкесін у-шусыз қазақтарға қайтарады, сондай-ақ Абдолла ханды бірлесіп шабуға Хақназарды көндіреді. Бұрынғы хандар сияқты қалайда Ташкент өңіріндегі қазақ руларын Алаш ордасына қосуды армандаған һәм Бұқар ханын әлсіретпейінше бұл арманға жету ауыр болатынын білген Хақназар оның ұсынысына қолдау көрсетеді. Сөйтіп ол Ташкентке әскерімен алаңсыз барады. Бірақ алдамшы Баба Сұлтанның жендеттері Шыршық бойында түнемелікке түскен хан шатырына тұтқиылдан шауып, Хақназарды өлтіреді.
Хақназарға опасыздықпен ажал құштырған Баба Сұлтан қайтадан Түркістан тарапты жаулайды. Қазақ билігін қолына алған Шығай хан онымен аяусыз күреске түседі. 1582 жылы Тәуекел бастаған қазақ сарбаздары Түркістан түбінде оның айтулы ләшкерінің тас-талқанын шығарады. Баба Сұлтанның басы кесіледі. Бұған разы болған Абдолла Шығай мен Тәуекелге Ходженд қаласын, Зарафшандағы Адыркент аймағын сыйға тартады. Дегенмен Тәуекел хан сайланғанда Ходженд пен қазақ даласын бөліп тұрған, ілкі заманнан қазақ рулары жайлаған, тұрғындарының бәрі Қазақ Ордасына бүйрегі бұрыс, өзінен бұрынғы хандардың дерлігі бауырына басуды армандап өткен, сауда ісі мен қолөнері дамыған Ташкентті Алаш жұртының құрамына қосуды ойлайды. Алайда ол үшін құдіреті күшті Абдолла ханмен текетіресу керек. Бірақ тәуекелсіз мақсаттың орындалуы екіталай. Тәуекел өз әскерінің айбындылығымен қатар Ташкент, Шахрухиа (бүгінгі Тойтөбе), Ходженд маңындағы қазақ руларының өзіне көмек көрсететініне сенеді. Осы сеніммен 1588 жылы аталмыш аймақтарға жорық бастайды. Расында, «Тәуекел Бұқарға соғыс ашқанда Ходженд, Шахрухиа, Әндіжан төңірегіндегі баяғы Мұхамед Шайбаниға еріп келген керей, найман, қыпшақ, қоңыраттар, Ташкенттегі қаңлы-қатағандар, дулат-сіргелілер қазақ жағына шығып кетті» деп өзбек тарихшысы Н.Икрумов жазғандай, Тәуекелдің жорығы сәтті шығып, аталған жерлер қазақтарға өтеді. Осы тараптағы қауіпсіздікті біржолата орнықтырып кету мақсатымен Тәуекел жорығын ары қарай жалғастырып, Абдолланың жеңілмейтін делінетін әскерін ұрыстың бар даласында тұқыртып, Самарқан мен Бұқар қаласына дейін жетеді. Бұқар түбінде өзі ауыр жараланады. Осыған және бұқарлықтардың бітім туралы жасаған ұсыныстарына байланысты әскерін кері қайтарады. Бұл бітімнің негізінде Ташкент қаласы бүкіл уәлаятымен, Ферғана жазығының солтүстік бөлігі Қазақ Ордасының құрамына кіреді.
Сонау Керей-Жәнібектен бастап соңғы ханымыз Кенесарыға дейінгі қазақ билеушілерінің қайсысының болмасын, тарихы мен іс-әрекетіне зер салсаңыз, ешқайсысының да жат жерді, бөгде елді жаулап алуды ойламағанын, сол жолда соғыс жүргізбегенін байқайсыз. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында қазақ хандары өз жері мен елін қорғау мақсатында сыртқы басқыншыларға қарсы айқасумен өткен. Жат жерге басып кірген жаңа біз жоғарыды айтқан Тәуекелдің, сол бұқарлықтармен жиырма жыл ұдайы соғысып, ылғи жеңіске жеткен Есім мен Тұрсын хандардың жорықтары ғана. Дегенмен бұлар көбіне қарсы шабуылға шықты және есте жоқ ескі заманнан қазақтар жайлаған, Алаш ұлының атамекені болған жерлерге иелік етуге талпынды һәм басынған жауды қайта бас көтерместей күйретуді жоспарлады. Десек те, бұрынғының ақылман хандары аманаттап қалдырған, бекітіп берген талай-талай қала-шаһарлардан, дала-алаптардан кейін күш-қуатымен қатар береке-бірлігі азайған, түрлі шапқыншылықтардан зәразәп болған, оған қоса, ғасырлар бойы сыртқы елдер тарапынан жасалынған қысым мен саясаттың, кейде баққұмар төре-сұлтандардың елдік мұраттан гөрі жеке бастың мүддесін көбірек ойлайтын таяздығы кесірінен рухы төмендеген жазған қазақ мәжбүрлі-мәжбүрсіз түрде айырылып қалды.
Ежелден шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке кіре тартқан керуендер жолының торабы, бір кездері ұлы Жібек жолының кіндік тармағы атанған, қай заманда да Орта Азияда стратегиялық һәм экономикалық маңызы аса жоғары болған, ал уақыт өте бүкіл бір географиялық аймақтың орталығы санала бастаған Ташкентті иелену – кімге болмасын, басты мұрат болғаны тарихтан мәлім. Тәуекелден кейін бұқарлықтармен үздіксіз соғыс жүргізген Есім ханның жорықтары да көбіне-көп осы Ташкентті қорғау мүддесінен туындаған. Бірақ Есім хан игеріп отырған аймақ тым байтақ еді. Сол байтақ жердің ең қауіптісі, өзбек хандары түгілі сонау Иран шахтары да көз қадап отырған сол Ташкент уәлаяты-тын. Сондықтан жан-жақтан жау қысқан қазақ жерін қорғау жолында бір тыным таппай, біресе шығысқа, біресе батысқа аттанатын Есімге Ташкент тарапты мекем ұстап тұру үшін ол шаһарға бір сенімді адамды бек етіп қою керек болыпты. Ол бұл лауазымға өзінің туысы Тұрсынды таңдапты. Тұрсынның кезінде Ташкентте қаңлылардың дәрежесі төмендеп, үстем орынға қатағандар шыққан болатын. Міне, осы қатағандардың бек-оғландарына арқа сүйеген ол, 1624 жылы Шахрухиа түбінде өзінен жеңілген Бұқардың Имамқұлы ханымен келісім жасасып, Ташкентті жеке уәлаят, ал өзін хан деп жариялайды. Көп ұзамай Ташкентте өз атынан теңге шығарады, Есімнің Шығыс Түркістанда жүргенін пайдаланып, Түркістан, Сайрам қалаларын шабады. Оның бұл әрекеті – жер аумағы біршама айқындалып, тегі бір жұрттың бір ұлтқа, яғни қазаққа біріккен кезде елді екіге жарып, алауыздық тудырған кешірілмес опасыздығы еді. Бірақ ұлт ұйытқысын бұзған сатқынға қашанда зауал табылған. 1627 жылы Есім хан оның басын найзаға шаншиды, оған жақтас қатағандардың тоз-тозын шығарады. Ташкентке хәкім етіп, қаңлы Бақтышты (өзбектер Пахташ деп жазған) тағайындайды.
Міне, осы Бақтыштан бастап 1784 жылға дейін Ташкент қазақ билерінің иелігінде болды. 1720 жылы оның тағына ұлы жүздің ханы Жолбарыс отырды. 1729 жылы Ташкентті қалмақтар алғаш рет жаулады. 1731 жылы оны қазақтар азат етіп алады. Дүрбін-Ойраттың екінші шабуылы 1735 жылы іске асады. 1739 жылы қазақтар қайтадан өздеріне қайтарады. 1740 жылы қалмақтарға сатылған Ташкенттегі аз ғана сарттар мен қырғыздардың тобы Жолбарысқа у беріп өлтірді. Сол жылы Абылай сұлтанның қолдауымен қала билігі Төле бидің қолына көшеді. Осы жылы күзде қалмақтар шаһарды үшінші рет басады да, өздеріне жақтас қырғыздар арасынан Көкім дегенді қала биі етіп қояды. Көкімнің билігі алты айға да жетпейді. Оны Төленің туысы Бәйтік өлтіргенімен, ондағы қалмақ билігі төрт жарым жылға созылады. Қазақтар тек 1745 жылы ғана оларды қаладан түпкілікті қуады.
Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: егер Ташкент әлімсақтан өзбектердікі болса, неге олар қалмақтармен соғыспайды? Өзбек тарихында өзбек-қалмақ соғасы деген дерек атымен жоқ. Қалмақтар Ташкенттен асып, Ферғана жазығының солтүстігіне бір рет барған. Осы соғыс қана қоқан-қалмақ шайқасы делініп, аз ғана дерекпен кейінгі өзбек тарихына енген. XVIII ғасырдағы Қоқан бегінің хаткерлерінің өздері жазбаларында «Ташкент тараптағы қазақ жерінде қыпшақ-қазақтар мен қалмақтардың жойқын соғысы жүріп жатыр» деп бірнеше мәрте жазады. Тіпті Ташкенттің XVIII ғасырдың бірінші ширегі мен XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы кезеңінің тарихын тәптіштеп жазған Мұхамед Салық Ташкандидің «Тарихи-жәдидә-Ташкент» атты еңбегінде де аталмыш шаһар үшін қалмақтарға қарсы тек қазақтардың соғысқаны туралы жазылған.
1745 жылдан кейін Ташкент билігі Төле бидің қолына толық көшеді. Ташкенттен бастап сонау Жетісуға дейінгі қазақ жері қалмақтардан азат етілген осы кезден былайғы уақытта жерге таласудан туындаған қазақ-қырғыз қақтығысы белең алады. Төле ғұмырының соңына дейін жеті сайын қайталанатын осы қақтығысты реттеумен күн өткізеді. Өзі өмірден өтер алдында «Мәйітімді осындағы Шайхантәуір әулиенің жанына жерлеңдер. Бейітім – Ташкент қазақ жерінің төрі екенін оған таласып жүргендерге білдіріп жатсын» деп өсиеттейді. Төленің қаупі бекер емес екен. Ол қайтыс бола салысымен, шаһарда сол тұста әжептеуір көбейіп қалған өзбектерге тілімен де, түр жағынан да сіңісе түскен Шағатай, Жошы, Хажы-Тархан әулеттері мен Қоқан хандығына арқа сүйеген сарт-қашғарлықтар тобы арасында билікке талас басталады. Бірақ Төленің орнына шаһар бегі сайланған оның кенже ұлы Қожамжар алғашқыда оларға дес бермейді. Алайда қала ішіндегі тартыстармен қатар, сырттан үздіксіз соққан қырғыз бен Қоқан шапқыншыларының каупі күннен-күнге арта түседі. Қожамжар Абылай сұлтаннан көмек сұрауға мәжбүр болады. 1765 жылы Арқадан Абылай көп қолмен келіп, Піскент жағасында Ташкентке бағыт алған Қоқан қолын тас-талқан етеді. Ташкентте бас көтерген бүлікщілердің көсемдерін жазаға тартады.
Абылай өлген 1781 жылдан кейін шаһар билігі үшін талас-тартыс қайтадан өршиді. Қорытындысында, Ташкент төрт бөлікке бөлініп, әрқайсысын бір-бір билеуші билейтін, атап айтқанда, Қожамжар билейтін – Шайхантәуір, Хажы-Тархан әулеттеріне қарайтын – Бесағаш, Жошы ұрпақтарының иелігіне өткен – Сибзар, Шағатайдан тарағандардың үлесіне тиген – Көкше сияқты төрт қамалға айналады. 1784 жылы бұрын Төленің, кейін Қожамжардың сарайында даруғалық жасаған Жүнісқожа деген қашғарлық ұйғыр бас көтеріп, Қоқан бектерімен жасырын келісім жасаудың арқасында бір-ақ зеңбіректі бес мыңдық қолмен алдымен Шайхантәуір, одан соң басқа қамалдарды басып алады. Төрт қамалды бұздырып, бүкіл Ташкентті қоршайтын биіктігі 4-5 құлаш келген, аумағы 16 шақырымдық жаңа қорған салдырады.
Шайхантәуір билігінен айырылған Қожамжар Ташкенттен 20 шақырым жердегі Төленің жазғы қонысына барып жайғасады. Ұзақ жыл шаһар билігін қайтарудың жолын іздеп, Жүнісқожамен талай рет шайқасады. 1798 жылы Қоқаннан қосымша күш алдырған Жүнісқожа Қожамжар бастаған қазақтарды Ташкент маңынан біржолата аластатуды ойлап, үлкен соғысқа кіріседі. Алдымен қазақ ауылдары үстіндегі Шымған тауының екі жырасының түбінен ағатын өзеннің жоғарғы жағын таспен бөгеп, өте үлкен екі шатқалдың арасын суға тотырады. Су аса аумақты екі жыра-шатқалдың кемеріне келіп толғанда, бөгесін тастар оның қысымына төтеп бере алмай, бірден бұзылады. Содан орасан жылдамдықпен ылдиға жылжыған алапат сел төмендегі қазақ ауылдарын басады. Селден аман қалып, жағаға шыққандарын қаруын кезеніп дайын тұрған жау шеріктері қырады. Жүнісқожаның зұлымдығы соншалық, сонда өлген қазақтардың бастарын кескізіп, тау қылып үйгізеді. Жүнісқожа со жолы неше мыңдаған қазақтарды қырып, Қожамжарды Қазығұрт етегіне көшіріп жіберсе де, ол маңнан қазақ атаулының бәрі түп көтеріліп көшіп кетпеді. Ташкент маңымен қоса, Бегабад, Піскент, Жызақ шегінде қалған 500 жүз мыңдай қазақ оған бас иіп, бағынады.
1806 жылы Ташкентті қоқандықтар жаулап алады. Шаһар мен оның айналасына Ферғана жақтан өзбектерді көшіріп әкеп орналастыру – осы кезеңнен бастап қолға қатты алынды. Қоқан хандары Ташкент түгілі қазақ жерін билеген 55 жыл ішінде өздері басқан Шымкент, Түркістан, Иқан, Сайрам, Әулиеата, Созақ қалаларына өз жерлерінен мыңдаған өзбектерді көшіріп әкелді және барлық тарапта өзбек тілі мен ұлтын үстем орынға шығарды. Соған қарамастан Ташкенттегі медреселер мен мешіттердің көбінде дін оқулары қазақша оқытылды, түрлі діни насихаттар, уағыздар қазақ тілінде жүрді (Асат Сапиев, «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» 55-бет. Ташкент, 1926 жыл).
1865 жылы Ташкентті орыстар бауырына басты. 1867 жылы Түркістан генерал-гуернаторлығы құрылып, ол бес облысқа бөлінді. 1887 жылы жүргізілген санақта Қоқан кезінде жергілікті қазақтарды өзбектерге ассимилияциялау жүйесі қарқынды жүргізілгеніне қарамастан, Ташкент пен оның айналасындағы уездер халқының 53 пайызы қазақтар, 15 пайызы құрамалар (олар да қазақтар) қалғандары өзбектер мен тәжіктер болды. 1918 жылы қаңтарда мұнда кеңес өкіметі толық орнап, сол жылдың 30 сәуірінде кеңестер сьезі РСФСР құрамына кіретін Түркістан кеңестік автономиялық республикасын құру туралы қаулы қабылдады. Түркістанның батыс жағында кеңес саясатын мойындаған Бұқара мен Хорезм халық республикалары құрылды. 1920 жылдары осы екі республикада 250 мыңға таяу қазақ болды. Түркістан жаңа социалистік қоғамға негізделген республика болса да, оның құрамында бұрынғы патша заманындағы – Сырдария (қазіргі Оңтүстік Қазақстан мен Ташкент облыстарының аумағы), Жетісу (қазіргі Алматы облысы), Самарқан, Ферғана, Закаспий (қазіргі Түрікмен мен Қазақстанның Маңғыстау өлкесі) облыстары сақталынып қалды. 1917 жылғы санақ бойынша, Сырдария облысында – 1 миллион 405 мың, Жетісу облысында – 310 мың, Ферғана облысында – 391 мың, Самарқанд облысында – 125 мың, Закаспий облысында – 95 мың, барлығы – 2 миллион 701 мың қазақ болған. (К.Р.Аманжолов, «Түркі халықтарының тарихы», 258-бет. Алматы, 2005 жыл). Әйтсе де, бұл нақты дерек емес. Ол кезде шалғайдағы және тау қуыстарындағы ауылдарда отырған қазақтардың бәрін санаққа енгізуге мүмкіндік пен жағдайдың да болмағаны айқын. (Бар мүмкіндігі мен озық технологиясы бар осы заманның өзінде Қазақстандағы және шет елдердегі бүгінгі қазақтардың нақты санын біле алмай отырған жоқпыз ба). Қазіргі Өзбекстан жеріндегі қазақтардың XVIII-XIX-ғасырлар мен XX-ғасыр басындағы тарихын тәптіштеп жазғаны себепті жергілікті ұлтшылдардың қаһарына ұшырап, 1926 жылы күзде Шыршықта у беріп өлтірілген өзбек тарихшысы (ұлты тәжік) Асат Сапиевтің «Ходженд уәлаяты: қазақтар һәм тәжіктер» атты кітабындағы мәліметтерге ден қойсақ, 1925 жылы Өзбек КСР-ындағы (бұл кезде тұрғындарының дені қазақтар болып табылатын Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақ АКСР-ына қосылып кеткен) қазақтардың саны 2,5 миллион болған. Бұл қазақтардың бәрі кейін қайда кетті? Жә, бұл жайында сәл кейінірек.
