Момбек Әбдәкімұлы

Туындылары


КҮН ТҰТЫЛҒАН МЕЗГІЛ

Қазақтың Х1Х ғасырдағы тарихы көркем әдебиет тұрғысында бірнеше роман, хикаяттарға, сондай-ақ сандаған зерттеу еңбектерге арқау болғанымен, толыққанды ашылып біткен жоқ. Мысалы, тап сол дәуірдегі Оңтүстік Қазақстан қазақтарының тарихы, тұрмыс-тіршілігі, саяси ахуалы әлі күнге дейін тиісті деңгейде жазылып, шынайы зерттелінбей жүр. Әсіресе, Ташкент шаһары мен оның айналасындағы мұқым Алаш баласының екі-үш ғасыр бұрынғы тарихы зерттеушілер мен жазушылар назарынан мүлде тыс қалып келеді. Осы тарихи романды сол олқылықтың орнын толтырған еңбек десек те болады. Мұнда қалмақтардың Оңтүстік жері мен Ташкентке салған ылаңы, жанкешті де батыр қазақтың одан қалай құтылғаны туралы кеңінен әңгіме болады. Ең қызығы, мұнда сол қалмақтан кейін тарихта орын алған, ал біздің тарихшылар күні бүгінге дейін ден қоймай келе жатқан қазақ-қырғыз қақтығысының туындау себептері мен ол кикілжіңнің кейін қалай өрбіп, немен аяқталғаны жайында тың деректер беріледі. Түбі тарихи ақиқатпен қабысқан ондай деректер көркем әдебиетке сай желілермен әдемі өрнектеліп, оқырманды қызықтырып отырады.Төле биден кейін Ташкентте бек атанған оның ұлы Қожамжар – бас кейіпкер болған бұл кітаптың негізгі тақырыбы да – сол уақиғалары бүге-шігесіне дейін баяндауға арналған. Романның басқа еңбектерден өзгешелігі де – осында.