...Кеңестік Түркістанға алғашқыда орыс коммунистері жетекшілік жасағанымен, кейін қазақтан шыққан белгілі тұлғалар басшылық етті. Бұл жылдары Ташкентте ел басқарған, ғылыми мекемелер мен жоғарғы оқу орындарында қызмет еткен қазақтардың саны өзбектер мен басқа ұлттардан әлдеқайда мол болды. 1920 жылдардан кейін аттары алысқа кеткен қазақ зиялыларының басым көпшілігі осы Ташкентте оқыды немесе қызмет жасады. Мұнда «Түркістан уәлаяты», «Ақжол» сынды алғашқы қазақ газет-жорналдары шықты.
1924 жылдың 16 қыркүйегінде Түркістан ОАК-інің төтенше сессиясы қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз еңбекшілері бұқарасының әр ұлт өз республикасын құру керек деген талап-тілектерін орындау мақсатында арнайы қаулы қабылдады. Қаулы ұсыныс ретінде Мәскеуге жөнелтілді. Сол жылдың 14 қазан күні РСФСР БОАК-і аталмыш қаулыны мақұлдады. Осылайша, Түркістан, Бұқар және Хорезм республикаларына қараған жерлерде ұлттық-мемлекеттік межелеу, яғни әр ұлтты тұратын аумақтарына байланысты одақтас республикаларға айналдыру саясаты іске асты. Осының нәтижесінде Түркістан республикасының батыс аймағын тұтасымен және Бұқар мен Хорезмнің айтарлықтай бөлігін қамтыған Өзбек КСР-ы, Бұқардың түрікмендер тұратын аймағын иеленген Түрікмен КСР-ы, Өзбекстан құрамына кіретін Тәжік АКСР-ы, РСФСР құрамына кіретін Қырғыз автономиялы облысы құрылды. Сырдария мен Жетісу облыстары мен Қарақалпақ автономиялы облысы Қазақ АКСР-ына берілді.
Осы кезде Ташкент қаласын қазақ пен өзбек республикаларының қайсысының құрамында қалдыру мәселесі жөнінде екі ұлт арасында үлкен дау туды. Өзбек коммунистерінің жетекшілері Ташкенттегі өзбектердің санын жасанды түрде көбейтіп, «Қалада басқа ұлтарға қарағанда өзбектердің саны әлдеқайда басым. Сол үшін де Ташкент өзбектікі болуға тиіс» деп Орталық Комитетке хат жазған. Ол хаттағы мәлімет бойынша, Ташкенттегі қазақтардың 40 пайызға жуығы өзбек санатына кіріп, олардың санын мейлінше арттырылған.
Расында сол жылдары шаһарда тұратын қазақтар қандай жолмен өзбектер санатына кіріп кетті немесе олар қалайша өзбек боп жазылды? Міне, бұл – әлі күнге дейін айтылмай келе жатқан, көзі ашық деген жұрттың бәрі білетін, бірақ ауызекі әңгімеден әрі аспаған, ешқандай хатқа түспеген, зерттеу нысанына айналмаған ащы ақиқат. Тіпті сорлы ақиқат десек те болады. Біздің елдің көнекөз қариялары айтатын: «Өзбек республикасы құрылар алдында қаланы өздеріне қалдыру үшін Ташкент билігі шаһарда тұратын қазақтарды зорлықпен «ұлтым өзбек» деп жаздырған. Соның кесірінен ондағы қазақтар демнің арасында басқа ұлт болып шыға келді».
Бұл – жастық шақтарында Тәшкентте болған немесе оған таяу тұрған ауылдардың көзі қарақты жалпы қарттарының әңгімесі-тұғын. Біздің елде шайырлығымен қатар әңгімешілдігімен де аты жұрт жадында сақталған әкемнің ағасы Садық атамнан қалған мынадай сөз бар: «Жасым жиырмадан асып, Шымкент үйезінде істейтін бір қазақ бастықтың көшірі болып жүрген кезім. 1924 жылдың күзінде уезд бастықтарының бәрі абыр-сабыр болып, вокзалға баратын болды. Мен бастығымды екі мықты ат жегілетін әдемі пәуескемен тасушы едім. Вокзалға бара жатқан жолда бастығымнан «Мұнда біреуді күтіп аламыз ба?» – деп сұрадым. Ол: «Ташкенттегі Рысқұлов деген үлкен бастығымыз осыдан бір айдай бұрын Мәскеуге кеткен еді. Сол кісі қайтып келе жатыр. Оның неге Ташкентке бірден тартпай, мұнда келе жатқанынының мәнісін білмеймін. Осында бір күн болады екен де, ертең Ташкентке аттанбақ. Айтпақшы, уезд бастығы ертең Рысқұловты Ташкентке осы пәуескемен сені жеткізеді деп шешті. Бұрын ол шаһарға талай барғансың әрі төте жолды жақсы білесің ғой-ә» – деді.
Ертесіне таң азанымен уезд кеңсесінің алдында Рысқұлов менің пәуескеме отырды. Өзі кап-қара кәстүм киген, қысқа мұртты, әйнектері дәу көзілдірік таққан сыптай адам екен. Бізбен бірге он шақты қарулы мілісәлар жүріп отырды. Жолда екі-үш жерде аял қылып, Тәшкенге кеш бата жеттік. Жолай маған көп әңгіме айтты. Тілге жүйрік, өте саналы екені көрінді. Шаһарға таяғанда: «Сенің түнгі қоналқы жайыңды мынау артта еріп келе жатқан мілісәлар көрсетеді. Ертең сағат онда Түріккеңестің алдында үлкен жиналыс болады. Соған қатыс. Оған Мәскеуден келген зор дөкейлер де қатысады. Не әңгіме болатынын естисің» – деді.
Азанда үш қабатты аумағы өте зор Түріккеңестің алдындағы атшаптырым алаңға саны есепсіз адам жиналды. Қарасам, жиналғандардың бәрі кілең өзбектер. Бұл қалада олардан гөрі қазақтардың көп тұратынын білетінмін. Соған қарамастан жиынға неге тек өзбектер жиналғанының мәнін түсіне алмадым. Бір кезде Түріккеңес үйінен шырттай киінген оннан аса кісілер шықты да, алаңның бас жағында тақтайдан жасалған биік нар үстіне жайғасты. Араларында үш-төрт орыс, кеше менімен бірге келген Рысқұлов және тағы бір қазақ бар. Қалғандарының бәрі өзбектер. Сол өзбектердің арасынан бір көзілдірікті кісі тұрып, бүгінгі жиында қаралатын мәселені халықтың талқысына салу үшін қалалық кеңес Тәшкеннің осыншама жұртын әдейі жинағанын айтты. Одан соң жұртты Өзбек республикасының құрылуымен құттықтады да, бірден талқыланатын мәселеге көшті. Ол әп дегенде-ақ Тәшкенде өзбектердің көп тұратындығын, сол үшін де бұл шаһар Өзбекстанға өтуі керек дегенді айтты. Жиналған жұрт: «О, яшаң, жүдаям жун суз! Жүдаям туғры суз! Тошкан хақи узбактікі!»» деп әлгіні айқайлай қошеметтеп, қол шапалақтап кетті.
Одан кейін биік нарда отырған тағы екі-үш өзбек сөйледі. Бәрі шаһарды өзбектікі деп өзеуреді. Олардың әрқайсысы сөйлеген сайын пәсте тұрған сарттардың тобы гу-гу етісіп, қайта-қайта қошемет пен қолдау көрсетті. Ең соңғы сөйлеген өзбек дөкейінің: «Түркістан үкіметінің бұрынғы бастығы мына отырған Рысқұлов жолдас «Тәшкен бұрыннан қазақтың қаласы. Сондықтан да ол Қазақстанға қалдырылуы керек» дегенді айтып, бізді осындай жиын өткізуге мәжбүрледі. Рысқұлов жолдастың енді көзі жеткен шығар, Тәшкеннің кімдікі екені» дегені күні бүгінге дейін есімде. Ол солай дегенде Рысқұлов атып тұрды да, оң қолын көтеріп, шулаған өзбектердің дабырын басты. Бәрі тынышталғанда, бір тоқтамай суға ұқсап ағып кеп берсін. Құдай-ау, неткен білгіш десеңші. Сонау көне тарихтан сөз тартып, Тәшкенді ең алғаш тұрғызған қазақтың қаңлы жұрты екенін, сол әлімсақтан мұнда қаңлы мен шанышқылы руларының тұрғанын, шаһарға өзбектердің тек Қоқан хандығы кезінде ғана шоғырлана бастағанын, бірақ та, соған қарамастан дәл қазіргі уақытта қалада олардың қазақтардан көп еместігін, қайта олардан өзбекше сөйлеуді дағдыға айналдырған Бұқар мен Ходженд-тен қоныс аударып келген тәжіктердің мол екенін айтты. Екі-үш ғасыр бұрын бұл қалада қазақтың Төле, Бақташ, Қожамжар билердің билік құрғанын, олармен теңдес ешқандай өзбек билеушілерінің Тәшкен тарихында болмағанын, Тәуекел, Хақназар, Абылай сияқты қазақ хандарының осы қала үшін талай ұрыс салғанын, ал керісінше, бірді-бір өзбек ханы бұл шаһарды сырт жаудан қорғамағанын, ондай мәлімет ескі тарихтың бетінде жоқ екенін де дауыстап жеткізді. «Тәшкен қалай өзбектің қаласы болады? – деді ол тағы сөйлеп. – Егер осы қаладан шығып, қай тарапқа да екі жүз шақырым жүрсек, бірді-бір өзбек ауылын кездестірмейміз. Сонда жан-жағын жүз мыңдаған қалың қазақ қоршаған Тәшкенде бар-жоғы жиырма мыңдай өзбек бар екен деп, оны соларға қалдыру әділеттік пе?! Ондай болса, өзбегі бар екен деп Шымкентті және оның айналасындағы өзбектер шоғырланған Сайрам мен Қарабұлақты да Өзбекстанға береміз бәлкім. Тәшкен түгілі, ылғи қазақтар жайлаған сонау Бегабадқа, Мырзашөлден Жызақтың арғы жағындағы Нұратаға дейінгі жерлерді Өзбекстанға беруге болмайды. Өйткені бұл жерлер әлімсақтан қазақтікі. Ата-бабаларымыз сол жерлер үшін қаншама қан төккен. Өкінішке орай менің білуімше, осынау аймақтардың бәрі келешектегі Өзбекстанға тиесілі құсайды. Болашақ республикалардың шекарасын айқындаушылар мұндай өрескел қателіктерден бас тартулары тиіс».
Ол бұдан басқа да қаншама дәлелдерді айтып, ұзақ сөйледі. Сонда жаңа шешенсіген өзбек дөкейлерінің біреуі қыңқ дей алмай қалды. Әлгінде ғана гуілдескен жұрт та тым-тырыс боп, үн шығаруға шамалары болмады. Әлден соң топ ішінен әлдеқандай өзбектер топыларын жерге ұрып: «Анаңниң... мина қозоқ һәммәмизди қотырди. Индә Тошкан бизгә иоқ» деп өкіріп жіберді. Аз-кем тыныштықтан кейін бағана бірінші сөйлеген өзбек орнынан тұрды да, төрдегілердің тура ортасында отырған Мәскеуден келген орысқа сөз берді. Ол кеңес саясаты жайында біраз насихат айтты да, қолындағы бір парақ қағазға үңілді. Онда қаладағы өзбектер мен қазақтардың саны туралы жазылған мәлімет бар екен. Қағаздағы мәлімет бойынша, Тәшкен тұрғындарының ширекке ғана жуығы қазақтар екен. Сол үшін де Мәскеудегі орталық комитет Тәшкенді Өзбекстанға өткізуді жөн деп тапқанын жеткізді. Осыны естігенде жаңа ғана ұнжырғылары түскен өзбектер қайтадан айқайласып, қуанғандарынан бір-бірін құшақтап, шаттанып кетті. Мен Рысқұловқа көз тастап едім, ол қолын бір сермеп, нардан түсіп бара жатыр екен. Солай қарай жүгірдім. Жете бергенімде ол маған бұрылды. Екі көзінен аққан жас дәу көзілдірігінің астынан ағып, бетін жуыпты. Дереу бетін сүртті де, қамыға үн қатты: «Садық, қазақ Тәшкеннен айырылды, біз жеңілдік. Сен Шымкентіңе қайта бер. Жиналыстағы әңгімені елге айта барарсың». «Сіз қайтпексіз?» – дедім. «Мен анау кісілермен бірге осы жерден ертең Мәскеуге аттанамын. Қызметім сонда ғой», – деді. Айтпақшы, сол жиналыста онымен қатар отырған қазақтың кім екенін кейін білдім. Ол – Сұлтанбек Қожанов екен».
Мен кеңес үкіметі құламай тұрғанда Ташкенттің мемлекеттік архивіне талай рет кіріп, ондағы қазақ тарихына қатысы бар нешеме құжаттарды ақтарып, қаншасын көшіріп жазып алған адаммын. Тіпті 1998-ші жылға дейін оған еркін кіріп жүрдім. Ал қазір ол архивке кіру ақырет. Өзбекстан билігі бөтен елдің адамдары үшін оның есігін тарс жапқан. Тек екі елдің сыртқы істер министрліктерінің рұқсатымен ғана кіруге болады. Ал ондай рұқсатты алу үшін айлар емес, жылдар керек. Міне, менің сондай рұқсатты күткеніме үш жыл болды. Еш болмаса, тағы екі-үш мәрте кірсем бе деген арманым бар. Сексенінші жылдардың соңында сол архивке бір кіргенімде Ташкент тарихына қатысты жазбаларды ақтарып отырып, жаңағы Садық атам қатысқан жиналыстың орысша жазылған хаттамасын көріп қалдым. Хаттамада сол жиналыста өзбек жағынан Ибрагимовтың, Ходжаевтің, Ахунбабаевтың, ал қазақтар жағынан Рысқұлов пен Қожановтың, орталық комитет өкілі Рудзутактың сөйлеген сөздері бар екен. Хаттамада басқаларға қарағанда Рысқұловтың сөзі көп. Онда бұл мәселеге онша көңіл аудармаушы едім әрі іздеп жатқаным Ташкенттің Қоқан заманындағы және төңкеріс алдындағы тарихы болғандықтан, соны сол сәтте көшіріп жазып алуға ниетім болмады. Кейін тағы бір келгенде арнайы қарармын деген ойым болды-ау деймін. Кейін де сол архивке талай кірдім. Бірақ аталмыш хаттаманы қарау миыма кірмепті. «Ақымақтың ақылы кеш кіреді» дегендей, қазір сол қателігіме қатты өкініп жүрмін. Иә, өкінетін нәрсем көп. Бүгінгі қазақ жұрты бейхабар қаншама деректер жатыр онда, егер біреулер оларды жоқ қылып жібермесе. Арманымның бастысы – Құдай қолдап, тағы бір рет сол архивке кірудің сәті түссе, алдымен жаңағы хаттаманы іздестіретін едім.
Әлбетте, мен бұл сөзіммен Ташкентті қазақтарға қайтару керек деген пікір көтермейтінімді оқырман қауым жақсы түсінетін шығар. Бірақ адамзатқа тарих не үшін керек? Өткенді білу үшін қажет. Өткенді ұмытсақ, бүгінгі күнде мән жоқ. Мәселен, басқаны айтпағанда, қазір бүкіл әлем біліп отырған Қырым оқиғасын, өздерінше тәуелсіз мемлекет боламыз деп, қаншама қанды қырғынға себепші болған Луганск мен Донецкіні алайық. Олар неше жылдан бері Украинаның меншікті өлекесі болды. Бүгінде сайқал саясаттың кесірінен одан бөлшектеніп, басқа бір өктем елдің қолтығына тығылып, соның құзырына қарамақшы. Енді жүз жылдан кейінгі ұрпақ оларды екі-үш ғасыр бойы Украинаның құрамында болғанын ұмытса, аталған өлкелер әлімсақтан Ресей жері деп танылса, онда мәртебелі тарихтың шынайылығы қайсы? Ондай былғанған тарих кім үшін керек? Онсыз да, көрші елдердің қолдан жасалған тарихы аз емес.
Тағы бір мысал, кейбір өзбек зертеушілері қазіргі мына шеті – Қызылорда, мына шеті – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарын ұялмай-қызырмай көне өзбек жері деп айтудан танбайды. Аталған өлкелер бір кездері Қоқан мен Хиуа хандығына қараған дейді олар. Бірақ олардың бұл жерлерге басқыншылықпен кіріп, уақытша ғана билегенін, орыстар келгенде титтей де қарсылық көрсете алмай, екі-үш жылдың ішінде осалдықтарынан масқаралары шығып, Оңтүстік Қазақстан түгілі Ферғана мен Самарқан төңірегіндегі өз жерлерін де жатқа алдырғандарын ойларына алмайды. Біз жоғарыда атаған Мәскеудегі коммунистердің зорлығымен «өз еркімізбен» жанды құжаттар арқылы берген неше мыңдаған жерлерімізді де қазір бір өзбек көне қазақ жері деп ойламайды. Ойлайтындары болса, онысын сыртқа шығармайды һәм тән алмайды. Осыны ойлағанда Ташкент тарихы туралы сөз де қозғағың да келмей кетеді кейде. Алайда, өткеннің шындығын баршаға паш етуге міндетті тарих алдындағы пенделік һәм зерттеушілік парыз көкейдегіні сыртқа шығаруға қашанда құмбыл.
Кезінде Рысқұлов сынды қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін таласқа түскенін және өзбектердің ол қаланы өздеріне қалдыру үшін 1924 жылдан бұрын түрлі айла-амалдарға барғанын, одан қалса, ондағы қазақтарды зорлықпен өзбек етіп жаздыруға белсене кіріскенін – жел сөз немесе бос әңгіме деп санауға әсте болмас. Мұның түбінде ақиқат жатыр. Жарайды, бұған ауызекі әңгіме ғой деп біреулер сенбес те. Бірақ сол заманның тірі куәгері, тәшкенттіктердің әлгіндей тірлігін көзімен көріп, көрген-білгендерін кітапқа түсірген Асат Сапиев біз жоғарыда атын атаған кітабында бұл туралы былай дейді: «Негізі, Түркістандағы халықтарды ұлттарына қарай әр республикаға бөлу жоспары 1920 жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе еді. 1922 жылдан бастап бұл әңгіме тіпті өршіп кетті һәм Ташкенттегі қазақ-өзбек басшылары бұл жоспардың түбі іске асатанын анық ұқты. Түркістан үкіметінің басында көбіне қазақтар отырды. Олар бұл жоспар іске аса қалған жағдайда Ташкент Қазақ АКСР-ына беріледі деген сенімде болды һәм оған өзбектер таласа қояды деп еш ойламады. Оған қоса, шаһар тұрғындарының басым бөлігі қазақтар-дүр. Ләкін қазақ басшылары шаһардағы қазақтардың көбісі өзбекше сөйлеп, солардың ғұрпын ұстанатынына назар салмады. Өзбектер болса, 1922-1923 жылдары шаһар халқының тізімін жасауға кірісіп, осындай қазақтардың ұлтын құжатқа өзбек деп жаздыруға қол жеткізді. Қазақтар тұратын кей мәхалләларда тізім жасаушы кісілердің жанында өздерін өзбекпін деп жаздыруға қарсы болғандарды қорқыту үшін қарулы милиционерлер еріп жүрді. Олар қазақтармен қатар қаншама тәжіктерді, құрамаларды, қашғарлық тараншыларды да өзбектер тізіміне қосты. Әсілі, мұнда өздерін өзбекпін деп жаздырған ұлттардың да бір кінәсі бар. Олар көпшілік болса да, саны азшылық өзбектердің тілінде сөйлеуге құмар болды. Қарама-қайшы һәм түсініксіз нәрсе – бір өзбек қазақша һәм тәжікше сөйлеуге құмар емес. Он қазақ бір өзбекке бола, өзбекше шүлдірлейді. Өзбектер осы жағынан басқаларды ұтып кетті. Одан соң қаладағы ишан-молдалардың бәрі өзбекке айналған қожалар. Олар да қазақтардың өзбек болуына көп ықпал жасады. Айтайын, қазақтарда ру бар. Олар өз руларынан қыз алмайды. Ал өзбектерде ондай салт жоқ. Қыз бен бала бір емшек ембесе болды, бірін-бірі бай, қатын қыла береді. Жаңағындай өзбек қожалары құран мен шариһат кітаптарын арқалап келіп, қазақтарға айтады: «Міне, мыналар Алланың кітаптары. Бұларда мұсылман руға бөлініп қыз алыссын деген аят пен сүре жоқ. Сендер Алланың бұйрығына шәк келтіріп, адасып жүрсіңдер. Тура жолға түсем десеңдер, ру дегенді ұмытыңдар. Жақсы қыздарың мен балаларың болса, алысқа жібермей, бір-біріне қоса беріңдер. Шариһат үкімі солай».
Осындай насиаттарға басы айналған талай қазақ ата дәстүрінен безіп, аталас ағайындарымен құдандаласты. Осыдан кейін ондайлар қалайша қазақпын дер. Қазақтардың өзбекке айналуына бейімдеген тағы бір нәрсе – шаһар тұрмысы. Мәлелен, қазіргі дала қазағы мен шаһар қазағының тұрмысы да, мінез-құлқы да екі түрлі. Ықылымнан шаһар тұрмысына бейімдеу сарт-соғдылықтар қазақтардың ұлттық қалпын өзгертіп, өздеріне сіңіріп жатыр. Осындай себептер шаһар қазақтарын басқа ұлтқа айналдырды. Солай ұлтын өзгерткендер тізімге өзбекпін деп жаздыруға аса құмбыл болды. 1924 жылы қазақ пен өзбек Ташкентке таласқанда шаһарда өзбектердің көп болуы, осының арқасында өзбектер қалаға ие боп қалуы осындай себептердің арқасында жүзеге асқан нәрсе-тұғын».
Бұл – ұлты тәжік болса да, өзін өзбекпін деп санауға мәжбүр болған тарихшының жазбасы. Бір өкініштісі, шынайы тарих жазылған оның жоғарыда аталған кітабы 1926 жылы небәрі 150 данамен ғана шыққан. Одан да қайғылысы, артынша ол кітап тәркілеуге ұшырап өртелген. Ташкент НКВД-ы өртелген кітаптарды санап отырған. Бірақ 150 кітаптың бәрін жинай алмай, 148-ін өртеген. Аман қалған екі кітаптың біреуінің тағдырын білмеймін, бірі 1991 жылы Ташкентте ойда-жоқта қолыма түсті...
Ташкенттің бұрынғы қазақ қаласы екенін дәлелдейтін және бір факті – мынада: Оның көшелерінің, орамдарының, ең ақыры бейіт-мазарларының атауларына шейін қазақша аталуы. ШаҺарды өзбектер билеген әрі оған көп шоғырланған уақыт – Қоқан хандығының кезінде де өзінде сол атаулар өзгермеген. Атап айтсақ, Бестам, Мыңөрік, Бесағаш, Көкше, Көктерек, Дархан, Күрпік, Сәрке (соңғы үшеуі шанышқылының рулары), Қаңлы мәхаллә, Шора (XVIII ғасырда шанышқылы руының Шора деген байы ашқан базар), Сіргелі, Қарақамыс, Албастыкөпір, Назарбек. Бәйтікқорған, Құрысай, Қойлық, Ескіжоба, Шаршысу (өзбектер мұны қазір Шорсу деп жүр), Салар (Төле би қаздырғын арық), Ниязбекарық (Төле бидің Ниязбек атты баласы XVIII ғасырдың орта кезінде Шыршықтан шаһарға су тартқан каналы), Жаныстөбе, Тастөбе, Қаңлымазар, Арғынмазар, Төле би мазары, Бақташ бейіті, Көкілташ медресесі (Кіші жүз Байұлынан шыққан Арын деген бай салдырған)... иә, қайсыбірін айтарсың, шаһардың ішкі құрылымдарына орай қойылған аттардың бәрі қазақша. Бұлардың бәрі тіпті бүгінгі күнге дейін осылай аталады, бірақ өзбекше транскрипциясымен, яғни бұл атауларды өзбектер өз тілдеріне қарай икемдеп алған.
Енді қазіргі Ташкент, оған іргелес Сырдария, Жызақ облыстарына қарайтын жер-су аттарына назар салыңыз: Қыбырай, Қарашоқы, Тойтөбе, Бөкі, Жаңабазар, Жаңажол, Мырзашөл, Нұрата, Қызылоба, Аққабақ, Жанбай, Қоңырат, Жетікент, Теріс, Бектемір, Аққорған, Көрік, Жартытөбе, Дүрмен, Түзел, Тілеу, Ортасарай, Шыназ, Жайылма, Алмалық, Шалақазақ, Күлтөбе, Қара-мазар, Найман, Сұрым, Құдайқұл, Бағыс, Шыршық, Бозсу, Ақсақата, Шымған... тізе берсең, мұндай атаулардың мыңын келтіруге болады. Ташкентте болсын, әлгі аталған облыстардың төңірегінде болсын, бірді-бір ескіше өзбекше аталған, өзбекше мағына беретін атауды көрмейсің. Жоғарыдағы атаулардың бәрінің қазақша мағынасы бар, оларды талдасаң, бір кітапқа арқау болатын дүние шығады. Оған қоса, бұл атаулардың көбісі қазақ руларының аттары.
Осы келтірілген деректердің барлығы Ташкент пен оның айналасындағы аймақтардың бәрі көнеден қазаққа тиесілі екенін анықтап тұрған жоқ па. Иә, қазақ жазғанның қонысы кімге кетпеген... Алайда сондай қоныстардың бөтенге қалай кеткенінің тарихын жазғанымызбен, оларды қайтарып алу мүмкін еместігін біз де жақсы білеміз. Бірақ баста айтқанымдай, тарих болған күйінде айтылмағы ләзім. Оның үстіне тарихтың міндеті – бұрынғы нәрсені орнына қою емес, уақыт шаңына көмілген уақиғаларға сараптама жасаумен және өткен заманда іске асқан қателіктерді қайталамауға бағыт көрсетумен шектеледі. Ғасырлар бойы аласапыран заманмен өмір сүрген қазақтың жатқа қонысы ғана емес, намысы да кеткен. Рухы басылып, қалпы да өзгерген. Жоғарыда Асат Сапиев өз кітабында 1925 жылы Өзбекстандағы қазақтардың саны 2,5 миллионға жетеді деп жазғанын келтіріп едік қой. Ол кезде қазағы ең басым Бостандық өңірі (1928 жылы өз алдына аудан болып, алдымен Сырдария округіне, кейін ОҚ облысына кірген), бүгінгі Жызақ облысына жататын Мырзашөл аймағы Қазақ АКСР-ындағы Сырдария губерниясының Ташқазақ уезіне қарап кеткен. Демек, Сапиевтің 2,5 миллион деген санына Бостандық пен Мыршашөлдегі қазақтар кірмеген. Сонда 1925 жылы Ташкент пен оның айналасындағы, Самарқанд пен Ферғана маңындағы 2,5 миллион болған қазақ қайда кетті? Олар осы күнге дейін неге өспеген?
Осы жерде ешқендай мұрағат пен құжатқа түспеген, бұрын заман ағымы мен өмір сүрген ортасының ыңғайына қарай орын алған, тіпті, қазіргі кезде де, көз алдымызда іске асып жатқан бір құбылыс туралы сөз етпей кетуге болмас. Ол сөз – намысы жоғалған қазақтардың өзбекке айналып кеткені, айналып жатқаны туралы тәмсіл. Менімен ешкім таласа алмас, егер мен осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы өр қазақтың, көкірегі биік қазақтың таудай рухы қазіргі ұрпақтарында жоқ десем. Бұл тұжырымым қай жағынан болса да, ақиқатқа сай екеніне күмәнім тағы жоқ. Дүниеде басқа ұлтқа айналып кеткен ұлыстар көп. Мәселен, еврейлер батыс жұртының қайсысына болса да сіңген. Бірақ олардың өзгелерден бір артықшылығы – түбінің еврей екенін ешқашан ұмытпайды. Татарлардың, башқұрттардың, чуваштардың, тағы сол сияқты сарылығы мен көздерінің көкшілдігі ұқсас келетін майда ұлттардың қаншасы орысқа сіңді. Олардың кемшілігі – түп-тіректерін мүлде ұмытты. Мұндай құбылыс біздің қазаққа да тән. Алайда қазақтың орысқа немесе батыс жұрттарының біріне мүлде айналуы үшін үш-төрт ғасыр уақыт керек. Себебі адамның бет-пішіні физиологиялық және аралас геннің әсерінен түр-тұрқы өзгеріске ұшырауы үшін соншама уақыт қажет. Ал қазақтың мұсылман жұртының біріне, мысалы, өзбек пен тәжікке сіңуі оңай.
Қанша жерден жасырып, жаба-тоқығанымызбен, соңғы бір-екі ғасыр ішінде шыққан тегін мүлде ұмытып, өзбекке айналып кеткен қазақтардың саны есепсіз. Қазақ өзбекпен көрші тұрса да, қыз беріп, қыз алысса да, өзбек болуға бейім. Бір өзбек отбасы алдымен көрші отырған он қазақ үйінің алдымен тілін алады. Өзбек қазақша сөйлеуге еш ынтықпайды, қайда қазақ сорлы солардың тілімен шүлдірлегісі келіп тұрады. Ал тілден айырылған, өз тілінен өзгенің тілін үстем көретін халықтың болашағы жоқ. Мен осы күндері де әр түрлі шаруамен Өзбекстанға көп барамын. Сонда көрем ғой, қазақтар шоғырланып отырған ауылдардың өзінде ересектердің тіл саптауы өзгеше. Ал жастары бір-бірімен көбіне өзбекше сөйлеседі. «Бұларың қалай?» десем, «Заман солай ғой» деп иықтарын қиқаңдатады. Тағы бір көңіл жабырқататын нәрсе – ондағы қазақтардың тілімен қатар түрлері де өзбектерге ұқсап кеткен. Ал Ташкентке іргелес отырған Қойлықтағы, Қыбырайдағы, Сіргелідегі қандастарымызды тек айтарға ғана қазақ.
Бұрын да, қазір де Өзбекстанға барғанда өзбек шалдарымен көп сөйлесем. Сөйлесіп отырып, суыртпақтап руын сұраймын. Көпшілігі құжаттарында өзбек болып жазылғанымен, салт-дәстүрі солардікі болғанымен, түптерінің қазақ екенін жасырмайды. Руларын да айтады. Араларында үш жүздің қай руы жоқ дейсіз. Ал өзбек болуының мәнісін сұрасаң, бірінің шешесі, бірінің көршісі өзбек, бірінің әкесі өзбектенген қазақ. Енді бірі «ортамызға байланысты сартқа кіріктік» дейді. Бұлай деуге еш намыстанбайды, қайта өзбекке айналғандарын мәртебе санайтындарды да кездестірдім. Міне, Сапиев 1925 жылы Өзбекстанда 2,5 миллион бар деп көрсеткен қазақтардың ұрпақтарының сиқы. Сапиев 1925 жылғы деректі келтірген. Ал оның алдында ол жақта қанша миллион қазақ болғаны бір Құдайға ғана аян.
Өзбек халқында өзгелерді өзіне тартатын бір құдірет бар. Сосын өткен ғасырларда олардың саны қазақтан әлдеқайда аз болса да, тілдік, салттық дәстүрлерге берік болғаны көрінеді. Және олар тарихта қазақтар сияқты қаһармандық танытпаса да, отбасылық тәрбиеге көп көңіл бөлетін өзара ұйымшылдықты қатты ұстанған. Бір жағы – тілдері жүрек елжіретіндей майда келеді. Дала қазақтарына қарағанда қулықтары да басым. Одан соң қай замандағы басшысы болсын, алдымен өзбек мүддесін ойлаған. Қазір де солай. Бүгінде Өзбекстанда үлкен түгілі кішкентай бір мекеменің басшысы қазақ емес. Алда-жалда ондай қазақ басшы табыла қалса, ол түр-тұрпаты да, тілі де өзбектенген адам болып шығады. Ол елде өзбек тілі, ғұрпы, мәдениеті, өнері алда жүреді.
Бұл күндері онда қазақ мектептері жылдан-жылға қысқартылу үстінде. Оның үстіне қазақтар тағы бір мол шоғырланған Науаи облысы жақтағы жағдайды қайдам, ал Ташкент төңірегінде қазақ тілінде бірде-бір колледж немесе институт жоқ. Өзбекстандағы мектептер тоғыз жылдық қана. Ары қарай балалар өз қалауларына орай колледждерде оқуға міндетті. Ал коллед-ждердегі жағдай анадай. Одан соң орыс мектептерін бітіргендер өзбек тілінен сынақ тапсыруы қатаң түрде жолға қойылған. Міне, кімді болса да, өзбек тіліне үйретудің, оған мұқтаж етіп қоюдың жарқын көрінісі. Содан да, қай ұлттың адамы болса да, өзбекше еркін сөйлейтіні. Содан кейін ол елде түрлі ұлттардың мәдени орталықтары біздегілерге ұқсап, дандайси алмайды. Бар тірліктерін өзбеки мүддемен байланыстырып атқарады. Біздегі бөтен ұлттардың көсемдері сияқты жергілікті халықтың намысын таптайтын сөздерді айтпақ түгілі, олай ойлауға да қорқады.
Иә, Өзбекстанда ұлттық мәселе алдыңғы орында. Бәлкім осындай кептердің себебінен болар ондағы қазақтардың өзбек этносына кірігіп бара жатқаны. Жә, бұлай десек, өзімізді-өзіміз алдамшы сөзбен жұбатқан болып шығамыз. Өйткені ондағы қазақтар бірнеше ғасыр бойына өзбектерге сіңіп, олардың санын көбейтіп келеді. Бұл процесс кеңес кезінде де жалғасын тапқан. Тағы бір мысал айтайын: 1887 жылы Түркістан генарал-губернаторлығы жүргізген санақта осы күнгі Өзбекстан жеріндегі өзбектар саны үш миллионнан сәл-ақ асқан. 1927 жылы қазақтар 6миллион 920 мың болса, өзбектер осы қырық жылдың ішінде төрт миллионға жуық өсіп, 7 миллион 1 мың болған да, жалпы қазақтардың санынан 21 мың адамы артық түскен. 1956 жылы қазақтар 3 миллион 822 мыңға әрең жетсе, өзбектер осы 29 жыл ішінде 6 миллионға көбейіп, 13 миллионды құраған. Олардың санының күрт көбеюі өзбек қатындарының баланы көп тууынан дейсіз бе. Олай емес. Ақиқатында бұл – басқа ұлттардың, әсіресе қазақтардың (ішінара тәжіктердің) өзбекке айналып, олардың санын көбейткенінің көрсеткіші. Оған қоса, 1927 жылдан кейін қазақтар санының күрт кеміп кетуіне 1928 жылғы тәркілеу һәм артынша басталған қолхоздастыру науқаны, 1931-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы репрессия өз зардаптарын қатты тигізді десек те, тағы айтамыз, сол нәубет кездері Өзбекстан жеріне ауып барғандардың көпшілігінің қайта қазақ санатына қосыла алмай, өзбекке айналғаны да үлкен бір себеп.
1917-1918 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағын қамтыған «Жылантақыр» деп аталған алапат жұт өткен. Осы жұт жылдары және жаңа аталған нәубет кезеңдерінде миллиондаған қазақтар Өзбекстан жеріне ауып барды. Олардың бәрі болмаса да, жарым-жартысы сонда қалып қойып, түрлі себептермен өзбек жұртының қарасын көбейтуге үлес қосты. Өз басым ашаршылық жылдары-ақ сонда ауып барған қазақтардың талайының өзбек боп жазылып, сол ұлттың нағыз өкілдері болып жүргенін көрдім. Менің үшінші атамның інісінен тараған төрт ұл 1932 жылы ашаршылықтан қашып, Ташкент түбіндегі Көктерекке барып жан баққан. Сол төрт ұлдан өрбіген қырық шақты ұрпақ бұл күнде қырт өзбек. Бірінің қызын бірі алып қойған. Мен тараған рудың Бегалы деген атасынан шашыраған 150 үйдей бір ауыл ағайын, қазір Бостандық ауданының Қарамазар кентінде түп-түгел өзбек боп отыр.
Айта берсем, мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Мұның барлығы ненің себебі? Әлбетте, бір елдің қатал саясатының себебінен емес. Бәлкім ол, біржақты ғана себеп болар. Бастысы, оған себеп – намыссыздықта. Бір жағы – орыстың, бір жағы – қалмақтың, бір жағы – Бұқар мен Қоқанның, жалпы ел болғалы сыртқы дұшпанның тепкісін көп көрген қазақтың кейінгі ұрпағы тым жалтақтағыш, тым еліктегіш, тым намыссыз, әйтеуір тыныштық болса екен дегенге тым бойұрып, бойкүйез боп кеткен-ау, сірә. Қонақжайлығы мен ақкөңілдігі өзіне қатер боп төнетінін аңдамайтын аңқау да аңғал боп кеткен бе дерсің. Бәрінен бұрын намыстан жұрдай болған ба дерсің. Әйтпесе бөтен елде тұрып, сол бөтеннің ұлтын қабылдаған қазақтан басқа ұлт бар ма, осы. Жарайды, біз бөтен елдегі жағдайды әңгімеледік. Ал өз елімізде тұрып, өзбекке айналған қазақтар туралы естуіңіз бар ма? Есітпесеңіз, айтайын.
Ғалымдардың пайымдауынша, дүниеде сексуалды гені күшті үш халық бар екен. Олар – еврей, қытай, өзбек екен. Сенбесеңіз байқаңызшы, қазақ қызы осының қайсысына тисе де, қазақ баласы осылардың қайсысынан қыз алса да, балалары соларға ұқсап туылады. Басқа жақты қайдам, Оңтүстік Қазақстанда қазақ-өзбек боп жұптасқан жұбайлар көп. Ілуде біреулері болмаса, олардан өрбіген ұрпақтардың бәрі өзбек боп қалыптасады. Оны айтасыз, өзбекке үйленген қазақ жігіт те, өзбекке тұрмысқа шыққан қазақ қыз да екі-үш айда өзбекше шүлдірлеп шыға келеді. Ондайлардың балалары міндетті түрде өзбек мектебіне барады, өзбекше тәрбие алады. Қазақстандағы қырт қазақтардың ортасында тұрып-ақ, талайлар осылайша басқаға айналып жатыр.
1980 жылдары ел-елден шежіре жинап жүргенімде Ленгір ауданына қарасты Мәдени деген ауылда тұратын тоқсанды алқымдаған Дербіс атты қарияға жолыққаным барды. Мәдени – қалың өзбек қоныстанған Қарамұрттың түбінде. Сонда Дербіс қария әңгіме арасында: «Менің бозбала кезімде мына Қарамұртта он бес-ақ үйдей сарт бар еді. Қазір бұлардың үйлерінің саны жеті жүзден асты. Осылардың бәрі қайдан ғана тез көбейе қалды, болмаса қайдан келе қалды дерсің. Бұл жерге бөтен сарттар көшіп келген жоқ. Қазақтардың есебінен көбейді олар. Кәнпіс жылдары НКВД-дан қашқан кейбір байлардың қолшоқпарлары осы сарттардың арасына келіп тығылды. Ашаршылық кезінде талай аш қазақтар аштыққа ұшырамаған осылардың панасына дүркін-дүркін келіп, жалданып жан бақты. Солардың бәрі кейін сарттармен аралас-құралас, құдандалы болып, әп-сәтте өзбекке айналып шыға келді. Олардың арасында бір кездері Қарамұртқа таяу отырған менің де біраз туысқандарым бар. Сартардың не құдіреті не сиқыры бар екенін білмеймін, әйтеуір көз алдымызда неше жүздеген қазақ сарт боп кетті», – деген-ді.
Сайрам ауданындағы елді-мекендерде отырған өзбектердің көбісінің түбі – қазақ. Осылай деп қарияларының өздері айтады. Мұны жастары да біледі. Сұрасаң, түбіміз – Ошақты дейді, Ысты дейді, Сиқым дейді... Негізі Қоқан хандығы осы өлкені басқанда 1814-ші, 1842-ші, 1856-шы жылдары сонау Ферғана өңірінен Шымкентке, Сайрамға, Қарабұлаққа, Түркістанға, Иқанға, Созаққа, Шолаққорғанға, Әулиеатаға өзбектер топтарын үш дүркін көшіріп әкелген. Бұл жайында Қоқан хандығының хаткерлері әдемі жазып кеткен («Қоқан хандығына қатысты жазбалар», тізім, Ферғана меммұрағаты). Хандар әр көште ірі шаһарларға 100, кішірек қалашықтарға 50-60 отбасын жіберіп отырған. Мақсаттары – қазақ даласын өзбектендіру. Олардың көпшілігі 1864 жылы орыстар Түркістан мен Шымкентті басқанда, Ташкентке қарай қашқан қоқандықтарға ілесіп, ата қоныстарына қайтып кеткен. Осында қалғандары – қазіргі Қазақстанда тұрып жатқан өзбектердің ата-бабалары.
Міне, солар жергілікті неше мыңдаған қазақтардың өзбекке айналуына ықпал етті. Қазақстан тәуелсіздік алған жылы талай өзбектер «Аталарымыз – қазақ. Енді өзіміз де қазақ болсақ па дейміз», – деп ауылдық әкімшіліктерге жүгіргені барды. Ленгірмен іргелес Сұлтанрабат ауылында тұратын бір саудагер өзбек сол жылдары: «Біз осы ауылда 90 үй қаңлы бармыз» деп, өзі сықылды бөгдеге айналған ағайындарының шежіресін жинауға кіріскенді. Бірақ біздің үкіметтің ұлт саясатына келгенде кеңпейілділік танытатын «ақкөңілділігі» оларды бұл райларынан тез қайтарған. Бүгінде олардың бірде-бірі қайтадан қазақ болуға талпынбайды. Қайта өздері сықылды ұлтын өзгерткендердің санын көбейтуде. Ондайлар «Қазақстанда тұрамыз-ау, сондықтан қазақты сыйлайық, соның тілінде сөйлейік» деп мүлдем ойламайды. Керек десең, қазаққа үстемдік жасағысы келеді.
Аты күллі оңтүстікке белгілі Өсерқұл Рысқұлов деген емші болды. Қаракөк түсті кауға сақалды түріне қарасаң, баяғы «Өзбекфильм» шығарған басмашылар туралы кинолардың құрбашыларынан аумайтын. Сол кісі өле-өлгенінше: «Мен өзбек емеспін! Менің түбім – ұлы жүз сиқым алакүшік» деп кетті. Сөзінің жаны бар, Қарамұрттың түбіндегі Қожакент деген ауылдағы өзбектердің бәрі сол рудан. Өздері мойындайды. Бірақ болмыстары бөтен.
Бір Өсерқұл емес, ондайлар толып жатыр. Өмір бойы өзбек боп жазылып, сол ұлттың ғұрпын ұстанып келген түркістандық бір кеңес одағының батыры өлер алдында: «Өмірден өтерімде мойындап кетейін. Мен қазақтың баласымын. Менің екінші атам өзбектен қатын алған екен. Содан әулетіміздің бәрі өзбек боп кетіпті. Мені жерлегенде қазақы салтпен жерлеңдер», – деп жұртқа жар салған. Сол Түркістанда, бергі Сайрам мен Қарабұлақта, Шымкент пен оның жан-жағындағы елді-мекендерде түбі қазақ неше мыңдағын өзбек өмір сүруде. Оларды енді өз ұлттарына қарай бейімдеу мүмкін емес.
Осындай құбылыстарға кім кінәлі? Әрине, намысын жоғалтқан, ұлтын сатқан, екіжүзді, рухсыз қазақтың өзі айыпты. Өзбекстанда тұратын қазақтардың еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін өзбекше таза сөйлейді. Ал біздегі ілуде біреуі болмаса, бір өзбек қазақша сөйлеуге ынталы емес, Қайта өз жерімізде тұрсақ та, бізбір қандастар оларға өзбекше сөз қатуға әуес. Бұл не? Жағымпаздық па, әлде рухсыздық па?! Жасыратыны жоқ, осы үшін талай қазақтармен ренжістім де. Алайда одан нәтиже шығаратын бауырлар болсашы.
Біреулер айтады: «Өзбекстандағы қазақтар сол жақта тұрып жатқан соң, өзбек болуға мәжбүр де» деп. Солай-ақ болсын. Сонда біздің жердегі өзбектер неге қазақ болмайды? Керісінше, жергілікті қазақтарды өз ұлттарына айналдырып жатыр. Егер тәуелсіздің алмағанымызда бұл процесс үдей беретін еді. Егемендік келген соң бұл құбылыс біраз саябырсыйын деді. Және бір көзім жеткен нәрсе – тәуелсіздік тағы он бес-жиырма жылға кешіккенде Сарыағаш, Келес, Жетісай аудандарының Ташкентке жақын ауылдарында тұратын қазақтардың дерлігі қып-қызыл өзбекше сөйлеуге көшетінде ме еді. Өйткені аталған ауылдардың тұрғындарының тілдері әбден шұбарланып қалған-ды. Одан соң Қазақстанға жел айдап келген түріктер, шешендер, өзбектер, т.б. қай ұлт болса да, өмірі қазаққа ұқсамайды, өз келбеттерін жоймайды, Ал біз болсақ... Осыған ғұмыр бойы таңданып келемін.
Өзбектер тәуелсіздік алғанымыздан бері де түрлі айла-шарғымен қанша жерімізді алып қойды. Бұрын Ташкент түбіндегі шекара қазір Келес өзенінің жағасына, Шымкент-Ташкент тас жолының бойына, ілкіде қазақ жайылымы болған Өгемнің Тұрбат асуының үстіне дейін жылжытылған. Бұл жерлерді оларға кім берді, өзбектер неге сонша басынды, жауап беретін біреу табылсайшы. Оқтын-оқтын шекараның аржағынан оқ атып, қазақтарды өлтіріп, жаралап жатқандарына да тиісті қарсылық көрсеткен бір басшы болсайшы бізде...
Біздің биліктің бір кемшілігі – кірмелерге жандары ашығыш-ақ. Қазаққа берілмеген еркіндікті соларға бергіш. Қазақ пен өзбек төбелесіп қалса, кінәні қазақтан іздейді. Әрі солардың тірлігін қазақтарға үлгі етіп, айтқыш-ақ. Бірақ қолында билігі барлар Қазақстанда өздерінің билікке жетіп, мығым отыруы да, елде тыныштық болып, берекелі дәуреннің жүріп жатқаны да, қазақтың арқасы екенін білмейді немесе ойлауға өрелері жетпейді.
Кінә қоймаңыз, оқырман, біраз ащы ақиқаттың бетін аштым. Ақиқатында Қазақстанның өзбекке айналған төл перзенттерін енді қанша шу-дабыра көтерсек те, қайтып қандас ете алмаймыз. Ташкентке де, өзбекке өткен басқа жерлерге де, бұдан былай таласа алмаймыз. Тек енді алдағы уақыттарда ұлттық намысқа берік болсақ деймін. Бір өкініштісі – осы жазбаны ұлтын сатқандар оқымайды ғой. Бәлкім оқитындары да табылар. Әйтеуір кімге болса да, осы мақала ой сала алса – жақсы.
Қазақстандағы тазасы болсын, кірмесі болсын, өздерін өзбекпін деп жүргендер ешқашан сол ұлттық қалыптарынан өзгермейді. Ал Өзбекстанда қазір тұрып жатқан қазақтар жылдар өткен сайын бір кездері басқаға айналған баяғы бабаларындай өзбек этносын қабылдап, сол ұлтқа кірігіп бара жатыр. Белгілі демограф М.Тәтімовтың қайбір жылы «Өзбекстандағы қазақтардың 500 мыңдайы өзбек этносын қабылдауға бейім тұр» деп жазғаны шындықтың нақ өзі.
Айтпақшы, 1960 жылдары Өзбекстанда 1,5 миллиондай қазақтар бар деген мәлімет таратылған. Содан бергі елу жылдан аса уақыт өтсе де ондағы қазақтардың саны әлі – 1,5 миллион. Бұл не қылған өспейтін, не өшпейтін (күйінген соң айтам да) қатып қалған сан?! Жауап айтар біреу табылар ма?...